Бейсенбі, 24 Мамыр 2018
Қазақтың тілі 1193 7 пікір 20 Сәуір, 2018 сағат 10:41

Министр Сүлейменов қазақшасын түзеп келіпті

Нақты сұраққа нақты жауап бере алмай Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтан сын естігеннен кейін Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің сенаторлардың алдына алғашқы келуі. Естеріңізде болса сол жолы «Министр мүдіріп қалды» деген сын мақала беріліп, министрдің дайындықсыз келуі қоғам ішінде біраз реніш туғызған. Ақиқаты керек, бұл жолы министр Сенатқа дайындалып келіпті. Қазақшасы да жәп-жақсы...

Дегенмен, бұл жолы да министр сенаторлардың сын садағынан құтыла алмады. Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы А.Бейсенбаев «Заң жобасындағы өзгертулерді рейтинг көрсеткішіне және кәсіпкерлікке қатысты деп айта алмаймыз. Заң жобасында кәсіпкерлікке мүлде қатысы жоқ салалық өзгертулер де орын алған. Мысалы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, орман қорын қорғауда, жануарлар дүниесін қорғауда қандай кәсіпкерлік болуы мүмкін? Ол жерде тек заң бұзатын браконьерлер болуы мүмкін және аумақтағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізетін қызметкерлер болуы керек» , - деп нақты мысалға жүгіне отырып, кемшілікті ашып көрсетті.

А.Бейсенбаевтың айтуынша, заң жобаларын дайындау барысында, жауапты өкілетті органмен қатар, басқа да салалық министрліктердің  бірге жұмыс атқаруы өте маңызды болса, өкінішке қарай, заң жобасымен жұмыс барысында кейбір министрлік өкілдерінің өздеріне қатысты өзгерістерді білмейтіндігі анықталған және оны қабылданғаннан кейінгі салдары да зерттелмеген.

Сенаторлар алдағы уақытта Үкімет рейтинг көрсеткішін жақсартуға арналған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, заңдарға рейтингке тікелей қатысты өзгертулер енгізуі қажеттігіне көңіл аударды.

Сенатор Еділ Мамытбеков айтқан деректер бойынша, елімізде 20 кодекс қолданыста, оның 19-ына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, сондай-ақ 296 арнаулы заңның 266-сына өзгеріс енгізілді. «Біздің ойымызша, ережелердің көптігі мен заңнамаға ұдайы өзгерістер енгізу экономиканың тиімді дамуына кедергі болады», - деген сын айтты депутат.

2018 жылға дейінгі есеп бойынша Қазақстан 190 ел арасында 36-шы орынға ие болды. Жақсы нәтиже сияқты көрінеді. Сонымен қатар, Қазақстан мынадай көрсеткіштер бойынша: «Салық» 50-ші, «Құрылысқа рұқсат алу» 52-ші, «Электр желілерін қосу» 70-ші, «Несие алу» 77-ші, «Халықаралық сауда» 123 орынды иеленіп, артта қалып келеді.

Сенатор Дулат Құсдаулетов заңнамаға өзгерістер енгізу мен бақылау-қадағалау міндетін қысқарту шаралары еш кеткен еңбекке балады. Сенатор бұл шаралар уақытша әсер ететіні туралы пікірін айтып, Үкіметті бизнеспен жұмыс стратегиясын қайта қарауға және одан да тиімді жұмыс әдістерін іздестіруге шақырды.

Дегенмен, министр сенаторлардың сынына төтеп берді. Сөйтіп, ескертулер мен ұсыныстардың бәрі өзекті екені айтылып, заң жобасын әзірлеушілер оларды алдағы уақытта Үкіметте әзірленіп жатқан және Мәжілістің қарауына ұсынылған басқа заң жабаларында, басқа нормалық-құқықтық актілерді әзірлеу барысында ескеруге келісті.

Министр сенаторлардың сын садағына іліккенімен, бұл жолы Сенаттан көңілдірек шықты. Кейпінде бір сенімділік бар. Дәл осы бетінен таймаса, бірер жылда есеп-қисапты қазақша суша сапыратын  түрі байқалады. Көз тимесін. Өз тілін өгейсініп жүргендерді осылай Тоқаевша сілкіп-сілкіп қойғанның зияны жоқ сияқты ғой.

Әділбек Қаба

Abai.kz

7 пікір