Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 25515 39 пікір 6 Сәуір, 2018 сағат 10:32

Екі елде бөлініп-жарылып қалған ағайындарды қосудың жалғыз жолы – «Көші-қон шақыртуын» жіберу

Бүгінгі таңда екі мемлекетте бөлініп-жарылып қалған ағайындарды, әсіресе Қытай Халық Республикасына барып, Қазақстандағы отбасына орала алмай отырған қазақтарды бір-біріне қосудың жалғыз жолы бар.

Ол – Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың арасынан туыстарын Қазақстан Республикасына отбасын біріктіру мақсатында қоныстандыру үшін шақыру.

2015 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде талқыланған кезде менің ең бір табандап отырып Заңға кіргізген жаңалығым – осы «Көші-қон шақыртуы» туралы бап болатын.

Нақтылап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» (2011 жылғы 22 шілдедегі №477-IV) Заңының «Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті» деген 15-бабына жаңадан «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ШЕТЕЛДЕРДЕ ТҰРАТЫН ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАРДЫҢ АРАСЫНАН ТУЫСТАРЫН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНА ОТБАСЫН БІРІКТІРУ МАҚСАТЫНДА ҚОНЫСТАНДЫРУ ҮШІН ШАҚЫРУЛАРЫН ХАЛЫҚТЫҢ КӨШІ-ҚОНЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛЕТТІ ОРГАН АЙҚЫНДАЙТЫН ТӘРТІППЕН ҚАРАЙДЫ ЖӘНЕ КУӘЛАНДЫРАДЫ;»-деп 13-1- тармақ қостырдым.

Бұл шақырту Қазақстан Республикасының бұрынғы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қағидатын жасап, 2016 жылғы 13 қаңтардағы №13 бұйрығымен бекітті. Ол Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 11 ақпанда №13054 болып тіркелді.

Әрине, талқылау барысында бұл тармақтың Заң жобасына енуін қос қолдап қолдаған, тікелей ықпал еткен депутат Нұртай Салихұлы Сабильяновтың, Меруерт Айтқажықызы Қазбекованың және Жұмыс тобының жетекшісі Гүлнар Сүлейменқызы Сейтмағанбетова ханымның еңбегін ерекше атап өткім келеді.

Аталған бап Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына кіргізіліп, 2016 жылдың бірінші қаңтарынан бері атқарылып келеді. Бұл туралы Елбасы Заңға қол қоя салысымен «ЗАҢ ТҮЗЕЛДІ ҚАНДАСЫМ, СЕН ДЕ ТҮЗЕЛ» (http://abai.kz/post/42726 ) атты мақала жазып, егжей-тегжелі түсіндіргем. Бірақ, елеген ешкім болған жоқ.

Елемеудің де өз себебі бар. Өйткені, Қытайда тұратын қандастарымызды бұрын Оқуға немесе туысшылау жолымен шақыртып келгенбіз. Қытай жағы аяқ астынан мұндай шақыртулардың бәрін лақтырып тастап, бір парша хат жазып Қазпочтадан жібере салсақ болды, туыстарымыздың қолына шетелге шығу Төлқұжатын ұстата қоятын кеңдік таныта қалды.

«Саясаты тұрақсыз, қитұрқысы көп Қытай Елі бір күні бұл тәртіптен жалт бере қалса, туыс-туғанымызды қалай шақыртамыз?!» - деген ой мені осы бапты Заңға қостыруға,  сөйтіп «Көші-қон шақыртуын» түбегейлі заңдастыруға итермелеген еді.

Міне, содан бері екі жыл өте шықты. Қытайдағы қазақтар адам төзгісіз қысым мен қинауларға ұшырай бастады. Отбасымен көшіп келіп, арғы бетке кеткен ағайындар қайтып орала алмай қалды. «Қытай қазағын құтқарамыз!», «Бөлінген-жарылған отбасыларды бір-біріне қосамыз!!»-деп, айғайлап жүрген жігіттерге осындай заңды мүмкіндіктің бар екенін айтып, түсіндіріп едім, олардың оны орындауға өресі жетпеді.

Енді, міне, сол бөлініп-жарылып қалған қандастарымызға осы «Көші-қон шақыртуы» ес қатайын деп тұр. Шыны керек, Қытайда отырған қазақтарды үйіріне қосудың осыдан өзге Заңды жолы жоқ!

Жақында есімін «Гүли» деп таныстырған бір қарындас Алматыдан телефон шалып, өзінің Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанын, Қытайдан тіркеуін өшіргенін, өз тіркеуінің Астана қаласында екенін, бірақ Қарамай қаласында тұратын екі кішкене (9 және 6 жастағы) ұлын Қытай жағы жібермей отырғанын айтып, зар еңіреді.

«Халықтың көші-қоны туралы» Заңында осындай мүмкіндіктің бар екенін, ол шақыртуды әлі ешкім жасата қоймағанын айтып ем, мың болғыр Омарқан Гүли қарындасым сол шақыртуды өзі бастап жасауға бірден келісе кеткені.

Астанаға ұшып келді де, Заңның тиісті бабын қолына алды да, Астана қалалық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламар басқармасының көші-қон бөліміне барып, екі баласына өз атынан «Көші-қон шақыртуын» жасатуды бастап кеп кетті...

Екі аптада шақырту толық өлшеммен бітіп, Гүлидің қолына тиді.

«Көші-қон шақыртуының» жалпы жасалу барысы былай:

Егер Сіз Қытай Халық Республикасында тұратын туысыңызды шақырмақшы болсаңыз:

1.Өзіңіз тұрған облыстың Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламар басқармасының көші-қон бөліміне барып, шетелдегі туысыңызды шақыртып алу туралы өтініш жазасыз;

 

2.Жұмыспен қамтуды үйлестіру мекемесінің бастығы өтінішіңізді қабылдап, тиісті шақыру кестені толтырып, куәландырып, қолын қойып, пешетін басып береді;

 

3.Сіз ол шақыртуды қай мемлекетке жібермек болсаңыз, сол елдің мемлекеттік тіліне аудартып, ноториустан өткізесіз;

 

4.Ноториустан өткен шарыртуды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментіне апарып, Жұмыспен қамтуды үйлестіру мекемесі басшысының қолы мен пешетін растатасыз;

 

5.Консулдықтан өткен шақыртуды Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының Елшілігіне апарып, Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті директорының қолы мен пешетін растатып, апостиль (басқа мемлекетте пайдаланылатын кейбір құжаттар үшін арнайы басылатын штамп) қойдырасыз.

 

Осы басқыштардан өтіп, мемлекетке уәкілдік ететін құзырлы мекемелердің таңбасымен расталған шақыртуды ешбір мекеменің кері қайтаруға құқығы жоқ. Себебі, Заңда айтылған азаматтардың отбасын біріктіру құқығы – «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясымен» (http://adilet.zan.kz/kaz/docs/O4800000001#z0) бекітілген. Аталған Декларация Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1948 жылғы 10 желтоқсанда №217 А (III) қабылданған. Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мелекеттердің бәрі бұл Декларацияға қол қойған!

Айтпақшы, Шақырту жасатқан кезде Заңнамадағы «ТУЫСТАРЫН» деген сөзге бола, тегі бір туыстарды шақыртумен ғана шектелуге болмайды!

Туыс сөзінің аясына әкең, шешең, ағаң, інің, әпкең, қарындасың, нағашың, жиенің, бөлең, әкеңнің ағасы, әкеңнің інісі (кіші әкең) әкеңнің апайы, әкеңнің қарындасы, өз балаларың, әйелің, қайын жұртың, құда-жегжатың – бәрі қамтылады.

Қысқасы, «Қазақ – қарға тамырлы» халық. Сұраса қалсаң, қойныңда жатқан қатының қарын бөлең болып шығады.

Сондықтан,  Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламар басқармасының қызметкерлері туысын шақыртуға келген ағайынға шектеу қоймауы керек!

Құрметті ағайындар!

Аталған «Көші-қон шақыртуының» Омарқан Гүли қарындасым жасатқан нұсқасының көшірмесін осы мақалама қоса беріп отырмын. Шақырту екі парақтан (төрт беттен) тұрады. Бәріңіз осы бір үлгіні сақтай отырып, жоғарыдағы тәртіппен, тек өз қолдарыңызбен жасатыңыздар!

Бүкіл дүние жүзінде тарыдай шашырап жүрген қазақтардың басын Ұлы Дала Елінде қосуға нәсәп ете гөр, Алла!

Ауыт Мұқибек

05.04.2018

Астана

Abai.kz

39 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969