Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 9494 50 пікір 19 Мамыр, 2018 сағат 13:04

Елбасы май сұраса, Цзиньпин құйрық ұсынуы мүмкін

16 мамыр күні Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр Автономиялы Районының (ШҰАР) Партия комитеті бюросының шұғыл жиыны өтіп, көрші елдермен дипломатиялық байланысты күшейту туралы сөз қозғаған. Бұған Қытай коммунистік партиясы орталық комитетінің бас xатшысы Си Цзинпиннің өзі тікелей жетекшілік ететін орталықтың сыртқы байланыс комитеті деп аталатын құрлымның 15 мамырда өткен кеңейтілген мәжілісі себеп болғаны баспасөзде там-тұмдап айтыла бастады. Сол жиында Қытайдағы қазаққа азу тісін батырып, саяси қуғын-сүргін жасап отырған ШҰАР-дағы аймақ басшысы Шын Чуанго Орталықтың қатаң сынына қалса керек. 

Шыңжаң өлкесінің өктемсінген басшысы Шын Чуанго 16 мамырдан бастап, "көрші елдермен достық қарым-қатынаста болуымыз керек" деген ыңғайда сөйлей бастаған. Осыны жақсыға жорыған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бас хатшысы Рахым Айыпұлы мырза әлеуметтік желіде  Елбасы осы жолғы Қытай сапарында ол жақтағы қазақтарға қатысты өз талабын айтса, Қытай төрағасы қарсы болмайтынын жариялады.

Біз мәселені анықтай түсу үшін Рахым Айыпұлы мырзамен тілдестік.

 - Шыңжаңды қазір билеп отырған Шын Чуангоның саясаты сын көтермейтін жағдайда екені осыған дейін сөз болып келді. Қазақы тілмен айтқанда, оның "өте нашар саясаткер" екені белгілі. Сол нашар саясаткердің 180 градусқа өзгеріп, көрші елдермен достық қарым-қатынас орнату жайлы сөйлей бастауы, оған Орталықтан жақсылап сабақ берілгенін, қатаң сынға ұшырағанын байқатады, - дейді  Рахым Айыпұлы.

- Бұл жай ғана сөз шығар. Соншалық үміттенуге тұрмайтын дүние болар? 

 - Рамазан айында тек жақсылықтан үміт күту керек сияқты. Қазіргі Қытайдың сыртқы саясаты тұйыққа келіп тірелді. АҚШ пен Қытай текетіресі ушығып барады. Малайзиямен, Вьетнаммен де қырғи-қабақ. Вьетнамдағы Кен орнына қатысты Ресеймен де жүз шайысып қалды. Енді Қазақстанды теріс айналдырса, құрлық арқылы Еуропаға жасаған қадамы үзілері хақ. Мұның сыртында Халықаралық адам құқықтары жөніндегі ұйымдар да қарап жатқан жоқ. Шамалары келгенше, Қытай саясатына ықпал етуде. Сондықтан да, жақсылықтан үміт күткеннің айыбы жоқ. 

- Сонда ол жиында не айтылыпты? Қытай баспасөзі не дейді?

- Ресми бір-екі ауыз хабардан басқа ештеңе жазылған жоқ. Жалпы, Қытайдағы көп мәселе құпия шешіледі. Мәжіліс мүлде жабық жағдайда өткендіктен, онда нендей маңызды мәселердің қаралғандығы құпия күйде қалып отыр. Десе де, мәжілістен кейін кейбір жайттардың беті ашылып қалды.

Аймақ басшы Шын Чуанго өз сөзінде: " Төраға Си Цзинпиннің сыртқы қатынастағы бітұтас басшылығына қатаң бағыну, оның саясатын, әмір-пәрмендерін бұлжытпай атқару, жібек жолы экономикалық белдеуі жобасының күре тамырында орналасқан елдермен (Қазақстанды айтады. - Р.А.) белсенді түрде селбестік орнату, сыртқа есік ашуды жеделдету, бір белдеу, бір жол құрлысына тың серпін беру, бұл үшін көрші елдермен (Қазақстанмен демекші. - Р.А.) қарым-қатынасты оңтайлы реттеу, белсенді барыс- келістер арқылы көршілермен достық қарым-қатынасты ілгерлету және бекемдеу, сол арқылы ШҰАР аймағының сыртқы байланыс қызметін жаңа белеске көтеру керектігін" – айтты.

- "Темірді қызған кезінде соқ" демей ме? Осындай оңтайлы кезде біздің тараптан не істелуі керек?

- Қытай үшін Еуропа мен Парсы шығанағына шығудың ең сенімді де тиімді дәлізі тек қана Қазақ жері. Осыны терең түсініп, Елбасы осы жолғы Қытай сапарында ол жақтағы қазақтарға қатысты өз талабын қойса екен деген арманым бар. Қазір Елбасы Қытай төрағасынан май сұраса, міне құйрық дейін деп тұрғанға ұқсайды. Сол себепті де барлық үмітті Елбасыға артқым келеді. 

Елбасының сапарының алдында Қытай тарапы көршілермен достық қатынасты бекемдеу туралы сөз еткені тектен тек емес. Сондықтан, бұл жиын мен алдағы Елбасымыздың сапары Қытайдағы қазақтарға оң өзгерістер әкеледі дегенге сенейік. Өйткені, біздегі көптеген сарапшылар да ҚР президенті араласса, Қытайдағы қандастардың көші жалғасын табады деген ойларын айтып жатыр. 

Әңгімеңізге рахмет!

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

50 пікір