Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 3488 4 пікір 2 Мамыр, 2024 сағат 13:49

«Солай емес пе?»

Коллаж: Abai.kz

Жазушы Сәкен Жүнісовтің туғағына 90 жыл толуына!

Естелік

Тұғырға қондырулы ақ иық қыранның кей-кейде: -Томағамды алшы, қоя берші! –дегендей болып қатты қозғалақтап, бұлқынып-бұлқынып, шаңқ-шаңқ еткенін көргенім бар. Сәкенді жолықтырған сайын сол бір көрініс көз алдыма келе қалады. «Қазақ әдебиеті» гәзетінің редакциясында алғаш танысқанымызда:

– Иә, жігітім, мен Сәкен Жүнісов деген жазушымын,  ал сен кімсің? Осында істейсің бе? Бойың біраз бар екен! – деп қолын ұсына, құдды жақын ұрысқа дағдыланған боксшыға ұқсап, ентелеп, бас-аяғымды қиықша көзімен  түгендеп болып тоқтады. «Құлағының мүкісі бар ма, мұнша тақымдап сөйлегені несі?!» –деп іштей таңдана аты-жөнімді, мұнда келгеніме үшінші ай екенін айттым.

– Ізтай қайда? –деді, қатал тергеушіше түйіліп.

– Жаңа ғана шыққан.

– Нығмет те жоқ, бәрі жоқ. Кісі деген қызмет сағатында орнында болуы керек қой, солай емес пе?! – деп қолымды қоя беріп, дудыраған  қалың қара бұйрасын шашын салалы саусақтарымен артқа тарай  серпіп-серпіп жіберіп, лып етіп бұрылып, тұра ұмтылғанға бергісіз қимылмен шығып кетті. Оның  келіс-кетісін қызықтай іштей күліп қалдым. 1966-жылдың маусымы болатын. Ізтай Мәмбетов - редакцияның жауапты хатшысы, мен – көмекшісімін. Екеуіміз бір кабинетте отыратынбыз. Нығмет Ғабдуллин – Бас редакторымыз.

Шамасы екі ай өте бере Сәкен редакцияға қызметке келді. Әдебиет бөлімінің меңгерушісі. Сөзге де, іске де белсенді. Әзіл-қалжыңнан шашу шашып, аңқылдап жүргені. Арамыз бір-ақ жас екен, құрдастық қарым-қатнасымыз да орнап қалды. Бір жылдан соң оның құзырына әдеби қызметкер болып бардым. Маған бір тізімді ұсынды да:

– Осыларға телефон соғып, жаңа әңгімесі болса бізге беруді ескерт. Жазушы деген жаңа шығармасын  алдымен біздің гәзетке әкелуі керек,  солай емес пе? – деді.

Қызмет орнында тесіліп отырмайды екен. Тез кіріп-шығып жүреді. Жұмыста көбінесе түстен кейін ғана болады. Бір күні:

– Басеке, екеуіміз танысқан сәт  есіңде ме? – дедім. Ол елең етті:

– Есімде.

– Із-ағаңды, Нығаңды кездестіре алмай: «Кісі деген қызмет сағатында орнында болуы керек қой, солай емес пе?!» дегенің есіңде ме?

Жаңа «есімде» дегенінде орындығын сықыр еткізіп шалқая қалған еді, енді үстеліне оқыс еңкейіп, екі қанатымен су бетін сабалаған қазша, екі алақанымен үстел үстін жиі-жиі қаққылап, ішек-сілесі қата күлді.

– Мұншама күлетіндей не айттым? –деймін, шын таңданып.

– Сен де қырық жылғыны ұмытпайды екенсің, -деп қолын сілтей салды.

Сәкеннің жазушылық салмағы редакцияда жұмыс істеп жүргендердің бәрінен басым екенінде дау жоқ-ты. Жаңа әңгімесін, немесе хикаятынан, пьесасынан, романынан үзінді алып келген жасамыс жазушылар да Сәкенмен силастық райда сөйлеседі. Ал Нығаң кезекті еңбек демалысына шыққан сайын орнына уақытша қалдырады. Сондайда  Сәкен бірде Нығаңа:

– Сен келгенше мен коммунистеріңді бұл жолы цирктің аттарынша ойнақтатып қоям! - деп қалжыңдады. Нығаң әдетінше басын сәл қисайта, түйме көзі күлімдей  жылы жымиып:

– Байқа, біреуі желкеңнен тістеп алып лақтырып жібермесін! –деді.

– Оны көреміз ғой! –деп Сәкен жорта нығызданып күлді. Өзінің келбетіне сай әсем күлетін еді...

Өткен шақта айтпасқа не шара... шынында ешқашан портфель-креслоны көксемеген  Сәкенге көп нәрсе жарасатын. Екі қанатын қомдап ұшуға ыңғайланған бүркітше еңкейіңкіреп шапшаң жүріп келе жатқаны да, топ алдында шалқайыңқырап, ғажап ашық та сұлу дауыспен ән шырқап тұрғаны да, той-томалақта қыз-келіншектерді ұршықша үйіріп билегені де, домбыраны күңгірлете күй тартқаны да, кийінің ұшын тез-тез борлап алып, мәпелегендей бірер сипап қойып, бильярд шарына шұғыл шүйілгені де, тақтадағы дойбысының бәрін бірден жүретіндей-ақ екі қолын бірдей жұмсай жаздап отыратыны да,не әдебиет, не тарих жөнінде пікір таластыра қалғанында қасында таластан тыс отырған саған жалт қарап: «Солай емес пе?!» деп қыза түйілетіні де, көңілді кезінде көзі жұмыла «қы-қы-қылап» қайта-қайта күлетіні де, ашулы сәтінде аспанға шығып кетердей буырқанатыны да...  бәрі де оған жарасатын еді ғой!

«Ашулы сәтінде» демекші, бірде драматург Әлжаппар Әбішевтің жаңа пьесасынан гәзетке үзінді беру жөнінде екеуіміз шарбаяқтасып қалдық. Бастығым ғой, Сәкен бұрқ-сарқ ашуланып, бастырмалата өктем сөйлеп, біраз жерге барды. Маған қарамайды. Алдында жатқан ақ парақты қарындашпен шимайлап отыр. Мен ләм демей, оның тоқтауын тосулымын. Ол сөзін сарқып, үстелінде жатқан қағаздарды тез-тез жиыстырып, суырмасына сала бастады. «Айтқаным –айтқан!» деп, шығып кетпек сыңайда. Сонысын сездім де:

– Әй, басеке, -дедім, ақырын ғана. Ол маған жалт қарады. - Жау тиген жылқыша неге дүркірейсің? –деп күлдім. Түйіліңкі қабағы қалт жазылып, өзінде бұрын болмаған жаңа ойыншықты көрген балаша жүзі жадырай қалып:

– Теңеуің қызық екен, - деп ал кеп күл...

Екеуіміз сырлас жолдас болып кеттік... Сүйген жарынан көз жазып қалғаннан кейінгі жылдарда көңілін аулай оны-мұны күлкілі жәйттерді айтып жүрдім де, соңғы төрт-бес жыл бойы:

– Саған не болды, ей? Шүңкілдесіп отыратын бір шүйкебас табылмай  жүр ме? –деп қалжыңмен қажайтынды шығардым.

– Балаларыма қарайлап жүрмін, олар қашан жеке-жеке үй болғанша шыдауым керек, солай емес пе? Сен  мені асықтарма, жалғызсырап жүрген, құдайға шүкір, сен емессің ғой, солай емес пе? – дейді.

Біз ақырғы рет 2006-жылы көкек айының 17-сі күнгі кеште Ғабит Мүсірепов атындағы театрда, әдебиетіміздің ақсақалы болған ақын, жазушы, сықақшы Асқар Тоқмағамбетовтің 100 жылдық мерейтойында кездестік. Қаламдастарының естелігін жалғауға сахнаға жайдарылана шығып, Асекеңмен бірге болған күндері туралы сыр ақтарып, оның бір памфлетін құшырлана жатқа айтып беріп:

– Құдай қаласа, осы жазда Қызылордаға барып,  бір қойды арнап апарып сойып, Асқар ағамызға құран бағыштап қайтамын, -деді.

Жиыннан шыққан соң мен қажайтын әдетіме тағы басып:

– Шынымен бір кемпір таба алмай жүрсің бе? Әлде мен тауып берейін бе? –деп едім:

– Сенің резервіңде болса, давай, таңдай бер! –деп ашық-жарқын күлді де: -Жалғыздық шынында кісіні қажытады екен, балаларыммен ақылдасамын ғой деймін...  Ертең не арғы күні Астанаға жүремін, бір шаруам болып тұр... Жалғыздық шаршатады,  солай емес пе? –деді ойлана сөйлеп.

– Бурабайдағы үйің салынып бітсе, кіргіз бір қаламқасты, тойыңа барайық! –дедім, иығынан құшақтай ырғап.

– Үй бар ғой... черт знает, жас болса, міне, «сексен, қайдасың?!» деп...–дей бергенінде көлденеңнен төрт-бес жігіт «Сәкен ағалап» келе қалып, сыр-сұхбатымыз үзілді.

– Сәкен сері, жарайды, хабарласармыз, сау бол! –дедім.

– Кеттің бе? Жарайды, сау бол! Бәйбішеңе сәлем айт!  Құдай қаласа, бәрі де дұрыс болады, солай емес пе? Шаруамды  реттеген соң хабарласамын, - деп жаңағы топтың ортасында  қалды.

«Құдай қаласа».

Арада екі апта өткенде Астанадан суық хабар жетті.  Қазақ халқы аяулы сері ұлынан айырылды. Қазақ әдебиеті шын мәнінде дарынды қаламгерінен, көркем сөздің хас шеберінен көз жазып қалды...

Естелігімды жалғастырайын.

1971-жыл. Желтоқсан айының ортасы болар.  «Қазақ әдебиетіндеміз». Жұмысқа түс ауа келген Сәкен ғадетінше  екпіндей кіріп, маған ақ мұқабалы кітапты жайдары ұсына сөйлеп:

– Сыншы жолдас, міне, «Ақан сері» романымның бірінші кітабы, сынап байқа! –деп күлді. Қуана құттықтап, рахметімді айттым. «Сыншы жолдас» дегені – мен ол тұста  Сын бөлімінің меңгерушісі едім.

Баршамызды қалам қарымымен тәнті етіп жүрген жолдасымның туындысын тәптіштеп оқып, біліп-түйгенімше пікір жаздым. «Лениншіл жас» гәзетінде «Ақан және заман» деген тақырыппен жарияланды. Сәкен балаша елпілдеп:

– Менің кітабым мықты еді, сенің пікірің де мықты екен, романның екінші кітабына  да өзің жазатын бол, бастаған істі аяқтау керек, солай емес пе? – деп мәре-сәре болып, романының қалай аяқталарын аңқылдап айтып берді.

Мен оның кітәптарын баспадан шығысымен аламын. Өзі силағанының өзімдегі артығын ауылдағы ағайындарыма беріп жіберемін, өйткені олар Сәкеннің туындыларына құмар, қолға түсіре алмайды. Қаламдасымның басқа шығармаларын оқып, қайталап шолып жүретінім өз алдына, «Ақан серісінің» екі кітәбін үш қайтара оқыдым. Ой құнарымен, тіл көркемдігімен құмарттыра береді. Сәкеннің бақилыққа аттанып кеткенін естіген сәтте көңілім ойран болып, құлазып отырып, романының бірінші кітәбіндегі қолтаңбасына тағы үңілдім: «Ғаббас ініме! Қаламыңның жаңа ұштала бастаған кезіне куәгер едім, енді ұлы қаламға айналуына тілектеспін! 1971. Алматы. Декабрь. Автор» деп әрқашанғысынша қолын латын әрпімен таңбалаған.

Қайран Сәкен!  Кейде, қалжыңым батыңқырап кеткенде, маған жорта ежірейіп: «Есіңде болсын, мен сенен он төрт ай бұрын туғанмын, саған ағамын, солай емес пе?!» -деуші еді. Мынау қолтаңбасындағы «інімі» - ақиқатындағы ағалық ақ сезімі.

1994-жылдың күзі. Жасы алпысқа толған Сәкен серіні балғын бала, жайсаң жігіт шағы өткен Көкшетауына, қалың оқырман қауымы тағатсыз тосқан тойына өзінің қалауымен алып бардым. Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы едім. Көкшенің үлкен-кішісі шексіз қошеметпен қарсы алды. Той шымылдығы  Мәдениет сарайында ашылды. Облыс әкімі Қызыр Жұмабаев бастап, төрге беттеген сәтімізде Сәкен шынтағымнан қыса ұстай өзіне тартыңқырап, құлағыма сыбырлап: «Қызырдың маған Бурабайда үй салып беремін деген уәдесі бар, соны сөзіңнің бір бұрылысында іле кет, жарай ма?» деді. Өйтпегенде ше?!. Әкімнің тойбастар сөзінен кейін құттықтау кезегі маған берілді. «Сіздерге -жерлестеріне Сәкеннің кім екенін, не жазғанын баян етіп жарапазандауым жараспас» деп әзілдеп алып, Жазушылар одағындағы, Алматыдағы қаламдастары ортасындағы жоғары абырой-беделі, жолдастық силастығымыз жөнінде қысқаша айттым да, президент Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның құттықтау хатын оқып шығып, оны Сәкенге табыс еттім. Залда ине шаншар жер қалдырмай жиналған жұрттың ду қолшапалақтауы аяқталған соң:

– Құрметті Қызыр мырза, Жазушылар одағы басқармасының, хатшылар қауымының сізге арнайы аманаты бар. Сәкенге Бурабайда үй салып беруге кірісіпсіздер, бәрекелді! Бұл - бізде  бола бермейтін жақсылық. Одақтың басшылары: «Сәкеніміздің үйі тездетіп салып берілгей! Біз болып, облыс басшылары болып, бәріміз алдағы Жаңа жылды сол үйде қарсы алайық!» деп дұғай сәлем айтты, - дегенімде көпшілік: -Дұрыс! Дұрыс!- деп дуылдата қол соқты. Әкім орнынан көтеріліп, басын изеп: «Уәдеміз – уәде, орындалады!» деп еді, тағыда ду қолшапалақталды.

Жазушы өніп-өскен Қызылту ауданындағы той да айта қалсын болып өтті. Түннің бір мезетінде мейманханаға оралдық. Сәкенге арналған кең бөлмеде жазушы Рамазан Тоқтаров (мерейтой иесінің құрметті мейманы), жергілікті жас ақын Ерік Асқаров бар төртеуіміз думанды жалғадық.

– Сәкен, ей, үш күн бойы осынша ғажап құрмет көрген сенде арман жоқ, оллаһи, шыным – сенде арман жоқ! –деді Рамазан, қалтарыссыз көңілі қанаттана, риясыз достық сезімі сәулелене.

– Сәкен ағам қанша жатса, сонша той жасаймыз ғой! –деді шаттанған Ерік ініміз, домбырасының құлақ күйін келтіріп отырып.

Таң қылаң бере бөлмелерімізге тарастық. Бес-он минөт өткен шамада бөлмеме Сәкен кіріп келді де, күліп жіберіп:

– Бері қара, бір қызық болды. Осы жаңа ғана маған бір жігіт келіп сәлем берді, өзін еркін танымадым, ұят болды, «кімсің?» дей де алмадым, оным ыңғайсыз болды, солай емес пе? Өзі тым биязы екен: «Аға, кешіріңіз, тойыңызға тарту жасайын деп едім, көптің көзінше бата алмадым, тойыңыз құтты болсын, жүз жасаңыз!» деп бір әдемі, кішкене қорапты ұсынды. Ашып қарасам – екі күміс жүзік! Біреуін, міне, саған алып келдім, оң қолыңды бері әкел! –дейді жымыңдап. Жүзіктің бетінде «Сәкен. 60» деген жазу бар екен.

– Жігіт қайда?

– Кетіп қалды, отырмады. Бірақ құрқол қайтармадым, бір коньяк пен бір қорап кәмпитті қоярда-қоймай қолтықтатып жібердім, бұл жерде басқа не силай аламын, солай емес пе?..

О, жалған!.. Сол күндері төбеміз көкке жете  қатар жүрген төртеуімізден мен ғана бармын... Жандарың жәннәттә болсын, қайран қимастарым!..

Үлкенді-кішілі ондаған кітәбі шығып, төл әдебиетіміздің қорына мол үлес қосқан, бірінен бірі тартымды көркем туындыларына көптеген силық алған, әдеби аударманың да көсегесін көгерткен, алыс-жақын елдерден де еңбегіне сүйінген сан мың оқырман тапқан, талассыз тарихи тұлға бола тұра қарапайымдылығынан, кішіпейілділігінен әсте танбай, ерекше көрікті ғұмырында көбінесе жарқырап, арагідік қана қабақ шытып жүрген Сәкен!

Халқы барда аруағы ардақты, рухы тірі Сәкен серімен таныс-біліс, дос-жолдас бола алғаным үшін тағдырыма ризамын!

Ғаббас Қабышұлы

29. 04. 2024 ж.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560