Жұма, 15 Қараша 2019
1229 3 пікір 11 Қазан, 2019 сағат 11:45

Ресейдің Түмен облысында қазақ сыныбы ашылды

Ресейдің Түмен облысы, Упорово ауылында қазақ сыныбы ашылды. Әзірге бұл сынып қазақ тілі мен мәдениетін үйретеді. Ал, алдағы уақытта ол үшін арнайы ғимарат берілмек. Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі хабарлады. 

-Упороводағы қазақ сыныбы – облыс орталығын санамағанда, облыс аудандарындағы жаңалықтың алғашқы жаршысы. Ата-аналар балаларын аптасына екі рет сабаққа апарады. Ауданның барлық ауылы аудан орталығынан алыс емес. Ұстаз – Қазақстанда педагогикалық білім алған  кәсіби мұғалім Майрамгүл Ахметқалиқызы Айтқоженова, - деп хабарлады елшілік.

Қазір сыныпта облыстың әртүрлі елді мекендерінен келетін 25 оқушы бар, дейді Қазақстанның Ресейдегі елшілігі.

Өңір басшысы Леонид Сауков балаларға сәттілік тілеп, әдістемелік оқу әдебиеттерін алуға сыйлық сертификат табыс етті.

Сыныптың ашылуына Түмень облысы қазақтарының ұлттық мәдени автономиясының төрағасы Есенғалия Ибраеваның атынан облыстық Қазақтар автономиясы кеңесі қаржылай қолдау көрсетті.

Қазақ сыныбы уақытша патриоттық одақтың оқу сыныбында шұғылдана тұрады. Көп ұзамай аудан басшылығы сынып үшін жеке бөлме бөледі, ал ұйымдастырушылар оны қазақ тілі мен мәдениеті сыныбы ретінде жақсылап безендіруге уәде берді.

-Қазақ сыныбын ұйымдастырушылардың қатарында Упоров ауданының әкімшілігімен қатар, Ішкі істер министрлігінің отставкадағы полковнигі Төлеген Құдайбергенов басқаратын Тюмень облысы қазақтарының автономиясы –Упоров патриоттық одағы да бар, - деп нақтылады елшілік.

Аудандағы екінші қазақ сыныбын екі мыңнан астам қазақ тұратын Голышманов ауданында ашу жоспарлануда.

Abai.kz

3 пікір