Сенбі, 27 Шілде 2024
Қоғам 4853 2 пікір 13 Мамыр, 2024 сағат 18:49

24 жыл түрме: Бишімбаев пен Байжановқа үкім шықты

Коллаж: Abai.kz

Бірнеше ай бойы елдің назарында болған Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іске бүгін нүкте қойылды.

Марқұм Салтанат Нүкеноваға аса қатыгездікпен қол жұмсап, өлімге дейін жеткізген бұл мәселе қоғамда қызу талқыға түскен. Тіптен, бұл іске қатысты сот та көпшіліктің назарында өтті.

Бүгін Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелін аса қатыгездікпен өлтірген экс-министр Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты іске сот үкім шығарды.

Қуандық Бишімбаев келесі қылмыстарды жасады деп айыпталған болатын:

- ҚР ҚК 99-бабы, 2-бөлігі, 5-тармағы бойынша "асқан қатыгездікпен кісі өлтіру";

- ҚР ҚК 110-бабы, 2-бөлімі бойынша, яғни азаптау.

"110-баптың 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес 7 жылға бас бостандығынан айырылсын, 99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылсын. Барлығын қосқанда Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылсын. Бишімбаевтың әрекеттерінде қауіпті рецидив бар деп танылуы тиіс. Бишімбаев жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі ең жоғары мекемесінде өтесін. 2023 жылғы 9 қарашадан бастап үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауда болған уақытағы әр күн енді өтейтін жазаның күніне теңестірілсін", – деді судья Айжан Құлбаева.

Қуандық Бішімбаев "Болашақ" бағдарламасымен шетелде оқыған. 2009-2010 жылдары Президент Назарбаевтың көмекшісі қызметін атқарған. Одан кейін Сауда және экономикалық даму министрінің орынбасары, "Самұрық-Қазына" қоры басқарма төрағасының орынбасары болды. 2013-2016 жылдар аралығында "Бәйтерек" АҚ басқарма төрағасы, 2016 жылы бірнеше ай Ұлттық экономика министрі қызметін атқарды.

2017 жылы 10 қаңтарда аса ірі көлемде пара алды деген айыппен тұтқындалады. 2018 жылы 14 наурызда сот шешімімен 10 жылға сотталады, алайда 2019 жылы 25 қыркүйекте кешірім сұрап, бостандыққа шыққан.

Ал сотталушының туысы, Гастро-орталық директоры Бақытжан Байжанов сот үкім бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

"Бас бостандығынан айыру жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді. 2023 жылғы 11 қарашадан бастап үкiм заңды күшiне енгенге дейiн қамауда ұстау уақыты: бас бостандығынан айыру мерзiмi тәулігіне бір жарым тәулік мөлшерінде есептелсін", – деп оқыды судья.

Асқар Дариға

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Абай мұрасы

Абай іліміндегі өмір мақсаты не?

Досым Омаров 1450
Ой түрткі

Әлмерек абыздың оралуы - Елге діннің оралуы

Бақтыбай Айнабеков 2334
Көршінің көлеңкесі

Ресей тілдік һәм саяси экспансияны қалай жүргізді?

Бейсенғазы Ұлықбек 2327