Жұма, 26 Сәуір 2024
Жанайқай 8541 14 пікір 17 Қазан, 2018 сағат 10:43

Кітапты мен жазам, авторы неге Насохова болуы керек, Сатыбалдиев мырза?!

Мен бұл тақырыпқа оралмаймын деп үшінші бір тарапқа уәде берген едім, бірақ шартым болған. Шартқа сәйкес, осы мақалада дәлелдеуге тиісті авторлық құқығыма белгілі бір адамдар қол сұқпаған жағдайда, мен жабулы қазанды жабулы күйде қалдырғым келген. Өкінішке орай, бәрі керісінше болды.

Әңгімені ретімен айтар болсам, осы 2018 жылдың мамыр айының 2 жұлдызында «Абай.kz» порталында жарық көрген « Мектеп» баспасының директоры Е. Сатыбалдиев авторларды ойыншық көре ме?» атты мақаламда 2017 жылдың тамызынан бастап 2018 жылдың наурыз айына дейін бірнеше сараптамадан және эксперименттік мектептерде сынақтан (апробациядан), осы жылдың ақпан айында Республикалық арнайы комиссиядан өтіп, 2017 жылдың қараша айында Республика көлеміне таныстырылған және  2018-2019 оқу жылына ұсынылған Физика-8 оқулығының жобасын жасаушы авторларының бірі екенімді, бірақ оқулықты жобаға мүлде қатысы жоқ адамның, яғни баспаның бас редакторы Баспақованың құрбысы  (!) Насохованың атынан басуға дайындап жатқанын жазғанмын. Мақалаға баспа немесе Білім және ғылым министрлігі, немесе  «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы тарапынан жауап келмеген соң соңғы аталған орталықтың директоры Б. Кәрімованың атына заң бұзушылыққа және әділетсіздікке жол бермеуін сұрап хат жазғанмын. Жауап болмады.

Маған байланысқа тікелей ешкім шықпағанмен, «жауапқа» ұқсас әрекеттер болды. Дәлірек айтсам, осы бір туындаған мәселеге қатысы жоқ үшінші, төртінші тараптар арқылы менің Сатыбалдиевке қарсы тұруым мүмкін еместігін, ол кісінің министрлікке ықпалы зор және мені жұмыстан шығаруы, қысым көрсетуі мүмкін екенін түсіндіруге ұқсас жұмыстар жүрді. Сондай-ақ, бұл тараптар аталған мақаланың әлеуметтік желілерге салынбауын сұрады. Иә, мен әлеуметтік желі арқылы шу көтермедім, көпшіліктің қолдауын сұрамадым. Себебі Е.Ә.Сатыбалдиевтың парасатына, азаматтығына, әділеттілігіне, заңды құрметтеу деңгейіне сенім арттым, сынадым. Өкініштісі сол,  Сатыбалдиев мен ойлағандай парасаттылық көрсете алмады. Негізі бұл іске «тектілік» те көрсетудің қажеті жоқ еді. Тек осы іске қатысы бар адамдар заңды, әділетті, өз ар-ұятын аттамаса, озбырлық көрсетпесе болғаны.

Мен осы мақалада Ғылым және білім министрлігі жанында оқулыққа қатысты жасалап жатқан жұмыстардың келеңсіз жағдайларының біріне, яғни өзімнің тікелей куә болып, бастан кешіп отырған  «Мектеп» баспасының заңсыз әрекетіне тоқталамын.

«Время» газетінің (10.08.2018) сайтында жарияланған сұхбатта «Оқулық» ғылыми-практикалык орталығының директоры Б. Кәрімова «... биыл жаңалықтар енгіздік. Солардың бірі - барлық оқулықтар байқау, сынақтан (апробация) өтті. 2017 жылдың қараша айында оқулық авторлары еліміздің барлық регионын аралап шығып, мұғалімдермен кездесті, оқулықтың концепциясымен таныстырды, оқулықпен қалай жұмыс істеу керегін түсіндірді»  деген екен. Рас солай болды. Менің де оқулығым осы Кәрімова атап өткен барлық кезеңдерден өтті. Оған дәлелдер келтірейін:

2017 жылдың тамыз айынан бастап жаңартылған мазмұндағы бағдарламаға сәйкес дайындалып ұсынылған 3,6,8-сынып оқулықтарының жобалары «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының сайтына ілінген. 2018 жылдың 6 мамырында түсірілген суреттер менің жобамның барлық кезеңдерден өткенін айғақтайды. Төменгі суреттерде оқулықтың мұқабасында титул мен екінші титулда менің тегім, сол жақ жоғарғы бұрышта баспаның аты мен «Оқулық» орталығының электронды адресі көрініп тұр (1,2,3-суреттер).

1-сурет

2-сурет

3-сурет

Оқулық жобасының басылымындағы екінші титулда (оборот титул) ҚР Азаматтық кодексінің 976-бабының 1-пунктіне сәйкес жоба авторларына айырықша авторлық құқық берілгені және барлық құқықтардың қорғалғаны көрсетілген (2-сурет, төменгі оң жақ бұрышта, қоршауға алынған латынша «С» әрпі). Осы баптың 2-пунктінде «Егер өзге дәлел болмаса, қорғау белгісінде көрсетілген адам айырықша авторлық құқықтың иесі болып саналады» делінген.

Оқулық жобасы ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес 2017-2018 оқу жылында байқаудан өткізуге пилоттық мектептерге тарату және 2017 жылдың қараша айында барлық облыс орталықтарында мұғалімдерге таныстыру үшін 2017 жылдң 10 қазанында «Мектеп» баспасы директорының бұйрығымен 373 дана қазақ, 312 дана орыс тілінде басылып шығарылып, таратылды және барлық облыс орталықтарында мұғалімдерге, демек Қазақстан көлемі бойынша басқа оқулықтармен бірге ҚР Азаматтық кодексінің 971-бабының 1-пунктіне сәйкес таныстырылды. 2017 жылдың қараша айында жобаны мен өзім оңтүстік және батыс облыстарда таныстырдым, ал шығыс және солтүстік облыстарына баспа өкілі таныстырылым жасады.

Мына сурет таныстырылымға қатысқан мұғалімдермен түскен суреттердің бірі. Ол жердегі окулықта да менің тегім жазулы тұр.

23 ақпан 2018 жылғы уатсап хатының суретінде көріп отырғанымыздай, Кронгарт «...отработать по замечаниям экспертов» деп жазады. Демек, оқулықтың жобасы қаңтар айының соңында жіберілген Республикалық арнайы комиссиядан өтіп, басылымға ұсынылған. Комиссиядан өткеннен кейін ақпан айында оқулықтың «Магниттік құбылыстар» деп аталатын 6-тарауын баспа әкімшілігінің тапсырысымен соавтор Б.А. Кронгарттың өзгертіп жатқанына нақты айғақ та осы. Бұл әрекет 977-баптың 1- тармағының 3-пунктіне сәйкес туындыға қол сұқпаушылық құқығының бұзылғанын көрсетеді. Комиссияға оқулықтың барлық сараптама кезеңдеріңнен 7 ай бойы өтіп, байқау мектептерінде сыналған нұсқасы барды (1,2,3-суреттер), бірақ мектепке сараптамадан да, байқаудан да өтпеген басқа бір нұсқа таратылды. Ватсап хатында бұл құқық бұзушылықты Кронгарт баспаның (әкімшіліктің) инициативасы деп баса жазады.

Менің тамыз- қаңтар айларында жасаған жұмысыма берілген сараптамашылар мен мұғалімдердің және қоғамдық бақылаудың сараптама нәтижелері қолымда тұр (4-сурет).

Оның бәлелі міне!

Сондай құжатты Баспақованың құрбысы Насохова ханым көрсете ала ма? Жоқ. Себебі ол бұл жобаға басынан бастап қатысқан емес. Ол дайын асқа түк қасық болды.

Мен оқулықты қазақ тілінде жаздым. Оны орыс тіліне Н.И. Темірқұлова аударды. Темірқұлованың қолында 2017 жылдың мамыр айынан бастап жіберілген оқулықтың қолжазбалары сақталған. Ол қолжазбаларды баспаның авторлар мектебі бөлімі электронды пошта арқылы жіберіп   отырды. Баспаның авторлар мектебі бөлімінің электронды  поштасын да қараған адамның да (егер өшіріп тастамаса) бұл шындыққа көзі жетеді. Бұл да жобаны дайындаған Насохова емес екенін дәлелдейді.

Жобаны дайындауға жасалған келісімшарт негізінде баспа гонарар да төледі. Бұл да менің оқулық жобасының заңды авторы екенімді дәлелдейді.

Менің қолымда қолжазба нұсқалары бар. Соған сәйкес оқулықтың байқау нұсқасы да бар. Байқау нұсқадағы материалдар мен мектепке  таратылған нұсқаны салыстыра отырып, Насохованың  плагиат дайындағанын  дәлелдеу  қиын  емес.

Енді мына фотоға назар аударсаңыздар, «Мектеп» баспасының сайтында «Каталог продукций -ТОО, ехpert mektep. кz» жазуын көресіз (06.05.18ж түсірілген сурет). Бұл менің нұсқам. Ал тура 1 ай 12 күннен соң 18.06.18. күні Кронгарт және Насохованың атымен оқулықты шығаруға Сатыбалдиев қол қойған. Түсініп көр.

2017 жылы informБЮРО -ға берген сұхбатында Сатыбалиев «Біздің авторларға эфирде, интернетте лайықсыз тіл тигізетіні көңіліме тиеді... . Кез келген орта секілді оқу-педагогикалық ортаның (сараптамашыларды айтады) да қалыптасқан мектебі, өз ой-пікірі бар. Біздің бұл оқулық конкурстан өтті» дейді З.Сәбитованың шу туғызып, қайта басылған 7-сынып орыс тілі оқулығы жайлы. Журналистер Сатыбалдиевтың бұл шудың арнайы ойластырылғанына меңзейді деп жазған екен.

Директор Сатыбалдиев, айтыңызшы, өзіңіздің сенімізді ақтап, сараптамадан, конкурстан, тендрден өтетін оқулық жазып берген Баданованың еңбегін Насохованың пайдаланып кеткені сіздің көңіліңізге тимей ме? Бұл әділетсіздік, заңсыздық сіз басқаратын «Мектеп» баспасында орын алды. Сіздің ойыңызша, менің құқығымның, намысымның тапталуын да біреу әдейі ұйымдастырды ма? Солай болса, ол адамның кім болуы мүмкін?

Әрине Сатыбалдиевте бұл сұрақтарға жауап жоқ. Ол «жаңа авторлардың» жаңа оқулық жазғанына сенімді шығар. Бірақ мен  оқулықтың мектептерге таратылған нұсқасында менің материалдарымның пайдаланылғанын, идеяның ұрланғанын дәлелдеймін. Әрине аздап өзгерту енгізгенмен идея және материалдың таңдалуы, жазылу стилі сол қалпында қалған десе болады. Сонымен қатар сараптамашылар, мұғалімдердің қатысуымен 1 жыл бойы жұмыс жасалған менің жобаның артықшылықтарын көрсетуге тырысамын.  Мектептерге таратылған нұсқада жаңа автордың жұмысы байқалмайды, тек бұрынғы тонды теріс айналдырып кигізген, кейбір тонның астарын ғана өзгерткен. Дәлел келтірейін.

1,2,7- тарауларды өңдеу барысында Насохова мен құрастырған тапсырмаларды (Тапсырмалар сөресін) алып тастаған, бірақ кейбірін сол қалпында, кейбірін өңін өзгертіп пайдаланған. Ал теориялық материалдар не өңделген, не өзгеріссіз қолданылған, не тапсырма ретінде пайдаланылған.

Мұғалімдерге осы «Тапсырмалар сөресі» айдарының ұнағанын байқайсыздар. Себебі ол жерге мен кіріктірілген  тақырыптарды, пән аралық байланыстарды т.б. ескеріп, тапсырмаларды бір-бірін қайталамайтын және ой туғызатын етіп құрастырдым. Оларда «анау не, мынаны не деп атайды?» деп қойылып, жауабы мәтінен жаттап айтылатын дәстүрлі сұрақтар жоқ (Насохованың сұрақтарындай). Мен дайындаған сұрақтарға физика заңдарын, процестерді қолданып жауап беру керек және тапсырмалар бір сарынды емес. Кіріктірілген тақырыптарға арналған тапсырмалар мұғалімдердің көңілінен шыққан еді. Сол тапсырмаларды авторымен қоса лақтырып тастайтынын білгендей кейбір мұғалімдер суретке түсіріп алған. Сол тапсырмалардың кейбіріне тоқталайын.

Мысалы, 1-параграф, диффузия құбылысын қарастырайық. Мына суретте көріп отырғандарыңыздай мен «Диффузия және қоршаған орта» айдарымен тапсырма құрастырып, экологиялық мәселе көтердім (сайтта қазақ нұсқасы ашылмады). Осы тапсырманы көргенде мұғалімдер: «Балаларға сұрақ қоймасаң да жауабын айтып отыратын тапсырма екен. Бірден ағаш сындыруға болмайды және қоқыс, темекінің зияны жайлы ой түйеді екен адам» деген. Мен үшін бұдан жоғары баға жоқ. Мұндай тапсырмалардың сұрақтарына жауап іздеп қана қоймай, балалар әлемдік проблемаларды шешу жолдарын, өз әдістерін ұсынады. Бұл менің тәжірибемде сыналған тәсілдер. Мұндай тапсырмалар әр тақырыпқа берілген. Оның ішінде тарих, әдебиет, поэзия, география, биология, сурет пен сәулет өнері т.б. салалар да қарастырылған.

 

Ал Кронгарт пен Насохова не істеген? Мына суретті жоғарыда тұрған суретпен салыстырыңыз. Екеуі бір параграф. Насохованың нұсқасында берілген плашкадағы (көк фондағы) тапсырманы мен өз нұсқамда мәтіннің ішіне проблема тудыратын тапсырма ретінде броундық қозғалысқа және жылулық қозғалыстың қарқындылығының температураға тәуелділігіне шығу үшін құрастырып, қолданған едім. Оның мәнін, логикасын түсінбеген «жаңа автор»  басқа тапсырма құрастырудың орнына дайын тапсырманың суретін алып тастап, мәтінді қоя салған. Мен құқығы тапталып, әділетсіздікке душар болып отырған адаммын. Насохова Сатыбалдиевтің тапсырмасын орындағанда осыны ескеріп, менің қазанымды араластырмай, отқа өз қазанын қоюы керек еді. Көріп отырғанымыздай, Насохованың нұсқасында балаға ой салатын ештеңе жоқ.

Диффузияның пайдасы мен зияны экологиялық мәселе көтеруге ыңғайлы тақырып. Ондай тақырыптар нақты ғылымда көп емес. Бірақ консерватор авторлар мен сияқты  тапсырмалар құрастыруға талпынбаған. Мен дайындаған немесе бұрыннан белгілі тапсырмаларды қолданған, шығармашылық, ізденіс жоқ. 16 жылға жуық оқулықтың авторы болып жүрген Кронгарт пен бас редактор Баспақованың жақын құрбысы Насохованың «Мектеп» баспасына ықпалы зор болғанымен, жаңашылдықтары жоқ, шығармашылықпен оқулық жазғанын көрген емеспін. Мен сол баспада 12 жыл 1 ай редактор боп жұмыс істегенмін.  7-сынып оқулығынан жаңа талапқа сәйкес айдарлар бөліп алып, баяндалған материалдардың арасынан тапсырмалар құрастырып, «жаңа мазмұнға бейімдеп» ит болған кездерім есімде. Кронгарттың сол оқулығын ретке келтірген соң маған баспаның басшылығы Физика -8 оқулығын жазуды тапсырған  еді. Бірақ аяғы Насохованың пайдасына шешіледі деп кім ойлаған?  Оны білсем, мұндай былыққа араласпас едім.

Мен өз тарауларымдағы әр тақырыпты «Осы тақырыпты оқу барысында не білдің?» айдарымен аяқтап отырдым. Сараптама нәтижесінде сараптамашылар Кронгарттың да өз тарауларын солай аяқтау керегін айтқан. Мұндай ойды басқа сараптамадан да көресіз. Кронгарт оған жауап қатпады және менің оның жазған бөлімдеріне өзгеріс жасағанымды  қаламады. Бірақ Республикалық комиссия да осыны талап етсе керек, мектепке жіберген нұсқада осы кестені Кронгарт өз бөлімдеріне де қолданған екен.

Мына суретте Республикалық комиссияға кеткен нұсқада (қаңтар айының аяғында жіберілді)  сұрақтардың соңында кесте жоқ.

бірақ мына суреттен мектепке таратылған нұсқадан кестені көресіздер (екеуі бір параграф).                    

Жоғарыдағы 5 суреттің екіншісінде 6 мамыр күні түсірілген сайтта ілулі тұрған оқулықтағы мен жазған бөлімдегі «Осы тақырыпты оқу барысында не білдің?» айдарын көріп отырсыздар. Оның бірінші бағанында «Заңдар, құбылыстар, жаңа ұғымдар» жазылады, себебі мен жаңа тақырып бойынша оқушылардың өздері нені есіне сақтағанын, нені меңгергенін ажыратып үйренгенін қаладым. Қалған бағандарда сол ұғым, құбылыс, заңдар туралы не білгенін жалғастырып, ойын жинақтайды, алған білімін қорытындылайды.

Ал Насохова мен Кронгарт не істеген? Олардың айдарға қойған сұрақтары мына типтес: сабақта не көбірек ұнады? Қандай тәжірибе жинадың? Қандай тұлғалық қызығушылығың оянды, олар қалай бағытталды? «Айқайлап» тұрған сұрақтар! Керемет! Бірақ жаңа ұғымдарды әлі толық меңгермеген бала қандай тәжірибе жинайды? «Тұлғалық қызығушылық» деген не? Оны бала қалай бағыттауы тиіс? Бала әр сабақта өзінің тұлға немесе тұлға емес екеніне баға беріп отыруы керек пе? Балаға ой жинақтап жаңадан алған білімін қорытындылаудың орнына «Мен қандай тұлғамын?» деп бас қатырудың не қажеті бар? Мұндай сұрақтарға авторлардың өзі толыққанды жауап беріп, өзінің қандай тұлға екенін, қандай бағытта жұмыс істеп жатқанын айта ала ма (Соны айта алса біреудің еңбегіне ие болмас еді, құқық бұзушылыққа бармас еді!)? Бұл айдарға авторлардың бұдан да маңызсыз сұрақтарды топтауы айдарды пайдалану мақсатын білмегендіктен  деп ойлаймын.

Маған келсек, мен бұл айдарды мұғалімдерге де көмегі тисін деп ойластырған едім. Әр айдардың мақсаты және оны қалай пайдалану керегі жайлы мен мұғалімдермен кездескенде айтып өткенмін.  Сондықтан бұл мақалада оқулықтың құрылымын айтуды мақсат етпеймін. Мен тек меннен ұрлаған идеялардың, материалдардың кейбіріне, иә кейбіріне ғана тоқталып өтемін. Себебі толық қарастырып талдау жасасам, нәтижесі бір мақалаға сыймайды.  Мен өзімнің кез келген идеямды, материалымды қорғап шыға аламын.

Мен оқулық жазуға тапсырма алғанда оның құрылымын ойластырдым. Жаңа мазмұндағы бағдарламаға сәйкес оқулықтың материалдарында балаларды ойландырып, жаңа тақырыпты игеруге қажет тапсырмалар құрастыру қажет еді. Оқушылардың пәннің практикалық маңызын терең түсінуі - жаңа бағдарламаның басты мақсаты. Ой дұрыс. Мақсатты жүзеге асыру үшін оқулықтың диалог түрінде жазылуына назар аударылған жаңа бағдарламада. Себебі балалар ойын толық жеткізуге, ақпараттарды қолдануға, сурет (сызба, кесте, график) бойынша жұмыс істей отырып жаңа тақырыпқа шығу, жаңа сабақты өздігінен меңгеруге жетелеу, пәннің басқа пәндермен байланысын көрсету, экологиялық, патриоттық, эстетикалық, рухани т.б. мақсаттарда тәрбие беру, оқушылардың ойлау қабілетін жетілдіру, ой-пікірін айтуға және оны сауатты қорғай білуге үйрету, шығармашылығын дамытуға ықпал ету негізгі міндет екені белгілі. Мен солай жасауға тырыстым.

Енді екі нұсқаны бір-екі мысал келтіре отырып салыстырамын. Осылайша әрі плагиат, әрі Насохованың менің материалдарымды қысқарту барысында жұпыны, тек баяндаудан тұратын көнерген, дәстүрлі тәсілмен жазылған, жаңа мазмұнды бағдарламаға сәйкес емес оқулық шығарғанына көз жеткіземін.

Мен оқулықтың әр параграфын «Ойтүрткі» айдарынан бастап отырдым. Онда жаңа материалды меңгеруге бағыт берілді.   Мысалы, 6-параграфта фотосуреттер бойынша

Эйлер-Венн диаграмммасын толтырған бала «Туыс жануарлар мен құстар неге бір жерді мекендемейді?» деген сұраққа «Олар өмір сүретін ортасындағы температураның, климаттың өзгерісіне бейімделген» деген жауапқа өздері келеді. Бұл осы тақырыптың басты мақсаты. Одан кейін де әр тақырыпта ойтүрткі көмегімен келесі материалдарға бағыт беріліп, оқушылар жаңа білімге өздігінен, бұрынғы білімдерін қолданып шығып отырады. Температура тақырыбында (2.3) формуланы «Байланысты тап»  айдарындағы қарапайым есептеуді жасай отырып оқушы өзі алады. Оқушыға формуланы жаттау қажет емес, қайдан шыққанын түсінсе болды, өмір бойы ұмытпайды. Қараңыз,

Ал Насохова не істеген?  Ол ойтүрткі тапсырмаларын алып тастап, көне де дәстүрлі тәсілмен баяндап берген, ойландырып-толғандыратын ештеңе жоқ. Жалпы материалдардың бәрі барлық параграфтарда жай ғана баяндайтын материал ретінде берілген. Сондықтан дайын материалдарды өңдеу барысында оқулық берілу тәсілі ескірген, қазір бас тартып жатқан баяндау әдісімен жазылған жаңартылмаған мазмұндағы, мұғалім - басты баяндаушы, оқушы - тыңдаушы рөліндегі бұрынғы оқулыққа қайтып оралған.

Тағы бір мысал: 7- тарау параграфтарының бәрінде менің оқулығымдағы «Ойтүрткі», «Ойлан» айдарларындағы бағыт-бағдар беретін тапсырмаларды мектепке жіберілген нұсқада баяндалатын материалдың ішіне суреттерімен қоса енгізе салған. Осы жерде Насохова үлкен әдістемелік қате жіберген.  Мен төменгі сыныптардағы «Жаратылыстану» пәндерінде қандай тақырыптар өтілгенін жақсы білемін. Сондықтан ол материалдарды бағыт-бағдар ретінде қолдандым. Қазіргі бағдарламада «білімнің спираль-дығы» деген ұғым бар. Онымен Насохова таныс емес секілді. Сол себепті әлі өтілмеген, белгісіз тақырыпты «Мұны білесің» айдарына енгізсе, белгілі білімді жаңа материал ретінде ұсынған.

Линзалар тақырыбында, мен құрастырған «Ойтүрткі» айдарына дейін көшіріп алған Насохова. Жалпы менің тарауларымды сырткөз оқысын, өзімнен басқа ешкім оқыған жоқ деп Баспақовадан көмек сұрағанымда, ол Насоховаға тапсырған. Насохова маған «Сен оқулықты өзгеше жазған екенсің» деп қызығып еді, сондықтан ба әлде уақыт тығыз болды ма, «Жарық құбылыстары» тарауын тіпті өңдеуді де ойламапты. Тек материалдардың орналасуын өзгерте салған. «Плагиат дегеніміз біреудің авторлық ойын, сөзін екінші біреудің өз тарапынан өзгертулер енгізіп немесе бір-екі сөзін ауыстырып қолдану, өзіне иемдену» деп анықтама берілген екен. Сондықтан мен «Мектеп» баспасының осы жылы мектептерге таратқан Физика-8 оқулығын плагиат деп танимын. Бұл оқулықта менің идеям, ойым, стилім мен жазған тарауларда толық сақталған. Бұл жерде авторлық жұмыс емес, редакторлық жұмысты ғана көріп тұрмын. Екі нұсқаны салыстырып қараған кез келген адам плагиатты бірден анықтайды.  Кронгарттың әу бастан жазған тарауларының баяндау стилі де басқа. Ол дәстүрлі стильден ауытқымайды (3,4,5-тараулар). Өйткені үнемі «Мен жұмысбастымын, ұйықтауға уақытым жоқ. Қай уақытта қазып материал іздеп отырамын. Дайынды пайдаланамын» дейді. Ал қалған тараулардың баяндау бояуы басқа. Себебі алғашқы менің нұсқамның нақышы сақталған. Жаңа материалдар әкелгеннен бұрынғыны өңдеу жеңіл, әрине. Идея дайын. Тіпті мен түйе жайлы жазсам, олар да сол түйе жайлы, бірақ астарын өзгертіп қайта тіге салған тонды. Сиыр жайлы жазса болмай ма? Қой бар, ешкі бар дегендей...

Осы 7-тарау бағдарламаға сәйкес «Оптикалық аспаптар» тақырыбымен аяқталады. Бұл жерде бағдарламада обскура камерасы мен перископты жасау ғана қарастырылған. Ал Насохова бағдарламадан тыс оптикалық құралдарды түгел беріп тастаған. Ол материалдар сараптамаға, байқауға, Республикалық комиссияға барған нұсқада, әрине, жоқ. Себебі ол менің нұсқам еді. Мен бағдарламаны басшылыққа алып отырып, артық материалдар қарастырған жоқпын. Бұл артық, жоғары сынып материалдары «жаңа авторлар жұбы» ұсынып отырған 8-сынып оқулығының сараптамадан өтпегінің дәлелі. Сараптамашылардың артық материалды көрсететіні айдан анық.

Мен дайындаған нұсқада 10-суреттегі секілді қарапайым әрі оқушыны тәжірибе жасау мен өнертапқыштыққа бейімдеп, ықпал ететін күн сағатын жасау сияқты практикалық, шығармашылық, пәнаралық байланысқа негізделген тапсырмалардың түрі сан алуан. Осындай тапсырмалар арқылы патриоттық тәрбие де беріледі. Балаларды зеріктіретін бірсарынды дәстүрлі тапсырмалардан мен құрастырған барлық тапсырма бірден ерекшеленеді. Әрине, мұндай тапсырмаларды Насохова құрастырмаған. Сол себепті оның тапсырмаларынан бағдарламаның жаңартылған мазмұнына сәйкес оқушыларды тәжірибе жасап үйрену, өнертапқыштыққа, шығармашылыққа бейімдейтін бір де бір тапсырма көрмедім.

Жалпы, нақты ғылымдарда заңдарды, құбылыстар мен процестерді және олардың теориясын ойдан құрастырма алмайсың. Кейбір тәжірибелер де классикалық, яғни «халықтікі» болып кеткен. Мүмкін күрделі, заманауи құралдармен тәжірибе жасау, әрине, дұрыс болар. Бірақ заманауи немесе қандай да бір құрал-жабдықтармен Қазақстан мектептерінің бәрі бірдей қандай деңгейде қамтамасыз етілгені жайлы Білім және ғылым министрлігі мәлімет жариялаған емес. Сондықтан мен тәжірибелерді қолда бар мүмкіндіктермен немесе ойша жасайтын тәжірибелерге алмастыруға тырыстым. Себебі оқулықта пайдалануға ұсынылатын құрал-жабдықтардың мектепте қол астында болуына сенімім болған жоқ. Дегенмен, мен материалдың берілу тәсілін дәстүрлі тәсілден өзгеше еттім. Бір-екі жерде Насохова менің тәсілімді қалдырған, бірақ осы тәжірибелерді өңдеу кезінде «жаңа авторлар жұбы» теориялық және әдістемелік қателерге жол беріп отырған. Қараңыз.

Әріге бармай-ақ, классикалық тәжірибелер қолданылатын жылуөткізгіштік тақырыбын қарастырайық. Насохова 2-тәжірибеде судың жылуөткізгіштігін анықтау кезінде мұз бен судың ортасына металл «тығын» (!) салып қояды. Өрескел ештеңесі жоқ сияқты, бірақ әдістемелік тұрғыдан дөрекі қате. Бала әлі металл мен судың жылуөткізгіштігін салыстыра алмайды. Сондықтан білім деңгейі әртүрлі оқушылардың ойына «металды» алып тастаса не болады деген ой келері хақ. Өте дұрыс ой! Енді  бұл қатенің қайдан шыққанын айтайын. Кронгарт маған осы классикалық тәжірибені жасай алмайтынын, мұздың қалқып су бетіне шығатынын айтқан еді. Сондықтан олар металл денені мұз жоғары қалқымасын деп қолданған.

Шыны керек, мен өз тәжірибемде бір рет қана мұзды қолдандым. Оны тығыз етіп салғандықтан болар, тәжірибе шықты. Бірақ қол астында үнемі мұз бола бермейтінін (мектептерде мұздатқыш бола бермейді) ескеріп, оқулықтың мен жасаған нұсқасында тәжірибені тек суға алмастырғанмын. Өзім сабақта судың үстіңгі қабатын ысытып, екі-үш баланы шақыратынмын. Олар  қолмен ұстап көреді де, судың төменгі жағының салқын екеніне көз жеткізеді.

Бұл тақырыпты мен конвекциядан бастағам. Ойтүрткі ретінде 2-тәжірибені қолданғам. Оқушы проблемаға тіреледі де, конвекциядан басқа жылу берілу түрі бар деген ойға келетін. Сөйтіп жылуөткізгіштікке көшеміз.

Ал жаңа авторлар не істеген? Олар дәстүрлі, қалыптасқан жылуөткізгіштіктен бастап баяндап отырады да, балаға ойлануға ешқандай мұрсат бермейді. Олардың мәтін ішінде қолданған сұрақтары ой туғызбайды, тек әлі толық меңгермеген білімді қолдануға арналған. Сол себепті тиімсіз.

Мұндай қателер, дәлелдер мен айғақтар жетіп артылады. Оның бәрін көрсетіп талқылауға мүмкіндік жоқ және мен оқулықты толық оқып шыққаным жоқ, тек парақтап отырып көргенім. Егер зейін қойып толық сараптап, салыстырып шықсам, 20-30 беттік шағын кітап болатын түрі бар.

Бағдарламаның жаңартылған мазмұнына сәйкес тапсырмалар қалыптастырушы және жиынтық (бағалау) тапсырмалары болып бөлінеді. Мен қалыптастырушы тапсырмаларды тақырыпқа қарай әртүрлі мақсат қоя отырып құрастырдым. Оқушылардың бәрі физик болмайды, сондықтан физика пәнін басқа пәндермен байланыстыруға тырыстым. Айталық, «Жылу берілу» түрлері тақырыбында 4-параграфта «Физика және геграфия» айдарында алдымен Жоңғар қақпасынан соғатын Ебі желі, оның қуатының 1%-і Қазақстанның энергия сұранысын өтейтіні жайлы қысқаша мәлімет және Қазақстандағы қуатты жер тұратын аймақтар мен желдің жылдамдықтары жазылып, салыстырылған кесте беріліп, «Сен желдің қуатын қандай мақсатта қолданар едің?» деген сұрақ қойылады. Бұл балалардың физикалық процесс ауа конвекциясының (жел) практикалық маңызын қорытындылауға жетелейді. Жауаптар әртүрлі болуы мүмкін: су киімді кептіру, энергия алу, жел дирменін жасау т.с.с. Жауаптың бәрі қабылданып, қорытындыланады. Қараңыз.

Бала өзі тұратын аймақта желдің қуатын пайдалану жайлы ой толғайды.

Осы жердегі «Физика және әдебиет» айдарында балалар «Жел адам болса, оның мінез-құлқына  қандай  сипаттама берер едің?» деген сұраққа жауап бере отырып,  табиғат пен адамның байланысын терең сезіне бастайды, шығармашылықпен ойлайды, ішкі дүниесі дамиды. Қараңыз.

. «Байланысты тап!» айдарында оқушылар физика мен поэзияның байланысын сезінеді. Физиканы басқа қырыннан таниды; ол пәнді қызықсыз, ауыр пән деп емес, өзінің өмірі, қоршаған орта деп нақты түсіне бастайды, тіпті ішкі сезімімен байланыстырады. Қараңыз.

Насохова не істеген? 12-суретке қараңыз. Тапсырмаларында ой туғызатын, креативты ойлауға негізделген тапсырмалар, баланы дамытатын ештеңе жоқ.

Иә, Насохованың практикалық жұмыстарына зер салыңыздаршы. Мына суреттегі фонмен берілген тапсырмалардың біріншісін оқушыға қалай практикалық тапсырма етіп бересің? Жауабын сол жерде айтады бала. Жауап алу үшін 4 сағат күтіп не керек? Ал  менің нұсқамда (Үйде жасайтын тәжірибе) балаға бақылау жасап, нәтиже алу үшін уақыт керек. Оны тәжірибе деп айтуға болады. Бұл жерде бала фольга, қағаз, матаның жылуөткізгіштері жайлы тәжірибе нәтижесінде қорытынды жасайды.

Сондай-ақ, Насохованың практикалық тапсырмаларына (фондағы белгі 4-бетте практикалық тапсырмалар деп көрсетілген) 2-5-сұрақтар жата ма? Сонда ғалым адам (Насохованың ғылыми атағы бар) сұрақтар мен практикалық тапсырмаларды ажырата алмай ма? Менде тағы бір сұрақ бар Насоховаға. Муссон мен пассат, гольфстрим неге 5-параграфта физиканың термині болып кеткен? Ғалым бола тұра осындай қатеге неге ұрындыңыз? Себебін мен айтайын.

Дәл осы терминдер арқылы физикада ешкім осы уақытқа дейін «табиғаттағы жылу берілу» тақырыбын қарастырған емес. Мен бірінші рет осындай қадамға барғанда, яғни осы ұғымдар арқылы тақырыпты ашқанда алдыма басқа мақсат қойдым және географияның терминін физиканың терминімен шатастырып, оған анықтама берген жоқпын, таныс ұғымдарды пән аралық байланысты ескере отырып тек қана қолдандым. Себебі бұл ұғымдармен оқушылар жаратылыстану және география пәндерінен таныс. Сондықтан мен бұрынғы оқулықтардағыдай теңіз және жаға самалдарымен шектелгенім жоқ. Теңіз және  жаға самалдары ұғымын «Ойланып жауап бер!» айдарына тапсырма ретінде ұсындым, өйткені ол тақырыптар да оқушыларға жаратылыстану пәнінен таныс. Ал Насохова екеуін де жаңа материал ретінде ұсынған. Себебі менің материалдарымды өңдеу кезінде жүрдім-бардым жұмыс жасаған. Әйтеуір Баданованың сөздерін дәлме дәл қайталамасам болды деген қағида ұстанған. Не дейін, бас редактор Баспақованың жан құрбысына бәрі жарасады, оның ішінде шикі, бір қайнары ішінде оқулық жазу да.

Насохованың нұсқасында қазақ сөздерін қолдануда кеткен қателер жетіп артылады. Мысалы, Қазақ жерінде де ірілі-ұсақты толып жатқан көл мен өзендер бар. Сондықтан қазақтарда «түнгі (күндізгі) самал» немесе теңіз жағасында «теңіз самалы», «жаға самалы» деген ұғым бар. Күндіз жел судан жағаға соғады, бұл күндізгі (теңіз) самал және керісінше. Олай болса мен қолданған, мен емес атам заманнан қолданылып келетін самал сөзін «менсінбей» алып тастап, оны «бриз» сөзіне алмастырғанда Насохова «үш тұғырлы тіл» саясатын жүзеге асырдым деп ойласа керек. Иә... сөз жоқ.

208-бетте Насохова «линзаның жартысын мөлдір емес шымылдықпен жауып қойса...» деп басталатын дәстүрлі сұрақ қояды. Жоқ, жоқ. Сұрақта қате жоқ. Оны ҰБТ сұрағының ішінен де табасыз. Мұнда маған қызығы «шымылдық» сөзі болып тұр. Линза шымылдықпен жауып қоятын жаңа түскен келін бе? Тәжірибелі, зейнет жасындағы адам шымылдықтың қазақта үш жағдайда ғана құрылатынын білмесе, не дейін оған. Шымылдық қазақта келін түскенде (жас отау тігілгенде), оң жақта отырған қызға, қайтқан кісіге құрылады. Осындай «ғалымдардың» қазақ тілін қалай болса солай қолданып, аяқ асты еткені тілдің қасиетін жояды, қадірін түсіреді. Мұндай салдыр салақты тере берсең, бітетін түрі жоқ.

Мен ойымды жинақтай келе бұл істің маған «Мектеп» баспасы жасап отырған екінші қиянаты екені есіме түсті. 2006 жылы Алгебра -10 оқулығының әдістемелік нұсқауын аударған едім. Сегіз жылдан кейін үшінші басылымда аудармашы деген сөзді алдырып тастаған. Азаматтық кодекске  сәйкес ол да заң бұзушылық болып табылады. Ал осы дау туғызып отырған Физика-8 оқулығындағы Кронгарт жазған 2,3,4- тарауларды аударғаным үшін көк тиын да төлемеді. Баспақова авторлар екі тілде өздері әкеледі деген. Бірақ Насохова 11-сынып оқулығындағы өз тарауларын (!) аударғаны үшін аудармашы деп оқулыққа жазылып, ақшасын алған. Неге Насоховаға орындалған заң маған келгенде құрдым кетеді? Мен сонда «күші адал, еті арам» есекпін бе әлде «құл еңбектің» иесімін бе?

Сонымен, жоғарыда Насохова мен Кронгарттың бағдарламаның жаңа мазмұнына бейімделген оқулықты дәстүрлі тәсілмен жазылған оқулыққа айналдырғанына шет жағалап көз жеткіздік. Әрине, мен мінсіз оқулық жаздым деп айтпаймын, дегенмен дәстүрлі оқулықтан ерекшеленген материалдар ұсынуға тырыстым. Мынадай сұрақ туады: оқулықты жаңартылған мазмұнға сәйкес дайындап, бір жыл бойы сараптаманың бірнеше кезеңдерінен өткізіп, бірақ мектепке өзге, дәстүрлі оқулық баратын болса, осы жұмысқа миллиондаған немесе миллиардтаған қаржы жұмсаудың не мағынасы бар? Қолданыстағы ескі оқулықтарды әдемілеп безендіріп шығара берсе болмай ма? Қаншама қаржы үнемделетін еді.  Жыл сайын оқулықтардың сараптамасына миллиондаған қаржы жұмсалатынын, мысалы  2017 жылы 27 млрд теңге бөлінгені жайлы З. Сабитованың «Мектеп» баспасынан жарамайды деп қайта басылып шыққан атышулы орыс тілі оқулығы жайлы материалдарда оқыдым. Биыл қанша ақша желге шашылды? Білім және ғылым министрлігі ақшаны жерден қазып алып жатқан жоқ, халықтың салыққа жинаған ақшасы. Оны үнемдеуге, орнымен жұмсауға, халыққа есеп беруге министрлік міндетті. Сондықтан құқықтық тұрғыдан ғана емес, моральдық зардап шегіп отырған мені жұмыстан шығартам, қысым көрсетем, әлеуметтік желілердегі көзқарастарыңды өзіңе қарсы қолданам дейтіндерге айтарым мынау: мынадай әділетсіз, заң жұмыс істемейтін, сыбайлас жемқорлыққа сүйенген жүйеде  құқығың мен намысың тапталып, еңбегің қаналып, озбырлықтан басқа ештеңе көрмесеңіздер, сіздер де, әрине батылдарыңыз жетсе, көңіліңіз толмайтын жайттарды ашық айтар едіңіздер. Д. Исабеков айтпақшы, намыссызда ғана наразылық болмайды.

Адам құқығы ар мен заңнан тұрады. Өкінішке орай, біздің елде ар мен заңның қоқыста жатқанына дәл осы менің басымнан кешіп отырған оқиға куә.

Қорыта келе айтарым, «Мектеп» баспасының директоры Сатыбалдиев  және оның бас редакторы Баспақова ойлап жүргендей, олар лауазымын пайдаланып менің интеллектуалдық меншігімді тартып алған жоқ, олар өз бойынан парасат, ар-ұят деген құндылықтарды тартып алды; олар менің азаматтық, авторлық құқығымды таптаған жоқ, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін, заңды аяқ асты етті. Сатыбалдиев пен Баспақова осы іс-әрекеттерімен премьер министр Сағынтаевтың сынына ілігіп жүрген, халықтың көңілінен шықпайтын, егемендік алғаннан бері тек ақша жұмсалып, нәтижесі жоқ бірнеше реформалар жүргізіп жатқан, «Ұлт» тәуелсіз интернет- басылымның 27.09.2018 жылғы санында көрсеткендей, Ақордада жемқорлық жайлаған салалардың бірі аталған Білім және ғылым министрлігінің өз жұмыстарына немқұрайлы қарайтынын, білім мен оның өзегі - оқулық бойынша жасалып жатқан келеңсіз жайттарға көз жұмып отыратын, жең ұшымен жалғасып жатқан жүйе екенін дәлелдеді. Сатыбалдиев пен Баспақова мені жеңген жоқ, олар өз -өздерінен жеңілді.

Мен бұл мақаланы ешкімнің тапсырысымен жазбағанымды, оны жазғанда арақ пен наркотиктің немесе басқа біреулердің ықпалында болмағанымды айта келіп, қозғалып отырған мәселенің «Мектеп» баспасы әкімшілігі және менің арамдағы тартыс емес, оның әділет пен әділетсіздік, еңбек қанау мен заң, құқық таптау мен мораль, этикет арасындағы  дау екеніне назар аударғым келеді.

«Әділдікті мойындау адал кісінің ісі»  деген екен Б. Момышұлы. Момышұлы Қазақстандағы адал да әділ адамның соңғы тұяғы емес пе деп қорқамын.

Бір кем дүние...

Норвегия сияқты дамыған елдерде мемлекеттің әр азаматы мұнайдан түскен пайдадан дүниеге келе салысымен  бесікте жатып өз үлесін алуға құқылы және алады. Ал мен Қазақстан азаматы ретінде адал еңбекпен жасап, «тендрден ұтып алған» интеллектуалдық меншігімнен, құқығымнан айырылып, бір жылғы тынымсыз еңбегімнің біреудің пайдасына шешілгеніне түк те жасай алмай, сыбайлас жүйенің құрбанына айналып отырмын. Не деуге болады? Бір кем дүние, бір арман...

Р.S. «Басқа елдердің азаматтары сотқа жүгінеді, біздің елде президентке хат жазады» дейді Елбасы. Қайбір жетіскеннен хат жазады дейсіз, әлі жеткен заңды сатып алатындықтан, амалы таусылып, үмітін үзбеген соң хат жазады да жоғары органдарға. Сол хаттардан да пайда жоқ, хат хабар-ошарсыз жоғалады. Содан кейін жоғалған хаттың иесі хатын басылымдарға беріп, әлеуметтік желілер арқылы халықтың қолдауына сүйенеді. 5 қазандағы Президент жолдауында халықтың көкейіндегі біраз мәселелер «сөз» болды, иә сөз болды. Бірақ жолдау жолдаумен, ол жолдаудың нәтижесі бізде нақты іске айналғанда айнадан шағылғандай оралады. Әрине, бізде адамдар конституция бойынша тең құқылы, тек қағаз жүзінде ғана. Бірақ олай болмауы тиіс. Заң алдында бәрі бірдей, заң жұмыс істеуі керек. Теңіз тамшыдан тұрады. Егер әр әділетсіз іс қозғала келе әділетке айналып жатса, елдің де сенімі артып, заңды аттайтындар да азайып, өркениетке бір табан жақындайтын едік. Әттең... бір кем дүние.

Жұлдызай Баданова

Abai.kz

14 пікір