САЛАФИТТЕРМЕН ТҮЙЕҚҰС СЕКІЛДІ КҮРЕСІП ЖАТЫРМЫЗ...
Өзіне қауіп төнгенде түйеқұс басын құмға тыға қояды екен. Алып денесі сыртта қалғанында шаруасы жоқ, «өзін тығылып тұрмын» деп ойлайтын болса керек. Біздің бүгінгі таңда елдің берекесін алып, талай азаматымызды ажал құштырған салафизм ағымымен күресіміз дәл сол түйеқұстың қылығындай көрінеді.
Біріншіден, салафизммен күрес сақал қиып, балақ ұзартумен жүрмейді. Көшеден оларды ұстап алып, қамаған сайын, ыза туғызып кектене беретінін ескерсек, біздің шенділер өте қауіпті жолды таңдағанын көресіз.
Екіншіден, қазір Сирияға жиһад жасауға кетіп, оралып жатқандардың бәрін түрмеге тоғытып жатырмыз. Олар сол абақтыдағы азаматтарды улап жатуы әбден мүмкін жағдай.
Үшіншіден, кеше Ақтөбеде жат ағымның жетегінде кеткен он жігіт әскер қатарына алынбағаны хабарланды. Арнайы комиссия олардың діни көзқарастарынан қорқып іріктеуден өткізбеген көрінеді. Радикалдардың қорғаныс саласына кіріп, іріткі салуынан қорыққан құзырлы органдар күзгі шақырылымға келгендерді жіті сүзгілеуде екен. Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті жастарды медициналық тексеруге шақырмастан бұрын жеке істерін тексеріліпті. Егер Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер департаментінің тізіміне іліккендер болса әскерге жолатпайды. Биылдыққа он жігіт экстремистік ұстанымдары үшін, тағы бірі баптистердің уағызшысы болғандықтан әскерден шеттетілген.
Сонда біздің құзіретті органдар он жігітті әскерден шеттету арқылы салафизммен күреспек пе?
Салафизммен күрес бұлай жүрмеуі керек? Біріншіден, салафизмді астыртын қолдайтын Ресей, Түркия, БАӘ секілді елдерден келетін қауіпті сүзгіден өткізген дұрыс. «Олармен саяси қарым-қатынас қалай болғаны жөн, салафизмді тежеу үшін қандай қадамдар жасау керек?» деген секілді сұрақтарға ғылыми тұрғыда жауап берілуі қажет.
Екіншіден, түрмедегі діни фанаттарды оқшаулап ұстау мәселесі қолға алынып, олардың бетін бері қаратудың кешенді жұмысы жүргізілгені жөн.
Үшіншіден, еліміздегі осы ағымды қаржыландыратын орталықтар анықталып, салафиттердің серкелері заң алдында жауап беруі керек.
Төртіншіден, Дін істері министрлігі мен Діни басқарма салафиттік бағыттағы уағыз жүргізушілерді тізімге алып, олардың уағызы әлеуметтік желілерде таралмауын қадағалау қажет.
Бесіншіден, мемлекеттік қызмет пен ақпарат құралдарында еңбек етіп жүрген барлық азаматтардың сенімі тексеруден өтіп, қауіпті жолды таңдағандар қызметтен аластатылуы қажет.
Алтыншыдан, салафизммен күрес Ақтөбеде ғана жүрмеуі тиіс. Қазақстанның бүкіл аумағында салафизмнің қатері жайлы түрлі жиындар ұйымдастырылып, қажет болған жағдайда көшелерге үнпарақтар ілінуі керек.
Осы аталған күрес жолын таңдай алмасақ, біз салафизм ағымын қолдайтын ел болғанымыз. Шындығын айтайық, қазіргі жат ағыммен күресіміз түйекұстың қылығындай күлкіні келтіреді. Үлкен қалаларда бізді қорғайды деген ішкі істер департаменттерінің ғимараттары тас қорғанмен қоршалып жатыр. Бұл түйеқұстық емей немене?
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz