Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 12315 0 пікір 12 Желтоқсан, 2016 сағат 12:32

АСҚАР АЛТАЙ. ТУАЖАТ

Құрметті оқырман қауым!

Биыл, Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толатыны сіздерге белгілі. Бұл роман сол желтоқсаншыларға арналған шығарма еді. Кезінде, 2012 жылы «Жұлдыз» журналының №1 санында жарияланған еді. Жазушы, бүгін романды abai.kz сайты оқырмандарына ұсынып отыр.

Аbai.kz ақпараттық порталы

(Тамұққа түскен сәуле)

Роман-модерн

 

Если виновен народ, значит виновен я.

Книга Бытия

Все, что вышло из-под моего пера, стало быть, лишь фрагменты одной и той же нескончаемой исповеди...

Гете

 

Көк шымылдық аспан мен ақ кебін жердің арасы кіреуке мұнар. Күнге шағылған қылау қылпып тұр. Қарға қатып қалар күн шақылдап тұрғалы үшінші тәулік. Алтайдың ат қолтығын сөгер ерен Ертіс бойы қаһарлы. Дүниені еркін қыдырған күн нұры тәкаппар сұлудың қаздиған кірпіктеріндей қар бетіне қадалулы. Оның да бірақ қаңтардағы қуаты әлсіз. Түз төсін құр қыдырулы.

Осы ұлы түзде Байбура үйірден бөлініп қалған құландай жалғыз еді. Сол күні сұрапыл сын сәті соғатынын ол сезген жоқ. Алқаракөк аспан түнегін қия саулаған боз сәуле көктен түсер Ғайсадай ғайыптан оралатынын білген емес. Жер жігін жарып шығар Мәдідей состиып, жылан жұтқан жандай үн-түнсіз қалшиып тұратынын тағы ойламаған.

Көзіне қан толып, көкірегіне кек тұнып, көңілінде шер шайқалған пенде ғой... қайдан білсін, нені сезсін?! Қайта өткен күндер елесін есіне алғысы келмей, иен далада еріксіз аңшылық құрып жүрген. Тау мен дала қанаттасып жатқан кең дүниенің қоңыраулатқан қоңыр үніне де құлақ аспай, елсізде ішқұса күймен елеусіз тірлік кешкен. Сұрапыл сын сағаты соққанын сол күні сезбеген.

Сол күні де қар басқан байтақ дала, қар жамылған тәкаппар таулар дел-сал еді. Дүние жым-жырт тұғын. Осы ұлы жіңгір кеңістікті оқыс дүр еткен дауыс селк еткізген. Іле дарылға ұласқан дүріл тылсым әлемді дірілдетіп ала жөнелді. Сол-ақ екен алапат аяздан демін ішіне тартып тұрған жалтаң жон, жапан дүние сиқырлы үнмен хрустальдай сыңғырлап сала берді.

Құба дөңнен қылаң ұрған қос бөрі құла түзде құбақандап, соңынан ілескен дарыл дауысты елең құрлы көрместен жортқан. Алған беті – төңкерілген астаудай Ақжалдың жазығы. Ал Қалғұты өзенінің бойындағы ойдым-ойдым шикі шиден көкшулан бөрілерді бүйі тигендей түріп шыққан жалқы мотошана болса, жер апшысын қуыра шоқалақтай зырқырап келеді. Көк пен жердің арасын азынаған ащы дауысқа тұндырған көлік соңынан ұлпа қарды борандата түскен. Жер бауырлай жортқан жонды көкжал соңынан сыпыра тиген. Оған күйлі бөрі де былқ етер емес, жер жадысын таңдамастан тырнақ батырады.

Қу тандыр төсіне алты ай қыс қар тоқтатпас Тесікұя желі кеміріп тастаған тақыр жон тақым жаздыра түседі. Тек осыдан үш күн бұрын түскен қалың қар ғана күпсіп, майлы мүйізгек табандарды қыздырғаны болмаса, қатты аяз күпсек қарды бауырына жұқтырмай, жан сауға қуғында көмектесіп-ақ келеді. Көпсіп түскен қалың ұлпа жер бедерін жіті аңғарған қуғыншыға да қолайлы. Қашқындарға да ыңғайлы. Екі жағы да есеппен желеді. Сіңірлі бөрі сирақ бұлай басса, рәзіңке табан үйіріле жөнейді. Ойдан қырға иек артысымен-ақ бөрі қуғын басталған.

Байбура бөрі қуғынмен бұған дейін де қасқырлардың бесеуін алған. Бәрінің де Марқакөлмен ұласар ұлы сілем – Бөкенбай тауы мен Сарытаудың салпы етек салмасы – Қарасеңгір тауы арасындағы тақыр жондарда бел омыртқасын үзген. Жапонның ойынан, орыстың қолынан шыққан әйгілі мотошана аңшының айызын қандырған. Он жеті жасар жас жігіт желігіп алған.

Бүгін бірақ жын буып, желік қуып шыққан жоқ...

Нағашысының жар дегенде жалғыз атын жем қылған соң, онсыз да қанына қарайып жүрген жан жалпақ табан жампозына жамбас артқан. Осыдан екі күн бұрын жарға жығып кетсе де, өкпе-бауыр секілді жылы жұмсағын ғана талғажу еткен қос бөрі қайтып жоламай қойды ғой. Адамнан айласын асырар сұм көрінген... Байбура да қасарысып, іңір мен таң қараңғысында қос ауызды отыз екінші мылтықпен ат сабылтып келген. Аштыққа дәті берік түз тағылары да мылтық пен оқ-дәрінің иісін сезді ме, жемтік басына жоламай қойды. Алыстан орағытып із тастапты. Аңшы тайыншадай арлан мен құлжадай қаншықтың табан мөрін айырған... Теріңді тірідей сыпырармын деп тістенген. Мылтықсыз аттануға бел буған. Беліндегі селебені тері қыннан суырып, маңдайына басып тұрып «қару қандасын» деп серттескен.

Дүние жыланбауыр жалпақ табанмен дөңгелене ауды. Байбура бірақ көзі оттай жанып, ақ ұлпа бетінде жосыған тағылардың таңын айырып келеді. Баяғы бір заманда Ақжалдың жазығына тары мен бидай егіп, тақтайдай тегістеп тастаған ұланғайыр өңір алашапқын қуғынды күтіп, бауырларын жазсын дегендей бұқпа-бұйратсыз созылып жатыр.

Ақжалдың жазығына ілінісімен-ақ бөрілер мен желқайық мотошана арақашықтығы қысқара түсті. Айлалы аң мен әдісқой аңшы арбасар мезгіл тақап еді. Тісі мен тырнағына сенген табиғат серілері кісі ұғлы жасаған темір тажалдың зыр қаққан жүрісіне құлан жортар жазықта шыдап-ақ бақты. Оған бірақ Байбура да бой алдырмай, жастық жігер мен құмар желік желпінтіп, жылдамдықты үдете түскен. Мотошана да қарлы жазықта қарғымай құйындатып, соңынан боз боран көтерді.

Қуғын күшейген. Алаөкпе шабыс сүт пісірім уақытқа созылса, да, бөрілер бусана түсіп, қулық қаншық пен қубас арлан арынын ағытқан. Аңшы да аянбауға бекінді. Қансонарда қасқыр алып дәндеген Байбура бұл жолы да қанжығасын қандаймын деп ұмтылды. Ішіне түйген қанды кегі де қозып келеді. Ал қос бөрі де ауыздарын қандап, ішектерін майлап үлгеріпті.

Бөрі қуғын қар бората бұрқаған сайын қос тағы да тұмсық соза қатарласып, оқта-текте лоқ еткізе құсып тастап, шабыстарына шабыс қосты. Үнемі бөкен бүлкек, бөрі шабыспен жүрген түздің аңы күй талғамайтын, жер таңдамайтын жүйріктігіне басқан. Шабыла жортып келе жатып ақ қарды қауып қалып, асқазандарын шая тазалап та алады. Кешікпей зар күйіне келіп, үдей жортқан жортуылға бас қойды. Күні-түні талмай жортатын бөрілер аң атаулының ішінде ең бір сырттаны ғой, мұндай ұлы жүріске жылқы жануар ғана төтеп беретіні белгілі.

Ал Байбураның астында көк темір ғой, сыр бергісі жоқ. Аппақ жазық жүзінде сынаптай сырғып ағады. Бөрілердің түпкі түйсігін аңшы да аңдаған. Олар Ақжалдың жайылма жазығын кесіп өтіп, өздері өрбіп-өскен Қызыл Керішке ілігіп, ар жағында Зайсан көлінің қопа қамысы ішіне сүңгіп кетпек. Осыны тез бағамдаған Байбура қос көкшуланды бастырмалата түсті. Мотор дауысы ышқына күшейіп, көкшулан жалды арланға жетіп-ақ қалды.

Сол-ақ екен солға қарай жалт берген әккі арлан қиыстай жөнелді. Бет-аузына дейін қой терілі жүнді бетперде киіп, көзіне жел өтпес жабық көзілдірік тағып алған аңшы жігіт қызу қуғынмен байқамапты, ұлан жазықтың қақ төріне орын тепкен ескі диірмен тұсынан бір-ақ шығыпты. Темір-терсегін тот басып, қауқиған тас қабырғалары қалған атам заманғы қырмандық төбесінен жалпылдап жалқы қарға көтерілді.

Арлан айласын асырды. Байбураны бұра тартып келіп, арбиған диірмен ішіне қойып кетті. Өзінің бармағын шайнап қалған моторлы аңшы бірақ бұрылмады. Ол жалқаулана көтеріліп, жылдамдата қанат қаққан қара қарғаның соңынан ілескендей, қарқылдай ұшып бара жатқан батысқа қарай бет бұрды. Кәрі қарғаның қанатының астында мотомен арындай арылдап, екпіндей ұмтылған аңшы арланның айласына алдырмай, ақшулан қаншықтың артынан ашулы түсті. Ол да ұзап кетіпті.

Газды баса түсіп, қанжырдай қатқан қаншық белін тезірек үзгісі келді. Бұған бір, бүлкек қаққан қаншыққа бір қарағыштап ұшып келе жатқан көктегі жалғыз қарғаны да естен шығарған. Аралық ат арқан қалғанда кенет баяғы көкшулан арлан бүйірден келіп килікті. Ол жанұшыра аңшы алдын орай жосылтты дерсің. Арланның аң да болса арлы әрекетіне аңшы бірақ бой алдыра қоймады. Қаншыққа қарай қасара дөңгеледі.

Өзінің өндіршектеген әрекетінен ештеңе өнбесін сезген арлан ақтық айқасқа бекінгенін Байбура да сезді. Ол енді шұғыл қимылдамаса, өзі жем болатынын айқын бір түйсікпен түйсінді. Амалсыз арланға төпелей төніп кеп, мотошананың қанатымен жалт бұрылып, бөрінің бел тұсынан аңдаусызда жапыра қақты. Ауыр көлік те сілкініп қап, бір жағына қарай қиялай қырындап барып, Байбураның аяқ тіреген түзеуімен қалпына келді. Әккі аңшының машықты қимылы мүлт кетпеді. Аусар арлан созыла керілген күйі қамшы тиген жыландай кирелең ете түсіп, айдалада аунап қала берді.

Ал Байбура алған бетінен қайтпай, аңдаусызда белі үзілген жолаяқ жембасарына қайырылмады. Қайырылған – қара қарға. Ол омақаса жер құшқан арлан бөрінің үстінен бір айналып, оңашалау қонды... Ұлы шабыста ұзына созылған ұлан белі ауыр салмақ пен орасан жылдамдықтан оқыс опырылып, қапияда жұлыны үзіліп кеткен көкжал сирағын серпуге де шамасы келмеді. Кәрі қарға ғана өлі бөріге секең-секең секіре жақындады.

Байбура жылдамдықты тағы күшейтті. Астындағы асаудай ышқынған көлігі тағы ытырыла жөнелді. Әлгі бір әзірде аударыла жаздап, жылдамдығын жоғалтып, қиыс кетіп қалған аңшы ақшулан қаншыққа қарай бір бүйірден төтелей тартты. Енді боз қаншық екеуі де соңдарынан қар бұрқағын көтерді.

Тері шалбар, тері тон, киіз байпақты саптама етік, түлкі тымақ, тері қолғап пен жүзін ызғар қарымастай етіп алқымынан айналдыра шалып, танау тесігі мен көзілдірік қаптаулы жапсырмасы бар тері бетперде киген Байбура тәні қызынып, жаны дызығып келе жатқан-ды.

Ақшулан қаншық жалтаңда жалт-жалт беріп, отты жанарлары ұшпа қармен шағылыса жарқ-жұрқ етіп, көпке дейін құрық салым жолатпай қойды. Арланға қарағанда әдісқой, жылдам аң жүзіктің көзінен өткендей сүйрік те сұлу. Өлімге көз қиярлықтай емес. Оған бірақ қанын ішіне тартып алған аңшы сәп салар емес, қалай да құмарынан шықпақ. Қан тілеген тоятсыз сезім суынбай, сәт салып күшейе түскен.

Ақшулан да алқынып, мотоқуғынды азапты сүргіннен барлыққан-ды, бірақ болдырмаған. Мынадай сұмдық шабыспен көп кешікпей сирақтары салдырап қаларын сезсе керек. Құтыла алмасын да аңға тән таңғажайып түйсікпен білді. Қызыл Керішке дейін қарға адым жер қалса да, алдын албастыдай орап, қиыстата қайырып ала берген адамға қылар айласы таусылған. Өзегін от қарыған қаншық енді аңшыны алдай жүріп, күтпеген тұстан қармауды көздеді.

Жалын атқан көздері жарқ-жұрқ етіп, ортқи секіріп, билей ойнақ қағып, оңға бір, солға бір сұрапыл бұрылыс жасай бастады. Байбура да көлігінің тежегішін басып қап, шірене бұрылып, өзгеше өнерлі, қуатты қаншықты қағып жіберуге бар білерін салды. Қаншық та алдыра қоймады. Құла түзде қақпақыл ойнауға көшті. Аңғал аңшыға құмбыл қаншық көлігімен шыркөбелек айналдыра шеңбер де, тоқішектей сегіздік те жасатты.

Ат арқан жерді айнала алашапқын етіп жүргенде кенет боз бөрі мен аңғал аңшы аяқ асты апыр-топыр болды да қалды. Бастарын өлімге тіккен екі бірдей жаужүрек тіріжан иесі ақзу қардың бетінде беттескен күйі белдесті. Айласын асырған ақшулан қаншық Байбураны көлігі үстінен көз ілеспес жылдамдықпен аударып түсірген. Дүрілдеген мотошана өз жайына қаңғып қалды.

Арандай ашып кеп қалған бөрінің аузынан қапелімде қорғана сілтенген Байбураның қолғапты сол қолы көмейлете кіріп кетті. Ақшулан қаншық та Байбураның биялайлы жұдырығына қақалып қалды. Аран ауызын жұмылған жұдырық кептеле керген. Бөрінің ақсиған орсақ азуы мен қан толып кеткен көзіне қадалған аңшы да өзінің әл бермес күшін сезінді. Беліне бос іліп жүретін капрон арқанды оң қолымен суырып қап, жалма-жан бөрінің мойнынан орай тартты. Жанталаса иықтасып жатқан қос жыртқыш аяспауға бекіссе керек, бірі жұдырыққа кептелген көмейі қорылдаса, енді бірі ырсылдай жіңішке арқанмен буындыра қылқындырды.

Мойнынан арқанмен екі орай тартып алған Байбура сол қол жұдырығын ақ көбік аранға нығарлаған күйі еңсеріп бара жатты. Айлакер түз тағысы ыспор аңшының ұрымтал амалына қапылыста ұрынып қалып еді. Байбура да бөрінің байқаусызда тұтылып қалғанын тез сезіп, әбжіл қимылдаған. Ес жиғызбаған бетте еңсере түсіп, бөрінің кеудесінен итере сермеген алдыңғы екі сирағын да арқан ұшымен орай тартып үлгерді. Сол бойда бөрінің кеудесіне мініп алды. Бөрі кеудесіне бөксесі тиюі мұң екен, Байбураның аруағы көтеріліп кетті. Қаншық қаншырдың көмейіне тері қолғапты жұдырығын көмейлей тіреп, тырп еткізбей қойды. Жалғыз қолмен қайырыла қимылдап, артқы сирағын да арқан ұшымен қазықбау шала тартып тастады. Жуан мойнынан орай қылқындырған арқан ұшын босатып алып, қасқырдың қара тұмсығы үстінен қалмақша қамсаулай тартып, ноқталап алуды ойлады.

Шешіліп қалған оң қол биялайын алып, ақ көбік аққан бөрінің ырсиған езуі түбінен жұмарлай тыға бастады. Тері биялайды іспелеп енгізген сайын жақты керген жұдырығын да жайлап шығара бастады. Қаншық жағы қарысып қалған ба, жұдырық жылжыса да жиыла қоймады. Патшағар, айла сақтап жатыр ма деп қауіптенген аңшы биялай мен тері тонының шалғайын аран аузына жұмарлай тықты.

Бөрінің жағы шынымен-ақ қарысып қалыпты. Екі көзі шоқтай жайнап, екі езуінен сілекейі шұбырып, аузын керген күйі жата берді. Сол қолын да босатып алған Байбура бөрі басын капроннан өрілген жіңішке арқанмен қалмақша ноқталап, ал қарысқан жағын жаздырмастан аузын тері биялай мен тонының етегіне толтырған күйі арқанмен ауыздықтай керіп тастады.

Шалғайы бөрі аузында тығындалып жатқан тонын шешіп, орнынан көтеріле бойын жазды. Айналасына жабайы аңдай ұрлана көз жүгіртті. Апыр-топыры шыққан жерді көрді. Тоң жер беті ашылып, ұлпа қар алабажақ тартыпты. Мотошана тұр қаңқиып. Қасқыр жатыр қыңқ етпестен. Қара қарға отыр алыста бозарып жатқан арланның үстінде қарқ-қарқ шақырып.

Айдалада аң қуам деп жүріп ажал құша жаздағанын аңдады. Байбураның жыны қозды. Кеше ғана Алматы алаңында көк мұз жастанып жатып көз жұмбағанына өкінді... Қасқырдай қамалап алып, күрекпен төпелеп, келтекпен сойылдап, шалажансар күйде сілікпесін шығарып еді. Сол сәтте мерт болғаны абзал еді. Енді мынауысы не өмір?! Айдалада бас сауғалап, бөрі қуалап жүргені... Ызалы намыс билеп, кек қозып, қанжардай нәпсі санасын шабақтап өтті.

Саптама қонышынан білектей селебені суырып алды. Қынынан алған бойда бөрінің артқы сирағы байлауын кесіп жіберді де, тірідей соя бастады. Алғаш өткір болат жүзі тигенде сілкініп қалған қасқыр бәріне де шыдайтын шыңдауыл аң екенін сездіріп, қайтып бұлқына бермеді. Аңшы ет пен терінің арасын жұдырықтай іреп жатқанда да, көздері жалын шашып, бір тамшы жас та үзілмеді. Қара терге малшынған қап-қара танауынан бу бұрқырап, ақ қардың бетіне суық тер ғана тамшылады. Ол да қарға сіңбей қатып жатты.

Ашуға бой алдырған Байбураның ызалы жүрегі мен долы қолы дегеніне жетті. Ол қаншық қасқырдың терісін аз ғана уақта сыпырып алды. Бас терісі мен тақыр тірсекті сирағын, қызыл шақа бұтына қысқан құйрығын ғана өзінде қалдырды. Булыққан күйі ноқталаған капрон арқанды кесіп, аяқтарын да босатып жіберді.

Қызыл шақа тәнінің беті жыбыр-жыбыр ете тартып, ал өзі былқ етпестен жатқан бөрі кенет сирақтарын серпіп-серпіп қалды. Ол оқыс орнынан тұрды. Сең соққандай сенделіп кетті. Қатты аязда тоңазыған қызыл шақа тәнінен көтерілген аппақ бу өзімен бірге бусана ерді. Бөрі шалма лақтырым жерге дейін буы бұрқырап, сенделіп барды да, сылқ құлап түсті.

Тап осы сәтті күткендей-ақ, көкжал көзін шұқыған жетім қарға үстінен бу көтерілген қаншырға қарай ұшты. Ол ұшып келген бойда қызыл етке қонды, бірақ бір-екі шоқығаннан артпай, үрке ұшып, оңашалау барып қонды.

Қаншық қасқыр мен кәрі қарғаның іс-қимылына үнсіз қадалып, қолындағы селебесін сығымдап тұрған Байбура таңырқаулы да еді... Жетім қарға бөрі басына саңғыған, дүниені ызғар қарыған, ал аңшы болса кекті ызадан қағынған күнде айнала шаңыт тартқан. Шаңыт дүниені дір еткізгендей болып, кенет қаншық бөрінің үстінен көтерілген будан бөлініп, Байбураға қарай ақ қардың бетін сәулелі нұрмен шомылдырып, беймәлім боз сағым ақты.

Түз тағысындай тегеуірінді, арыстан жүректі Байбураның қолқа-жүрегі алмас құйып жібергендей суып сала берді. Қарақшыдай қалшиып қатты да қалды. Қимылдауға дәрмен жоқ. Тек өткір көздері ғана сәулелі сағым соңынан ілескен.

Ал сағым сәуле болса, бұған құрық бойы жақын келіп, шеңберлей айналды. Бөрі басты сағым сәуле барыс құйрықтанып ұзара берді. Ол бөрі сәулелене сағымданып, ұзара өсіп, мұны шеңберлеп алды. Бөрі сұлбалы дөңгеленген алып сағым сәуле бел ортасынан ұзара өсіп кетіпті. Шеңберлей созылған боз сұлба құйрық тістесіп, мұны қытай қорғанындай қоршап тастапты.

Байбура бұл сұмдыққа «бір пәлеге ұрындым ба» деп әрі шошына, әрі таңқала қарап қалған. Үні де өшкен. Мұндай сиқырлы сұлба сағымдана сәулеленіп тұрғанда шапқан атша дүрсілдеген жүрегінің соғысын ғана естіді. Иен түз де құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Дүние дел-сал.

Сағымданған бөрі сұлбалы сәулеге телміріп қанша тұрғанын өзі де білмейді. Қолындағы селебе пышақты ұмытқан. Тек қара қарға қарқ етіп ұшып, қызыл шақа тартқан қаншық жемтігіне – қайта барып қонғанда ғана селк етіп ес жиғандай болды.

Сонда ғана өзінің шеңберлей қоршаған сағымды сәуле тұтқынында қалып, сиқырлы бөрі сұлба арбап алғанын білді. Қара қарға тағы қарқ етіп, шылбыр үзім жатқан бөрінің көзін шоқи бастағанда ғана сағым сұлба оқыс толқып кетті де, дереу жиырыла жиналды. Әп-сәтте құлаштай бөрі сұлба сағымға айналып, жансыз жатқан жалаңаш тәні үстіне қалықтай жүзіп барғаны... Оны бірақ кәрі қарға елең құрлы көрмеді: күндіз де, түнде де шырадай жанып, жер-жаһанды шолатын бөрінің өткір жанарларын қылғыта жұтып, көз ұясының қанын сорып отыр еді.

Төніп барған жұмбақ жаратылысты сағым сәуле өлі тәнінің төбесінен тесіле қарап, бірер мәрте айнала жүзіп, кенет Ақжалдың құба жазығын кеулей ұша жөнелді. Алған беті Алтай биіктеріне қарай ұзай беріп, шарбыдай жұқа, мұнардай ақкіреуке дүниеге сіңіп кетті. Кіреукеленген кең дүние түк болмағандай тым-тырыс.

Байбура түкке түсінбей әлі тұр. Қара қарға ғана тояттай алмай әуіре. Жапан түзде жалғыз қапты. Кәрі қарға ғана қарқылдап қояды. Суық сорған сұм өлкеде адамға қарға да ес екен... Алабұртқан көңілі басылмады. Сарытау жаққа қарады. Күллі Күршім өңірі мен Зайсан көліне менмұндалап, қысы-жазы қар-мұз төбесін жауып, жұмыртқадай боп жататын ұлы тау көзге шалынбады. Байбураның іші қылп ете түсті. Дереу түстіктегі Бөкенбайға қадалды. Таңертең ғана ақ жамылып тұрған тау жоны алашабыр тарта қалыпты. Арқар жонданған тау төсіне жел ілініпті. Кешікпей Ақжал жазығына алқына жетеді.

Жер мен көктің арасында көбік қардан ғарасат майданын ашатын Тесікұя желінің дүлей дауыл боп келе жатқанын біле қойғандай, қарға да қарқ-қарқ етті. Жалаңаш жатқан жемтік үстінен жетім қарға да қалбаңдай көтеріліп, иесіз диірмен жаққа асығыс ұша жөнелді.

Аңшы апыл-құпыл жиналды. Көкжалды бітеу күйі мотошананың артына бөктеріп, қаншырдың ақшулан терісін бүктеп-бүктеп тыға салды. Темір ыдыстағы жанар майды мотокөлігіне толтыра құйды.

Күн де кіші бесіннен құлапты. Ішкі жанқалтасынан алып, ұртына кесек малта тықты. Жерден қар жентектеп аузына салды. Бір сәт күн жылынып кеткендей әсер болды. Іле аязды қуа жеткен салқын жел лебі жүзін сыйпады. Байбура даланы дүр сілкіндіре көлігін дар еткізгенде, ұлпа қарды қопсыта ұшырған жаяу борасын да желіп жеткен еді.

Бауырында Қаратоғай ауылы бауырсақтай шашыла орын тепкен Қарасеңгір тауы қарауыта көрініп тұрса да, түзде туып-өскен аңшы көкейінен әлдеқандай күдік сейілмеді. Ауыл қашық. Ақжалдың төріндегі бағана арлан бой жасырған диірменді паналасам ба деген ұры ой келіп қалды. Ол да бірақ қауіпті. Боран апталап соқса, аштық пен суық алып соғар. Нар тәуекел. Ауылға қарай жөнейді. Жол-жөнекей тағы көрер.

Көлік  жаяу борасынды майдай тіліп, қиғаштай тартты. Жаңа да жүрдек көлік жазықта желмаяша сырғып келеді. Қар тоқтамас тақыр жазық жайлы. Атам заманғы аңыз жон айналасы ат пысқырарлық мезетте ақтүтек әлемге айналды.

 Ат құлағы көрінбес Алтайдың ақ түтегі басталды...

Ақшаңқан дүние көк пен жердің арасын тұтастырып, көк темірді де құрсаулай түскен. Жазықта Байбура жаза баспайтынын түсінді. Адаса қоймас. Қар тоқтамас жалтаң жон дөңгелекті бөгемес, тек Қалғұты өзеніне құлаған қабақ астындағы қалың ши тұтқан күртік жолын бөгерін білді. Көз байланбай Төребейіт тұсындағы шилеуітті ойпаңға жетуді көздеді. Темір күлігіне қамшы басты. Ол да қырдан ойға қарай дөңгелене дүркіреді дейсің. Жел ғана мотошананың дауысын жұлып әкетіп, естіртпей келеді.

Бет-аузын тұмшалап алған, киімі қалың аңшы ақтүтекті елең құрлы көрген жоқ. Ешкі мүйізіндей екі аша рөлді түзу ұстап, көкірек көзімен жер жігін айырып, алғаусыз самғады. Қос көкжалды бір-ақ күнде қанжығысына байлаған бауыздар желік те бар, бойды билеген балғын қуат пен беті қайтпаған бұла сезім де бар. Өз-өзіне разы-қош албырт сенім де бар.

Осы бетінен таймаса ұзын аққан Қалғұты өзенінің жарлы жағалауына бір тірелерін білетін Байбура тоқ көңіл еді. Ал шығыстан батысқа қарай буырқана соққан Тесікұя желі жүрісті тежей түсіп қояды. Оған бірақ моторлы көлік әзірге төтеп беріп келеді. Арлан бөрі сүйегі мен ажалды пендені кеудесіне қондырып, жұлқына сырғанап келеді. Желге иықтай қырындаған Байбура да бағытынан жаңылар емес.

Қас қарая аңшы жігіт кесе көлденең жатқан Қалғұты өзенінің жарқабағына тұмсығын тірей тоқтады. Қар түскелі жел үріп, күртік бекітіп тастаған өзен бойы мен қау-қау өскен отау ши арасы аяқ алып жүргісіз боп шықты. Байбура мотошананы тастап кетуге қимай, бір жағынан, жанар-майын қиын жағдай туа қалса – от жағармын деп, оталған күйінде қарға тығылса да өзі жаяу-жалпылы көмектесіп, ауылға қарай жылжыды. Жүріс өнбеді. Лезде қараңғылық қанатын жауып, Тесікұя желі қар-мұзды боранмен ірей түсті.

Жаяулаған аңшыны арлан бөрі мәйіті мен мотошана кешікпей-ақ малтықтырып тастады. Тастай қараңғы түн де көкірегіне күдік ұялатып, адасып кетем бе, үсініп өлем бе деген секем салып қояды. Сонда да Байбура күндізгі қасара жортқан қос бөрідей қасарыса жылжиды. Жүзін желге беріп, өзенді бойлай берсе кіндік қаны тамған Қаратоғай ауылының үстінен шығармын деп келеді. Қару-қайратын жұмсаған сайын әл кетіп, ұлы денесін тер жауып алды. Тоңатын түрі жоқ. Тек қайраты кеміп барады. Бұлай жанталасқанмен ұзаққа бармасы да шамалаулы. Ауылға жете алмасы хаққа айналды. Аял құрар жер керек. Шіркін, бір ықтасын болса, бел жазып, тізе бүгер!

Байбура қанша жаяулап қиналса да, көк бөріні тастағысы жоқ. Тұраласа да алып жүрмек. Құр сүлдері қалғанша амалдап көрмек. Күпті көңіліне тілсіз темір демеу. Әйтеуір жалпақ табаны қарды ырып, жылан бауыры күртік сызып, бұлқына сырғып келеді. Баяғы бір қара түндей меңсіз қарға да жоқ, Байбураға қарқылымен ес болған. Ол бейшара да диірмен ішінде булығып отырған болар. Өзін өзге бір өзексіз ойлармен алдаусыратқан аңшы шаршап-шалдыққанын ұмытқысы келген. Алға қарай адым ашып, кеудеден қаққан желмен алысқалы іңір ауып, Байбура ілбуге көшті. Тек тоқтап қалмауға бекінді. Аяқ суытса, ажал аңдитынын аңдады. Өлі бөрі мен мотоны тастап, жалғыз тарта беруге де жас жүрегі дауаламады. Жаяулап жалғыз кетсе, жаһаннамға жұтылып кететіндей көрінді.

Еріксіз жаны шыққан көкжалмен, жансыз мотомен ерулеп келеді. Кейде өзімшіл пенде, кейде тәкаппар табиғат үстемдік құрған итжығыс дүние ғой... Екі жағы да есе жіберер емес. Қай-қайсысы да кемел.  

Екі аша рөлге сүйеніп, көз аштырмас дүлей боран ішін мото көзімен тілгілеп, қара түнектен қайтсем қайтпан деп серттесіп келе жатқан Байбура әлде неге тіреліп қалды. Биялайын шешіп, сау қолымен сипалап көріп еді, шикі кірпіштен соғылған қабырға болып сезілді. Қаратоғайға жеткен екем, шет жақтағы үйлердің бірінің қора-қопсасы деп ойлады. Бұл бірақ қора-қопса боп шықпады, бейіт екен.

Бейіт – атам заманнан тұрған Төребейіт екенін Байбура бірден түсінді. Ықтай-ықтай қиыс кетіпті... Ши арасында, аулақта жалғыз қарайып, дөңгелене орын тепкен айсыз, төбесінде тақиядай ғана тесігі бар, күмбезденіп салынған моланы Байбура бала кезінен білетін. Оқыралаған бұзау, сиыр жазда ішке қарай ашылатын есігін сүзіп, көлеңке іздеп ішіне кіріп кететін. Соларды өзі де талай айдап шыққан. Құрғақ, айдалада қурап, құлазып тұратын ескі, жетім бейіт болатын.

Мотошана жарығын бүркемелеп тастаған боранды түнек түтеп тұр еді. Жарықпен айналып келіп, аузындағы Алтайдың қызыл қарағайдан қиып салған есігін сықырлата ашты. Көлікті бұрып әкеп, жарығын ішке себездетті. Мола іші бозамық тартты. Құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, тып-тыныш екен. Жылқының күзеу қылын қосып отырып илеп, шала күйдірілген кірпіштен өрілген қалың қабырғадан ұлыған боранның дауысы да булығып, орынсыз бебеулеп естілмейді.

Байбура көлігінің жарығымен оны-мұны заттарын ішке енгізді. Арлан бөрі сүйегін серейіп қатқан күйінде бейіт іргесінде қалдырды. Қалжырап келсе де төр жақта жатқан ескі тақтайларды қонышындағы қарулы пышағымен жаңқалап, шыралап айырып, темір шәугіммен мосы көтерді. Қар суы тез-ақ еріп, әп-сәтте су қайнады. Су ішіне суыған етті салып, бір қайнатып алып, сорпасымен соқты-ай бір! Мұздай маңдайы жіпсіп, бөрінің суық танауындай мұрын ұшы тершіп шыға келді.

Қараңғыда құйындатқан қарлы түтекпен талмай алысып, мотошана жарығымен жаяулап, жандалбасалап Төребейітке тұтқиыл жеткен аңшы ыстық сорпа ішісімен, жол бойы тері астындағы тер-тер тәні балбырап, ішкі жан сарайы да балдай еріп бара жатты. Ішке ене тері жапқан бетпердесін шешіп тастағаннан жүзін алау қыздырып, көзі ілініп кетті. Арқасын киіз үйдің қанатындай дөңгеленте салынған мола қабырғасына тіреген күйі қор ете түсті. Көзі ілінісімен  керіле түсіп, шалқалай жатты. Күні бойғы қуғынды сүргін мен ырғынды жүріс бозбала аңшының бұла қуатын сарқып еді. Ол да енді қорылға көшкен. Таң белгісі білінуге тоқым кебу ғана уақыт қалған. Жамбасы құрғақ топыраққа тиісімен тал бойы босаңсып сала берген.

Аңшы жігіт қанша уақыт алаңсыз ұйықтағанын білмейді, кенет бетін желпіген әлдеқандай қанат лебінен оянып кетті. Жүзін желпіген де торғындай жұмсақ, сәби деміндей майда леп. Қамасқан кірпіштерін аша алмай, түйсікпен ғана сезіп жатыр.

Қарқ еткен қарға дауысы кенет құлақ түбінен естілді. Сонда ғана Байбура қой көздерін ашып алды. Кеудесінде қаздиып қара қарға отыр да, бейіт ішін боз сәуле кеулеп кетіпті. Кенет тіксініп қалған аңшыдан сақ қарға жалп етіп ұша жөнелді. Ол мұның көз алдында зират күмбезін шеңберлей көтеріліп, төбедегі тақиядай тесіктен шығып кетті.

Байбура өңі екенін, түсі екенін түсінбеді. Аң-таң күйі тіктеліп отырды. Тыста түн түнегі айқара басып, алақаншық боран бебеулей түссе де, Төребейіт іші бозаң түске ұйып, бар маң анық көзге шалынып тұрғанына аңшы айран-асыр. От баяғыда сөніп қалыпты. Бойы да қара терден дегдіп, бұла қуатын жиып алыпты.

Арқасын қабырғаға тіреген күйі басын шалқайта көзін жұмды. Жарғақ құлағынан баяғы бір боранның ұлы сарыны шықпай қойды. Ұйқы қашып кетіпті. Шалқайған күйі жанарын ашты. Сол бір сәт Төребейіт күмбезі төбесіндегі тақиядай тесіктен аппақ нұр ішке қарай саулай құйылды. Әлгі бір боз нұр Байбура кірпік қағып үлгерместен қарсы алдында ақ сәулеге шомылған бөрі сұлбасына енді.

Бұл ұлылық қана орын тебетін ғарыш көгінен көктей өтіп, боз боран билік құрған байтақ жер төсінде иненің жасуындай жарықтан саулай түсіп, тәңірі иесі құдіретімен аң киесі – Ана-Бөрі сұлбасы боп оралған ғажайып құбылыс еді... Бөрі болмысты Бозие еді.

Аңшы бозбаланың үні үрейден өшіп қалды...

Ақ сәулеге бөккен боз бөрі құйрығы сөлеңдеп, оты өшкен ошақ басында олай-былай жүзіп, бұған кесе көлденеңдей керіле тұрды. Бауыр тұсындағы емшектері салақтап, өзі терісін тірідей сыпырған қаншық қасқыр – Ана-Бөрі екенін аңдатты... Мұндай қияметте ғана кездесер жұмбақ құбылысты өңі түгілі түсінде де елестете алмайтын Байбураның тілі байланып қалды.

Аңшы алдында Бозиесі – Ана-Бөрі сұлбасы ақ сағымдана алшайып тұрды...

Төребейіт ішін боз тұманға бөктіріп, көк төрінен боз сәулеге малынып түскен Ана-Бөрі алшиған күйі аңшыны барлайды. Тек шоқтай жанған көздері ғана сол қалпы. Жалын атқан көк-жасыл жанары Байбураның қой көздеріне қандауырдай қадалып қалған. Нұры таймаған жанары бозбаланың өңменінен өтіп, өзіне арбай ұйытып тастаған. Есін аудыра, сезімін суынта елтіткен.

Байбураның бойында да үрей басылып, үркініш сейілді. Түсініксіз бір таңдану басым! Санасыз күйде орнынан көтерілді. Аппақ сәулеге оранған Ана-Бөрі де бауырындағы ақ мамалары салпылдай сыртқа беттеді. Бозбала өз еркінен тыс күй билеп, соңынан ерді. Бойына Бозиесіне деген кәміл сенім ұялаған.

Тыста түлей таңның бозғыл реңі еніпті. Боз боран абынып-күбініп тұр. Бет қаратар емес. Ана-Бөрі құйрығы бұлғаңдап, ауылға қарай бет түзеді. Боз шидің басы жығыла майысып, Байбураның алдын орады. Оған бірақ бозбала аңшы бой берген жоқ, оталулы мотошанасын сүйемелдей итеріп, бөрінің артынан еріксіз ілесе берді.

Алай-дүлей ақ кебін ораған тамұқ дүниеде Ана-Бөрі аңшының алдына түсті. Бозаң бөрі бұлаңдап келеді. Байбура бөріден бөлініп қалмауға тырысты. Енді адаса қоймасын да аңшылық түйсікпен сезді.

Ал бұла дүние булығып, буырқанған дауыл ұйытқып тұр...

Көк төрінен көк тәңірісінің көктей түскен боз сәулесі – бөрі болмыс Бозие құрық салым жерде бұлаңдап барады.

 

Бірінші тарау

 

І

Таулардай мұнарлы, селеудей толқымалы дүние құсқанатты жанына қонақтар тұрғы бұйыртпапты.  Көзсіз тұманда шарқ ұрған шағаладай шырқырай ұшыпты. Туғаннан тәңірі тұтқынына тұтылған пенде ғой, тамұққа түссе де талайынан... Озбырлық пен зұлымдық, ізгілік пен қайырымдылық атаулы қара басынан қара бұлттай көшіп-ақ келеді.

 Көрге енгенше бауырдай күрең дүниені кешіп-ақ келеді...

Әуе лайнерінің биік трапы тепсеңінде тұрып, қамшыдай осып өткен осындай бір ойға бой алдырды. Көк мұнар көмкерген Алатау мен көк түтін тұмшалаған Алматы тынысын тарылта қарсы алды. Сонда да ыс ауаны қомағайлана жұтты. От боп жанған өлермен он жетісінде көз жасын құмыға жұтып, Алқабегіммен қоштаса да алмай кетіп еді сұлу да сылқым, сырлы да тылсым қаладан... Бәрі де көз алдында, бәрі де көкейінде.

Сол жылғы мамырлаған маусымның мұңсыз жазында – иә, иә, мұңсыз жаз еді-ау, – болашақ   жарым деп сүйген, сүйген жүрек отына күйген Алқабегіммен де кіндік қаны тамған ауылы Қаратоғайынан қол ұстасып аттанып, Алматы әуежайында бірге түсіп еді-ау траптан... Ұшақ трапынан ақ желең Алатау құздары ақиық Алтайдың шыңдарындай жүректі шымырлата шақырып еді. Оған да не заман?! Өтті де кетті.

Бүгінде қиял жетпес көрінген қырықтың үстіне шығыпты...

Әуежайдан таксиге отырған Байбура тіке «Қазақстан» қонақ үйіне тартты. Төменгі қабатта орын қалмапты. Жиырма төртінші қабат бұйырды. Үнсіз ғана келісті. «Мурад Мамедоғлы» деген әзірбайжандық құжатына бір, бұған бір қараған сүйкімді қазақ қызы Байбураның үнсіз келіскеніне таңырқап, «Басқа қонақ үйлерде төменгі орындар бар, барасыз ба?» деп орысша сұрады. «Жоқ, рақмет!» деген жауапты естісімен, ол да тілсіз қағаз толтыруға кірісті.

Қол жүгін төсек қасына қоя салып, балконға шықты. Алатау төрінен құйылған ақ сәуле көз қарықтырады. Мұнар басқан тау бауыры тұнжырап тұр. Көктөбе биігіне дейін көтерілген қаракөк ыс бауырлап жатыр. Түтінге тұншыққан қала құмыға түсіпті. Көк шынымен сыртын қаптаған керік мойын ғимараттар қаланың тұс-тұсынан андағайлайды. Баяғы көкпеңбек орман бүркегендей көрінетін жасыл желек те сиреп кетіпті. Көзге қораш көрінеді. Көңілге кірбің ұялатады.

Жан дүниесі жетімсіреген Байбура алып Алатауға қарап қарбыта дем алды. Табан астында жатқан жайдақ қала да, қала толған құла көлік пен құба халық та өзгеріпті. Өзгермеген өзі... Анау айқұлақ Алатау бастары мен көк төрін кезген күн өзгермепті. Өз-өзін демей сілкініп, қаланың қапырығына қарамастан қол-аяғын кергілеп, шығыс жекпе-жегіне тән әскери қимылдар жасады. Тершіп тұрған тәні маусымның қызуымен бұршақ-бұршақ ащы суға малшынды. Бойын қыздырып алған соң балкон есігін жауып, кондиционер қосты.

Ол үстірт қана жуынып-шайынып алысымен тысқа шықты. Салқындатқышты салқын бөлмеден шыққандікі ме, жейдешең пысынап кетті. Бұтақтарын бүйідей тарбита жайған қарағаштың көлеңкесінде тұрып терең тыныс алды. Жан-жағына сабырмен көз салды.

Алматы асфальты жас сәбидің еңбегіндей былқылдап, қорғасындай балқып жатыр. Көше толы сыналасқан көлік. Сандалысқан жұрт. Сапырылысқан тіршілік. Қарбалас қала. Мұның студенттік шағындағы алаңсыз, баяғы баяу аққан өмір жоқ. Асығыс әлем бір. Жиырма жылдан астам уақытта көп нәрсе өзгеріпті. Алдымен арбиған биік үйлер көзге ұрады. Жарнама толы көше қапталы шетелдік әріпті сөздер мен жалаңаш-жалпылы суретті қабырғаларға толып кетіпті.

Көп жылдардан соң оралған Байбураға мұның бөрі өрескел ғана көрінген жоқ, құтты бір жат елдің қаласына тап болғандай күйге түсірді. Әрі таңдана, әрі үрке тіксінді. Осы сәт ол ұшақ үстінде қақсай бастаған ұры тісінің ауырғанын да ұмытып кеткен. Әзірбайжан астанасы Бакуден таң қараңғысында мінген Байбура ұшақта ораза ашып отырып, оқыс тісі қақсап еді. Талай жыл туған елінен жырақта тарпаң тірлік кешсе де, қасқырдай қыңқ етпеген жан тұғын, табаны туған ел топырағына тиместен сүйегі сырқырай жөнелгеніне өзі де таңырқаған. Бойын да бір белгісіз босаң сезім билеген.

Абай даңғылын бойлай батысқа қарай жүрді. Оң жағында бес қабат үйлердің асты дүкендер мен кафелерге айналыпты. Сондай үйдің бірінің бұрышынан ашылған «Дантист» деген жарнамалы тіс кабинетіне кеп кірді. Медбике қыз күлімсірей қарсы алды.

Төр бөлмедегі қос креслоның бірі бос екен. Мұны соған жайғастырды. Қасындағы тіс креслосында отырған әйел адамды емдеп жатқан ақ халатты дәрігер бұған көңіл аударған жоқ. Іле бүйірдегі көрші бөлмеден басына аппақ биік бас киім, кіршіксіз халат киген дәрігер көрінді. Ол бұған жақындай бере қалт тоқтап, қара мұрты жыбырлап, көзімен тесіп өтердей қадалды да қалды.

Сол сәт Байбура да оны жазбай таныды. Ол да шырамытып тұрса керек, бірақ атыздай жанарын тез аударып әкетті. Таң қалғанын да, үрке қадалғанын да жасырғысы келгендей үнсіз қасына келді. Қолына әлдебір сүйір құралын алып, мұның аузына үңілді. Бұл да ләм демеді. Үнсіздікке шыдамады білем, қасындағы медбике:

– Қай тісіңіз ауырады? – деді ақырын ғана.

Бұл сұқ саусағымен солқылдап тұрған сол жағындағы ұры тісін көрсетті. Дәрігер сонда ғана мұның аузына үңіле қарады. Қызға иек қақты.

Медбике әлдеқандай дәріден жақ етіне ине салды. Әлден уақта жағы мұздап, икемге келмей, қу ағаштай жансызданып қалды. Дәрігер жігіт жарты сағаттай ұры тісін сүйек мүжігендей айналдырды. Медбике де құрақ ұшып бақты. Бәрі бітті-ау дегенде, дәрігер екеуі бір-біріне бейтаныссыз қарасып, сыртқа беттеді.

Есік алдына шығып темекі тұтатты. Байбура шылым шекпейтіндіктен ұсынған талын алып, саусақ арасынан өткізе шыркөбелек айналдырып тұрды. Неде болса ақырын күтті.

– Пломбыны ертең саламын. Бүгінше гипстеп тастадым, – деді дәрігер.

– Рақмет!

– Қайда тоқтадың? Түк өзгермепсің, Бура!

– Сонша неге таң қалдың? Өзгермесем... Болат... – деп тығылып қалды.

Болат шылым тұқылын тағы бір құшырлана сорып, босағада тұрған қоқыс салар түбекке тастады.

– Сен аруақ болғалы қашан? – деді Болат, бірдеңе айта ма деп Байбураға қарады, бірақ ол өзіне таңдана көз салып тұр екен. – Құдайға рас, сені өз қолымызбен қойғанбыз. Ауылдағы зиратта – әкеңнің жанында жатырсың...

– Әкем қайтыс болып па еді?! – Байбураның дауысы бұзылып шықты.

– Естімеп пе ең? А, иә!.. Қайдан естисің? Сені... түу!.. Сен деп темір табытты жерлеген соң, көп тұрмады ғой. Қырқыңды өткізісімен әкең де көз жұмды. Сенің тірі екеніңді білген жоқ қой. Ешкім де білмейді...

–       Білмей-ақ қойсын, – деді Байбура тамағына өксік тығылып.

Болат тағы да шылым тұтатты.

– Иә! – Байбура өз-өзіне күбірледі.

– Бура, саған көңіл айтатын емес, – деді Болат. – Түс боп қалды. Қарынға ел қондырайық. Сол жерде әңгімелесерміз. Жыл құсындай жоқ болып кетіп едің, соншама уақыттан соң оралдың ғой, әйтеуір! Бас аман. Ол да үлкен олжа бұл заманда.

Байбура үндеген жоқ. Жан дүниесі алай-дүлей.

Болат халатын тастап шығысымен, екеуі де оңашалау бір кафеге қарай беттеді. Адам аз екен. Қиян бұрышқа барып отырды. Болат дастарқан мәзіріне жылы-жұмсақ алдырды.

Ас дәмді екен, қарбыта асасты. Заһар суынан татыспады. Болат көлігін сылтауратты, ал Байбура жоламағалы қай заман?! Соны сезгендей Болат:

– Кешке жақсылап демаламыз, – деді. – Айтпақшы, сен қайда тоқтадың? Алматыға қашан келдің?

Байбура:

– Бүгін ұшып келдім. «Қазақстанға» тоқтадым, – деп, елеусіз етіп айтуға тырысты.

– Қонақ үйді қайтесің? Үйге жүр. Үш бөлмелі үй бос. Орталықта. Мен ажырасып кеткелі де жылдан асты. Әйел мен бала бөлек тұрады. Жата-жастанып әңгімені соғамыз әлі... Сен елден кеткелі небір жайлар болды ғой.

– Оны байқадым, Алматы да өзгеріп кетіпті.

– Е-е, Алматыны қойшы, адамдарды айтсаңшы! Қорқауға айналды... Ақша-ақша... ақша... Қайда бара жатырмыз? Түбі қайырлы болсын! Дағдарыс ақшалай емес, адами дағдарыс па деп қорқам. Қорқау емес пенде қалмай барады ғой.

– Ауғандықтар ақыр заманның бір белгісі дейді ондайды.

– Дәл өзі, Бура! Ақыр заман басталып кетті ме деймін. Ақыр заманды ақшамен өлшеу керек шығар... Қойшы, сол сайқал қағазды! Өзің туралы айтшы! Обед уақыты да таусылып барады. Осы уаққа дейін Ауғанда жүрдің бе?

– Иә, – дей салды Байбура.

– Мүмкін емес! – деп Болат та кесіп тастады. – Өзің білесің ғой бірақ. Ешкім де сенбейді? Тәліпке де, дін жолындағы мүридке де ұқсамайсың... Сен, десантник едің ғой.

– Болат, ескі жараны тырнап қайтесің? Әйтеуір, оралдық қой.

– Жарайды, ренжіме! Бура, екеуміз қанды көйлек дос едік қой. Ештеңе сұрамай-ақ қояйын десем де, пендеуи әуестігім қозып... Құдай бұйыртса, қырыққа да келіппіз. Осы аз ғана ғұмырда біздің құрдастар не көрмеді десеңші! Декабрь көтерілісі... декабристер... Ауған соғысы, Совет Одағының құлауы, Тәуелсіз Қазақстан, жабайы сауда, одан ойдан-қырдан құйылған мол ақша... Елдің есі ауысқанша үй салуы, анау Алатаудың басына дейін баса-көктеген бейшаралар... Эйфория.

– Ал, өзің ше? – деп қалды Байбура.

– Мен де солардың бірімін... «Декабрист» болам да, сен секілді Ауған асқан жоқпын. Мәскеу түбіндегі әйгілі Кантемиров танк дивизиясында служить еттім. Алматыға оралысымен бір үлкен шенеуніктің үкілеп отырған қызына үйлендім. Соның арқасында осы тіс кабинетін аштым... Бірақ бақытты бола алмадым. «Шортан көлге, шаян шөлге» дегендей, өз жөнімізді таптық. Бар-жоғы осы, Бура! Қиқулап жүріп қырыққа да келіппіз. Бітірген түгіміз жоқ... Бос өткен өмір.

– Жоқ, бауырым! – деді Байбура. – Сен бос өткізбепсің. Нағыз бос өткен өмір менікі... Әй, қойшы! Енді өкінгенмен қайта оны сүре алмайсың. Кетейік!

Екеуі де Болаттың «Дантист» тіс кабинетіне шейін жаяулап, үн-түнсіз жайбарақат келді. Болат кешкі жеті шамасында қонақ үйдің алдынан күтіп алатын боп келісті.

Күн қапырық. Түс ауа тіпті тыныс алдырмай тастады. Байбура салқын ауа тұнған бөлмесіне келіп, ұзынынан құлаған қайыңдай сұлап түсті. Бір сәт көзін жұмды.

–  Кеш, әке! – деді өзіне-өзі күбірлеп.

 

ІІ

Көзі ілініп кетісімен, жаны да жай тапты. Туған жерден жырақта, жат жұрттың жұлын-тұтасында жиырма жылдан астам жүргенде осылайша бір балбырап ұйқыға кетпепті. Үнемі мұздай қару жастанып, құс ұйқылы күн кешіп, бір күн бел шешіп отырмапты. Он сегізінде жез оқты, болат оқпанды жанына балаған балаң бозбала қырма сақал қырығына шейін қол үзбепті. Орыс пен американ, ағылшын мен неміс қаруы да үздіртпеді... Бес қаруды бес саусағындай меңгерген жан иесі жанын жалдап, тәнін тұлдап күн кешкен.

Қу басын қорғасын оққа байлап жүрсе де, жат жұртта қалдырмасқа ант ішкен. Сол жолда небір сұмдық-сойқанға барды. Жауының қызыл қанын ішті, жансерік жанның қамау терін сыпырды. Жат жұрттық боп өткен өмірі өзегін өртеп, туған елге деген сағынышы шемен-шерге айналып, бір күн, бір мүйнет те күдерін үздірген жоқ. Ішінен тынған сайын қас бөрідей қасарып, жат жұрттың жұлынын кеулеген қарабас құрттай қайқайып, ұлы мұхиттың мұнарлы тереңіне түнеген ақбауыр акуладай билеп бақты. Араны ашылған қандыбалақ сарбазға айналды.

Қандыбалақ қыран тектес болмаса, барыс баспалар қияда басын шұбар шері мүжір еді. Бөрі болмыстығының арқасында талай шері мен періге шеп салды. Өзін алдыртпай, өзгенің өзекті қолқа-жүрегін суырды. Қаны мұздап, жүрегі суынды. Жауының ішінде ойран салды. Бөрілігін көрсетіп бақты. Түнде жұлдыздай ақты, күндіз сағымдай сусыды.

Ал бүгін сәбидей балбырап жатыр. Ұйқыдағы уыз болмысы күнәдан пәк, қаннен қаперсіз. Қауіп-қатерсіз жерге жеткенін терең түйсікпен сезінген қатыгез жаны қамсыз. Ұлы бір тыныстауға көшкен сыңайлы. Қиялаған күн де ауып барады. Салқын бөлме тәнін талмаусыратты.

Тыныштық толқымалы жанына бір мезгіл байсал берсе де, Байбура бесін ауа оянып кетті. Аппақ шынылы астауға су толтырып, асықпай жуынды. Абыр-сабырлы жолаушылар ағылып жатқа лифтімен сынаптай сырғып төменге түскенде, есік алдында күтіп тұрған Болатты көрді. Ол әдетінше шылымын сыздықтата сорады.

«Кеттік!» десті...

Орталықтағы жасанып тұрған үш бөлмелі салқын пәтерде іңір қараңғылығы түскенше нәр сызбай, теледидар көрісті. Әлем-жәлем жалау тербеліп, «Қаражорға» биі буын-буында бұралып, үзілте ән салынып жатқан Астана қаласының бейне көріністері жергілікті арналарды жаулап алыпты... Әлемді алып кеткен қаржы дағдарысы мен Ирак, Сирия, Түркия, Ауғанстан, Пәкістан, Кавказдағы террорлық жарылыстар туралы жаңалықтардан жалығып та кетті. Анау деп, мынау деп отырғанда Болат салқын суға шомылып та үлгерді.

Алматы түні алаулап тұр екен. Күндізгі қапырық тандыр табындай қайта қоймапты. Жейдешең шыққан екеу елеусіздеу келіп, жеңіл көлікке жайғасты. Алдын ала келісіп қойғандай, Байбура да қайда барамыз демеді. Болат та түнгі көлік күлігі саябырсымайтын ұзын көшелердің біріне түсіп, жоғары қарай өрледі.

Самаладай жарқырап, жарқ-жұрқ еткен қала түні көңілге желік кіргізеді. Көбелекше ұшыртып, ұршықша үйіріп айдаған жас қыз бен жігіттер музыка дауысын барынша бақыртып қойып, жарыса шапқан киіктей жүйткиді. Қала толы үлкенді-кішілі шетелдік көлік, қандай түрлі, қай маркілі екені айырып алғысыз. Болат та жапондық күлігімен жол ортасындағы ақ жолақты таспа бойымен тіліп келеді.

Жазғы Алматының маусымы мамырлап, қазандай қайнаған түнгі тынысы басталған. Бұлар көтерілген Алатаудың Найзақара шыңынан аузын ашатын кең шаттың ішіне орын тепкен котедждердің де түнгі көрінісі ерекше көз тартады. Сай ішін, тау қабырғасын тербеген Үлкен Алматы өзенінің гүрілі жайлап естіледі.

Болатпен жатаған шырша, арша қоршай егілген қос қабат үйге енгенде, Байбура хан сарайына кіріп кеткендей күйге түсті. Өзін ыңғайсыз сезініп, «Қап! Текке келдім-ау!.. Қайда баратынымызды сұрауым керек еді?» деген ой билеп өтті.

Болат болса, алтын айдарлы сырма қақпадан жадырай күліп алған сұлу бикешті белінен орай бүріп, үй ішін еркін аралай жөнелді. Ат шаптырым холда состиып тұрып қалған Байбураны көп бөлменің бірінен шыға келген тағы бір бәденді жас әйел қолтығынан демей берді.

– Қош келдіңіз!

Аппақ қардай саны жарқ-жұрқ еткен қысқа халатты сұлу әйелден сасып қалған Байбура қапелімде ештеме дей алмады. Еріксіз ерді.

– Шешініңіз! Жайғасып отыра беріңіз, – деп, жас әйел өте бір сыпайы үнмен тіл қатып, кең бөлмеден шығып кетті.

Жатын бөлме екен. Қашағасының жалпақ басына тұтастыра айна орнатқан қостөсек пен айналы қызыл шифонер, бұрышты ала әйел затына арналған айналы комод пен екі кішкентай арқасыз орындық, күлгін түс ұялатқан қабырғадағы қос бра шам, төбеде сөнулі үш көзді люстра, терезе тұс қаракөк пердемен тұтылып, жоғары жағы сарғыш пүлішпен көмкеріліпті.

Бұл әйкелдей ербиіп тұрғанын сезіп, комод жанындағы кішкентай, аласа орындыққа отыра беріп еді, сықырлап қоя берді. Сынып кетер деп атып тұрды. Амалсыз төсек шетіне тізе бүкті. Күрең жаймалы төсек пен қалың серіппелі матрацы мықты екен, сықырлаған да, күтірлеген де жоқ. Мұны былқ етпестен көтерді.

«Осы мен не істеп отырмын? Неге келдім?» деген жауапсыз ойға орала бергенінде, есік ашылып, күрең халатты жас әйел көрінді. Қолында шаршы табақ. Төртбұрыш табақ толы ас, жеміс-жидек, құмыра толы шырын мен  демделген шәйнек.

– Түу, не ғып отырсыз? Әй, еркектер-ай, еркектер! Әйелдерсіз қалай өмір сүресіңдер, сендер? – деп сылқылдай күліп, комод үстіне шаршы табақты қойды.

Бұған әдемі бота көзін төңкере қарап, таңырқап қалды.

– Сізге не болды? Қысылмаңыз! – деді дауысын құбылтып. – Болат досымыз айтқан, бағана телефонмен... «жабайылау» деп... Бура, сіз еш саспаңыз! Маған сіз секілді әйел затын аз көрген азаматтар ұнайды. Олар таза болады: рухани да, тәни де... Әлде мен сізге ұнамай қалдым ба?

Өп-өтірік аузын бұртитты.

Байбура:

– Жо-жоқ! – деп, үні үзіле шықты. – Әдемісіз...

– Рас па?! – деп қалды әйелдік мақтан мен елігуге түсіп.

– Әдемісіз! – Байбура бұл жолы батыл айтты.

– Онда мені құшақтаңыз!

Байбура тағы састы.

– Сізді «батыр» деп еді. Батырлығыңыз қайда? – деп келіп, жас әйел: – Батыл болыңыз! – деп мойнына өзі асылды.

Жас әйелдің ыстық демі жүзі мен мойнын шарпып, сүйір саусақтары түймелерін тінте берді. Түкті біткен жалаңаш кеудесін жалап-жұқтап келіп, шалбарының түймесін ағытып, белбеуін босатып жіберді. Жұқа жаздық шалбар аяғының басына оралғанда, Байбура әйелді қапсыра көтеріп алып, төсек үстіне екеуі қабат құлады.

Олар ұзақ уақыт аймаласып, ұзақ уақыт құмар тарқатысты. Ұзақ уақыт әйел тәнін сағынып қалған Байбура сезіміне ие бола алмай, нәпсіге сыр беріп алды. Жас әйелге Болат ынтықтырып айтқандай, Байбура «жабайылық» та танытып қалды... Әйелге бірақ ол қылық ессіз ұнады.

Сол қолы әйелдің мақтадай жұмсақ мықынын сипап отырып, төсек үстінде ас ішуге көшті. Талықсып та, бұлықсып та жатқан жан:

– Күшті... қуатты екенсіз! – деп қалды.

Байбура бірақ үндемеді.

– Бура, сіз жиі келіп тұрыңызшы! – деп өтіне сұрап еді, әйел дауысы бұған жалынғандай боп естілді. – Болат айтқан: сізде әйел жоқ деп...

Жас әйел тағы жауап күтті. Бұл әлдеқалай қылмыс жасап, енді әшкереленіп қалатындай үнсіз жатты.

Асты қарбытып-қарбытып асағаннан ба, әлде жас әйелдің мазасыз сауалынан ба тығылып қалды. Орнынан тұрып кетті. Киінді. Барып жуынып-шайынып алды.

Жас әйел орнынан тұрғысы келмеді. Өң-түсі қуарыңқы. Бұған ашық-шашық жатқан күйі көзін алмады.

– Сау болыңыз! – деді Бура.

– Сау болыңыз! – деді әйел де. – Қызық, жо-о, жұмбақ адам екенсіз! Нағыз «еринтим»* – еркек... Жаль! Жигало боп жүргендер садаға кетсін! Сіз нағыздың өзісіз. Тіпті, менің атымды да сұрамадыңыз.

– Оның керегі қанша? – Байбура дауысы жарқышақтана шықты.

– Ақшаны Болатқа береміз, – деп әйел ренжіп қалғанын білдіріп алды.

Байбура бұрылып кетті...

Тысқа шыққанда Алатаудың барқыт түні басып тұр екен. Өзен шуылы анық естілді. Найзақара шыңы жақтан салқын самал еседі.

Байбура шірене тыныс алды. Көк жүзіне көзі түсіп кетті. Қала жақ бетте – терістік аспан төрінде Жетіқарақшы ерекше сәуле шашып, шөміш басы көзге айқын шалынды. Ай Алатау түстігіне тығылып қалыпты.

Әлгі сұлу әйелдің соңғы сөзінен түк те түсінбегенін ойлады. Ақшасы несі, «еринтим» десі не екенін білмей дал болды... «Жигало» дегені кім? Болатты күтті. Ол да шұбалған ішектей шықпай-ақ қойды. Тәні тоңазыды.

Болатпен серіктес әйел де бірге шықты. Екеуі сүйіп қоштасты. Бұлар көліктерімен шығып кеткенде, электр моторы күшімен айқұлақ алтынды қақпа да сырғи жабылды.

Былай шыға бере:

– Бура, неге асықтың? Қонатын шығармыз деп ойлап ем... Әлде ұнамай қалды ма? Ол әйел супер еді ғой, – деді Болат.

–       Жоқ, Болат. Бәрі де жақсы... – деп бұл жуып-шайғандай болды.

–       Әйел жоқ. Жезөкшелерге баратын емес – қауіпті... Ал бұлар – бай әйелдер. Өз жағдайларын өздері жасаған. Тәуелсіз... Күйеулері де жоқ. Тіпті олар бар болса да, бізге бәрібір емес пе?! Күйлеп жүрген олар. Жалынышты емеспіз. Олар – жалынышты.

–       Сонда қалай? Жалынышты... «еринтим» дей ме?

Болат бір сәт бұған бұрыла қарады.

– Сен шынымен Ауғанстаннан келген жоқпысың? Бәрі таң саған. Әлде, әдейі істеп келемісің? Мен саған сенбеймін! Түк көрмедім, түк білмеймін дегеніңе түкіргенім бар. Қазір шекара да, шетел де жоқ. Бәрі мидай араласып кеткен. Жұрт дүниені шарлап, жауған бұршақтай шашылып жүр.

Байбураны ашу қыса бастаса да өз-өзін ұстады.

–       Сен сенбе, соғыстан келгенім шындық. Мен қазір де өзімді соғыста жүргендей сезініп отырмын. Өмір дегенің соғыс... Қайтем?!

–       Бура, сен мені қорқытайын дедің... Соғысың не өзіңнің?! Сенің кешегі дұшмандарың бүгін Алматыда сауда жасап жүр. Бірі көкбазарда алхор сатса, бірі барахолкада тері тон саудалайды. Ал қайсы бір пысығы ескі көліктерді шекара асырса, үкіметпен жең ұшынан жалғасқан офицерлері бидай мен бензинді Иран арқылы Атырау мен Ақтаудан аттандырып жатыр...

Бұл жайды Шешенстанда соғыста жүріп естіген, бірақ аса сене де қоймап еді Байбура. Ал Бакуде әзірбайжандар көзін жеткізсе де, Алматыда Болат қолмен қойғандай етіп айтады деп мүлде күтпеген.

Бір сәт екеуі де үнсіз қалды.

–       Жә, Бура! Сен ренжіме! Өмір өзгеріп кетті ғой. Қызыл империя құлап еді, батысымыз шығыс боп шықты. Ақыр заман кезінде күн батыстан шығады деуші еді... Сол ғана қалды. Әйтпесе, әлгі үріп ауызға салғандай жас қатындарға не жетті?! Байға тигісі, бала тапқысы жоқ. Еркек керек болса, ақша төлеп, өздері үйлеріне шақырып алады. О заманда, бұ заман – біз алғаш Алматыға аяқ басқанда мұндай сұмдықты көрмек түгілі, естімеген едік қой. Кешегі 86-ның қырғынында дүние осылай опалаң-топалаң болады десе, кім сенетін? Қолында өлер еді. Енді міне, есіміз ауып қалды. Демократия – демогогия... Қайта үрке қарап, үрейленіп отырған мына сен бақыттысың, бауырым! Сенің қайдан келіп, қайдан тұрғаныңды білмеймін, бірақ ішім сезеді, сен менен әлдеқайда тазасың... Жаның лас емес.

–       Білмеймін, Болат! Менің табаным туған елімнің топырағына тигені таңертеңнен бері ғана... Маған көп нәрсе түсініксіз әлі. Соғыста бәрі де айқын болатын: жауың – жау, бауырласың – бауырлас. Ол да адам, сен де адам. Айыратын оқ. Ажал еді... Ал мұнда мұнар басқан.

–       Бура, бауырым, еш уайымдама! Әлі-ақ бәрін бес саусақтай білетін боласың. Сыртта сырттандай сырттап жүріп, тосаңсып қалғансың ғой, – деп, Болат өзінің артық кеткенін сезіп, сөз соңын қалжыңға сүйеді. – Ертең-ақ «еринтим-афганец» деп атың Алматыда ду ете қалады. Біз сенің қолыңа су да құя алмай қаламыз. Ал әлгіндегі фармацевт-магнат әйелдер аяғыңда жыландай үйіріліп жатады. Сол кезде мендей пендеңді ұмытып кетпе! Бұл Алматы ғой: «Алматы сайқал қала қан сасыған, Алматы жатыр бүгін шалқасынан...» Ха-ха!.. 

Болат өтірік болса да қырылдай күлді.

Түнделетіп жүйткіген көлік қаланың орталығына да кеп қалған. Алматының тынымсыз түнгі тіршілігі қыза түскен.

 

ІІІ

– Ертең ауылға билет алайын.

Орталық кең бөлменің жібек кілем төгілген паркет едені үстіне төсек салып жатқан Болат та бірден қостады.

–       Алайық. Мен де ауыл жаққа бармағалы екі жыл болды. Бірақ біздің үй Қаратоғай емес, қазір Күршімге көшіп алған... Жұмыстан да шаршап жүрмін. Бір сарынды. Жұрттың сасық аузын күзетіп... – деп Болат налып та алды. – Қайта «еринтим» болғалы көңілге қызық кірді. Денсаулық барда ойнап-күлу керек қой. Оларда да, менде де обязательство жоқ.

–       Жауапкершіліктен жұрдаймыз де... – деп қалғанын Байбура өзі де білмей қалды.

–       Қайдағы жауапкершілік? Қазір кімде жауапкершілік бар? Әркім өз ойлағанын істеп жатқан жоқ па?! Жоғарыдағылардан бастап... «Балық басынан шіриді» дейді орыстар. Жауапкершілік болса, сен өстіп жүремісің? Не өлінің, не тірінің санатында жоқсың... Сөйтіп отырып, біздің мемлекет қызық, тірілердің санағын шығарамыз деп әуіре. Алдымен өлілерді түгендеп ал. Тірілер қашпайды. Он алты миллион болса да, он жеті миллион болса да... Тірілер тіршілігін істейді, – деп Болат таусыла сөйледі. – Қой! Дем алайық! Түн ортасы ауып кетіпті.

–       Таңға үш-ақ сағат қалды, – деді Байбура да шешініп жатып.

–       Давай! Жайлы жат, уайымсыз ұйықта.

Үй іші қоңыр салқын, тастай қараңғы болса да, Байбураның көзі ілінбей қойды. Жұқа құрақ көрпе төселген қатты төсектің үстінде дөңбекшіді-ай келіп... Қос қабат пласттерезе мен қою қоңыр түсті қалың перде тұтқан кең бөлме құлаққа ұрған танадай тыныштыққа ұйыған. Байбурадан бірақ ұйқы қашты.

Жат жер, жат елде жүргеніндегідей құс ұйқысы да келмеді. Ұйық қараңғылық пен тұйық тыныштық құшағында өткен-кеткен өмір елесі орала берді. Болат сыныптасы болса, баяғыда-ақ бал ұйқының баурауына енген шығар. Енетін де жөні бар-ау, есебі түгел, уайымы аз, қайғысы жоқ.

Ал бұған не сорым!? Жөргегі құрғамай жатып анасын жұтқан. Сөйтіп, тумай жатып туғанына жат болған... Келе-келе өзінің де қу жаны жатсынған «туажат» пенде ғой. Сәби кезінде сезімін суынтып, санасына жасырын таңбаланған сол жұмбақ атау өсе келе тағдырын да белгілеп беріпті. Өмірінің қу соқпағы жат жұрт жеріне жетелеп, қу сүйекті күреге түсіріпті. Тайғақ тағдыры жатты жақын тұттырыпты.

Ал бүгін де өз елім, өз жерім деп өзеуреп оралғанында, жаны жатсынып, тәні тіксініп қалмады ма тағы да... Өзгерген адам, қилы қоғам қарсы алмады ма мұны?! Бұл да мынау маң дүниені қабылдай алмай әуіре... Қандай қайраны бар? Мынау қара түнек бөлмедей мұнар мен мұң басқан көңілі жадау тарта береді де... Анау сайқал сұлулардай сиқырлы дүние көңілін ауласа да, күдігін сейілтпейді ғой. Сейілмейді... Сергітпейді... Тіксінген тәнге, жатсынған жанға не дауа?! Бейопа дүние де.

Еркегі нәпсіқұмар, әйелі ашнақұмар қоғам келіпті. Қан кешіп, қару жастанып күні өткен бұған бұл дүние жат екен. Одан жаты жақын болып шыққандай жанына... Мазасыз жанына... мұңлы жанына... Не дауа? Бейдауа дүние де.

Сол бір сексен алтының* сергелдеңі бұл үшін күллі ғұмырын сынаққа салған сұрапылға ұласыпты. Қырықтан асқанша қан қасапқа салыпты. Жат арасында ат-атаусыз, із-түзсіз жоқ боп, жер құшып қалмау үшін бұл барын салмады ма?! Туған топыраққа жетсем деген жетім тілек нәпсісін тыйды. Санасын самаладай жарық қылды. Бөрідей сыр бермей, жарасын жалап жазып, Ауғанның аптабында, Қап тауының қойнауында жалынусыз жортты.

Талай мәрте сын сағаты соққан сәтте көктен түскен Ғайсадай сап ете қалатын бөрі болмысты боз сәуле – Бөрі-Ана ажал аузынан қағып қалды. Бөрі киесі – мұның иесі екен... Төребейіт төрінде жолығысып, тілсіз түсініскеннен бері Бөрі-Анадай Бозиесі иенде қалдырған жері жоқ. Жол таппай тұрған сәтінде көкмұнар арасынан боз сәуле болып бұлаңдап, алдына түсіп алшаңдай басатын. Бұл артынан көзсіз еруші еді... Өзіне ергендерді де ертуші еді.

Құз-қиялы тас соқпақ пен жапан даланың сұйық сүрлеуі – Байбура тағдырының жұмбақ жолы болып шықты. Сол жолды Бөрі-Анасымен бірге бөрідей боп басып өтті... Оқ пен оттың арасында суғарылды. Оқ пен оттан жаралғандай отамалы күйге енді. Отамалы сарбазға айналды.

Отамалы сарбаз отқа да, оққа да өзі айналды. Соғыс деген сайқалдың бар сұмдығын сезінген сайын, таным сүзгісімен түйсінген сайын өзі де бір жанкешті сұмдық болды. Ең қымбат – өмір... болса, сол өмірінің өзі соғыссыз күні батпайтын, таңы атпайтын мұғжиза хал кешті.

Қараңғы бөлмеде таңға торығып жатқан жан иесі осы бір сәт өзіне керемет ақиқат ашты. Ашты да жаны шошынды. «Соғыс та сайқал қатын» деген ой өзгеше өң берді. Анау сайқал сұлулар да санаға сәуле түсіріп өткендей ой көгіне оралып өтті. «Соғыс атаулы – сайқалдық, – деді тістеніп. – Соғыста жүрген сарбаз да ындыны кепкен сайқалдың қан құрышын қандырушы... Қан шеңгелдеп, қанқасап жасап жүріп, сайқалға интимдік қызмет етуші – қанішер интим... Еринтимдерден айырмашылығы жоқ».

Байбура орнынан тұрып кетті.

Қараңғыда қармалап жүріп залдың есігін ашты. Жып-жылтыр лакталған қоңыр-қызғылт емен есік ашылысымен, ас үй жақтан таңғы жарық түсті. Шүмектен мидан өтер Алатау суын ағызды. Шөлдеп қалыпты. Шып толы керсен кесе суды сіміре жұтты.

«Уһ!..» – демін терең алды.

 

IV

Дүк-дүк... дүк-дүк... дүк-дүк...

Ресейлік «Бішкек–Новосібір» поезы жын ұрғандай ұшыртып келеді. Екі кісілік купеде жатқан екеу де ұйқыда. Бірінші Алматы вокзалынан отыра салысымен салқындатқышынан салқын ұрған купеде Байбура бір сәт мызғып алғысы келген. Өткен түнгі ұйқы тағы бар.

Жетісу жерінің сары жонына шыға Болат оянып кетті. Шөлдеп жатыр екен. Жолға алған су жылымшылай бастапты. Еріксіз орнынан тұрды. Купеден шықты.

Сатыр етіп жабылған есік даусынан сергек ұйықтайтын Байбура да басын жұлып алды. Жүрегі поез дөңгелегі үнімен жарыса оянды. Дүк-дүк!.. дүк-дүк!..

Пердені түріп, тысқа көз жіберді. Жып-жылмағай жазық пен алыстан дөңкиген дөңестер шалынды. Жаздың басы болса да, көкпеңбек боп жататын түстік өңір жұтаң тартыпты.

Болат шыны мен шәйнек көтеріп келді. Екеуі де ыстық шайға бас қойды. Тер бұрқ ете қалды.

–       Ой, жан-ай! Сен оралғалы бір жасап қалдым ғой, – деп Болат орамалмен желпінді.

Байбура неге дегендей аңтарыла қарады.

–       Дүниеде жалғыздық қиын екен, – деп Болат пәлсапасын соқты. – Қалада адамдар арасында жүрсең де, жалғызсырайды екенсің... Әйелден құтылғанша асық болып ем, кейін ұлым екеуін сағынатынды шығардым. Әр адамның орны бөлек екен.

–       Қадірі де бөлек, – деп қалды Байбура.

–       Иә, қадірі де бөлек екен! Қадіріне жетпедім бе деп қорқам, кейде... – Болат тосылды.

–       Қамықпа, Болат! Әлі де кеш емес, жарың мен балаңа оралу қиын емес қой...

–       Оралар ем, оған намыс жібермейді! Әйелім де не істеп, не қойып жүргенін қайдам? Біраз уақыт өтті ғой... Әйеуір, ұлыма екі-үш айда бір барам.

–       Е-е, ер жігіттің басында кездесетін құбылыс қой, – деп жұбатқан болды Байбура.

–       «Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді?» демеуші ме еді ауылда... Соның бірі де, – деп Болат келіскен сыңай білдірді де, жұлып алғандай оқыс сұрақ қойды. – Сен неге оны іздемедің?

Байбура түк түсінбеді, бірақ көңілінде жүретін қауіпті сұрақ ойына оралып өтті. Іші сезіп тұрса да:

–       Кімді? – деді қатқылдау, жақтырмағаны білінді.

–       Кімді болушы еді – Алқабегімді?!

Байбура бір уақ үнсіз қалды. Болат та тесіліп отыр. Купе ішін тыныштық биледі. Тек поез дөңгелегінің дүрсілі естіледі.

...Дүк-дүк... дүк-дүк... дүк-дүк..

Болат дөңгелек пен болат рельстердің дүңкілімен қоса екеуі де өз жүректерінің дүрсілін естіді.

...Дүрс-дүрс... дүрс-дүрс... дүрс-дүрс...

–       Іздедім... Таба алмадым ғой, – деп, Байбура ақталғандай кейіп танытты.

–       Білмеймін, Бура, сол кезден бері менің жүрегімде бір мұз моншағы қалды... Сені алғаш көргенде сұрағым келген, бірақ аядым. Өзімді де жайсыз сезіндім. Әкеңді естірткендей күй кештім емес пе?! Қазбаламадым... Ол Алқабегім екеуіңнің араңдағы жағдай ғой. Өзің білесің де... Дегенмен, ауылдағы жұрт сені «сатып кетті» деп жүр... Алаңға тастап кетіпті, Алқа қолға түсіп қалыпты. Сондықтан сорлады... Содан сотталды...» деп шығарып алған.

Байбура басы салбырап отырды да қалды. Болаттың ары қарай бір сөзін айырса, бір сөзін айыра алған жоқ.

Тек:

–       Қалайша? Олай емес қой! – дей берді. Кенет қыранша оқыс сілкініп, Болатты алқымынан ала түсті. – Сен! Бәрін шығарып жүрген сенсің... Өлтірем!

–       О-ой-бай! Ө-ө-өл-тірдің... – дегенде ғана Байбураның ашу кернеген санасы сауығып сала берді.

Ол тар төсекте иленіп жатқан Болатты бос қапша тастай салды. Өз орнына отырды.

Болат:

–       Жындымысың ей! Қылғынып қалдым ғой. Сен сияқты қан төгіп жүрген адам емеспін... Қолың қышқаш қой, – деп қырылдай сөйледі. – Бір қайырым сөзге келмегенің не? Мен сенің адал екеніңді білем ғой... Ел ғой өсектеп жүрген.

Дауысынан діріл мен түлкі бұлаң сезім білінді.

Байбура өз-өзін сабырға шақырып отырды. Іштей өзін жазғырған ой да толқындай соғып өтті. Әкесінің қайтыс болып кеткеніне кешеден бері кінәлі сезініп, сыр бермеуге тырысып, тіпті ойламауға бел буып, қамыға қыстығып жүрсе де, Алқабегім туралы әңгіменің тап өзіне кеп тірелетінін білмеген.

–       Кешір, Бура! – деді Болат. – Ел не демейді? «Өзі жоқтың – көзі жоқ» деп шығарып алғандары ғой. Ал сен аман-есен оралады деп ойлаған да емес, мүрдең жатыр жотада...

–       Алқа не дейді? – Байбураның булыққан тілі икемге зорға келді, қанша қан кешіп жүрсе де, бұлай қорланбаған еді.

–       Ештеңе демепті... сотта да...

–       Қазір ше?

–       Қазір үйінде. Ол көтеріліп кеткен. Ауру, – деді Болат жайбарақат. – Түрмеден бір бала туып келді... Ұл бала. Ол бірақ сау.

Байбура булығып, буынып отырса да:

–       Болат, – деді жағын қышырлата. – Сенікі де жөн. Менің ақталуға хақым жоқ. Қаншама жылдар өтіп кетті... Жат жерде жүріп жанталастым. Арыма дақ түсірмеуге тырыстым. Амал қанша!? Алқабегімді қорғай алмадым. Бас сауғалап кетіппін...

–       Бура, сенің жазығың жоқ! – деп, Болат та өткенге оралғанына өкінгендей күй танытты. – Мен куәгермін ғой. Алаңда айырылып қалдық қой... Жұрт боранда ыққан қой секілді боп кетті емес пе?! Бірін-бірін таптап... Бұршақша жауған соққы бір жақтан, жаңбырша жауған су бір жақтан. Қырып салды ғой. Қыздар да қалқан боламыз деп қасарысып алды емес пе?! Ақыры, алдымен соларға сойыл тиді. Құтқармақ болған біздер қан қақсадық. Өкінгеннен пайда жоқ, енді! Тағдырдың жазуы шығар.

–       Бәрімізге жастық кінәлі! – деп қалды Байбура да: – Тәжірибенің жоқтығы... Қазір болса ғой, көрсетер ем қалай қарсыласуды...

–       Қой! Қой енді, Бура!

–       Бүгін заң басқа, заман басқа... Құдайға шүкір! Төгілген қан, алған соққы атаусыз кетпеді ғой.

–       Жоға деймін, Алқаны жатақханасына үш қайтара іздеп бардым. Соңғы жолы барғанымда кгбшниктерден қашып, үшінші қабаттағы балконнан секіріп, әрең құтылдым. Қыздары білмейміз деп бедірейіп алды. Біз алаңға шыққан жоқпыз. Алқаны білмейміз, ауылына кеткен шығар деп, бастарын алып қашты емес пе?! Ал мені деканымыз құтқарып жіберді. Керемет кісі еді. Қазір қайда екен? Өзің білесің. «Ауылыңа тап қазір қайт. Алаңда ол болған жоқ. Ауылына кеткен деймін. Тек Алматыда немесе жолда қолға түсіп қалма!» деді. Өздерің бар, қала сыртына шығып, Өскеменге кетіп бара жатқан жүк машинасына отырғызып жібердіңдер. Сол бір орыс шопыр жігітпен «дальнебойщик» боп кете бардым. Ол да бір азамат екен, постарда «ұйықтап жатыр» деп, жасырып-ақ бақты. Жаңғызтөбеге дейін жеткізіп тастады. Ары қарай ел іші ғой, зулап ауылдан бір-ақ шықтым. Алқа бірақ ауылда болмай шықты... Бармағымды тістедім! Деканды да сыбап салдым... Одан не пайда бірақ?! Бар долылықты даланың бөрісінен алдым... Тәуір-ақ ауладым. Сөйтіп жүріп, Бөрі-Анаға жолықтым... Жә!

Байбура сөзін кілт үзді. Өзінің қызынып кеткенін кеш ұқты. Құлақ қойып отырған Болат елең ете қалды.

–       Иә, сөйтіп жүріп не болды?

–       Әскерге шақырды... Алғашқы болып аттанып кеттім. Ар жағы белгілі: Өзбекстан–Шыршық–Ауғанстан–Кабул... Кавказ...

Байбураның әлденені бүгіп қалғанын Болат сезді.

–       Бөріні баяғы екеуміз аулағандай тірі соймадың ба?

–       Сойдым... Сонымыз қателік болыпты!

–       Несі қателік? – деп, Болат әңгіме арқауын тарқатқысы келді.

–       Қателік! Күнә! – деді Байбура тура қарап.

–       Ой, қойшы! Даланың аңы емес пе?! Өзі қаншық қасқыр еді ғой... Сенің қақпаныңнан құтыла алмады ғой. Ауыл әлі күнге аңыз қылып айтады екеумізді, бөрінің терісін тірідей сыпырған деп... Тоғызыншы класты ғана бітірсек те, батыл едік қой... Қазір қорқақпын.

–       Болды, Болат! «Бөріні тірідей сою» деген жауыздықты да қаршадай болып шығарған сенсің, Болат. Оның ақыры мені Ана-Бөріге жолықтырды... Есіме түсірмеші! Жапшы аузыңды!

–       Неге? Тағы не боп қалды?

–       Түк болған жоқ... бірақ Бөрі-Ана туралы қайтып айтпашы! Ол – киелі аң... Бозие... Менің жаным ауырады!

–       Жарайды! Жаның ауырса – қойдым!

Олар бір сәт үнсіз қалды. Суып қалған шайдан сораптады. Салқындатқышты купе іші жанға жайлы. Қапырықсыз. Болат ыстық шай демдеп алып келейін деп орнынан көтеріле берді.

–       Болат, сен ренжіме! Қасқыр туралы әңгіме қозғамайық.

–       Онда тұрған не бар? Терісін тірідей сыпырған өзің емеспісің... Мен тек көмекшілік рөл ғана атқарғам. Қаншық қасқырдың...

–       Айтпа! Болды енді! – деп Байбура шарт етіп, орнынан атып тұрды. – Онымен Төребейітте жолығыстым... Ол менің анамдай болып кеткен... Білемісің сен?! – Қалшылдап кетті.

Жасқанып қалған Болат сылқ етіп отыра кетті.

–       Болды! Болды, Байбура! Қасқыр туралы қозғасам, аузыма қара қан толсын! – деп қарғана берді.

Байбура да бойын кернеген ашуын зорға басып, купе есігін жұлқи сырғыта ашып, шыға жөнелді.

–       Қайдан ғана еріп едім? Қан кешкен кантужный ғой мынау. Көк бөріні анам дейді... Нақұрыс! – деп Болат күңкілдей берді. – Странно!

...Дүк-дүк... дүк-дүк... дүк-дүк...

Терезе көзінде дүние дөңгелене ауып барады.

...Дүрс-дүрс... дүрс-дүрс... дүрс-дүрс...

Көкірек қуысында ет жүрек мазасыз қағады.

–       Странно!

Болат жүрегі атқалақтай бір сөзін тағы қайталады.

 

V

Байбура теріс қарап жатып ұйықтап кетті.

Қоңыр салқын купе күні бойы жаныққан жанына жай таптырды. Бой-бойы балбырап, ой-санасы ұйып жатты. Сабыр сарыққан сана бір мезгіл түс тұманына тұтылды.

Түсі түс емес, Кавказда өзі бастан кешкен өңі еді...

Швед қызы Мария-Агата Сванның Каспий теңізінің суындай көкпеңбек, қою қоңыр кірпіктерімен жан-жағы көлеңкеленіп, ерекше бір жылылық пен тартымдылық ұялатқан сәулелі жанары Байбураның жүрегін дір еткізді. Қарасұр өңі қуқыл тартты. Қоңырқай түсті мол шашы да иығын жауып, тоқ балтыр, бүйрек бөксе, құмырсқа бел қыздың сұлу мүсіні қысыр жыландай арбады. Ақсары өңі ат жақты, пісте мұрынды, етжеңді ерінді келбет те келісті-ақ. Дауысы да ашық. Қимыл-қозғалысы да жас адамға тән жеңіл. Киім-киісі де жинақы, әскери.

Арпалыс өмір мен тайталас қоғам есін алған Байбура үшін бұл қыз періштедей боп көрінді. Аузын ашып, тілі байланып, көзі арбалып қалғаны да содан. Қаруға сүйеніп қалғып, тек жаугершілік жорықта жүрген бұған бірақ сөгіс жоқ қой. Ұрғашы атаулыны ұмытқан, ұрыс-соғысты ғана ойлаған жансебілге не жорық?! Шыбын жанды да тәрк еткен.

Алтайдың Марқакөліндей тұнық жанар жүрегін бір көргеннен қарып түсіп, жаулап алды. Ашық көк көздің аясы әрі мұңлы, әрі сәулелі екен. Жиектеген қою қоңыр кірпікпен астасқан жұмбақ көлеңке өз иіріміне тартып ала жөнелген. Бір мезет аңырып та қалған. Жаны да, тәні де жат қыз да Байбура өңінің құбылысын қалт жібермей, байқап үлгерді. Екеуі де енді еркін көз салысқан.

Мария-Агатаға да бұлшық етті, бірақ сымдай тартылған Байбура ұнап қалды білем, жұмсақ жымиыспен белгі берді. Бұл да өңі бір демде қуқыл тартып, кенет қан жүгіре қызарып, тесіле қалған шегір көздерін аудырып әкетті. Тастай қатып қалған кекті жүрегі де бір сәт бұлқынып, кеуде тұсы шым ете түсті.

Кеудемсоқ таулықтардың арасында дін аман жүрген шетелдік швед қызына Байбура әрі күдіктене, әрі таңырқай қарағаны да рас. Талай қансоқта қырғынды таулықтармен бірге бастан кешкен Байбура басы кепілдікке тігілмеген мына сұлуға таңданбасқа шарасы да жоқ еді... Шешен сардарлары баяғыда-ақ мұндай қымбат олжаны құр қалдырмайтын. Мыңдаған, бәлкім, жүзмыңдаған американ көк қағазына сатып үлгеретін. Мария-Агата – өте қымбат тауар тұғын-ды.

Өзінің жанкешті жорықтарымен Ресейді шулатқан, әлемдік ақпарат сүрлеуінде «террорист» деп дүниені дулатқан Масхадов пен Басаев өздері шейіт кетсе де, өсиет қалдырып кетіпті. Түбі Ресейдей орыс империясы шешендерді таптап тастарын білгендіктен де, өздеріне адал қызмет еткен осы бір швед қызының бір тал шашының түспеуін талап етіп, азаттық күресі ақыр тапқан күні еліне аман-есен аттандыруды тапсырыпты.

«Қызыл крест – Қызыл жарты ай» қоғамымен қиянкескі күндерде Кавказ жеріне дәрігер ретінде көмекке келген Мария-Агата Сван адам баласы қолымен қоздап жатқан сұмдықты көріп тұрып, өз еліне қайтып кете алмапты. Жүрек қалауы жібермепті. Пенде деген жұмбақ жаратылыс қой, жаны не қаласа – тәні тұтқын.

Тағдырға дауа жоқ, Байбураға шешеннің ұлтшыл ұлдары Мария-Агатаны Дағыстан арқылы Әзірбайжанға жеткізіп, Швеция елшілігіне тапсыруды аманат етті. Түр-түсі таулыққа ұқсамайтын Байбураны тегін таңдамаса керек, «астрахан қазағы», «бакулік әзірбайжан» деген екі бірдей паспорты бар, ол аздай, Ауғанстан–Шешенстан соғысы мен сұмдығын бастан өткерген, от пен судың өткелінен өлмеген жырынды, жанкешті ғой. Аты мен заты тұманды адам. Қарусыз-ақ қарулыны қан құстырып кететін ажал-пенде. Күдіксіз пенде – көлеңкелі адам: санда да, санатта да жоқ. Сұраусыз жан.

Бәс еріксіз Байбураға тігілген-ді...

Мезгіл көктем еді. Дүние жасарып, жаңғырып жатқан. Ұлты әзірбайжан Мұхаммедпен бірге аттанған Байбура мен Мария-Агата шешендердің таулы аймағынан Дағыстан шекарасына бесін ауа іліккен. Ресейлік шекара әскері соңдарынан түскен. Асуға алып шығар соқпақ торуылдаулы. Бұлар басқа ұрғандай дағдарып қалды. Қия бетті көлбеген қиян соқпақ қол бұлғап тұрғанмен, аман өту мүмкін емес.Әзірбайжандық Мұхаммед: «Біттік! – деп қалды. – Бізді сатыпты...» Сонда Мария-Агата: «Бур, – деді Байбураға бұрыла қарап: – Маған қолға түсуге болмайды. Федералдар «еуропалықтар террористерге көмектесіп отыр, мына фрау Мария – солардың бірі – террорист-дәрігер» деп, бүкіл әлемге жар салады. Мені анау араб Хаттабпен қатар қояды олар... Тірідей берілгенше, жастығымды ала жатуға дайынмын!» – деп бекінді сөзін жалғады.

Байбура жаны енді шындап қысылды. Артта – шекарашылар, алда – торуылшылар. Жалғыз өзі болса, жансауғалап, жым-жылас жоғалып кетер еді. Жердің жігін айырып, таудың тарғыл тасына сіңіп, бұта-қарағанның көлеңкесімен ұйып, көзге түспей-ақ төрге озар еді. Жалғыз жүріп, жанын жалдаған жолбарыс текті тарлан ғой. Ал қасындағы қосүрей пенделер қанжығадан тартып тұрғаны-ай!..

Күн қақтаған қоңырқай жүзін тер жауып кетті. Жаны алқымын ала қысылды. Өзі үшін емес, өзгелер үшін жанықты.

Байбура үшін сын сағаты соқты...

Осы бір сәт күн көзі тұтылғандай болып, бар маң қаракөлеңкеленіп сала берді. Ізінше дүниені көк тұман жапты.

Түкке түсінбеген Мария-Агата мен Мұхаммед жан-жақтарына алаңдап: «Не боп барады? Мынау не? Орыстың жаңа қаруы ма? Лазер қаруы емес пе?!» деп, шыр-шыр қақты. Байбура ғана көкмұнар дүние ақырын үнсіз күтті.

Бұған таныс боз сәуле көк төрінен көк тұман тұтқан жерге – тап қарсы алдарына саулай құйылды. Лезде әлгі сәуле бозаң бөрі сұлбасына айналды. Құйрығы салбыраған боз бөрі бұларға басын бұра қарады. Шоқтай қызыл көздері жарқ етіп, үрейленіп тұрған Мария-Агата мен Мұхаммедтің мысын басты. Байбура ғана селт еткен жоқ. Ажал аузынан алып қалар Ана-Бөрі оралған еді.

Бозиесі бұлаңдай алға түсті. Көк тұман тұтқан дүниені көк төрінен түскен боз сәуле жарып барады. Соңынан сорлы пенделер еріп барады.

Ана-Бөрінің соңынан Байбура нық қадаммен алға озды...

Қанша мезгіл өтті? Қанша жол жүрді? Ол жағы бұларға жұмбақ еді. Әлден бір уақытта көк тұман мен бөрі сұлба да сейіліп сала берді.

Алаңдаулы үшеу асудан асып үлгеріпті. Күн жарқырап тұр. Көктем күшіне енген. Төңіректе құстар сайрайды. Жәндіктер шырылдайды. Қап тауы көкіректейді. Көкмұнар әлемде уақыт сынаптай сырғып, ет пісірім уақыт өтіп кетіпті...

Қауіп сейілген. Жер кеңіген. Жүріс өнген.

Ана-Бөрі ақжол ашыпты. Дағыстанда кедергіге ұшыраған жоқ. Екі-ақ күннің ішінде Бакуден бір-ақ шықты. Үшеуі ел көзіне елеусіз көрінетін қонақ үйге кеп жайғасты.

Мұхаммед шала шайынып, Швеция елшілігіне кетті.

Байбура шойын астауға ыстық су ағызып, рахатқа бір бөлене жатты. Қару қажаған тәні темірдей, қолдары гүрзідей азамат бойы балбырап, көзін жұмып, шалқалаған күйі қамсыз қалғыған.

Қалғыған кейіп танытып жатса да, әдейі ашық қалдырылған есік тұтқасы ақырын ғана бұралған сәтте астау ернеуіне қойған тапаншасын қағып алып, есік жаққа кезене қалды. Мария-Агата екен.

Ол үнсіз кірді де, өзіне ғана жарасымды жұмсақ жымиыспен иек қақты. Мона Лизаның жымиысындай еді... Жүрегіне шоқ түсірген сол бір көк гауһар жанарымен тұнжырай, тіпті анасындай елжірей қарады.

Ыстық суда балбырап жатқан Байбураның тұла бойы шымырлап кетті. «Оһ, сайтан!..» деген дерексіз ой соғып өтті. Бұл өз-өзіне келем дегенше, Мария-Агата кеудесін адырнадай керген қос анарды бастыра оранған қып-қызыл орамалды үстінен сырғытып кеп жіберді.

Қудың қауырсынындай аппақ дене жарқ етті. Толық та тік тұрған қаз омырау, қу мойын, кіршіксіз һәм тығыршықтай тән нәпсіні түртіп, Байбура сезімін қытықтап ала жөнелді. Қанша сабыр сақтап, байыз берем десе де, ағзаны алған нәпсінің ояну сезімі шыбын жанын тызақ қақтырып бара жатты.

Құстай қалқыған Мария-Агата ыстық су мен бұла сезімге малтығып жатқан Байбуралы тар астауға кеп тоғылды. Шолпыған су, алқынған дем, басқа шапқан қызыл қан, бойды қуалаған ышқын жан – бәрі жүйе-жүйкені қуалай келіп, бірі қырықтың, бірі отыздың ішіндегі екі тәнді балдай ерітіп әкетті.

Екеуі сүт пісірім уақыт тортасын айырған майдай шамырқанды... Толықсыған тән мен бұлықсыған жан да бірауық байыз тапты.

–       Кешір! – деді Мария-Агата сулы шашын сілки кептіріп жатып.

–       Не үшін? – Байбура қалың түкті орамалмен сүртінген қалпы қайырыла бұрылды.

–       Сені ритміңнен бұзғаным үшін!

–       ... – Байбура жауап қатпады.

Мария-Агата сөзін сабақтады.

–       Сен нағыз сарбазсың! Тәніңмен де, жаныңмен де... Сен соғыс үшін туғансың. Тұла бойың тұнған күрес... Жалдамалы Рим сарбаздары да сендей бола алмайды, қанша баптаса да. Саған соғыссыз күн жоқ. Соғысудан басқа мақсат та жоқ. Соғысу... соғыса беру. Өлсең де соғыста өлу... Иә, соғыста өлуің керек. Қаның қан тілеп тұр. Нағыз войн! Нағыз бөрі! Мыңжылдық сарбазсың...

Байбура бұл жолы да үндеген жоқ. Не дейді? Мария-Агата шындықты айтып тұр. Қызыл асықтан қан кешіп келе жатқаны рас. Бала кезінен бөлтірік аулаймын деп қолын қанға малды. Бозбала күнінен бөріге оқ атып, опат қылды. Қызыл қанын ағызып, тірідей сойып тамашалады. Күллі ауыл шошына аңыз қылды...

Ал сүйгені Алқабегім қойнына тығыла тұрып: «Бура! Енді қайтып бөріге жоламашы. Жоламаймын деп ант берші!.. Қасқырдың қарғысы қатты ғой. Оған қайтып қатыгездік танытпашы!» деп жалынған. Сол сәтте бұл арсыз: «Алқа, жаным менің! Бөріге қайтып қол көтермейін, бірақ... сен... сен бүгінгі түн барыңды сыйлашы! Ант етейін, Болат досым ғой бөріні тірідей терісін сыпыртқан... қайтып қасқырға жуымайын!» деп үздігіп еді-ау. «Екеуіміздің болашақ ақжол тағдырымыз үшін... болашақ бақытымыз үшін бөріге қол көтермеші, Бурам! Болат бір арамза... Жоламашы! Ант етші! Мен сендікпін! Асықпашы! Аптықпашы! Әлі үлгересің ғой... Кезі келеді», –деген сүйіктісі.

Маусымның мұңсыз таңын Қарасеңгір тауының басында екеуі айқара құшақпен қарсы алған. Бұл бөріге қол көтермеске ант-су ішкен.

Ал Алтайдың алашабыр төбесі – Сарытау мен Мұзтау, Құзғынды мен Жайдақ биіктеріне қарай ұшпа бұлттар үркіп бара жатты. Бір шоқ үкідей үзік-үзік аунаған, тау шыңдарына шудадай оралуға асыға маңған ала бұлт астындағы екеуі бақытты еді. Бір-біріне зор сүйіспеншілік, қуатты құмарлықпен көз тастасқан.

–       Ұшпа бұлттар-ау, мен де сен сияқты бақытты болам! Сендер шыңға асығасыңдар, мен Бурама асығам. Сендер тауға ораласыңдар, мен Бурама оралам. Мен де бақытты... жо... жоқ... біз де бақытты боламыз! Армысыңдар, арман, бұлттар! Ай-хай-ха-ай!

Алқабегімнің тау жаңғырықтырған айқайына бұл да қосылып еді-ау!? Көк қаулаған маусымның жасаң иісіне мастана тұрып, он жетісінде сүйген қызының ләззатына тояттай алмай тұрып, Қарасеңгір басынан ұшатын ата қырандай қомданып еді.

Тәңірім-ау, бұлар бірақ алысқан қол, анттасқан серт әдіре қалды. Ұшпа бұлттай ұшпа сезім күй кешіп, ұшпа бұлттай ұшпа тағдыр күн кешіп, ұшпа бұлттай маңып кетіпті. Бірін-бірі көре алмай, біріне-бірі жете алмай қалыпты.

Бұл, міне, Алтайдағы Алқабегімінен жырақта...

–       Бур, – деген осы сәт Мария-Агата, – неге үндемей қалдың?

–       Үндегенде не деймін?

–       Бірдеңе айтсаңшы!

–       Айтатын не бар? Өзің айт, мен тыңдайын.

–       Солай ма?! – Мария әрі таңырқай, әрі қулана жымиды. – Айтсам, – мен сенің Алтайыңда болғам. Белуха бауырында... рериховшылармен* бірге. Ресейліктер ертіп барған... Атқа салатын ерге ұқсайды ғой ол тау.

–       Мұзтау, – деп қалды Байбура.

–       Қалай? Қалай?

–       Қазақтар «Мұзтау» дейді. Мұздан қаланған шың дейді.

–       Өте дәл айтқан, – деп Мария-Агата да қостады, жалаңаш тәнін ақ сейсеппен қымтана түсіп. – Құдайдың көзі түскен жер. Сұмдық ұлылық бар ол өңірде... Алтай – жер бетіндегі адам тілмен айтып жеткізе алмайтын сұлулық пен ұлылық мекені... Оһ, эврика!

Мария-Агата шәулідей шаңқ етіп, дауысы ащы шықты.

Байбура да таңданып қалды.

–       Эврика! Мен таптым, Бур! – Мария-Агатаның көгілдір көздері жанып кетті. – Былай істейік. Саған енді Шешенстанға жол жабық. Ресей мен Ауғанстан, Пәкістанға да... Мұнда тағы қала алмайсың. Қалсаң – тыныштық жоқ. Бұл – Кавказ. Бұзық Кавказ... Корридо Кавказ... Орыстармен мәңгі сүзісіп келеді... Ал саған керегі қанша? Сенің жолың «террор» емес. Сен, таза воинсың.

–       Мен террорист емеспін! – деп Байбура да кесіп тастады.

–       Иә, сен терроршы емессің, бірақ сені «террорист» деп шығарады. Қалай ақталмақсың? Күрескермін демекпісің. Оған кім сенеді? Әділеттілік жоқ жерде әділет үшін күрестім десең, сені шығыстың Хожанасреддині дейді... Қан төгілген жерде қылмыс пен қасірет қана бар. Ал сенің қолың қанды... Оны  жуғанмен кетпейді.

Мария-Агата мұның тайғақ тағдырын мойнына қайта қиып салып тұр.

–       Мария, бәрі рас! Мен бірақ оны өзгерте алмаймын. Бұл – тағдыр. Тәңірім осылай шешкен.

–       Жоқ! – деді Мария-Агата. – Тағдырыңа тели берме.. Тәңіріні де араластырма! Тәңірің – әділетті сенің... Әділетсіз – адам. Сенсің әділетсіз.

Байбура былқ етпеуші еді, бірақ мына сөз шымбайына батып кетті. Жағы жыбырлады.

– Иә, мен.... мен кінәлі!

–       Бәріне кінәлі – өзіміз... Сені Алтайдан, мені Стокгольмнен айдап келген тағдыр да, тәңірі де емес – қоғам мен адам... Бәрінен бұрын, «әділет айдап әкелді» деп алдаусыратып, өзімізді-өзіміз алдап, тентіреп жүрген екеуміз.

–       Совет империясы, – деді Байбура, – империя құлаған соң осындай иесіз күйде қалдық.

–       Иә, бүкіл дүние есінен ауысып қалғандай... Әлемдік... жоқ, қоғамдық баланс бұзылды. Ирагың анау, Кавказың мынау... Ираның мен Кореяң ол. Орысың бүлінулі, Балканың бөлінулі... Арабтарың арандаулы... Мұхиттағы аралдардай бөлек-салақ бөлініп қалған өзбек, қырғыз, қазағың бар. Қытай тұр алты басты аждаһадай жұтынып, жұмырына жұқ қонар емес...

Мария-Агата бір сәт тосылды. Байбура да швед қызының мұншама терең танымына таң қалды.

–       Жарайды, Бур, дүниені түгендей алмаспыз. Дүние – кең, адам – тар. Сондықтан ешқайда сыймайды... сыйыспайды. Сен де сыймайсың. Сыйғызбайды... Туған жеріңде де тор құрулы. Туғаныңа да сыймайсың. Жатсың!

–       Туған жерім мені баяғыда ұмытқан. Әкем мен Алқа ғана ұмытпаған шығар... Дауысы тарғылдана шықты.

–       Қарайлайтын ешкімің жоқ екенін сезгем, – деді Мария-Агата да. – Саған арылу керек. Иә, арылу керек... Мына қанды қырғынды, анау суық тапаншаны ұмытуың керек. Бәрін де таста! Менімен жүр.

–       Қайда?

–       Қызық адамсың!.. Мен шақырып отырмын ғой, Швецияға... Сен ерсең, Түркия арқылы алып өтем... Елшілік көмектеседі. Турист десе де паспорт жасайды. Мұхаммед білмесін бірақ... Түріктер шведтермен, немістермен, жалпы еуропалықтармен дос қой... Гитлер мен Сталин соғысы кезінен бері.

Байбура ойланып қалды. Кенет:

–       Жоқ, – деді. – Туған жеріме... еліме оралуым керек, Мария. Алтайға оралсам – арылам... Бәрінен арылам!

Мария-Агата да бір сәт үнсіз қалды. Еркекшора киімдерін тастап, әйел затына тән қара шілтерлі, ақ кофталы, сұрғылт көйлек кигенде бәденді бойы мүсінденіп, сұлу өңі нұрланып қоя берді. Байбура да жейдешең, қара шалбар, қара туфлимен қатып шыға келді.

–       Түсіндім, Бур, – деп Мария үстіне француз әтірін себінді. – Сен еркексің... Еркек атаулы қазір аз. Әсіресе, Еуропада... Гейлер. Солар – билер. Олар билікте де көп... Сен, кешір мені!

Байбура ештеңе айтпады.

–       Бур, менің Швециям сенің Алтайыңа ұқсайды. Суық. Қарлы, – деп  әңгіме арнасын сезімталдықпен бұрып, Мария-Агата Байбураның мойнына асылды. – Отаныңа орал, бірақ сақ бол! Олар сені түсінбейді... Сен Иса-құдай сияқты «тіріліп» келіп тұрсың ғой. Ал олар оны кешірмейді. Сен жат жерде жоқ боп кетуің керек едің... Енді аяқ астынан пайда боласың. Шок! Саған ешкім де сенбейді. Сенен қорқады олар.

–       Мария, сен біздің халықты білмейсің. Олар сенеді. Бәрін де өз аузыммен айтып берем. Қазір Совет Одағы емес қой, бәрі де өзгерген шығар... Бостан ел ғой.

–       Бур, формация, форма өзгергенмен, билік өзгермейді. Олар саған күдікпен қарайды. Қауіп күтеді... Сондықтан да сақ бол! Сен де сау-саламат адам емессің, – деп Мария-Агата Байбураның құлағының астынан иіскей сүйді, сыбырлай сөйледі. – Тауым менің! Шілде айында бір ай бойы Белухаға барам. Сонда кел. Күтем, жаным! Күтем, тауым! Мен дем алам... Рахман бұлақта... Хан Алтайда күтем!

–       Қалайша? Алтайға келесің бе? – деп, Байбура да қалай Мария-Агатаны тік көтеріп алғанын сезбей қалды.

–       Иә! Иә! – деп құлақ түбінен ыстық демімен өртей сыбырлады жас әйел. – Мен сені сүйем, Бур! Сүйем!

–       Мен де... мен де... – дей бергенін Байбура да сезбей қалды.

–       Жаным, Бур, Белуха біздің некемізді қисын... Сен мендіксің, Бур! Рахман бұлағында күтем!

Екеуі де бір-бірін аймаласа өбісті. Жүз шарпыған отты дем мен шоқтай қарыған қызыл тіл тұншықтыра тыбысты.

Осы бір от сезім оралған сәтте Байбура оқыс оянып кетті... Тілі таңдайына жабыса тұтқырланып, ерні кеберсіп қалыпты. Шөлдеп жатыр екен. Ұйқысы шайдай ашылды. Қасында Мария-Агата емес, купенің салқынынан бүйідей бүктісіп, теріс қарап Болат жатыр.

Ресейлік поез ғана дүрс-дүрс соғып, заулап келеді. Қарауытқан дала болат доңғалақ астында гүрс-гүрс жаншылып, сыр берместен солқылдап жатыр.

Тұтқыр тілін шайнай жұтынды. Көмейі кеуіп қалыпты. Үстел үстіндегі суыған шайдан ішті. Сарайы ашылып сала берді.

Мария-Агата Сванмен азғана ұшырасқан өмірі санасында сусып өткенін ойлады. Алтайға – Рахман бұлағына тезірек жетсем деген бұлтың ой дүміп өтті. Терезеден тысқа үңілді.

Ал тыста поездың қос қапталын ала қараңғылық қанатын жауып келе жатты. Ол да поезбен жарысып келеді. Батыс бетте батып бара жатқан күннің шала піскен апорт түсті арайы сейіліп, көкжиектің қос етегі қусырыла түскен.

Поез беттеген алыс шығыс өңірде туған көмескі жұлдызды көк күмбезі де қыран құйрығындай күргейлей басып барады. Батып кеткен күнмен бар дүние қарауытып, қара жердің еңсесін көтертпес күрең зіл ене берген.

Ымырасыз ымырт үйірулі.

 

Екінші тарау

 

І

Шегіртке айғырының тісі шыққан шілде. Тау алқабын, дала алабын аппақ күн шыжғырып тұр.

Таң бозында «Жаңғызтөбе» бекетінен түскен Байбура мен Болат шетелдік жеңіл көлікті жалдап, Күршімнің поромына түске тарта жетіп, бесін болмай аудан орталығына іліксе де, бүгін түн қонып қалуға бекінді. «Калькутта* қашпас» деп күлді Болат: «Алқаның да аңсары үзілмес...» деп түйреп қойды. Байбура бірақ сөз шығындағысы келмей, іштен тынды. Өзінің кімге, қайда, неге асығып келе жатқанын да түсінбей, Болатқа отты жанарын ғана қадады. «Қойдым, ағасы, қойдым!» деп, ол да өп-өтірік монтанси қалды.

Болаттың осы бір жымысқы кейпі құтты бір шиебөрі қылығынан аумай кетті. Байбура қарадай жиіркенді. Сөмкесін иығына асынған бойы теріс айналды. Қонсам деген ойдан тез айныды. Болат та қал деп қыстамады. Ол да Байбураға ту сыртынан тістене көзін тігіп, өз жөнімен кете берді.

Күршімнен Қаратоғайға қарай баратын көлік автобекет басынан оңай кездесті. Таксист жас жігіт екен, тағы да жолаушы алғысы келіп еді, Байбура алдырмады. Төрт адамдық жол пұлын бір-ақ төледі.

Жолда жолаушыдан көлік жүргізуші сыр тартқысы келіп еді:

– Қайтесің, жігітім, жолға қара! – деп тиып тастаған.

Баяғы бір Совет заманында төселген сұп-сұр асфальты шешектей ұшып, ойдым-ойдым ойылған жолда бірде баяулап, бірде заулап сырғыған жеңіл көлік Әудиенің биігіне де көтерілген. Сонда барып Байбура:

– Бауырым, тоқташы, аяқ суытып алайық, – деді.

Тандырдың табындай бет шарпыған шілде күні биікте бәсең тартыпты. Сарытау мен Құзғынды шыңы жағынан керімсал еседі. Байбура кеуде кере дем алды.

Құлағына шілделік шегіртке шырылы келді. Моторы өшкен машина үнінен соң, төңірек құлаққа ұрған танадай тыныштыққа тұнған еді. «Е-еһ, шегіртке де бақытты-ау, өз жерінен аумаған...» деген ой толқыны оқыс оралып өтті. Көзінен жас ыршып кетті.

Жүзін жалт бұрды. Көз алдында Әудиенің күн жеген қара таулары мен жылғаларындағы сары-жалқын баялыштары билеп, олар да жылап қоя бергендей болды.

Байбура жылдам ес жиып:

– Кеттік! – деді қатқыл дауыспен қою қара мұрты жыбыр етіп.

Шопыр жігіт те ренжіп қалды ма, әлде суық түсті жолаушыдан секем алды ма, үн-түнсіз рөліне жабысты. Немістің «Ауди» маркалы көлігі лыпып жөнелді. Әйнегі төмен түсірілген есік терезесінен тау самалы көлік ішін кеулеп, екеуінің бетін желпіп, шашын қобыратты.

Әудие асуы бұрылысынан бұлаң етіп шыға келгенде Байбураның алдынан балалық шағы бұлдырап өте шыққан керім дүние көсіліп қарсы алды. Көгілдір мұнар көмкерген Бөкенбай, Бүйрек пен Қарасеңгір, Әудие тауларының арасын ала өгіз сауырланған адырлы белегір мен Ақжал жазығы шілде күнінің астында аңқасы кеуіп, ақ сағымға шомылып жатты. Баяғы бір заманда ақ күмістей бұраңдап ағатын Қалғұты өзені де көрінбейді. Қазір Ертіске де жете алмай, құмға сіңіп жатқандай жым-жылас.

Бозбала күнінде бөрі қуған осы бір боз дала боздап қарсы алғандай күйге түсті Байбура. Боз сағым буған бозаң түзде қарашығы қыдырып, әлде нені іздеді... Сағым көтерген кең жапан көлең-көлең қақты, бірақ көзіне ештеңе шалынбады. Қарақұрықтанған тау жоталары ғана көкмұнар ішінен андағайлады.

Әлден уақта ғана талмаусыраған жанарына іздегені шалынды. Құбақанданған күмбез кешікпей-ақ анық көрінді. Ақжемдене шалынған биік күмбез – бұл өңірге таныс «Төребейіт» еді.

– Көрдім-ау, сені де!? – деп қалды.

Шопыр жігіт бұған таңдана қарады.

Адасқан өмірінің ақ түтегінде пана болған Төребейіт қой. Оған қалай бұрылмай кетеді? Атама, ақымақ! Өзін іштей жазғырып та қойды.

– Бауырым, – деді, – Төребейіттің тұсына тоқташы.

«Күршім–Марқакөл» тас жолы тап іргесінен өтетін Төребейіт ақшулан ши арасында, Қаратоғай ауылынан батысқа қарай ат шаптырым ойпаңда төбе көрсетіп тұр. Тақ бейіттің өкпе тұсына келгенде асфальт жол да оңтүстікке кілт бұрылып, Боранға қарай тіке тартқан.

–       Сен жүре бер, – деді Байбура.

–       Неге?

Байбура аңтарыла бұрылды. Шопыр жігіттің жүзінен таңданысты аңғарып: «Ауыл жақын ғой, жаяу барайын. Туған жер ғой, сағындым!» деді.

Шопыр жігіт бір нәрсе дей беріп еді:

–       Жолың болсын, жігітім! – деді. – Қол-аяғым бүтін, өзім де жетем.

Таксист иығын бір қиқаң еткізді де, көлігін кері бұра тартып отырды.

Түздің қара желі мен күздің қара жаңбыры қанша мүжісе де, сонау он тоғызыншы ғасырда дөңгелендіре салынған ескі бейіт әлі мызғымай тұр екен. Биенің сүті мен жылқының қылын қосып илеген, шала күйдірілген кірпіш сыны кетсе де, сыр бермепті. Шыңғыс хан тұқымы – Әбілпейіс төре ұрпақтары көтерген Төребейіт күмбезі әлі құлай қоймаған. Қызыл қарағайдан қиып салынған қос бөрене босағасы мен жалпақ есігі де ішке қарай сықырлай ашылған.

–       Ассалаумағалейкүм!

Байбура ішке оң аяғымен аттап, амандаса кірді. Төбедегі тоқымдай тесігінен күмбезге алакөлеңке жарық түсіп тұр. Топырағы құрғақ. Шаңдақ қалпы. Төр жақта байланған қамыс маты жатыр. Біреулер әдейі әкеп, төсеп тастаған сияқты.

Бұл маты үстіне тізе бүкті. Күмбез іші қоңыр салқын. Шыжыған шілде ыстығы өте қоймапты. Киіз үйше дөңгеленте көтеріп, қабырғасын жарты құлаштай қалыңдықта қыл кірпішпен қалаған мола – мола емес, алапат аптап пен азынаған боранда жанды атаулыға пана.

Он жетісінде бұған да пана болды ғой. Пана ғана емес, алай-дүлей ақ боран өмірінің ақтүтегінде адастырмай алып жүретін Бозиесі – Ана-Бөрісін көк төрінен шақырған да осы төре мола. Боз боран дүниеде бозбала Байбураны Ана-Бөріге тәңірідей табыстап жіберген де осы Төребейіт.

Жеті қат көк төріндегі бөрі сұлбалы періштелер мекен еткен ұлы әлемнен көк жасын боп жерге түсіп, Төребейіт ішінде жол таба алмай жатқан Байбураны жетектеп әкеткен бурыл Ана-Бөрісі емес пе?! Сонда кім қол ұшын созып еді? Ешкім де... Жалған жамалында Төребейіттен Бозиесімен аттанған Байбура тамұқ дүниеде тосылып қалмапты, туған жер төріндегі Төребейітіне аман-есен қайта оралыпты. Ана-Бөрісі тағдырының талай тар кезеңінде ғайыптан тап болып, өмірінің сын сағаты соққан сәтінде көктен түскен Ғайсадай адал серік болып, талай мәрте ажал бұғалығынан айырып алды ғой. Қылша мойнынан шылбырлап, өлім өрті қаулаған, зұлымдық жаулаған тозақ ошақтарының ортасынан, залымдық жайлаған пенделер қылкөпірінің үстінен алып өтті ғой.

Жамбасына мамық төсектей жайлы тиген қамыс маты үстінде жатып, басын жол сөмкесіне жастаған Байбура көзін күмбездің тақиядай боп көрінген тар тесігіне қадаған. Ақ сүттенген аспан да ыстықтан әуірлеп, жанарына тиянақ болмады.

Киелі Бозиесі жайлы, текті Төребейіті туралы әрі-сәрі ойланып жатып, салқын-сабат молада көзі ілініп кетті. Ала таңнан аптығып, тоқтаусыз жүрген жайсыз жүрістен тұла бойы босап, маңғаз ұйқыға кеткенін өзі де сезбей қалды. Жол соғып тастаған тәні талмаусырап, жаны рақат тауып жатты.

 

ІІ

Ол Төребейіт ішінде тұяқ серіппей ұзақ ұйықтады...

Көптен бері тұңғыш рет алаңсыз жатты. Тағы да ғайыптан түс көрді. Түсінде жеті қат көк төрінен сәуле боп жеткен Ана-Бөрісі оралып, мұның тұманытқан санасын сейілте түсіп, өткен өмір өлкесіне ертіп әкетті. Елпеңдей ерген Байбура буалдыр бір әлемге енді. Сол-ақ екен соқыр санасы да саралана берді.

Ұлпа дем үрген сәби шағы екен. Басына үкі үпелегі тағылған бесік ішінде жатыр. Құбақан киіз үйдің іші. Құбыла жақ ірге түрулі. Түрулі іргеден самал желпіп өтеді. Жартылай ашық қалдырылған бесік жабуы желп етіп, мұның жүзін жібектей леп сипап кетеді. Сол сәт сәби күлкісі қытықтап, ақша беті нұрлана қалады.

Іргеден соққан самалмен көк шегіртке шырылы естілді. Шегіртке шырылымен қосылған самал әуені мұны бесік жырындай әлдилей жөнелді. Табиғи әуен әлдиі тұла бойын шымырлатып әкетті.

Әуенге елтіп жатқанында шегірткенің семіз айғыры кереге көзінен ыршып өтіп, мұның маңдайына кеп қонды. Шошынып қалған сәби Байбура көзін жұмған күйі шыр ете түсті.

Жылан шағып алғандай шар ете түскен сәби дауысынан үрейленген анасы да тыстан аптыға енді. Ал шегіртке айғыры болса, бір-ақ ырғып кереге басына қонып еді. Анасы айланып-толғанып кеп үстіне түскен. Қолма-қол қол басындай ақ мамасын аузына тосқан. Байбура да анасының ақ бұлағына бас қойып, екі езуі көпіршіп қоя берген.

Осы бір сәт ана мен бала аса бір шаттықты, аса бір махаббатты сезімді бастан кешіп еді-ау!.. Анасының тұла бойы шымыр-шымыр сезімге толып, алпыс екі тамыры иіген. Ал Байбураның бұла қуаты ақ сүтпен әлдене түсіп, бой-бойы бүлкілдей, аш өзегі нәрлене, ерекше бір ләззатты күйге бөленген.

Аналық махаббат пен балалық бейкүнәліктің шуағына шомылған киіз үйдің жартылай ашылған шаңырағынан күн нұры да саулай құйылып жатқан. Кенет қараңғылық түсе берді. Анасы баласы аузынан тоқ омырауын оқыс жұлып алып, орнынан үрейлене тұрды. Байбура да анасының оқыс қимылынан шошып қалса да, сүтке тойған қозыдай көзі жәудіреп, үнсіз қалды. Ал анасы аяқ астынан қаракөлеңке ұйыған түзге ұмтылды.

Көкте күн тұтылыпты. Төңіректі кіреукелеген ымырт қараңғылығы тұтыпты. Іле батыс беттен қап-қара құйын көтеріліпті.

Құба түздің қара құйыны әп-сәтте құла түсті құбыжыққа айналып шыға келді. Ұршықша шыркөбелек айналған аласат жел жолындағы кездескен қарайған-құрайған атаулыны түп-тамырымен көтеріп алып, үйіріп көкке самғатқан. Жылан иректенген жұлыны қап-қара, ал сол қара жұлынды айнала қозғалған аумағы ала-құла алапат шеңбер жасап, шеңберек атып, аждаһа көмейіндей ысқырынып келіп қалған.

Аждаһа құйын диірменнің тасындай зырылдап, гүрілдеп кеп, Қалғұты өзені бойында жападан жалғыз тігулі тұрған киіз үйге соқтықты. Құйынның қақ ортасында қалған киіз үй күл-көмеш ошағымен, мүлік-мүкамалымен қаңбақша дөңгелене көтеріліп жөнелді. Киіз үймен бірге Байбура да бесігімен жынды көбелекше шыр айналып ұшып, көкке көтерілді.

Көтерілмей қалған – қара қазан... Ол да төңкеріліп түсіп, тасбақадай теңкиіп жатыр.

Ал аузы-мұрнынан жел үрген Байбура тұншыға да берді. Жанары бір жалт еткенде өзінен де жоғарыда көйлегінің етегі желбіреп, анасы да айнала ұшып барады екен. Анасы мұның көз алдында жел ағынымен биіктеген сайын биіктеп, лезде қара-көк құйын шатырына сіңіп кетті. Сонда ғана сәби Байбура өзінің алапат айналымды жел иірімінде жападан жалғыз қалғанын алғаш рет сезінген... Сезінген де жанарын тас жұмып алған. Дүниенің астын үстіне келтірген дүлей құйын болса, бар күшімен ышқына гуілдеп, сәби тас боп таңылған бесікті төбесіне көтеріп алып, Алтай тауының Тесікұя атты ұры сайына қарай алып жөнелді. Бұл бір мың жылда қайталанатын құбыжық құйын еді.

Ұшар басы көк тіреген көк теректі, ақ қайыңды, жыныс шілікті Тесікұяның ну орманына жеткенде құбыжық құйынның да бақсыдай жыны басылып, қалың орман нуынан жарып өте алмай, саябыр тауып, солықтап барып тыншыған.

Шаңырағы шашылып, керегесі күйреп далада қалған, қазан-ошағы жайрап, түңілік-туырлығы түтіліп түзде жоғалған киіз үй мен көкке ұшып кеткен анасы ғана Тесікұяға жете алмаған. Зәулім теректің басындағы бұтаққа кеп ілініп қалған бесік қана. Бесік қана ішіндегі Байбурадай сәбиімен есен-аман, бүлінусіз бүтін жеткен. Ол да бірақ бір қу бұтаққа ілініп, желмен шайқалып, зорға тұр. Кәрі бұтақ бірақ сыр берер түрі байқалмайды. Жарты құлаш бесікті жел шайқаса да желімдей жабысып, шынашағына іліп алған дәу перідей былқ етпейді.

Кешікпей ақшам келген. Көк күмбезінде жұлдыздар жамырап, шалқалай туған аймен бірге ана сүтінің ақ нілі сіңгендей Құс жолы бозарған. Аспанға ұшып кеткен анасының ақ сүтіне тойып алған Байбура болса, қу бұтақ тербеген бесігінде қаннен қаперсіз балбырап жата берген.

Қара жер мен көк аспанның арасында ілінулі қалған сәби жүрегі  орнықты еді. Бесігінің жабуы – жұлдызды көк аспан, тербетер ана қолы – көк теректің иір бұтағы. Маңдай тұсынан самсап, жымың қаққан жұлдыздарға қарап жатып ұйықтап та кеткен. Маусымның май тоңғысыз түні мен тұмса табиғат ананың үні тербетіп, маңғаз маужыраған.

Тесікұяны құлдай соққан таңғы самал суылынан ғана ерте оянды. Маңайына барлай қараған.

Көзіне көк ніл аспан алдымен шалынды. Кең аспанда қанатын керген қара барқын қыран да айнала қалықтап жүр. Төмен жақтан әлдененің қыңсылаған үні құлағына келді.

Байбура әлдеқандай терең бір түйсікпен тіксінді. Мұның жерге түссе ажалын асыратын шиебөрілер шәуілі екенін аңдады. Ол бар үміті көкте боп, көкке кірпік қақпай телміріп қадалды. Сәбидің сұғын қадағанын сұңғылалықпен сезінген Алтайдың ақиық қыраны дереу төмен қарай сорғалады.

Ақ иық келген қара барқын шәулі – ана қыран Ақшәулі түңіліктей қанатын жайып, көрші ақ қайыңның ақ білектей бұтағына кеп қонды. Ол шаңқ-шаңқ етті. Ана қыранның ащы шаңқылын Тесікұяның жын иелеген жынысы – Шуылдақ тоғайын жынмен бірге мекен ететін көп шуылдақ шиебөрі елең құрлы көрмеді.

Байбура ақиық ана қыранды арқаланып, азынай жылап қоя берді. Сәбидің сыңғырлаған дауысын іліп әкеткен жел ағаш-ағаштың басынан асырып, ұры сайдың нуына таратып әкетті. Жас сәбидің жем сұраған үнін аналық құс түйсігімен таныған қыран ұша жөнелді.

Ал осы шақта Шуылдақ тоғайының шуылдақ шиебөрісі дауысын тіп-тік құлағы шалған қос бөрі – белді арлан мен боз қаншық тура тартқан. Олар сынаптай сусып жеткен бойда бозөкпе шиебөрі атаулы құйрықтарын бұтына қысып, бет-бетіне безіп кетті.

Бұл кезде ақиық ана қыран – Ақшәулі болса, қыр қоянын тырнағымен бүре көтеріп кеп қонғанда, төменде түз серілері – қос бөрі бастарын алдыңғы сирақтарының үстіне тастап, солықтарын басып жатты. Байбура да жылауын тыйған.

Шәулі қыран семіз қоянның оймақтай көздерін ойып алып, қанын сорғалатқан күйі сәбидің аузына тықпалады. Кешеден бері нәр сызбаған Байбура да қоянның қызыл қанын қылқылдата ішіп, жұмсақ жанарын жұтып қойды. Майлы жанарға бірақ жүрегі кілк етпеді. Ақшәулі де аналық сезіммен шаңқ-шаңқ етті.

Сәби мен өзінен қалған жемді қыран төмендегі бөрілерге тастай салды. Олардың арандары ашылып тұр екен, қоянның қалақтай бас сүйегіне дейін күтірлете жұтып қойды.

Жөргегі құп-құрғақ боп бесікке бөленіп, жарғақ теріден тігілген түбекке тышқақтаған Байбура осылайша үш күн, үш түнді басынан өткерді. Үш күн бойы қарға-құзғыннан көкте қыран, үш түн шиебөрі-қарабауырдан жерде бөрі күзетті. Үш күн бойы ана қыран Ақшәулі сәбиді аш қалдырған жоқ. Үш күнде Байбура да түздік тағы сәби боп шыға келді. Үш күн бойы Шуылдақ тоғайы шиебөрі шуылына толды. Үш күн бойы ақ бесік аспанда тербелді.

Тек төртінші тәулікте, буаз бесін ауа іштей зар илеп, запар шеккен, күйіктен қап-қара боп кетсе де, үмітін үзбеген әкесі сәбиін тапқан.

– О, ботам! Ботам! Бармысың?.. Анаң қайда, құлыным! – деп, ат үстінен ышқына жоқтаған. – Өлімісің, ұлым-ау, тірімісің?! Анаң қайда абзалым? Шынымен аспан жұтты ма?!

Адам баласының ащы үні мен аттың осқырына пысқырғанын естіп, көзі көріп тұрса да, тәңірінің қалауымен қос көкжал бір сәт кірпік ілмей, күзет орнынан жылыстамады. Көздері жалын ата ырылдады. Қос көкжалдың гүрілінен сескенген жылқы жануар қос аяқтай тік шапшып, ілгері тұяқ баспай қойды.

Сонда ғана тайыншадай тау бөрілерін байқаған әкесі:

– Кет, түз серісі, кет! Сендер серісіңдер... менің жылбысқамды қайтесіңдер?! Кет, серілер, кет! – деп жалына айқайлады.

Төрттағандап тұрған тағылар адам баласының жан қиналысын қапысыз танып, жалдарын жыға жуасып, ақсиған азулы езулерін жиысып, жылыстай берді. Олар бірақ біржолата ұзап кетпей, ақ балақ қайың арасына барып, құлақтары мен көздерін тігісе жатты.

Селт етпеген шәулі қыран ғана. Ол ұшар биіктегі терек бұтағында қонақтап, төменде жанұшыра айқайлаған адам мен бөрілердің қимылын көктен бағып отыр. Бесікте жатқан Байбураға да ұядағы балапанындай қарап қояды. Ақ иығын қомдап, мойын жүнін үрпитіп, айбат та шегеді. Үш күн бойы бауыр басып қалған сәбиді ана қыран Ақшәулі де қимайтын сияқты.

– Ұлым-ау, өлімісің, тірімісің? Анаңды... жо-жоқ!.. Анаңды сен емес... тек сен емес!.. Анаңды қара құйын жұтты-ау! Оһ, Тәңірім, ұлымды алма! Мені ал!.. Мені!.. Оның еш жазығы жоқ, әлі... Жазықсыз жылбысқа ғой!

Әкесінің ат үстінен – қара жерге табаны жерге тимей тұрып жалбарынған таныс дауысына шыдай алмаған Байбура бақырып жылап жіберген. Сәбидің шырылдаған дауысын көктен естіген әкесі жерде отырып зарланған үнін сап тыйды.

Бір мезгіл аңтарылып қалған қайғылы пенде оқыстан: «О-о, Тәңірім, мың да бір мінәжат саған!.. Мендей пендеңнің тілегін қабыл еттің, мінәжат! Мінәжат!.. Сенің даңқың мәңгілік арта берсін! – деп екі алақанын көкке жайды: – Әумин! Әумин! Әумин! Тұл Тәңірім, әумин!» Дауысы бәсеңси беріп, ердің қасын құша еңкілдеп жіберді.

Осы бір сәт қара барқын, ақ иық қыран Ақшәулі ұясындағы балапанын жылан шағып алғандай дүр көтеріліп, кереге қанаттары еңкейіп кеткен күн көзін жауып, бесіктің арқалығына ұшып келіп қонды. Байбура да үш күннен бері анасындай көріп қалған қыранды жатырқамай қарсы алып, жылағанын қоя қойды.

Жерден көкке жәутеңдеген әкесі ана қыран Ақшәулі қылығына аң-таң болып қараған...

Ал Ақшәулі болса қанаты жалпылдай, көмейі жұтынып, сәби аузына қоясын құсып бере бастады. Мұндайды күтпеген әкесі:

– Кет, көк серісі, кет! Тиме, ұлыма, тиме! Шоқи көрме жүзін! Шоқи көрме көзін! Кет деймін, көк серісі, кет! Аспан мен жердің аң-құсы жетпей ме саған?! Кет! Жолама жүзіне! Тонама жүзін! – деген дауысы ащы шықты.

Адамның ащы дауысынан шошынды ма, қыран қиялай ұшып көрші терек бұтағына қонды. Әке енді жанталаса қимылға көшті.

Астындағы атының жамбасын сипап, жерге сүйретіліп жатқан ұзын құрықтың биіктегі бесікке жетпесін сезді. Дереу өзен бойындағы шілік талға қарай жүрді. Ат үстінен таңдап жүріп бозталдан жуан сырық кесіп алды. Бесік ілінулі бәйтеректің қасына келіп, ер үстінде отырып, басы екі аша сырықты құрыққа жалғады. Ат белін суытпастан қу бұтаққа арқалығынан асылып қалған бесікке қол созды.

Шәулі қыран да ертоқымда отырып, құрыққа сырық жалғап, қол ұзартқан адамға селт еткен жоқ. Үнсіз ғана өткір жанарымен шолған. Қайың арасынан көз тіккен көк бөрілер де үнсіз бақылаған.

Әкесі ат үстінен түспей бесікті арқалығынан сырық ашасына іліп алды. Көзі бақырайып, бет-аузы қыран құсығы мен аң қаны дағы қатып, алапестеніп жатқан Байбураны өліп-өшіп сүйе берді. Көз сорасы аға берді.

Күн де кешкіріп, ұясына батайын деді. Тесікұя орманына қаракөлеңке қанат жайған еді. Шиебөрісімен шулы, шәңгіш тоғайымен нулы Тесікұядан іңір қараңғылығымен сытылып шығып кетуге ат белін суытпастан аттанды.

Әкесі қанша асыққанмен іңір ілінді. Шәңгіш пен шырмауық оралып өскен жыныс Шуылдақ тоғайы іші жүрісті мандытпады. Көкте жұлдыз шырадай жанып, ашық аспан қаракөк тұңғиық тартты. Түн тыныштығын бұзып, байғыз бауыздар лақтай шақырады. Үкі үркіп, үрейлене үпілдейді. Әке көңілі алаң. Тек бесіктен жұлдызды жұмбақ аспанға жанарын тіккен Байбура ғана сабырлы. Аттың аяңы тербеткен сәби ұйықтап та кеткен.

Қалың қау мен мол тоғайдың арасын кенет жел тербеп, жүректі суырған суыл естілді. Әр жерден жылт-жылт от көзі шалынып, астындағы күлігі құлағын қайшылап, кең кеңсірігін желдете осқырынып-пысқырынып, жүргісі келмей тайсақтай берді.

Байбура да оянып кеткен...

Тап жандарынан желмен бірге жанай суылдап, әлдене өтті... Жылқы жануар жалт-жалт бере үркектеп, әкесінің тақымы мен білегінің қарулылығынан ғана бұлар ат үстінен сыпырылып қалмаған.

Әлден бір кезде ат шаптырым алаңқайға тап болды. Масаты кілемдей көк жасаңның ортасында от лаулай жанып, маңайында өңкей қыз-келіншек сылқ-сылқ күлісіп, былқ-былқ билесіп, ұлан асыр топтың төбесінен түсті.

Қызылала-сарала ұзын көйлек киген сұлу қыздар жанары жалт-жұлт етіп, салт атты қаумалап, шылбырдан келіп алысты. Әкесі де аң-таң қалысты. Салалы саусақты, қынамен бояғандай қызылала имек тырнақты қыз-келіншек қауымы шу-шу күлісіп, ұзын етектері орала билесіп, бұларды жалыны көкке шапшыған от орамына қарай шаужайдан ала жетектей жөнелісті.

Байбураның сәби жүрегі әлденені сезіп, қарадай шыр ете түсті. Сонда ғана әкесі шошынғандай селт етті. Бейшара жануар – асыл текті жылқы малы емес пе, басын кекжите тартқылап, шылбыр мен жүгеннен жабысқан жез тырнақ қолдарға бой бермей, бұла қайрат танытып келеді екен.

Осы бір сәт албастылар арбауынан ес жиған әкесі қолындағы бүлдіргелі сарала қамшыға дем берген. Жан-жағынан қаумалаған шашты албастыны оңды-солды тартып-тартып жіберді. Ит басындай салақтаған ашық емшектерін жайылған шаштары шала-пұла жауып, жанұшыра жан-жаққа жалт берсе де, қайта айнала кеп қаумалап алысады.

Байбура шошына жылап, әкесі ақыра қамшылап, жылқы жануар кісіней үркіп, қаншама уақыт арпалысты. Оған бірақ от айнала қуат алып, дүркін-дүркін кезектесе қоршаған сайтан-сапалақ атаулы жынды көбелектей шырайналдырып, тыныштық бермеді. Әкесі мен ат шаршаса да, олар былқ етер түрі байқалмайды.

Шырылдаған сәби дауысы, шыңғырлай кісінеген жылқы үні, арыстандай азамат ақырысы – сыңғыр-сыңғыр, сылдыр-сылдыр күй күйлеген, мың бұрала би билеген, жүрек суыра сылқ-сылқ күлген сұлу сайтандар жынойнағына көміліп қала берген. Қызыл іңірден басталған жанталас түн ортасын аудырған.

Ақтер-көктер болған әкесі қалжырайын деген. Өз қуат-күшін бағамдаған ол айлалы ақылға көшті. Аттың шаужайынан айрылмай жүрген аппақ сұлу, көк көзді, қою сары шашты сайтанды ұстап алуға бел буды. Ішіндегі көріктісі де, көсемі де осы сұлу екенін соңғы сәтте аңдаған.

Әкесі жылқы жануарға оқыстан қамшы басты. Бауырлата тиген бес қайтара дырау соққыдан аты ытырылып-ақ кетті. Сол ытырылған беті лаулай жанған от үстінен қарғи секірді. Мұндайды күтпей қалған сұлу, сырдаң сайтан да бір-ақ ырғып, ат жалына шалжия кеп қонды.

Қамшы сілтеген қарулы оң қол шашты сайтанды қобыраған шашынан шап берді. Ол: «Ойбай! Ойбай!» деп баж ете қалды.

– Ойбайлама, албасты! – деп ақырды әкесі.

Дереу оң білегіне алтындай жалтылдаған мол шашты орап-орап алғанда, бар күші шашындағы сайтанның сапалағы бойындағы қуатынан айырылып, бейшара болды да қалды.

– Ойбай! Ойбай! Құлың болайын, шашымды жібер! – деп жалынды сайтан.

Оның ойбайын естіген өзгесі отты тастай беріп, жан-жаққа ойбайлай қашты. Бірінің ойбайынан бірі шошынған олар әп-сәтте зым-зия болды. Тек сайтанның оты ғана сөнбеді.

– Құлың болайын, адам, мені сен жібер! Енді қайтіп жолыңды кеспейін... Құлың боп өтейін!

–       Жоқ! Азғын! Сенің суайттығыңда шек жоқ... Талайды тақырға отырғызғансың.

–       Рас! Рас! Бәрі де шындық... Бірақ мен сенің қазір қолыңдамын ғой. Адам баласының қолына түсіп көрмеп ем... Саған тұңғыш рет. Сен менен өткен айлалы, менен өткен ақылды екенсің...

–       Жәдігөйленбе! Сенің мазағың мәлім... Одан да көрер күніңді ойла!

–       Ойбай, атама! Күнді көрмей-ақ қояйын... Мен қара түннің қонағымын ғой. Көрсете көрме, құлың боп өтейін!

–       Тағы ескі әніңе бастың ба?

–       Жо-о-о-оқ... Анау жатқан ұрпағыңның ұрпағына жоламайын! Одан тарар жеті ұрпағыңның маңайына жуымайын! Қырық шақырым қашық жүрейін! Ант ішейін!

–       Болды, шаптықпа! Тіліңді суырып алайын...

–       Ойбай! Ойбай! Атама! Ойбай-ай, қайдан ғана сендей адамның сырттанына жолығып ем?!

–       Тарт тіліңді! Көмейіңмен суырып алайын!

–       Ойбай-ай, ойбай! Көрсетпегің көп пе еді, құдай! – деп сайтан солқылдап қоя берді.

–       Құдайшылын... Сен құдайды ұмытқалы қашан, азғырынды малғұн?! Тіліңді тыям, қар!

–       Ойбай-ай!..

–       Ойбайлама!

–       Қойдым! Қойдым! Тілімнің астындағы алтын тілләмді берейін!

–       Алтынмен азғырмақпысың, жәдігөй!

–       Жо-жоқ! Сені ақ жолыңнан тайдырайын деген ойым жоқ... Кіріптар сорлымын мен!

–       Енді ше?

–       Алтын тілләм сенің қолыңда тұрғанда, мен сенің ғана емес, ұрпақтарыңның да маңынан жүре алмаймын. Хақ жолынан адастыра алмаймын.

–       Әкел онда тілләңді!

–       Құлың болайын, адам! Міне, алтын тілләм...

Сайтанның сапалағы от сәулесіне шағылыстыра алтын тілләсін тіл астынан суырып алғанда, әкесінің де бесік асынған сол білегі сумаң ете көтеріліп, алтын тілләні шап берді. Сап-сары дөңгелек алтынды айналдыра қарап, бетіндегі шашты бейне салынған бедерін де танып, отты атымен айнала жүрді.

–       Өшір отыңды! – деп зекіді сайтанға.

–       Қазір, – деп, сайтан аузын толтыра үріп-үріп жіберіп еді, от үстінен жел үрмей, қарасу төгіліп-төгіліп кетті. Сайтанның түн тыныштығын ала лаулаған оты лезде сөніп қалды.

–       Құлың боп өтейін! Жер жалмаған, жер баспаған жеті ұрпағыңның құлы боп өтейін! Жібер енді, – деді сайтан.

Қара түнде қалың нудан аң соқпаққа күдіксіз түскен әкесі болса, «Бар! Жоғал, малғұн! Қайтіп көзіме шалынба! Аһ!..» деп ақыра зекіп, оң білегіне оралған сайтанның сары-ала шашынан сілкіп қалды.

–       Ойбай! – Сайтан сапалағының дауысы ащы шықты.

Қара жерге сылқ еткен малғұн соқпа шетіндегі қаракөлеңкелі нуға қорғасындай батып кетті...

Күллі ауыл күдер үзсе де, әкесі үмітін үзбепті. Алып қара құйынның ізімен індете іздеген әкесі жөргектегі ұлын тапса да, жарын таба алмапты бірақ... Жарын жалған дүние – жалмауыз әлем ылым-жылым жұтты, қайтейін!

Анасы аспанға ұшқан бойы үшті-күйлі жоғалыпты. Қара құйын көтеріп кетіпті.

Көкке көтерілген аяулы шешесі – Анаиесі сол кеткеннен мол кетті...

Байбура анасыз өсті. Аналық сезімге аңсар күймен балалық шағы да өтіпті. Ана-Бөрі ғана аңсарын басып, анасын жоқтатпапты.

Қазір де қасында шоқиып отыр – бөрі сұлбалы Бозиесі...

Байбура жанарын ашып алды. Бөрі сұлба да төрт тағандай тұрды. Ол есікті тұмсығымен ашып, Төребейіттен шыға берді. Байбура да еріксіз бір күш итергендей ере жөнелді.

Тыста түн көрпесін жамылыпты. Төребейіттен түн жамылып шыққан Ана-Бөрі Қаратоғай ауылына қарай бозалаңдап тартып барады. Құйрығы шұбалаң. Сырғақ тағдырының ақ түтегінде адасқан адамды ауылына аман-есен жеткізген Бозиесі алға түсіпті.

Мақпал түн мұңлы.

 

ІІІ

Сарытау иінінен сарғыш күн енді ғана көтерілген.

Жатаған келген тастақ жотаны бауырлай жапқан аруақтар қабірі молайып кетіпті. Тыныштық тербеген мола ішін бозторғайдың шырылы әлдилейді. Аруақтар ауылын жазғы самал ғана жоқтайды.

Құба таңмен таласа тұрып, ауылдан ат шаптырым аулақтағы бейітке бет түзеген екеу қазір жүрелеп отыр. Құбылаға қараған жүздері бетіне бетеге өскен құба төмпешік пен қасында қаңылтырын күн жеп, жаңбыр шайып, тот басып кеткен үшкіл, басында жұлдызы бар темір белгілі төмпешікке үңіліп кеткен. Екеуі де үнсіз. Өлгендерді еске алып отырғандай ойлы, жабырқау.

Медет нағашысының не ойлап отырғанын бір құдай білсін, ал Байбура бетегелі бұйрат төмпешіктерге тесілген күйі: «Менің орнымда кім жатыр? Қандай пенде? Кешегі күндегі өзі секілді бір жас боздақ па? Әлде ауғандық моджахедтің бірі ме?! Бәлкім, Ауғанстан жерінің бір уыс құмды топырағы мен жалпақ-жалпақ тарғыл тасы салынған, адам тәнінсіз мырыш табыт жатқан шығар?!..» – деген ойлар торып алды.

Ал әкесінің басында белгі де жоқ. Атаусыз қалыпты. Мұның басына әскерилер қойған темір жұлдызды үшкіл бағанға «Байбура Майданов» деп мұның аты-жөні жазылыпты. Нағашысын ертіп алған Байбура әкесінің және өлдіге санап қойғызған «өзіндей» жат мүрденің басына құран оқытқызды. Жетпістен асып кеткен нағашысы мақамын ұзақтан созып, дұғасын алыстан қайырып, алақанын мол жайып, жүзін сыйпады. Селдір сақалын тарамдап қойып, жер таяна орнынан тұрды.

– Әкең, сенің «жат» сүйегің келісімен ұзаққа шыдамады. Бетін теріс бұрып, ағайын-туғанмен де араласпай, құдайдан өлім тілеп жатып алды. Айналасы алты айда жамбасы жерге тиді. Басын да қарайта алмадық, – деп өзін кінәлай сөйледі. – Қол қысқа, қайтейін!

Байбура ләм демеді. Не дейді? Жалғыз ұлдың түрі – өзі... Тағдыр айдаған тұрымтайдай тентіреп-тентіреп келіп тұр. Көз алдында сыр бүккен қос төмпешік.

– ...Көп қапаланба! Артында ізі қалды... өзің барсың. Аллаға аманат еткен азаматысың. Шүкір! Оралдың, – деп сөзін бөліп-бөліп, ойын оймақтай ете жиып сөйледі. – Басын өзің қарайтқаның да жөн. Қолыңнан бір уыс топырақ бұйырмаса да, тамын қалқайтасың. Сауабы өзіңе... Жүрелік.

Күн арқан бойы көтерілгенше шырылдайтын бозторғай тау етегін боздаған үнімен тербеп алған. Нағашысы да үнсіз келеді. Ауыл жақтан үрген ит дауысы естіледі.

Соңдарындағы қалың зират ішінде әкесі екеуінің томпиған жалаңаш қабірлері қалып барады... Екеуінің жанар жиегі де дымданбады.

Қырда қызғалдақ ұшып кетсе де, тау бөктерінде әлі де әр жерден шашылған шоқтай ұшырасып қалады. Сонау бозбала шағында Алқабегімге арнап қыр қызғалдағын таң бозынан теріп, есігінің алдына қойып кетуші еді.

–       Нағашы, – деді үнсіз келе жатқан Байбура, – сіз үйге бара беріңіз. Мен Қарасеңгірді бөктерлеп қайтайын.

–       Көп айланба, бауырым! Мұлғиза апаңның шайы да әзір.

–       Тезірек қайтам.

–       Е-е, тау жақ деймісің, қазір көз нашар. О, жарықтық, Қарасеңгір де жантаюлы ғой... Е-е-еһ!

Байбура бурыл тартқан Қарасеңгір бөктеріне бет түзеді. Бурыл бөктерден бір шоқ көкала тау гүлін теріп алды. Әрине, ат тұяғындай ауыр басын көтере алмай, шұлғып тұратын Алтай модағайы емес. Модағай иісіндей иіс те жоқ. Аппақ мойын Алқабегім де жоқ қасында... Еліктей ерке, сүйріктей сұлу еді, қол ұстасып жүруші еді. Алтайдан Алматыға да қол ұстасып аттанып еді. Еһ, жазған дүние, онда да жаз еді-ау!..

Қазанаттың қабырғасындай Қарасеңгір куә – екеуінің нәзік сезіміне, бұла қылығына, құмарлы махаббатына... Мәңгілік мызғымастай болып, Тесікұяның қара желі мүжігеннен қара жартастары ырсия айбаттанып, таудың сере қары қойны-қонышын нығарлап, көктем келе жықпыл-жықпыл жылғасын суарып, қарауытып тұратын тау жалы екі ғашықтың бойына қайрат бітіріп, қуат құятын. Қаратоғай ауылы жатыр ит тартқан алба-жұлба терідей селдіреп... Бір кезде арнасынан асып жататын Қалғұты өзені де жоқ, суалып қалыпты.

Әкесі туралы ойламауға тырысты. Алматыда Болаттың аузынан естігеннен бері біраз уақыт өтті ғой, көңілі де қамырыңқы күйден арылып, суый бастапты... Ар жағында әлде бір өксік кептеліп тұр, бірақ ағыл-тегіл ақтарыла алар емес. Салқын бір сезім тұсайды.

Құлазыған көңілін жабырқау мұң мен жалғыздық биледі. Алқабегімдей ару құшқан қара таудың түйемойнақ жартасында отырып, алғашқы һәм соңғы да сүйгеніне жолығу керек деп шешті. Торыққан жаны тарқағандай күйге еніп, тас үстінен секіріп түсті.

Тас үстіне қойған бір шоқ гүлді алып, ауылға қарай тартты. Тап жолындағы белегірге салынған Алқабегім үйіне жақындады. Ақ шатырлы, бес бөлмелі кірпіш үйдің тау жаққа қараған терезе тұсынан өтіп бара жатып қалт тоқтады.

Көз... Өзіне өте таныс көз кіреш-кіреш торлап тастаған темір шабақты ашық терезеден тесіліпті де қалыпты. Мұны тас балбалдай мелшиткен де осы көз. Тәңірім-ау, мынау Алқабегім жанары ғой!.. Алқабегім... көзі ғана қалыпты. Қарақаттай көзі ғана... Ол да үсік шалғандай көмескі. Баяғы ақықтай жалтылдаған, гауһардай жарқылдаған жанар жоқ. Отсыз. Сәулесіз. Үмітсіз. Жанарының жиегін әжім торлап, қарашығын мұң басқан.

Байбура аң-таң күйде үрейлене, күдіктене, барлай қарады. Тез ойлайтын өзіне тән күймен ой ағыны сынаптай ағып өтіп, ағып өтіп кетті. Сол... соның өзі... Қалай ғана өзгеріп кеткен?! Кәрі кемпір ғой. Шашы да күмістей. Қалайша? Не болған? Жағы қудай. Жаны... жаны нудай... жұмбақ еді ғой. Нәзік еді. Қатал еді, қайратты еді Алқабегім... Қайран, Алқабегім!

– Жоғал! Албасты! – Әйелге тән – адамға тән ащы дауыс құлағын кесіп өтті. – Сайтан!.. Жолама! Жоғал, малғұн!

Алқабегімнің сұмдық сұры мен ауыр сөздері Байбураның қара тас боп қатқан жүрегіне инедей қадалды. Жанарына оқыс жас толды. Алқабегім терезесін тас жапты. Ішінен қалың көк пердесін де сыйырып, мүлде қара түнек бөлме ішінде қалды.

Байбура тас балбалдай қалшиып тұр. Күтпеген кездесу есеңгіретіп тастаған. Баяғы он алты-он жеті жастарында көкіректері қуанышқа толы, жүректері махаббатқа толы күйде жолығысатын сәттері әлі күнге сағымдай оралып, санасын сағыныштай билеп алатын еді... Қаншама жылдар өтсе де сол бір сәулелі, махаббатты сезім күйі Байбураның көкірегінде қоламтадай қоздап жататын. Сөнбей-ақ қойған. Тап қазір сол қасиетті сезім мұздай суынып, бойын белгісіз бір ызғар қарып өтті.

Үйдің бұрышынан шыға келген әлде бір әйел бұны шырамыта алмай тұрып қалды. Байбура бірақ Алқабегімнің анасын жазбай таныды.

–       Қарағым, сен кімсің? Алқаның дауысы шығып кетті, – деп бұған жақындады. – Бұл ауылдың адамына ұқсамайсың...

–       Кешіріңіз! Амансыз ба? – деп Байбура абдырап қалды. – Танымадыңыз ба? Иә! – Қолындағы түз гүлін ұсына берді. – Алқаға беріңіз!

Бұрыла берген Байбураға әлі де күдік-күмәнмен ой сап тұрған ана:

–       Қарағым, қызымды танитын ба едің? – дегенде, бұл бір сәт тоқтап қалды да, «иә!» деуге шамасы келмей, жылдам басып, қаша жөнелгендей адымдай түсті.

Күн көтерілместен үй маңын торыған бөгде жанды көңілі құсалы ана бөгей алмады. Соңынан сұраулы жүзбен қала берді. Балуан тұлғалы Байбура да тез ұзап кетті.

Шілде күні отқа ұстаған қазандай қызып, шілделікте шегірткелер шырылы күшейді.

 

IV

Аспан ашық. Түн тымық. Күндіз шығыстағы Тесікұя жақтан соққан аңызғақ та қоңыр кеште сап тыйылған. Көк күмбезі шүпірлеген балапандай жұлдызға толы. Олар да жымың-жымың, қылмың-қылмың.

Қора төбесіндегі қыстан қалған сарыбалақ шөп маясының үстінде шалқасынан жатқан Байбура жанары жұлдыздарға қадалыпты. Олардың жылтылдақ сәулесіне ой жіберіп, көңілі бұзылған күйде елегізиді. Тыныштық тербеген мынау әлем ғана момақан. Алақұйын өмірі бір мезгіл тыным тапқанына өзі де қайран!.. Сену қиын.

Анау ағып бара жатқан жұлдыз секілді мұның тағдыры. Темірқазықтай тапжылмай, бір орында ғұмыр кешетін жан бар ма екен, сірә?! Әлде, Ақбозат пен Көкбозаттай қар суымен қашып, туған жерден жырақта адасумен күн кешіп жүр ме?! Бәлкім, Жетіқарақшыдай жеті бұрыштан кірпік қақпай қадалып, жембасар жортуылда қарақшыдай жол тори ма?! Мүмкін, ұябасар жерұйығына ұрпақ қалдыру үшін Құс Жолымен талмай ұшқан Үркер жұлдызындай ғана шағын топ шығар, әлемді айнала қанат қаққан… Кім білсін?!

Бұл да солардың бірі болар…

Бүгін бірақ дамылдап жатыр. Қу шөмеле үсті жамбасына жайлы. Көңілі ғана алабұртқан. Оған тыныштық жоқ. Мәңгілік қозғалыста қалықтаған жұлдыздардай жұмбақ күйде шарқ ұрады. Ұрын жүрген жігіттей ұрыншақ. Шу асаудай бастықпай-ақ қойды.

Жұлдыздарға көз жіберіп жатып, Алқабегімді ойға алмауға тырысса да, күндіз көрген мұңлы, күңгірт көз оқтын-оқтын орала берді. Байбура үйге келісімен шай ішіп отырып, Медет нағашысы мен Мұлғиза апасынан бәріне де қанықты.

Алқабегім түрмеден көтеріліп келіпті. Алматы маңындағы Жауғашты түрмесінде жүріп босанып, туыт кезіндегі қызыл шудан құтырып кетіпті. Аса сезімтал, сұмдық сұңғыла жан Желтоқсан салған жан жарасына шыдай алмапты. Түрмеде де күн көрсетпесе керек, қорлап бағыпты. Ақыры азапты тағдыр асқақ аруды ауру қылыпты.

Түрмеден тапқан сәбиі аман. Ол қазір Алматыда студент екен. Жиырмадан асқан азамат. Оны бірақ Алқабегім иттің етінен жек көреді дейді. «Ішімнен шыққан шұбар жылан», «Шата» деп, талай рет өлтіріп тастай жаздапты. Алқабегімнің анасы мен әкесі парасатты адамдар ғой, әйтеуір солардың тәрбиесімен шата сәби өз ұлы боп өсіпті. Ақылды, көрікті жігіт қайырымды мінез-құлығымен ауылды таң қалдырып кетеді екен.

Ауру анасына да қамқоршы көрінеді. Жақында жазғы демалысына келіп те қалады дейді. Ұлы келгенде ауру анасы бір жасайды екен. Алқабегімді ертіп Қарасеңгірді аралатады, Қалғұты өзені иіріміне апарып шомылдырады. Қысы-жазы темір торлы терезе мен темір есікті тар бөлмеде құлыпталып, түзге отырса да ер адамның қарулы қолымен шынжырлаулы шығатын анасы жалғыз ұлы өсе келе оны ұйып тыңдайтын күйге түсіпті… Ол да бір Алланың нығметі шығар.

Торғын түн құшағында ойға шомып, баданадай Темірқазыққа жанарын салып жатып, кірпігі баяу айқаса берді. Байбура ұйықтап кетті. Ұйқыға дендеп енген кезде жұлдызды күмбезден көктей еткен боз сәуле сабыр тапқан санасына сәулелене құйылды.

Байбура бөрі болмысты боз сәулеге тағы ерді…

Боз сәуле ілезде Алматының қақ төріндегі Брежнев алаңына* алып келді. Түн. Желтоқсан айы. Алапат үскірік. Алаңда Алатаудан ескен ызғырық. Табан асты тайғақ. Теңіз толқынындай толқыған жұрт. Сермелген қарулы қол, серпілген кеуделі көкірек. Жұлынған қара шаш, жарқ-жұрқ еткен жанар.

Көз ілеспес шапшаңдықпен құр қол қойғыласып, қаша ұрыс сала тепкілесіп бұл жүр. Өзіндей өндір жастар өндіршектей ұмтылып, соққыға жығылған қыз-қырқынды құтқарып алмақ боп әуіре. Мұздай қаруланған советтік қара киімді, қара каска мен резіңке келтек, темір күректі арнаулы әскері шырқ үйіріп, қарусыз қалың нөпірді бықпырт тигендей бөлшектеп тастаған.

Әйел затын аяр, аялар деп алдыға салып, өздері бойжеткен арулардың ту сырты – тасасында кіжінген бозбала жігіттер оңбай адасқандарын кеш түсінді. Енді міне, аяусыз жендет қолынан айырып алмақ боп, бөлтірігін алдырған арландай арпалысып бағуда… Байбура да сайтан соғардай зор жылдамдықпен қимылдап, жендеттен тартып алған келтекпен қарсы келгенге қан құстырып жүр еді.

Қарақұрым нөпірдің арасынан күндіз Алқабегімді қанша іздесе де, кездестіре алмаған. «Алаңға келмесе екен!» деп іштей тілеген. Алқабегім оқитын дәрігерлік оқу орнының жігіттері болмаса, қыздары көзге шалынбаған.

Қарусыз қазақ жігіттері қарулы жендеттердің тегеуірініне шыдап баққан. Жансауғалап қашпай, жанды шүберекке түйіп, жас жолбарыстай қайрат көрсетті. Қыздардың да қаншамасын қанды қол қырғыннан ажыратып алысты. Күш тең болмаса да, аруақ шақырған рух аласат майдан ашқан. Байбура да аш бурадай шабысып, көк бөрідей тістесті. Бірде бейбақ жұрт бел алса, бірде бейбастақ жендет жағы жал көрсетіскен.

Зұлым қарулы советтік әскерилер қолма-қол айқаста жеңіске жете алмасын сезіп, залым ойлы сұмдық іске бет бұрды. Жартасты жарға ұрылған теңіз толқынындай толқи сіресіп, арасынан қыл өтпестей қолтықтаса күш алып, жендет әскерилерге ішінен жығылып жатқан жандарын да бермей, қара түнмен қарауыта түнеріп тұрған тобырға минамёттен оқ жаудырғандай, өрт сөндіргіш көліктерден мұздай суды лақылдата шашты.

Мұндай зұлымдықты күтпеген адам толқыны сыналай сетінеп, көк мұзға тайып жығылып, малмандай малшынып, лек-легімен бас сауғалай берді. Осыны күтіп тұрған қалың әскерилер де лақылдай төгілген, мұз боп шашырай қатып жатқан су бұрқағын тасалап, шиебөрідей лап қойды. Нағыз қанды майдан енді басталды.

Алапат аяз... сұрапыл ұрыс... сарылдаған суық су... арылдаған көліктің гүрілі... ыңырсыған үн – бәрі қосылып, түн жамылған Алматы төрі – Брежнев алаңы тамұқ қазанына айналған. Бәрі де мидай араласып, қидай қидаласып кеткен. Біреуді біреу біліп болмайды.

Ту сырты, қу жауырынан тиген соққыдан мұрттай ұшып, дем алалмай жатқан жігіттер мен тар қылта, көк желкеден тиген соққыдан бүгіле жығылып, жер тізерлеп қалған қыздар жыртқыш аң сияқты жендеттердің жеміне айналды. Қызыл қан құлақ-шеке мен жұқа жақ-кеңсіріктен саулап, көктайғақ алаң бетін жуды. Жығылғандарды дырита сабап, тістене тепкілеп, ит-құс сүйреген жемтіктей жәукемдеп, дайын тұрған жабық көліктерге тоғытып жатты. Бас сауғалап қашқандар бірін-бірі тықсырып, құлап қалғандарды таптап, аттап өтіп, алаң айналасындағы көше бойымен үріккен қойдай қашты.

Бір топ нөпір лекпен бірге ығысқан Байбура да алаңды тастады. Топырлай ығысқан топпен Мұқан Төлебаев көшесінен бір-ақ шықты. Өзіндей бес-алты жігітпен бірге шыршалар көмкерген сұлу да тар көше бойымен бас сауғалай құлдады. Қасындағы жігіттер мұны, бұл оларды танымайды. Қапыла жүгіре басып келе жатқанда үрген ит дауысы естілді. Бой жасырып үлгермесе көше-көшені үйретілген неміс овчаркасымен тіміскілей сүзіп жүрген арнаулы патрульдерге тұтылатынын білді.

Бәрі бір-біріне сұраулы жүзбен қарасқан. Байбураның ойына қоңыр күзде Алқабегімді ертіп, жазушы Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың мұражайларын аралағаны, сонда көше бойындағы үйлердің жертөле есіктерінің ашық жатқанын көргені сап етіп есіне түсті. «Кеттік!» деді жанындағыларға. Сол бетте әлдебір бес қабат кірпіш үйдің сыртқы дәліз есігін ашып, ішке енді. Дәліз ішінде күңгірттеу жарық жанып тұр. Мұнда тып-тыныш. Тіпті алаңда болып жатқан қантөгістен хабарсыз секілді.

Жоғары қарай көтерілетін бетон баспалдақ астындағы жертөле есігіне көз жүгіртті. Көк сырмен сырланған есік жабық көрінді. Байбура жақын барған. Құлыпсыз. Жай ғана жауып қойылыпты. Бәрі мысықтабандай басып жертөлеге түсті. Қараңғы. Күлімсі иіс шығады, бірақ жүз шарпыған жылы леп бар. Жылу құбырының табы.

Бәрі де үнсіз. Тың тыңдайды...

Жігіттердің бірі сіріңке жақты. Темекі алып тұтатты. Байбура қарсы болып еді, қырғын төбелес пен қорлық-қорлаудан қанына қарайып шыққан жігіт овчаркадай арс ете қалды. Басқалар үндемеді.

Темекісін құшырлана тартқан ызалы жігіт:

– Әттең! Әттең-ай! – деді өкси күңіреніп, іштері қан жылап тұрса да өзгелер тіс жармады. – Бұл күнді ұмытпаңдар!.. Қарусыз қан майданның құрбандарын ұмытпаңдар, жігіттер! – Тісін қышырлата сөйледі әлгі: – Не үшін? Кім үшін? Жазығымыз не? Өртеніп барам, бауырлар! Өртеніп барам... Қарусыз... қап! «Орыспен дос болсаң, балтаң беліңде болсын» деген. Қап!

Кенет сыртқы есік  шиқылдай ашылып, сарт етіп жабылғаны естілді. Бәрі де сілтідей тынған. Екі адамның орысша сөйлеп кіргені естілді. Олар оқыс тоқтай қалды. Әйел адамның «Темекі иісі шығады. Кім тартып жүр?» дегені, артынша «Құдай-ау, подвал жақтан...» деген әйелдің, іле-шала ер адамның: – Болды! Көршілердің бірі шығар, – деп гүр еткен дауысы естілді. – Дала суық. Өзің білесің, қорқынышты да... жасөспірімдер болу керек».

Олардың жоғары қабатқа көтеріле бере дауыстары да өшті.

–       Кету керек, – деді Байбура. – Әлгілер сезіп қалды...

–       Қайда барамыз? Қолға түсеміз ғой, – деп біреу шарасыздық танытты.

–       Дұрыс айтасың, – деп шылым шеккен жігіттің дауысы естілді.

–       Бәріне сен кінәлісің! Танауыңды құрт жеп бара ма? – деді біреу оны қараңғыда жазғыра.

–       Жоқ! – деді тағы біреу. – Осында таң атқанша күту керек. Әйтпесе ұсталамыз.

–       Боқ басында өлеміз! – деді тағы біреу тыныш тұрмай.

–       Былшылдама! – деді шылым шеккен дауыс. – Сен өлсең де, мен өлмеймін. Жастығымды ала жатам. Су жүрек! Әскерде талай сойқанды көргем. Мұрнынан тізіп тұрып каптеркада талай сабағам... оларды! – Дауысы ызалы да ызбарлы.

–       Жарайды, жігіттер! – деді Байбура. – Не де болса күтейік! Ырылдаспаңдар!.. Шылым-ақ кінәлі болсын!

Бұлар ауыздарын жиып алғанша сыртқы есік сарт-сұрт ашылып, арсылдаған ит дауысы мен дүрсілдеген нәлілі керзі етік сықыры естіліп қалды.

–       Бәрі бітті! – деді біреу. – Түтін иісі телефон шалғызған ғой...

–       Оперативно! – деп қалды шылым тартқан дауыс. – Как фашисты... гестаповцы!

–       Жігіттер, қарсыласпаңдар! Текке соққы жемейік. Жол-жөнекей көрерміз, – деп үлгерді Байбура.

Бір топ желтоқсаншылар композитор Төлебаев көшесінің бойында осылайша торға тұтылды. Аш бөрідей жаланған жендеттер бұлар қарсыласпаса да резіңке келтекпен салып-салып өтісті. Бірінің белінен, бірінің жауырынынан, бірінің басынан, бірінің тірсегінен соққы тиген. Сонда да сүйекке қарысып, бәрі де шыдап бағысты.

Тыста да қарулы топ күтулі екен. Олар да орысша-қазақша боқтыққа көміп, жан-жақтарынан қоршай жүріп отырып, Калинин* көшесінде күтіп тұрған брезент жабулы әскери машинаға әкеп тоғытты. Еңгезердей бес-алты жендет те артқы есік аузын ала мініп алысты.

Адамға лық толы көлік ытырыла жөнелді. Бірінің басы жарылып, бірінің қолы сынған, бірінің бүйрегі ұрылып, бірінің жағы шыққан желтоқсаншылар күпкіде малтыққан қойдай үсті-үстіне құласып, ыңырана ауырсынып жатысты. Олар жаны мен тәні қабат ауырғаннан желтоқсанның алапат аязын да ұмытып кеткен сыңайлы.

Құйындай ызғытқан әскери көлік бұларды қаланың ішінде екі-үш жерге жеткізді. Бірақ уақытша тұтқындау орындары мен түрме атаулы лық толы болып шығып, қабылдай қоймады. Амалсыздан аулаққа қарай тартты.

Үрей мен үркініштен толқулы қала тып-тыныш еді. Көше-көше бос. Бейсауат жан жоқ. Құтырған қасқырдай безілдеп жүрген – жендеттер мінген арнаулы көліктер мен ит жетектеген арнайы жасақтар ғана. Қала берді қызыл қалпақты милиция қызметкерлері ұшырасады.

Біреуді біреу біле алмайтын қараңғы брезент қорап үстінде Байбура әлде бір қимылға бекінді. Оң жағындағы сығылысқан жігітке «қашайық» деп күбірледі. Анау «жоқ» деп ортқып түсті. Сол жағындағыға айтып еді, «мүмкін емес» деді. Сол сәт желке тұсында тізерлеген: «Өңшең қотанға тышар… Давай, баста!» деп дүр ете қалды. Байбура бұл дауыстың кімдікі екенін бірден аңдады. Жертөледе шылым шеккен ғой. Осы ғаріп халге де сол шылым үшін тұтылды ғой… Енді қашуға да бірге бел байлаулы.

–       Ей, сволочи! Прекратить разговоры! – деген жендет солдаттардың бірінің үні естілді.

–       Пошел ты! – деп қалды шылым шеккіштің дауысы.

Байбура да серт сәтінің тап қазір туғанын түсінді. Ол отырған орнынан тұрар-тұрмастан қарсы алдында – жамбастап жатқан екі адамның ар жағында қарауытып отырған қарауылға сілеусінше атылды. Көліктің артқы қорабы ернеуіне құйрығын басып, қолындағы десанттық автоматын шірене ұстаған қарауылға ұшқан оқша атылған Байбура жендет жауынгермен айқасқан күйі көлік үстінен аударылып түсті. Ал бекітілмеген брезент жаппа жалп-жалп көтеріліп, көлік ұзай берді.

Арқасымен оңбай түскен қарауыл дем ала алмай жатып қалды. Брезент желпілдеген машина ұзай түсіп тоқтады. О жақтан тырт-тырт атылған автоматтың ащы үні де естіліп қалды, бірақ бұған емес, әйтеуір!.. Бұл кеудесіне міне құлаған қарауылдың басынан аса домалап, ет қызуымен тәні ауырғанын да елемей, жол жиегіндегі қалыңға қара мысықша қойып кетті.

Сол бетінде жол шетіндегі қалыңның арасын бойлай жүгірді. Құдай қолдағанда соңынан қуғын шықпады. Мұның қу басын қуалап қайтеміз деді ме, түн жамылған жендеттер жайына кетті. Олардың қарасы өшісімен өз-өзіне келген Байбура Қаскелең бағытындағы жоғарғы Жандосов күре жолы үстінде тұрғанын білді. Сонда ғана тұла бойы соққыдан солқылдап, сыздап тұрғанын бірақ аңғарды. Бойын да түнгі суық қармай бастағанын сезді. Дереу қалаға қарай бұрылды.

Көк аспан қап-қара көгіс тартыпты. Тек жұлдыздар ғана арсыздықпен жымыңдайды. Жол бойындағы қарағаш пен бұта-қараған қалыңына бой жасырып, жаяу-жалпылай тартты. Соққы тиген басы солқылдап әкетіп барады. Аш қарыны да арқасына жабысып, жүрегі сазып тұр.

Маңдай алдында шығыс жақтан жарқырай туған Шолпан ғана шақырады. Жалғыз жарық жұлдыз да қараңғылықпен қоса қара жамылған қасіретті Алматы үстіне іліне қалыпты. Байбура қалың арасынан қалаға қарай жанары жасаурап, жағын шықырлата тісін қайрады. Тағы да қаракөк аспанға басын шалқайта бұрып, Темірқазықты іздеді.

Терістікке көз жүгірте беріп, оянып кетті… Жаңа ғана санасында таңбаланған сонау сексен алтыншы жылғы қарусыз қанға бөккен Желтоқсан көтерілісі ғайып болды.

Темірқазық табжылмапты. Шолпан туыпты. Таң да таяу. Бұл ғана балалық шағы, бозбала күні өткен ауылында – мая үстінде жатыр. Ару сүйген Алматыда емес, салқын самал өпкен Қаратоғайда екен.

Тыныш түн. Қора-қопсыны мекендеген қара шегірткенің шырылы әлдилейді әлемді. Балауыздай балбыраған рахат бір күй маңайды билеп тұр.

Байбура да бір мезет жаны жай тауып, бір сәт тәні рахатқа бөленді. Ой-санасы ғана ойнамалы. Ойпыл-ойпыл ой көз іліндірер емес. Жанарын тарс жұмып, қу шөп үстінде аунап-қунап жатты да қойды.

 

V

Таң қараңғысында талықсып кеткен Байбураны күн сәулесі биік Сарытау басынан сыналай сығалағанда, гүр еткен көлік үні оятып жіберді. Құс ұйқылы оның шырағы оттай жанды. Талықсып ұйықтағаннан тұйғындай тыңайып қалыпты.

– Ассалаумағалейкүм, Медет аға! – деген Болат сыныптасы дауысын бірден таныды.

Алаң көңілі қуанып та қалды: «Ит те болса, бірге өскен дос қой. Қимай іздеп келген ғой...»

–       ...Бура үйде ме? – дегенше, ере келген өзге адамдар да мұның Медет нағашысымен амандасып жатты. «Шамасы, бірге оқыған кластастарын ертіп келген болды» деп ойлаған Байбура да:

–       Мен мұндамын, – деп, қора үстіндегі мая төбесінен қарақшыдай қалқия түрегелді.

Сонда ғана байқады. Болатпен ере келген төртеудің бірі қоқырайған қызыл қалпақ киген полицей екен де, қалған ірі екі жігіт арнаулы әскери алабажақ киімді, ал ана біреуісі қарапайым, бәлкім, шофер болса керек. Алабажақ киімді әскери жігіттер арқаларына темір дүмі жиналмалы, шолақ келген десанттық Калашников автоматын асыныпты.

Байбура бәрін де айтпай түсінді...

–       Бураш, жерге түс! – деді Болат жұмсақтау үнмен. – Мына кісілер сенімен сөйлесуге келді.

Сол сәтте нағашысы Медет:

–       Ол не әңгіме? – деп шыр ете қалды. – Кеше ғана келді ғой... Не жазып қойып еді?!

–       Ақсақал, сіз араласпаңыз! – деп полиция киімді, капитан шенді жігіт ағасы тиып тастады. – Майданов, шулатпай жерге түс!

–       Әй, қарағым-ау, құлқын сәріден шулатып жүрген сен емеспісің, – деп нағашысы тағы килігіп еді, Байбура: «Нағашы, абыржымаңыз! Таныс жігіттер ғой, қалжыңдап тұрған... Мен қазір,» – деп шөп үстінен сырғи жөнелді.

–       Қайдан білейін, жау қуып келе жатқандай ентігіп тұрған соң, – деп Медет күңкілдей берді.

Байбура қора төбесінен басқышсыз-ақ секіріп түскенде, еңгезердей екеу екі қолынан шап беріп, білезік буынынан бұраған күйі қолын артына қайырып, ал полиция киімді капитан әбжіл қимылмен қайырылған қолға көзір салып үлгерді. Тап мұндай оспадар әрекетті күтпесе де, Байбура ешбір қарсылық көрсетпеді.

Тағы да нағашысы:

–       Өй, бұларың не? – деп қалды.

Осы кезде үйден шыққан бәйбішесі:

–       Қарақтарым-ау, не істеп жатырсыңдар?! – деп аңтарыла шыр ете түсті. – Жер түбінен жеткен жетім азамат қой... Тірі келгеніне қуанбайсыңдар ма? Бір үйдің түтіні өшті деп жүр едік... Кәне, босатыңдар! Бураш, қалқам!

Адуынды Мұлғиза жеңешесі адымдай ұмтылғанда, Байбураның:

–       Апа! Апа-а! – деген дауысы қаттығырақ шығып кетті. – Әуіре болмаңыз, мен кетуім керек... Бұлардікі жөн. Сау болыңыздар! Ауыл білмей-ақ қойсын, нағашы!

–       Әй, қарағым-ай, не жазып ең?! Болды, бәйбіше, болды! Шулатпа елді, дүрліктірме! – дей берді. – Болат кластас досы ғой, бір қайраны болар.

Болат:

–       Медет аға, – деді жұмсақ үнмен жәдігейлене: – Күршімге барады; ертең-ақ аудан орталығынан қайтып келеді. Әскери учетқа тұру керек... Уақыты өтіп барады.

–       Мейлі, мейлі... азаматтың басын сақтаңдар! Жалғыз тұяқ қой.

–       Мен ауылда қалам, аға, Байбураны күтем, – деді Болат.

Іші-сырты көнелеу алабажақ «Уазик» жеңіл көлігінің артына – екі әскери алабажақ киімдінің ортасына жайғасқан Байбура үнсіз келеді. Ескі көрінгенмен орыстың қолынан, немістің ойынан шыққан дүңкиген көлік ауыл ішінің шаңын шұбалтып, түйе шегірткенің қарғымалы жүрісіне басты. Ораза ашпастан аттанған төртеудің іші-бауырларын солқылдатып-ақ барады. Таң бозында бозторғай үнімен марғаулана тұратын Қаратоғай ауылы дүрілдей гүрілдеп, дүркірей зырылдап өткен темір көлік дауысынан оянып жатты.

«Уазик» Қарасеңгір бауырындағы қыр жолына түсісімен жорғадай тайпалып, көзді ашып-жұмғанша Марқакөл – Күршім тасжолына құйындатып шыға келді. Бір бүйірде Төребейіт күмбезі маңқиып қала берді.

Сонда ғана Байбура:

–       Жігіттер, – деді қатқылдау, – тоқтаңдар! Түзге шығып алайық.

Ләм-мим жақ ашпай келе жатқандар бір-біріне қарасты. Естімегендей үндемеді. Шофер жігіт қана не істейін дегендей полицейге жалтақ-жалтақ етті. Көлік болса, жылдамдығы жүзді көрсетіп ағып келеді. Тесікұяның қысы-жазы тас ұшырып соғатын қара желі мүжіп тастаған оң бүйірдегі қара таулар да мөлиіп қалыпты.

Капитан шенді полиция жігіттің жүйкесі шыдамады, білем:

–       Тоқта! – деді саңқ етіп, дауысы жарықшақтана шықты.

Дауысынан Байбураға деген қыры да сезіліп қалды. Көлік лықсып барып қаңтарылған сәтте:

–       Байбура! – деді тағы да дауысын көтере: – Тау алыс, жер жазық. Қуып әуіре болмаймыз. Жауырыныңа оқты қадай салам.

Байбура бірдеме дегісі келді де, сөзді қор қылғысы келмеді. Қарасеңгір биігі мен Әудие қыраттары етегінен созылған боз жусан мен ақ селеулі Ақжал даласы астаудай төңкеріліп, бетін ақ торғын шәлінің бұрқыраған түгіндей бозаң мұнар бүркепті. Байбураның жүрегі лоблып кетті. Жанарына жас іркілді.

Шофер жігіт көлігін дүр еткізіп оталдырғаннан кейін бәрі де жылдам мініп, жүріп кетті. Ілезде бір ырғақты жүріске түсті. Қыр бауырлаған күре түзу тілген таспадай созылған.

Өлік шығарғандай үнсіздікті әлден уақта полиция капитаны бұзды.

–       Болат досыңа рахмет айт! КНБ-шниктердің қолына түскен жоқсың, мен кез болдым, – деп тоқтап, бұдан жауап күтті.

–       Бәрібір емес пе?! – деді бұл немқұрайлылау.

–       Қателесесің. Олар сені баяғыда-ақ «террорист» деп жариялап қойған. Ал мен үшін сен жай қылмыскерсің.

–       Иә, қандай?

–       Өзіңнің орныңа өзгенің сүйегін салғызып, әскери борышыңнан қашқан дезертирсің... Зиратта жатқан сүйек пе, кірпіш пе? Оны да анықтау керек.

–       Оған қай заман? Қурап қалды ғой... Сен бірақ не білесің? Ауған саған алыс қой. Ауғандықтар* ақталғалы қашан? – деді Байбура байыппен.

–       Ақтап жүрген орыстар... Ресей ғой. Ал біз ақтаған емеспіз. Сен қылмыскерсің, бауырым, ол үшін жауап бересің. Ақталсаң – сексен алтыншы жылғы «декабрист» дегеннен ғана ақталғансың. Оның да күмәнді тұстары көп... Тәуелсіздік келіп, сонымен жазаға тартылмай тұрсың, – деп капитан зілденіп қойды.

Байбура ойланған кепте үнсіз қалды. Бір сәт тыныштық орнап, көліктің гуілі ғана естілді. Таң атпастан келе жатқандықтан ба, жол үсті бос.

Бұлар Әудие биігіне ілігіпті. Құрғақ аңғар іші ақ сағымға тұныпты. Шілде күні бүгін де бұл өңірде ыстық боларын сездіріп тұр.

–       Үндемей қалдың ғой, – деді капитан.

–       Не деймін? Ақталайын ба? Мен өз борышымды артығымен өтегем.

–       Қайдам?! Алқабегімді алаңға тастап кеткен сендей опасыздан не күтуге болады? Болат рас айтады: «Сатқынның жазасы – өлім» деп. Әттең, заң бар, әйтпесе сені буындырып өлтірер ем?!

–       Жап аузыңды! Жарамды тырнама, – деп бұл қалш-қалш етті. – Мен емес, сендер... сендер саттыңдар. Сендей қызыл қалпақты қазақтар... сендер зорладыңдар! Сендер!.. – Дауысы ысылдай шықты. – Қанға бөктіргенсіңдер. Әлі тайраңдап, мейрамдап жүрсіңдер. Опасыздар! Қан уыстап келгенсіңдер, қанға бөгіп өтесіңдер... О, сорлы! Сорлылар! Ол ешқашан ұмытылмайды! Сендер ұмытқанмен, мен ұмытпаймын! Мен... мен бармын! Мен сол үшін оралдым.

–       Ха-ха-ха!.. – Капитанның арсыз күлкісі аярлана естілді. – О дүниеден келдім де кежір... ха-ха-ха! О дүниеңе кетесің енді ештеме де білмей... ха-ха-ха! Зауал!

Байбура бір сәт булығып қалды.

Бұл ашуға алдыра бастағанда-ақ қос білегінен мыти ұстаған әлеуетті әскери барлаушылардың бірі шыдамады, білем:

–       Қысқартыңыз, капитан! – деп айқай салды.

Көліктің бірқалыпты ызыңы естілді. Қарсы келе жатқан жүк көлігі қастарынан гу етіп өте шықты.

–       Жігіттер, сендер кімсіңдер? – деп қалды Байбура.

–       Тұтқынмен сөйлесуге қақыларың жоқ, – деп шар ете қалды капитан.

–       Ей, капитан! – деді әскеридің бірі. – Біз саған анау шоферың емеспіз. Әкіреңдеме! Біз де офицерміз.

–       Енді... былай... өздерің ғой, – деп міңгірледі капитан.

–       Байбура! – деді әлгі әскери дауысы нық шығып: – Біз Күршімдегі әскери бөлімнің барлау бөлімшесінің офицерлеріміз. Сенің кім екеніңде шаруамыз жоқ. Бастықтарымыз «қауіпті террористі тұтқындап, облыс орталығына дейін аман-есен жеткізесіңдер» деген. Бұйрық солай... Мына полиция капитанына сол үшін еріп жүрміз.

–       Болды! Жетет! – деген капитан дауысы бәсең шықты: – Әскери, то есть гражданский құпияны ашпаңдар! Бұл – қылмыскер. Сендердің міндетің – көмектесу.

–       Жақсы, әңгімені осымен доғарайық! – деді барлаушы офицер де.

Көлік ішін жел гуледі. Байбураның қайратты қара шаштарын ұйпа-тұйпа етті. Ол басын шалқайта отырып, көзін жұмды. Тұтқынның қимылынан секем алған барлаушының бірі қайырулы қолындағы көзірді тексерсе, бірі білегінен білектесе қолтықтап қойды. Оған бірақ Байбура мән бермеді.

«Күршімде қалдырмай, Өскеменге бір-ақ апаратын болды. Күршімдік полицейлерге «жерлестері» деп сенбеген болды ғой. Мына бір капитан да күршімдік емес шығар... Облыстан болды-ау?! Мария-Агата әулие екен. Еліңе жеткен бойда «терроршы» деп тұтқындаласың деп еді ғой. Россия мен Қазақстанның ымы-жымы бір дегені рас. Ех, Мария-Агата!» деп швед қызы жайында ойға оралды.

Жүрісі қатты болса да, қара жолға тегеуірінді көлік Күршімге тоқтамады. Ертісті құлдай, тау етегін бауырлай зырлаған беті таңғы сағат тоғыздағы паромға үлгерді. Алып ақ кемеге соңғы боп ілікті.

Паром үстінде жұрт қарасы мол екен. Капитан мен шофер көліктен түсті де, үшеуі артқы орындықта қала берді. Жағадан ырғала қозғалып кеткен ақ кеме көк жайсаң су үстінде баяу толқып қояды. Теңіздей шалқыған алып Ертістің дымқыл лебі жүздерін жалап, қоңыр салқын ауа бой сергітеді.

–       Ех, Ертіс, сенде не арман бар?!

Байбураның аузынан шыққан сөзге әскери жас жігіттер таңданып қалса да үндемеді. Іле Байбура үшін капитанмен сөз қағысып қалғаны қасындағыға иек қағып, сыртқа шыға берді. Ол есікті шала-пұла жауып, көліктердің арасымен сыналап, халық көтеріліп кеткен екінші қабатқа беттеді.

«Бұдан ұрымтал сәт кездепес...» Найзағайдай ой Байбураға оқыс оралды. Қасындағы да енді қайда барар деген оймен арқасын кеңге салып, жайбарақат отыр. Туған жерде түрмеде шірігенше, суға кеткен абзал. Сырттан өлімтігін көрсетпес...

Оқыс ой шалт қимылға жол берді. Шоқпардай шойын бас алаңсыз отырған әскери барлаушының жүзіне гүрзідей тиді. Жас барлаушының басы оқыс кекжең етті. Ол есін жиям дегенше, Байбураның басы маңдайы мен шекелігін ала сарт та сұрт сүйкеп өтті. Қаруға айналған қаһарлы бас машықты әдіспен қапысыз сілтенді. Басы зеңген әскери жас жігіт талып кетіп, қимылсыз қалды. Қусырылған қос танауынан күрең қан тыз ете түсті.

Қиялай шірене берген Байбура әлгінде шала жабылған есікті аямай тепті. Сол бойда сарт етіп ашылған есіктен атыла шықты. Иін тірестіре тізілген көліктер арасымен жүгіріп, кеме жақтауына қарай ұмтылды.

Осы бір сәт жоғары палубадағылар шу ете қалысты.

–       Ана қараңдар! Кісенді адам...

–       Қолы қайырулы ғой...

–       Ибай-ау, қайтпек? Қайда барам дейді?

–       Суға кетіп өлмек те...

–       Қой, жаман айтпа!

Жұрт ауыздарын жиып алғанша, Байбура да әлде бір жеңіл машинаның капотына шығып үлгеріп, темір жақтауға жақын тұрған джип «Лен-крузер» көлігінің капотына қарғыды. Тапаншаның шаңқ еткен дауысы да шығып қалды. Оқ қашқынға тимей, джиптің маңдай әйнегін шатыната тесіп өтті.

–       Ойбай, өлтірді!

–       Атып жатыр...

–       Қаш, ойбай!

–       Оқ тиеді, қашайық!

–       Тоқта! Атам! Өлесің! – деген дауыстар дүрлігісе шықты.

Тапанша дауысы тағы естілді. Бұл жолы оқ Байбура басынан асып барып, суға шыж етіп сүңгіп кетті. Оқпен бірге Байбура да бір-ақ қарғыды. Ол да үйірілген тұңғиыққа сұқсыр үйрекше сүңгіді.

Байбура кеменің алдыңғы жағына таман жерден қарғыған екен, үйіріле түсіп тіреле толқыған ағын алып ақ кеменің астына бірақ тықты. Бесікше тербелген сүйір пором да сүлікше сырғыды. Шілденің салқын-сабат суы қызынған тәнін демде басып, қапылыста қарғыған қашқын сұрақша иіле беріп, аяғын кеудесіне жинап, көзірлі қолын құйрығынан асыра алдына шығарып алды.

Сөйткенше, Ертіс ағыны айдаған ол ақ кеменің ық жағына да шығып қалыпты. Дереу су бетіне көтерілді. Кеменің иірім үйірілген ық бүйіріне іліге бере тағы да тапанша оғы астында қалды. «А, құдай!..» деп қайта сүңгуіне мәжбүр болды. Құдай сақтап, автомат пен тапаншаның сұқсырдай сүңгіген ақжолақ оқтары дарымады.

Оқ жете алмас тереңге батайын деп, бекіреше тұңғиыққа тартты. Көзірлеулі қос қолын соза түсіп, аяқтарын балықтың құйрығынша, күллі денесін жыланша иілте қимылдап, қиялай жүзді. Жүзген сайын су асты ағысы тереңге тартып, ақ кемеден де алыстап бара жатты.

Ақырғы дем де таусылайын деді...

Ағын ағызған Байбура қаракөк тұңғиыққа шым батқанын түсінді. Түсінді де тағдыр демінің су астында таусыларын біліп, ажалға мойынсұнды. Сын сағатының соққанын сезінгені сол еді, кенет қаракөк су асты сиякөк түске боялып, лезде көкмұнар тартты. Мұның да ауыр тартқан тәні жеңілдеп, еркін икемге келе бастады.

Тап осыны күткендей бозамық бір сәуле көгілдір су әлемін тіліп, мұның көз алдында көлбеңдей жүзген боз бөріге айналды. Кесе көлденеңдеген Ана-Бөрі емшектері тербеліп, құйрығы солаңдап, соңынан ерте жүзді. Байбура бурыл тартқан Бозиесі соңынан ере жүзді. Өзіне етене таныс көкмұнар әлемге енді...

Шілденің шаңқан күнінде суға шоршып түсіп тұтылған шегірткеше, асау Ертісте аласұрғын адасқақ ұлын айлалы Ана-Бөрі тағы да ажалдан құтқарып қалды. Ит көйлекпен туған Байбура тура келген ажалды бұл жолы да адастырып, тұңғиықта тұтылтып, қара үздіріп кетті.

 

ҮШІНШІ ТАРАУ

 

І

Ерке Ертістің ел қонардай ені – ерен, ұзына шеті – жар-жартасты жоталармен шегендеулі берен. Түсі – көк тотияйын, шымырлаған жүзі – сабырлы. Мәйіт жасырар сұсты су.

Ана-Бөрідей жұмбақ Бозиесі көгілдір әлемде қанатсыз жүздіріп, өзі келген Алтай жақ жағалауына аман-есен алып шыққан Байбура ұлы суға қарап тұрып жүзі жасқа шыланды. Ақ кеме ұзап кетіпті. Шегір көздеріне бармақтай боп шалынып, алып өзеннің бел ортасынан асыпты.

Қамыс аралас көк құрақ арасынан жолбарысша баспалаған Байбура тап төбесінен шаңқылдаған шағалаларға қарады. Аппақ шағалалар шаңқылы мен жарлауытты бүйірлей соққан толқын шуылы бұ дүниенің соншама беймаза екенін ұқтырғандай, соншама сұлу да қасіретті екенін сездіргендей еді. Көк жасаң құрақ түбін құйрығымен соғып Ертістің шортаны мен табаны ойнайды. Шортан мен судактан қашқан майда шабақтар таязға жүзіп, су бетінде шоршиды.

Сәуірдің аяғы, мамырдың басында Алтай еріп, қиядан көшкін түсіп, сайдан атқы жүріп, алақандай ауылы Қаратоғайда Қалғұты мен Сарыөзек өзені арнасына сыймай тасушы еді. Алабұға аулаймын деп жар жағалап, қармақ қаптырып жүретін балалық шағы есіне оралды. Ой, шіркін, балалық-ай!.. Сен енді сағымсың. Сағынасың – сарыласың. Сол туған ауылына үш күн де қонақтай алмады ғой, тым құрыса шағаладай... Ей, дүние-ай! Бұл да бір шарқ ұрған шағала екен.

Ақ кеме толқын бетінде толқи жүзген көгілжім сағыммен бұлдырап, алыстап барады. Кеме беттеген Самар жақ жағалаудағы құм төбелер мен қыраттар да ақ сағымға жұтылып, билеп тұр. Түнгі шық кеуіп, жартас ойдымындағы қақ ұшып, шілденің аптабы алқымнан алған. Ертіс бойы мен тау өзендері жағасы, қалың қарағай арасы мен шың-шоқы бастары ғана самалдап, салқындап тұр.

Судан шыққаннан ба қолы салдырап, тәні босаңсып қалыпты. Паромға көз тіккен Байбура белбеуін ағытып, тап айылбас түбіндегі қалың теріден тебен инедей бізді суырып алды. Әлгі бір біз темірді білезікті бунақтаған көзірдің астыңғы жағынан сұғып, шабақтай итермелеп, әп-сәтте ашып алды. Қолы босасымен темір батқан білезік буынын уқалап-уқалап қойды. Көзірді аяқ астына тастай салды. Көк құрақ арасында тізеден су кешіп тұрып спорттық қимыл-әрекеттер жасады.

Теңіздей тербелген үш жарым шақырымдық енді Ертісті бір сағаттан артық уақытта кесіп өтетін ақ кеме арғы жағалаудан бері қозғалды-ау деген кезде ғана Байбура жасырынған қамыс арасынан бой көрсетті. Паром тоқтайтын айлақтан бұл алты-жеті жүз метрдей қиыс, төмен жақтан жүзіп шығыпты. Өзін тұтқындамақ болғандардың мұны суға кетіп өлдіге жоритынына да сенімі кәміл.

Осы ойға бекіген ол жаға жарлауытына жылдам көтеріліп, Күршім–Зырян бағытындағы ескі күре жолға беттеді. Ертістің Бұқтырмамен түйісер мүйісіне қарай бойлай созылған тасжол бойы бос еді. Тау бауырлаған жолды бұзаубас кесерткедей тез кесіп өтіп, көк бұйра бұта-қарағанның арасына жым-жылас сіңіп кетті.

Малмандай су болған киімдерін шөп үстіне жайып тастап, тыр жалаңаш күйде ақ кеме мен айлақты бақылады. Арғы жағалаудан түске таяу оралған поромнан түрлі көліктер мен адамдар апыр-жапыр төгіле түсіп, бергі жағалауда күтіп тұрғандар кезек-кезегімен мінісіп, сүт пісірім уақытта алып ақ кеме қайта қозғалып, айлақ бос қалды. Паромнан түскендер де Күршімге қарай тартып отырысты.

Тек әлде біреу үш аяқты «Урал» мотоциклімен Байбура жасырынып отырған жақтағы жолға түсті. Ол көптен бері қараусыз қалғаннан шұрқ-тесік боп тозып кеткен қарғымалы жолмен шоқалақтап, мұның тұсынан өте шықты. Көк бұйра бұта арасында бой жасырған Байбура да бөденеше бұғып қалды. Мотоциклші ат шаптырым жерде көрініп тұрған жол үстіндегі Славянка ауылына барып кірді.

Ал ақ кеме арғы жағалауға кетті. Айлақ бос. Мұны іздегендей ешкім де қара көрсетпеді. Қайдан көрсетсін, Күршім поромы – қанды пором ғой... Қыста мұз үстінен өтем деп, талай көлік мұз астына адамымен кетсе, жазда жас балалар палуба жақтауындағы дөңгелек тесіктерден құлап, құрдымға жұтылған. Бұл да солардың бірі. Жұрт куә.

Байбураның көңілі біржолата орнықты. Енді алаңсыз аттануға да болады, бірақ қайда? Құлақ естімес, көз көрмес жаққа... Онда не бітірмек? Қолынан түк келмейді. Келетіні – кісі өлтіру – соғыс... Қолына бірақ қайта қару алмасқа Кавказ жерінде – Әзірбайжан елінде ант ішкен. Енді не істемек? Мария-Агата Сванның айтқаны айдай келді. Сол жолы-ақ сорлы басы анасындай жалынған Мария сұлудың соңынан ілесіп кету керек еді... Енді, міне, елім-жерім деп келіп, қолым-белім деп есеңгіреп отыр. Тамағы құрғап, тілі байланып, шөл қысты. Орнынан жылдам тұрып, тез киінді.

Бесін ауып барады...

Байбура Славянка ауылына қарай жолға шықты. Ойына Мария-Агата тағы оралды. Оның аппақ жүзі мен риясыз күлкісі есіне түсе берді. Бәлкім, Мұзтауға келген шығар. Құдай-ау, шілденің ортасына қарай Рахман бұлағында күтем деп еді ғой... Шынымен күтіп жүр ме екен?! Мүмкін емес... мүмкін! Иә, о да мүмкін! Әйел сүйіп қалса, сөз байласса – өтірік айтпас, уәдесінде тұрар... Тұрады. Сонау Швециядан басын бәйгеге тігіп, Кавказдағы жат жұрт үшін жанын аямаған әйел сарбаз ғой. Алтайға – Мұзтау мен Рахманға оралуға тиіс. Ол мұны ұмытпақ емес. Ұмытпайды да. Иә! Иә! Мария-Агата Алтайда... Екеуі жолығыспауы мүмкін емес. Тәңірі тілегін берсе, бұларды тағдыр соқпағында тоғыстырары хақ.

Осы бір ойға бекіген Байбура ауылды қақ жарған қасқа жолдың бойындағы алғашқы ағаш үйге бұрылды. Еңселі келген шатырлы үйдің көк қақпасын қақты. Ар жағынан ит абалап қоя берді. Ізінше итке орысша басу айтқан дауыс естіліп, қақпаны кеп ашты.

Еңгезердей кержақ шалы екен. Байбураның сәлемін алмастан түр-тұрпатына жабайы мәлінше көз жүгіртіп, не керегін сұрады.

– Су, – деді Байбура.

Шал ішке үн-түнсіз кіріп кетті де, бұл сыртта қала берді. Кешікпей шал сыры ұшып кеткен ескі темір шөмішпен толтырып су алып шықты. Байбура мұздай бұлақ суын басына бір-ақ төңкеріп, «ух» деп демін терең алды.

– Ещё, – деді кержақ шал жақтырмаған жүзбен.

– Нет, спасибо! – деді Байбура ризалықпен; ауылда «Урал» мотоциклі кімде барын сұрап еді, кержақ шал білмеймін деп басын кекжең еткізіп, есігін тарс жапты.

Байбура бұрылып жүре бергені сол еді, ит үрген жақтан салдыр ете түсіп, жерде домалай жөнелген темір шөміштің дауысы естілді. Өзі ішкен ыдыс екенін түсінді. Қасқа маңдайынан қамшымен тартып қалғандай қалт тоқтады. «Бродячий басурман!..» деген кержақ шалдың кемсіту үнін де құлағы шалды. «Ит те ішпес итаяқ болды-ау» деген ойдан басына қан шапшыды, бірақ тістерін қышырлатқан күйі шыдап бақты. Бір шөміш су үшін шу шығару – өзін қолма-қол әшкерелеу... Еріксіз ұзай берді.

Көк терек көмкерген көшеде бейсауат жан да көрінбейді. Торғайдың балапанындай тыным таппайтын балалар ғана көлеңкеде асық атып жатыр. Байбура орыс-қазағы аралас балалардан кеп білді: шетелдік машина көп екен, ал жалғыз ескі мотоцикл Ойрат деген қалмақ жігітте болып шықты.

Балалардың бірі Ойраттың үйіне ертіп әкеп тастады. Жұпынылау келген, шатырлы дөңбек үйдің маңы қоршалмапты. Ыбырсыған қора-қопсаның қасында бағана жол үстінде көрген «Урал» мотоциклі қаңтарыла қалыпты. Жолым болады екен деп ойлады.

Жалаңаш кеуделі Ойратпен аман-саулықтан соң Байбура қолқасын айтты.

– ...Тегін емес қой, үш жүз доллар, – деп қосып қойды.

Ойрат ойланып қалды.

– Жан бағып отырған «жалмауызым» ғой, – деді Ойрат. – Өскеменге де осымен қатынаймын. Жанармай аз кетеді. Ет тасуға қолайлы, любой иномаркадан артық. Алтайдың жолын білесің ғой... Тау жолы жаныған қылыштай қара тас, бірақ наличко да керек.

– Бауырым, – деді Байбура: – санап тұрып төрт жүз берейін. Маған қи, қысылып тұрмын. Люлкасы керегі жоқ.

–       Неге?

–       Мен жолсызбен – тау-таспен жүрем. Алысқа... тез жетуім керек.

–       Иә! Онда керегі де жоқ. – Ойраттың жүзінен бірақ таңданысы білініп тұрды. – Геологпысың?

–       Жоқ, туристпін.

–       Қай жақтан?

–       Атыраудан, – дей салды Байбура.

–       Елің кім сонда?

–       Адай. Атым – Аманғали. Ойрат, бауырым, қайтарда осы жолмен қайтам. Қайтсем де тастап кетуге тырысам. Бұзылып қалса, ел іші ғой, қай жерде қалғанын айтам... Болмаса, біреу-міреуден сәлем жеткіз деп, аманаттап кетем... Мотоңды қи. «Ер мойнында қыл арқан шірімейді» деген. Ақырғы аялдар жерім – Рахман бұлағы... Сонда демалсам деймін.

–       Арасан ғой, ауасы – шипа, суы – бал... Шіркін, демалғанға не жетсін! Біз боқташақтан шыға алмаймыз... «Уазик» алам ба деп ақша жинап жүр едім, жарайды, алсаң – ал, – деп Ойрат тершіген қолын ұсынды; екеуі алақан қысысты. – Биыл күн ысып тұр, – деп қойды тағы да: – Мұзтау жақ бірақ салқын ғой...

Ойрат мотоциклдің темір қорабын ажыратқанша, Байбураға әйелі шай жасап жіберді. Екі бірдей үйелменді-сүйелменді ұлдармен Байбура түн асқан етті қамырымен қарбытып салды. Алтайдың жабайы сусарымсағын қосып, қолдан пісірілген орыстық бөлке нанды да қомағайлана жеп, кілегей мен айраннан сіміріп алды. Аш қарынына ел қонды.

Неміс ой елегінен өтіп, орыстың олақтау қолынан тау мен тасқа төзімді етіп жасалынған ауыр «Урал» мотоциклімен қозғалып кеткенде, Байбура алты ай бос жіберген құр атқа мінгендей күйге енді. Тау-тас пен ой-шұңқырды елеместен Үлкен Нарынға қарай зырлап берді. Катон-Қарағайды бетке алған салт басты, сабау қамшылы Байбура күн батқанша жер апшысын қуырып, жолды өндіріп тастағысы келді.

Күршім мен Катон-Қарағай ауданын қақ бөліп жатқан ұлы жал – алты ай жаз қар-мұзы алатайдай шұбартып жататын Құзғынды-Жайдақтың Ертіске еміне құлаған бұғы танау мүйісін кемерлей жүрді. Ат кекілін тарайтын жазғы самал маңдайынан сипайды. Тау бауырлаған мотоцикл кедір-бұдыр қыр жолында ор қояндай орғып-орғып қояды. Тыныштықта мүлгіген орманды тау арасын көліктің дырылдаған үні дір еткізеді. Жаңғырығып жартастар қалады.

Жолаушының көңіліне жел бітті. Бойын арда сезім биледі.

 

 

ІІ

...Ол екеуі де жарық дүниеге келгенде бақытты еді. Бақытсыз болғандары кейінірек. Көк аспандай кіршіксіз еді. Кірлегендері кейінірек.

Осындай бір бойлауық ой Байбураға оралып өтті. Катон-Қарағайдың зәйежиінде* жатып, ескі темір кереует серіппесін сықырлатып қойып, Алқабегімді есіне алды. Армандары көп еді. Албырт сезімдері асау еді. Ақымақ еді. Арманшыл еді.

Сол күні... сол күні соңғы қоңырау соғылды.

Мектептің жиын өткізетін залында ұстаздарына дастарқан жайылды. Астан қайысқан дастарқан үстінде кеседей бастары майысқан Алтайдың алқызыл модағайлары – шұғынық гүлдері оттай лапылдап, жүректі билеп, сезімді тербеп тұрған-ды. Сол бір тау гүлдеріндей шешек жарған сыныптас қыздар да ерекше нұрлы еді-ау!.. Аққұба, қараторы өңдері бал-бұл жанып, жүректері алып-ұшып бара жатқан. Түн ортасына дейін ата-ана, ұстаздармен кезек-кезек ән салысып, кезек-кезек би билескен-ді.

Түн ортасы ауа үлкендер үйге тарқасып, бұлар Қарасеңгір тауына қарай тартқан. Айдың алакөбең жарығында қарағай-шыршасыз, қараған-бұталы, қара-шұбар жартасты алып қабырға қарауыта мұнарланып қарсы алған. Жетпістен астам өрімдей қыз-жігіт бірін-бірі жетектеп, бірін-бірі сүйемелдеп тау басына – құлама қияға өрлеген. Сол бір жаз сол бір жандар бір ауылдан бірге аттанып кетсе де, ұлы өмір өткелегінде бірін-бірі сүйемелдей алмапты. Тіпті, қазір қайсысының қай қиырда, қай қияда жүргенінен де бейхабар... Опасыз өмір, талайсыз тағдыр-ай!

Мамырдың мамырлаған түні еді. Жылқының арса-арса қабырғасындай қия таудың көбең жоны семіздің сауырындай жайылып сала берген. Ары қарай Мажыраның жазаңы – белең-белең белегірі бұлаңытып, қойнау-қойнау қолаты қарауытып жатқан. Топ-топқа бөлінген бұлар әр жерден алау жағып, қыздар жағы сыңғыр-сыңғыр күлісіп, жігіттер жағы қарқ-қарқ жарқылдасып, от айнала билесіп еді. Жамбасқа құлаған Жетіқарақшы астында мақпал түнді әнмен тербеген. Қыз бен жігіт жұптасып, бір-біріне сыр ақтарысып, жыр жарыстырып мәз-мәйрам болысқан.

Бұл да Алқабегімді ай нұрымен бірге аймалап, әлде бір ұры ойпаңда – қан қызыл модағай гүлінің арасында жатқан. Алқабегімді алқымдап жатып айтып еді.

– Мен сені қызғанамын, Алқам! Мынау түннен қызғанам... мынау гүлден қызғанам... Анау айдан қызғанам... анау сайдан қызғанам – бәрі-бәрінен қызғанам!

–       Қойшы, Бурам! Қызғаншақ болма! Мен сендікпін... Сен мендіксің... Тек қызғанбашы! Мен сені шексіз сүйемін!

–       Онда неге жылайсың? Жылама, Алқам!

–       Бақыттан жылап жатырмын, Бураш, бақыттан...

–       Ой, ақымағым менің! Алданышым менің! Алқам менің!

–       Әне-әне, жігіт атаулының жыры, – деп Алқабегім ай нұры астында аунай бұлқынып, аппақ саны сазандай жарқ етіп еді. – Мен саған алданышпын... Иә, иә! Аз күнгі алданышпын. Ермекпін… Айдалада шашылып қалар алқамын…

Екпеттеген күйі екі иығы солқылдап, жылап жатып еді-ау мұның су жаңа костюмінің үстінде – тапталған шұғынық гүлінің жұпар иісі аңқыған түнгі ауаға тұншығып... Бұл не дерін білмей абдыраған. Алқабегімнің мойыл қара шаштарын саусағымен үн-түнсіз салалай берген. Сондай бір сұмдық сиқырлы балдай тәтті, мұздай салқын сәтті бастан кешкен.

Алқабегімнің айтқаны келді ғой ақыры. Ол бұған бозбала шағындағы аз күнгі алданышы болыпты. Тағдыр атты қатал әмірші екеуін екі айырыпты. Болжалсыз өмірге екеуі де ерттеулі аттай жегіліп, бірі егіліп, бірі бүгіліп күн кешіпті. Ех, арман-ай!

Алматыға арман арқалап келіп, Байбураның көкірегіне шер байланып, Алқабегімнің жүрегіне қайғы айналып, туған топырақтарына томырылып қайтыпты. Тағдырға не дауа?! Тәңірінің ісі емес бірақ, адамның әрекеті кінәлі... бұған. Желтоқсан жендеті бірін барсакелмес атанған Ауғанстан соғысына айдаса, бірін Алматы іргесіндегі Жауғашты әйелдер түрмесіне тоғытыпты. Амал қанша, арман азапқа, тағдыр тозаққа айналса?!

Ортасы ойылып кеткен серіппелі төсекте екі бүктеліп жатып, түннің бір уағында Байбураның көзі ілініп кетті. Ілезде қор ете түсті. Таң алакеуімінен сам жамырағанша – Күршімнің Қаратоғай ауылынан Катон-Қарағай аудан орталығына жеткенше жанталасқан жанкешті тән бір сәт байсал билеп, шүберекке түйілген қу жан да байыз тапты.

Тау жолы соғып, Ертіс суы сорып тастаған Байбура өлі ұйқыға шым батты. Жаны жай тапқан, тәні толас тапқан әлден бір уақытта санасы да серги берді. Сергу санаға жазғы қаракөк аспанды көктей өткен сол бір боз сәуле – Ана-Бөрі сұлбасы келіп қонақтады.

Сол-ақ екен Байбура тап өңіндегідей көрінетін өзге бір ұлы әлем – түс әлеміне еніп кетті... Ана-Бөрі болып келген қасиетті Бозиесі құдіреттің күшімен жұмбақ құбылыс жалт еткен дүниеге ертіп кетті.

Түсіне Алқабегім кірді. Ақиқатында, Алқабегім басынан кешкен қиямет-қайым өмірдің өткеніне Байбура түс арқылы өзі оралып, санасында сәулелене көрініс тауып еді...

Алқабегімнің өңі қудай екен. Көгілдір бөлме ішіндегі операция үстелі үстінде жатыр. Бас жағынан жарық лампалы шарайна төніп тұр. Жанары жұмық. Тұмсығы томпиған аппақ демалтқыш аппаратпен тұмылдырықтаулы. Екі жағынан қатарласа тұрған ақ халатты дәрігерлер қызу қимылдауда.

Олардың ақ қолғап киген қолдары қып-қызыл қан. Кенет кіндікке дейін жарылған жатыр ішінен жармақ сәбиді суырып алды. Оны төмен жақта тұрған біреуісіне бере салды. Ол жармақты бір қолынан көтеріп тұрып сілкіп қалды да, құйрығынан тартып-тартып жіберді. Үсті шырыш пен қан-қан жармақ сол сәт жан кіргендей шыр ете түсті.

Жармақ сәбидің жан шырылын күтіп жатқандай, Алқабегім оқыс көзін ашып алды да, қайта жұма қойды. Оны бірақ жанталаса тігіп жатқан дәрігерлер байқамай да қалды. Іле Алқабегімнен әлдебір сағым сияқты сәулелі сұлба бөлініп, төбеге қарай көтеріле ұшты.

Бұл сұлба – Алқабегім рухы еді...

Алқабегім рухы төбеге дейін көлбей көтеріліп, өзінің жазықсыз тәніне жармасып жатқан дәрігерлерге төніп қалды. Ұлы рухы жан мен тәнге қақ жарылып, төбеден таңырқай төнген Алқабегім үнсіз мұңаяды. Тәні кергіде, жаны көкте.

Сөйткенше дәрігерлер жанталасты да қалды.

–       Жүрегі тоқтап қалды...

–       Тез! Тез! Тыныс алдырыңдар! Тыныс... искусственный...

–       Электрошок... электрошок! – деп айқайлады бірі.

–       Тігіп біттің бе?

–       Біттім! Біттім! – деді екіншісі.

–       Тыныс беріңдер, тыныс!.. – деп ысылдай айқайлады тағы бірі.

Олар ақ халаты желпілдей, ақ қолғапты қолдары ербеңдей қанша қимылдағанмен, Алқабегім тәні жансыз жатыр еді.

–       Бітті! Жүрек тоқтады...

–       Кеш қалдық... Бұ қалай болды?!

–       Жүрегі де бірқалыпты жұмыс істеп тұрған...

–       Нархоз да мөлшермен берілген еді, – десті бәрі де.

–       Сәби аман қалды... Оған да шүкір!

–       Иә! Анасын жұтқан жалмауыз... Шата ғой!

–       Шешесі тапқысы келмепті...

–       Желтоқсан жендеттері зорлапты...

–       Іштен шыққан шұбар жылан ғой, шешесі қанша рет түсірем деп әрекет жасапты... Түспепті.

–       Қарнына қанжардай пышақ та салыпты, бейшара! Аман қалыпты.

–       Ақыры осы... Өзі құрбан болды.

–       Моркке жіберіңдер. Шақыр әлгі қортықты!

Қортық та есік сыртынан сумаң етіп жетіп келді.

–       Орақбай, әкет мынаны!

Қортық Орақбай Алқабегім жатқан жансыз тәнді арбасы үстіне аудара салып, әкете жөнелді. Отызды орталаса да отау құра алмай жүрген қортық-шартық жігіт сүйек лақтырғанға ұмтылған кәрі кәндендей жылмаң қақты. Жымиып қойды... Оның соңынан ұшып Алқабегім рухы да ілесті.

Қортық, мәйіт, рух – үшеуі де төмендегі салқын жертөлеге лифтімен түсті. Мұнда мәйіттер ақ матаға оралған күйде су төгілген цемент еден бетінде шашылып жатыр екен.

Салқын жертөледен суық бір леп еседі. Орақбай бірақ сескенетін емес. Қамыт аяқтары қорбаңдап, қортық жауырыны күдістене көтеріліп, Алқабегім тәнін бұрышқа таман арбасымен сүйреп барды. Оған мынау мұздай қатып жатқан сүйектер мен көңілге үрей ұялатар салқын мәйітхана мүлде әсер етпейтін секілді. Дағдылы жұмысы ғой.

Әлі суынып үлгермеген Алқабегімнің жып-жылы тәнін арбадан аударып тастауға ерінгендей, Орақбай қортық бір мезгіл дағдарып тұрды. Жан-жағына мысықша ұрлана қарап-қарап алды. Ешкімнің жоғына көзі жеткендей болды ма, кенет өзінің иығынан келіп тұрған арба үстіне секіріп мінді. Сол бойда шалбарының ауын ағыта бастады.

Бір сұмдықты түйсінген Алқабегім рухы оқыс сілкінді. Ол әлі де ауын ағыта алмай әлектеніп, арба үстінде, мәйіт тізесінде шоқиып отырған Орақбай жүзін шапалағымен тартып өтті. Қортық бетін әлдеқандай жылы леп жанап өтті. Ол да аңырып қалды да, шешеден бір боқтап жіберіп, ауының түймесін үзіп жіберді. Енді рух та шыдай алмады білем, әлі суынып үлгірмеген тәніне Алқабегім қалай қойып кеткенін өзі де сезбей қалды. Сол сәтте тұла бойы тіксіне шымырлап, жаны ышқына қиналып, төмен жағында томардай шоқиған қортықты шірене тепті.

Ет пен сүйектен біткен бұла тәнде ыстық қан жүгіріп, бұлшық ет ширығып, сана да саралана берді. Алқабегім оқыстан басын көтеріп отырды. Ал Орақбай қортық болса, оқыс жан кіріп, тұтқиылдан тірілген мәйіттен зәре-иманы ұшып, шығар есікке қарай еңбектеп бара жатты.

Жан-жағына шошына қараған, сана-сезімін үрей билеген, жарылған жатыры қиналта ауырған Алқабегім:

–       А-ай!.. – деп айқайлап жіберді. – Малғұн... малғұн!

Сол бір сәт Байбура да шошына оянды...

Таң атып кетіпті. Бұл аш күзендей бүктеліп жатыр екен. Орнынан оқ жыланша атыла тұрды. Түсінен шошынған жаны ышқына қиналды.

– Астафиралла! Ой, Аллай-ай, не жаздым?!

Әлгіндегі ауру Алқабегім де жым-жылас.

 

ІІІ

Катон-Қарағайдан тез аттанып кетті. «Таңғы ас – тәңіріден» деп түйді, ел іші... Тек темір сәйгүлігіне жанар майды толтырып алды. «Рахман бұлағы» шипажайына дейін жетуге тиіс.

Шілденің шаңқан күні. Алтайдың ақ бас биіктерін сайтан көбелекше шыр айналып жүретін ұшпа бұлттар да жоқ. Өрел мен Берелге қарай созылған асфальт жол да бұзыла қоймапты. Баяғы бала кезінде әкесі Құзғынды мен Жайдақ асырып, Шыңғыстайдың үстінен атпен түсіргені есінде… Әлде бір алыс нағашыларының шаңырағынан бәсіре мініп қайтып еді.

Енді, міне, Мария-Агата Сван үшін Рахман бұлағына бас бұрып келеді. Ол бар ма, жоқ па – белгісіз. Басқа бірақ амалы да жоқ. Көңіліне тиянақ, тағдырына араша – сол Мария-Агата болардай сұңғыла сезім билеп, сырғақ сенім ұялап алған.

Қара шашын жел қайырып, екі дөңгелекті мотомен ұштырта түседі. Алматыдан шыққалы жол үстінде. Құдай-ау, күллі тынымсыз ғұмыры сандалған сапар сауырында өтіпті-ау! Алтай – Алматы – Ауғанстан – Кавказ – Алтай... Қанаты күнге шарпылған, шеңгелі қанға шыланған қырандай еліне, кіндігі кесілген жеріне де оралыпты. Тұзақ түскен тағдыры, тозақ кешкен өмірі кімге мәлім?! Кімге дәру?! Ешкімге... тек өзіне... Сол сияқты Алқабегімнің де ащы тағдыр-талайы тек өзіне... Тәңірінің қалауымен мұның түсіне кіргендей көнбіс рухы қалай жынданбасын?! Қалай қамықпасын?! Пенде атаулы бір-біріне жау бола алады, бірақ қу жанына пана бола алмайды екен. Өмірі ойрандалған, санасы сансыраған қайран сұлу! Ару Алқабегім! Қайтейін! Обалың кімге?!

Байбураның көзінен парлаған жасты жел іліп әкетіп жатты…

Ал Ертіске құяр тар сағадан Мұзтаудай мұзартқа дейін созылып жатқан ұлы Бұқтырма аңғары Байбурамен бірге аңырап тұр еді. Жолаушының оң жағын ала ұзынынан ұзақ созылып жатқан Құзғынды-Жайдақ жонының алқам-салқам алып қабырғаларының құз-қиялы, сай-салалы, ұры жылғалы беткейінде сыңсыған арша-шыршалы, қарағай-қайыңды, қарақат-ұшқатты қалың орманы да күңіреніп кеткендей. Сол жағын ала арсы-күрсі алқына аққан Бұқтырма өзені де тауды іреп, тасты жарып сарылдай, гүрілдей үн қатады. Атпен жүрсең неше күншілік ұлы аңғардың астаудай ұзына бойы Байбураның боздаған жан-дүниесіне қосыла жылағандай әсер етеді. Көкпеңбек көгалдар ойбауырымдап тербелгендей, көкке шаншылған қарағайлар ырғала жоқтағандай тау арасы мотоцикл дауысымен жаңғырығады.

Алтайдың бұлт бұққан кірсіз аспаны мен тұмса күйін сақтаған кіршіксіз табиғаты осынау бір шілде күні саумал самалымен кең дүниені желпіп тұр. Кей тұста тау бауырлап, кей тұста тау жазығын жебелеп, кей тұста орман ішін сүңги көбелеп, кей тұста көпірлі өзендер үстін кесіп, көлігінің шабақты дөңгелегі шырайнала ағызып келеді. Бір бұрылыстан қозысын ерткен үш елік таңдары жарқылдап, балапан шырша бөріктене өскен мүйіске еніп кетті. Енді бір тұста жол қолмен қашап тұрғызғандай жақпар-жақпар жартасты, етегін ақ қайың мен бозтал көмкерген, биігін жай түскен қу қарағай мен самырсын бөктерген оқшау шоқыға кеп тіреліп, айналып өтті.

Көздің жауын алып, аузыңды аңқита аштыратын Катон-Қарағайдың сұлу табиғаты хас арудың тал мүсін, кербез кескінін елестетіп өтеді. Шыңғыстай ауылы тұсынан арша-шырша таласа өскен құлама қияға қарай мүйізін кесіп тастаған әлде бір кер бұғы керіле шапты. Байбураның да көңілі көтеріліп сала берді.

Өрел ауылына жете асфальт та таусылды. Ары қарай тастақ жол. Өрелден өте, Бұқтырманы бойлай өрлеген Байбура өзен жиегіне мінбелей, орман ішін тінткілей шаңырақ көтерген қос киіз үйге тап болды. Жолдан шұғыл бұрылды.

Түс боп қалған. Байбура дарылдаған көлігін қаңтарды. Мұны Бұқтырма суының шуылы мен ала төбеттің әупілі қарсы алды.

Қымыз ашытып отырған алпысты алқымдап қалған егделеу ерлі-зайыпты екен. Байлағандары бес бие. Өрелдіктер көрінеді. Бос отырғанша ауылдағы бала-шаға мен немерелерге сусын болсын деп ұстапты.

Байбура өзін Өскеменнен «Рахман бұлағы» шипажайына демалуға келе жатқан адам ретінде көрсетті. Найманның түйе бауырсағы – найман бауырсақтан қарбыта асап, бал татыған бесті қымыздан шоң шынымен сыздықтата сімірді. Сарайы ашылып, қарағай арасына көлеңкелетіп тігілген салқын-сабат киіз үйде маңдайынан тер бұрқ ете түсті. Картоп пен тау сарымсағы араластырыла қуырылған қойдың қуырдағын да сылқитып алды. Таң атқалы оразасын ашпаған азамат атжалмандай жалмаңдады. Үй иелері де құдайы қонаққа құрақ ұшты.

Қымыздан бойы қызып, балбырай бастағандай болды. Үлкендерге рахметін жаудырып, сыртқа шықты. Іргедегі жарқабақты солқылдата соғып жатқан Бұқтырмаға беттеді. Кеудесін беліне шейін жалаңаштап тастап, балтырды тізеден түріп, жалаңаяқ тұрып жуына бастады.

Басын Мұзтаудан алатын Ақбұлқақ өзенінің тастай суымен қорлана ағатын Бұқтырма қымызға қызған тәнін мұз басқандай басты. Сергіп сала берді. Қымызшылармен қысқа қоштасты.

Рахман бұлағына қарай ұлы шатқал тереңдеп, жол қиялай қабырғалап биіктеп, қақпа тасты бұрмалар көбейіп, атам заманғы қарағай, самырсын орманы итініп, Байбура асықпай жүрді. Рахман мен Қаракөлге айырылатын жол айрықта бұл солға бұрылып кетті.

Сол бетінде Ақбұлқақ өзенінің жүз метрдей биіктіктен тастан тасқа секіріп, қойтастардың арасында бұлтың-бұлтың етіп, бойжеткен сұлудай бұлғақ-бұлғақ қағып, құлай ағатын әйгілі сарқырамасы басынан бір-ақ шықты. Қарағай мен шырша көмкерген қия бетте құлай аққан судың таңғажайып сұлулығына таң қала тұрып шөлін басты.

Балапан шырша мен балғын тал, ақ қайың мен көк терек, биік шөп  тұнған төңірек сарқыраманың ақ көбік шашқан аткөпір суының сарқ-сұрқ қайнаған дауысына ұйып, самалмен тербеледі. Сарқырама маңы дым бүркеді. Ескен самал да дымқыл.

Сарқырама басында салқындап алған Байбура үдере қозғалды. Белуардан жайқалған көк тотыяйындай қалың шөп тау жолының кемерін тұтып, мотоцикл дөңгелегіне оралады. Қаракөлге қарай жақындаған сайын төңіректі түбіттей тұтқан шыршалы орман молая түсті.

Бесін ауған мезгіл. Орман селдіреген белең үстіне шыға келгенінде, Байбураның жүрегі шым ете қалды. Көз алдында адам айтса нанғысыз әсем сурет қаламмен сызып қойғандай жарқ ете түсті. Көлігін қалт тоқтатты.

Көкпеңбек айдынды көл. Аумағы аламан бәйге шаптырым. Тұп-тұнық көл айдынына көлеңкесі шомылып Мұзтаудың тәкаппар шыңдары шайқалыссыз көлбейді. Бұған жақын етегінде екі бұлан көл кешіп, бір-бірін желкеден қасынып тұр. Жиектей созылған белеңнің бауырын жалдай жатқан қара жол тепсеңге орын тепкен орманшылардың үйіне барып тұйықталыпты. Ал көлдің арғы бетіндегі қысырдың жонындай бесік сауырлы, орманды таудан асып, аттың ері тектес қос қасы күміс жапқандай шоқылана көтерілген атақты Мұзтау шыңы асқақтайды. Оның ұлы сұлбасы көл бетін әрлеп, көз тұнар сұлулыққа суғарып, айдынға аққудай шомылады.

Осынау көңіл аулап, көз арбайтын сұлулық Байбураны да қаққан қазықтай қадап, қадалтып тастады. Ауғанстанның Гималай мен Гиндукуш, Кавказдың Эльбрус секілді әсем таулы жерлерін көрсе де, Катонның Қаракөлі мен Мұзтауы, Күршімнің Марқакөлі мен Құзғындысы сияқты мінсіз сұлулықты Байбура кездестірген емес. Қоңыр салқын самал жүзін сипап өткенде ғана ес жиғандай күйге енген ол көлігін оталдырды. Егерьлердің ақ самырсыннан қиып салған дөңбек үйіне тез-ақ жетті.

Жай уақытта адамдар толып жүретін орманшылар үйінде бір-ақ адам болып шықты. Қалған егерьлер шетелдік туристерді: көбісі – орысы, фині, шведі, французы бар рерихшылар* екен, Мұзтауға қосар атқа мінгестіріп-ұшқастырып алып кетіпті.

Атүсті таныстықтан соң:

–       Жақсы келдің, Бектұр, – деді елуді еңсеріп кеткен егерь Әбділда Дөлденұлы Байбураға. – Әйтпесе бүгін анау мол сорпаға жалғыз түсетін болдым-ау деп отыр едім.

–       Ол қандай сорпа? – деп қалды Бектұр-Байбура.

–       Ә, сен білмеуші ме ең? Бұғы мүйізінің сорпасы ғой. Кеше Жуан Жиембек пен Сапылдақ Саниязбек мүйіз алып келген. Жас мүйіз. Июньде кесілген.

–       Бұрын естіген едім, бірақ... – деп Байбура тоқтап қалды.

–       Иә, Бектұр, саған бұйырып тұр екен. Моншаны да жақсылап жағып ек. Аяқ астынан әлгі бір рерихшылар деген перілер келе қалмасы бар ма... Долларды көрсеткен соң, екі қолдарын алдарына салып бос отырған егерьлер де жанып түсті.

–       Сорпаға да қарамады ма?

–       Қайдан қарасын, бұғының қаны – пантакринді ішіп алған соң, егерьлер де перілер боп шыға келді... Рерихшылардың арасында қыз-қырқын мол екен. Пантакрин оларды да құтыртып жіберді. Түс ауып бара жатса да тұла бойлары қызып, ұлы тәндері қозып алған екі жағы да атқа қонды ғой.

–       Олар Мұзтауға бүгін жете ала ма? – Байбура еріксіз сұрады.

–       Жете алмайды, бірақ желігіп алған жұртқа дауа жоқ. Шілде ғой. Тау қойнауы жылы. Біздің егерьлер жас жігіттер ғой. Бөктергілерінде жылы киім жетерлік. Ана періштеміз деген перілердің да палаткалары бар. Тоңазып жатса, қойындаса кетуден тайынбастай көрінді... Пантакринді де өкіртіп сатып алды ғой. Әй, бір отыз шөлмектей бар.

Әбділда мен Байбура әңгімелесе жүріп етектегі дөңбектен салынған моншаға кірді.

–       Есікті ашып таста да, шешіне бер. Мен моторды қосып келейін. Жарық керек, – деді егерь. – Әлгі Саниязбектің ақылды иті – Белка-Санияз да ес еді... Бүгін кеш жалғыз өзім жарықсыз-ақ отырам ғой деп едім. Бектұр, бауырым, қайта сен келіп...

Тау арасына кеш ерте түседі. Күн тау тасасына тығылған. Алакөлеңке монша іші ыстық екен. Жарық та жанды.

Байбура қайың жапырақты сыпыртқымен соғынып жатқанда, Әбділда да сөйлей енді.

–       Көп соғынба! Давлениең көтеріліп кетпесін. Жай шайынсаң болды. Сорпаға түсеміз ғой, – деді. – Сенің жолдан адасып келгенің де дұрыс болды, мүйіздің қан сорпасы тәніңді жібітетін болды.

–       Аға, мен жолайрықтан солға емес, оңға кетуім керек қой, – деп Байбура қайыра сұрады.

–       Иә, Бектұр оңға кетіп, сол жолдан бұра тартпауың керек, – деп Әбділда ауыз бөлмеге шыға берді. – Қаракөлге бір шомылып алайық. Денеміз салқындасын.

–       Жолдан адасқаныма өкініш жоқ, – деді Байбура. – Аса бір асығыс та емеспін. Қаракөлдей ғажап көлді, көлге құлаған Мұзтаудай сылқымның сұлу суретін көрдім. Ақбұлқақтың экстремалдар қайықпен құлайтын сұмдық сарқырамасын қызықтадым. Ол аздай, бұғы мүйізінің сорпасына шомылайын деп тұрмын.

–       Бектұр, бауырым! Бұл Алтай ғой. Оның жұмбағы да, жұмағы да баршылық. Тек байқай біл. Көз керек. Өкінішке қарай Мұзтаудай арудың көлге түскен сұлу сұлбасы ғана біздікі...

–       Қалайша?

–       Соған ғана малданып қалдық қой. Оны Ресей алып қойған. Қазір орыс қызығын көріп отыр. Қиыр шеттегі Мұзтау тұрмақ, Алматының іргесіндегі Хантәңірі де қытайға қарап кетіпті дегенді егерьлер айтып жүр... Бізден қырғыз күшті боп тұр дейді, олар Хантәңірінің өздеріне қараған бетін қытайға қиғызбапты...

–       Сонда біздегі ұлы шыңдар жоқ дейсіз бе?

–       Солай болып тұр. Еліңнің шекарасына шолғыншы қарауыл, есігіне сес болған қос босаға – егіз қозыдай шың енді жоқ. Егіз біткен найза-ұшар тәуелсіздікпен бірге тұманға жұтылды. Шыңдар ұлы болғанмен, ұлт ұлы бола алмай тұр. Қазір ұлылардың орнын ұлықтар басқан, ер ұлдардың орнын ұрылар басқан. Ұры заман – ұлы заман атанған бір улы заман ғой... Ел етекке қарай еңкілдей көшкен, жер жетімсіреп жұтап қалған бір уақ. Біреу Сырдан, біреу қырдан ауып жатыр. Қайда барарын құдай білсін?!

Екеуі суығы мидан өтетін көл суына бір-бір шомылып шықты. Қоңыр кеште Мұзтау жақтан соққан желемікке жондарын тосып, тістері тістеріне тимей сақылдады. Иектері икемге келмей дірілдеп, сөйлеуге мұршалары келмеді.

Асығыс моншаға кірді. Байбура егерьдің еріксіз артынан ерген. Олар ауыз бөлмеден енетін тағы бір есікті ашты. Кеңдеу бөлме екен. Ішінде төрт бірдей кісі бойы ұзын, кәдімгі шомылатын темір астау тұр. Ортан белдеріне дейін қаракүрең сұйықтыққа толып тұр.

Әбділда келген бойда шетіндегі астауға шым батты.

–       Ух! Ой, жаным-ай! – деген дауысы да шығып кетті.

Состиып тұрған бұған:

– Түс! Не қарап тұрсың? – деді асыға сөйлеп: – Қазір жаның жай табады... Ой, жан-ай! Қу жан-ай! Шіркін, қорғасын сорпа!

Байбура да қасындағы астауға қойып кетті. Қан жылым қоймалжың сұйық тоңазыған тәніне майдай жақты. Дененің дірілі, тістің сақылы сап тыйылды. Бой-бойы шымырлап ала жөнелді.

–       Қалай? Денең жаңа туған сәбидің ұлпа тәніндей балбырайды әлі, – деді Әбділда. – Бұған патшалар не үшін түседі дейсің, күш-қуат жинау үшін... Денсаулықтың дәрісі. Табиғи шипа.

–       Ой, рақмет, аға! Өмірімде күтпеген нәрсем еді...

–       Рақметті маған емес, Алтайдың ақтаңдақ бұғысына айт! Тәңірінің өзі текті етіп жаратқан жануар ғой...

–       Аға, тәнімді мың сан ине шабақтап жатқандай, – деп қалды Байбура.

–       Ол жақсы. Бойыңды әбден суық қармап қалған ғой... Тек ұйықтама! Жүрегің ауырмай ма? Қан қысымың қалай еді?

–       Ойдағыдай, аға, қорықпаңыз, – деп Байбура да балбырай түсті.

Қара тырнағынан қара шашына шейін шанши жыбырлап, қарақұсынан сүбе құймышағына шейін ысый шымырлап әкетті. Екеуі де тасбақаша бастарын қылтитып, қан сорпа ішінде көздерін тер жауып жатты.

Сүт пісірім уақыт өте орындарынан тұрысты.

–       Енді пантакрин де, шай да ішуге болады, – деді егерь Әбділда Дөлденұлы.

Олар түн жамыла дөңбек үйге қарай келе жатты. Көл бетін тербеген ызғарлы леп киімшең жауырындарынан оқша қадалады.

Ай әлі көтеріле қоймаған. Төңірек құрым киіз тұтқандай қараңғылық құшағына батқан. Айнала орман да қалғулы. Дүниені өлі тыныштық билегендей. Осы бір өлі әлемге тігілген сансыз шырақтай жұлдыздар ғана жамырай жылтылдайды. Қараңғылық көгінде олар да мәйіттей сірі жерге жақындай түсіпті.

Мұзтаудың ақшаңқан басы да қараута қалыпты.

 

IV

Қарағайдан қиып салынған төрт бөлмелі үйдің іші құлаққа ұрған танадай. Салқын. Қараңғы.

Байбура мен Әбділда ас-су ішіскен соң қисая кетіскен. Пантакринді шай қасықпен екі-екіден тартып алысқан. Мүйіздің сорпасына түсіп, мүйіз қаны аралас күрең сұйықтық ішкеннен бе, Байбураның бойы қыза түсіп, жамылған көрпесін серпіп тастады.

–       Жамылмай-ақ қой, сорпадан соң ащы терің басылып қалды ғой, – деді Әбділда.

–       Бойым қызып... ішімде бір жалын бар секілді, – деп Байбура шалқалай аунап түсті.

–       Пантакрин әсері, – деді егерь, – қаның таза екен, бірден бауырыңа барған ғой. Сен ертең кетпексің, ә?

–       Иә, Рахманға жетуім керек. Күткен адам бар, – деді Байбура елеусіздеу қып.

–       Десе де, сорпаға, болмағанда, үш күн түсуің керек еді... Бұған жеті күн немесе он үш күн шарттап түседі. Сонда әсері ерекше күшті. Сүйегің жібіп, етің елжіреп, жаңа туған сәбидей боласың, – деп егерь де қырындай жатты. – Әйел адам болды ғой... – деп қойды.

Байбура «жоқ» дей алмады. «Солай» деді жай ғана.

–       Онда жөн. Асығыссың, содан сездім. Жалпы, еркек әйел мен ажалға асығады, – деп қойды.

–       О не дегеніңіз?! – деп Байбура тіксініп қалды; талай тажал мен ажал жүзбе-жүз жолыққанда дір етпеген жүрегі тұңғыш рет сыр бергендей болды.

Әбділда да әбес сөйлеп қалғанын сезді білем, үнсіз қалды. Іле:

– ...Пантакрин ішкен соң құр аттай желесің, – деді жуып-шайған боп: – Бұл өзі еркекті үйірге түсер атпал бұғыдай, әйелді сыңарына сүйкенер бұла маралдай күйге ендіреді. Не бір салбөксе ұрғашы мен сары кездік еркек аз күнде-ақ зар күйіне келеді... Сондықтан ғой алтайлықтар кесіп жатқан маусымдық мүйіздің атқылаған қанын шімірікпей жұтатыны. Бізді білмейтін жұрт «қан ішкен қазақтар» деп таңырқасады.

–       Сұмдық екен, аға! Жүрек лоблар...

–       Бу көтерілген ыстық қанға аздап арақ қосады ғой... Бір-ақ тартасың. Жылқының үлпершек майын шикідей жұтқандай, май ішкендей боласың, – деп Әбділда тамсанып қойды. – Жә, жігітім, ұйықталық!

Байбура бірақ әлден бір уаққа дейін ұйықтай алмады. Қараңғыда тәні қызып, аунақшып жатты. Қасындағы егерь дүниені басына көтере қорылға басқан. Ара-арасында мұрны шуылдап, Алтайдың тиін түстес ұлпа түкті тараққұйрық тышқанынша ысқырып-ысқырып қояды.

Байбураны да байсал бір күй биледі. Көзі жұмылысымен бой-бойы қорғасындай балқып, шымыр-шымыр еткен шымшыма да сап тыйылды. Өлі ұйқыға дендеген мезгілде өткен өмірі түстей орала берді.

Жұлдыз шырақтары жанған қараңғылық көгінен жұлдыздай ағып түскен Бозиесі – Ана-Бөрі түс боп шайқалған өмірінің тағы бір талқы кезеңіне тап қылды. Әйгілі Ауғанстан таулары арасында ұшып келеді екен... Верталет ішінде екен. Әлемге белгілі «МИ-24» тікұшағы. ДШБ-ның* жиырма бір десантшысы темір қалбырға нығыздалған шарасыз шабақтар секілді.

Гиндукуш тауларының айыр өркешті, жалаңаш жақпар жартасты сілемдері. Тікұшақ оқыс селк етті. Сол-ақ екен шайқалақтап қалып, кенет қиялай құлдилай берді. Сөйткенше ұшқыштар отырған кабина лау етіп отқа оранды да, бүйірлей ұшқан тікұшақ іші көк түтінге толып кетті.

– Без паники, десантники! – Командир дауысы оқыс шықты.

Талай ұрыста шыңдалған жауынгерлер қабырғаға құлай жабысып қалса да, үрей шақырыспай тілін тістеді. Тұмсығы отқа оранып, құйрық жағынан қара түтін будақтаған әскери машина қиғаштаған күйі бүйірлей барып құлады.

Бүйірін сыза жерге соғылғанда ғана десантшылар дауысы шығып кетті. Үйме-жүйме болды да қалды. Байбура артқы жақта ремен тұтқадан ұстап тұрған, бұл да бірақ әлдебіреудің үстіне оңбай құлады. Естерін жияр-жимастан есікті теуіп, өңшең жас сарбаз сыртқа ұмтылды.

Десантшылар тікұшақ багы жарылғанша сүйрелеп жүріп бірін-бірі шығарысып алысты. Ұшқыштар өртеніп кетті де, бұлар жан-жақтарын жанталаса барлады. Бір жағы – дөңгелене біткен жартасты құлама құз, қарсы беттері мен қапталы қожыр тасты қыратты биік тауға барып тіреліпті. Дұшмандар* сол биіктен тікұшаққа оқ атса керек.

Командирлері капитан Беркутов Булат дереу қожыр тастарға бекінуге бұйырды.

–       Сержант Майданов, сол қапталды жап! – деп бұйырды қысқа ғана.

Беркутов Ауғанстанда төртінші жыл соғысып жүрген тәжірибелі офицер еді. Ұлты – орысқа сіңген татар. Лақап есімі де «Булат-татар». Байбура екеуі соңғы бір жарым жылда жұптарын жазған емес. Бұлардың ротасын жұрт «элита-эдельвейс» дейтін, өйткені тау басында жүргізілетін ұрыстарға алдымен аттандырылатын. Сан мәрте сын болған жорықтарда дұшмандарды сан соқтырып, абыроймен, аз шығынмен оралған.

Бұл жолы барлауға жіберілген болатын. Өкінішке қарай діттеген жерлеріне жете алмай, ұшқыштардың адасуынан айдалада апатқа ұшыраған.

Байбура сегіз сарбазды алып сол жақ қапталға – құлама қия құз шетіне дейін орналастырып келгенде, командирі де он сарбазды қақ маңдайдан қақпа тастар арасына жасырып үлгеріпті.

–       Бура, – деді өзімсіне капитан Булат-татар, – жігіттердің бірі бір қол, бір аяғын сындырып алыпты. Жансызданғыш ине салып, таңып тастадым. Әйтеуір оң қолы аман, автомат ұстай алады.

–       Рациямен хабар бердіңіз бе?

–       Ең қиыны да сол болып тұр. Жаңа жанталасып жүргенде рация вертолет ішінде қалып қойыпты.

–       Қол-аяғы мертіккен радист пе еді, – деп Байбура дөп басты.

–       Солай болып тұр. Жауынгерлер оны жанып жатқан қарғыс атқырдан зорға шығарып алғанда, рация қала берген.

–       Мылқау қалдық деңіз...

–       Бәрінен бұрын біздің құлаған кординатамызды ешкім де білмейді... Командование енді бір сағаттан кейін ғана іздей бастайды. Оның үстіне біз маршруттан қиыс кетіп құлағанбыз.

–       Түсінікті, капитан! – деді Байбура. – Сағат екі жарым, кешке дейін шыдасақ, түн жамылып жылыстап кетерміз.

–       Жылыстатса... Көмек те келіп қалар. Мүмкін самолетпен де іздер. Олар тез табады, – деп Булат-татар үміттеніп қойды, бірақ дауысынан сенімсіздік сезіліп тұрды.

–       Солдаттарға айту керек шығар, – деді Байбура.

Булат-татар бір сәт ойланып қалды.

–       Айтсақ – айтайық... Тек байқа!

–       Әрине... Білсін! – деді Байбура нық сөйлеп.

–       Әне, «қонақтар» да көрінді, – деді Булат-татар. – Кеттік. Оқты үнемде!

Дұшмандар тау төсінен бұлар бекінген қыртыс-қыртыс жартасты мойнаққа қарай түсе бастапты. Жиыны – он шақты-ақ. Олар тау қиясынан төмендеп, етекте іркіліп қалды. Әлде біреулерді күтетін сыңайлы.

Сағат жарым өткенде биік таудың үйрек тұмсығын айнала жүзге жуық жаяу адам қарасы көрінді. Байбуралар бірден түсінді. Тікұшақты ойда жоқта олжалы еткен топқа әлде қайда жорыққа кетіп бара жатқан дұшман жасағы бұрылғаны белгілі болды. Мұздай қаруланған, көбісі қап-қара, сұр шапан киінген.

Екі жақтың күші тең емесін бәрі білді, бірақ қан ішіскен қас дұшпандар аямасқа бекісті. Топ-топқа бөлініп, толқын-толқын боп, кезек-кезегімен тоспа-қақпа тас паналап ұмтылған жау жағы десантшылардың тосқауылынан беті жиі қайтты. Ұрымтал жерге жолбарыстай бекінген Булат-татар мен Байбура жігіттері дұшманға бел алдырмады, бірақ бұларға да дұшпаны бел жаздырмады. Бес реткі шабуылда жеті жігіт мерт болып, бірнешеуі жараланды.

Күн де кешкіріп қалған еді...

Табиғи орқаш-орқаш жартас арасында жарты ай сияқты бекінген аз ғана шуравилерді* бес рет ұмтылып, қаншама шығындалған моджохедтер амал жоқ басқа әдіске көшуге ұйғарды білем, минометпен атқылай бастады. Ізінше сұрапыл шабуылға шықты. Танк ататын, тікұшақ ататын снаряд атқыш қарулармен де атқылап, бар-жоғы он шақты десантшыларды бас көтертпей жоюға тырысты.

Қолына қару іле алатын жаралылар тістене қимылдап, саусағы қимылдаған қансырағандар сүйекке қарыса автомат қораптарын оққа толтырып, сау қалған бес десантшыға дем берді. Жарылған граната мен жан алқымнан алысқан жекпе-жек қас қарайғанша созылды. Сонда да десантшылар соңғы демі біткенше, қасық қаны қалғанша айқасып бақты. Өліспей беріспеуге бел буды.

Қолма-қол ұрыста қанжар салысуға дейін барысқан бес жауынгерден ымырт жабылғанда Николай Устюжов пен Булат-татар, Байбура ғана тірі қалды. Капитан Булат Беркутов екі аяқтан, Николай қол қарынан жаралы. Аман-сау Байбура ғана. Түн жамылған үшеуі он сегіз десантшының өлі екендеріне көз жеткізген соң, Байбура бекінген сол жақ қаптал тұстағы құз жартастан тік түсуге бел байлады.

Ай тумаған. Дұшмандар ай сәулесін күтуде...

Байбура жорыққа шығарда беліне орай байлап алатын парашюттің жуандығы саусақтай ғана бес метрлік жіп-жіңішке жібек жібін шешті. Мұны осы командирі Булат-татар үйреткен. Капитан Булат та белінен бес метрлік жібек арқанды босатты. Ай туғанша үшеуі де құтылып кетпек боп, ширақ қимылдады.

Көк төріндегі көп жұлдыздың әлсіз сәулесі тау ішіндегі қою қараңғылықты серіппесе де, мұнарлы дүние қарауыта түсіп, жақпар тастың арасы жік-жігімен көзге шалынады. Тау төсінде өскен Байбура мен орман ішінде еркін жүрген Николайға құз етегі қазанның түп күйесіндей қараңғылыққа тұнып жатса да, қасқыр азу жартасты жықпыл арасын барыс көзденген қарастары жазбай таниды.

Бұлар жібек арқанды бір-біріне жалғады. Алдымен қолтығы астын ала кеудесіне арқан байлаған Николай төменге түсе бастады. Ол жалама жартас қуысымен барысша баспалап, берц бәтіңкесін тас бедеріне тіреп, саусақтарымен тас қуыстарын сипалай іздеп, бетін салқын тасқа басып жылжығанда, Байбура табанын тасқа тірей отырып, жіңішке арқанды саумалай жіберді. Кейде солқ етіп жіпке асылып қап, кейде өз бетімен жартасқа жыланша жабысып төмендеген Николай да епті екен.

Арқан ұшына тақағанда Байбура арқанды ырғай-ырғай қағып, «тоқта» деген белгі берді. Николай да жібек арқанның ұзындығын мөлшерлеп бара жатса керек, сәл жылжып тоқтағандай болды да, арқанды шешіп, жоғарыға тарт дегендей толқып-толқып белгі жіберді. Сонда ғана Байбураның күдікті көңілі орнына түсті.

Енді ол командиры Булат-татарды кеудесінен арқанға мықтап байлап, қараңғылық сүлеленген төменге қарай саумалап жібере бастады. Жарасы жанына батса да тістене түсіп, қолы сау капитан да құздан құлдырай берді. Алпинистер мен тасқа өрмелеушілер сияқты әбжіл қимылдаған үшеу кезектесе алмасып, жетпіс метрлік жалама құздан аман-есен етекке түсті.

Бұлардың бағына қарай терең шатқал табанында бір құлақтай ғана тау суы сылдырап жатыр екен. Апыл-құпыл қанып ішісіп, атыс кезінде босап қалған құтыларын суға толтырып алып, командирлерін кезек-кезек арқалай жүріп кетті. Олар бір шақырымдай ұзағанда ай да тау тасасынан көтерілді. Кешікпей-ақ бұлар сусардай сусып кеткен құзар басынан айқай-шу, тіпті дар етіп атылған автомат үні де жаңғырыға шықты.

– Шайтан!.. Шайтан!.. – деген ащы дауыс анық естілді.

Түн жамылған үшеу бірақ үндемеді. Духтар* десантшылардың аш бөрідей аласұрып, әп-сәтте жым-жылас жоғалып кеткеніне қаны қарайып, «шурави-шайтан» астына алып, сыбап жатқанын түсінді.

Аққабақ ай жалаңаш тау арасын көкмұнар түспен сүлелендіріп тұр. Терең шатқалды өрлеген үшеуі әлде бір ұры жылғаға бұрылды. Командирін көтерген Байбура алқына түсті. Тынысы да тарылып, жүрегі де атқақтай соқты.

Осы бір сәт оқыс оянып кетті...

Жүрегі дүрс-дүрс соғып жатыр екен. Тер басқан. Алқынулы. Бөлмеде ай нұры сүлелене қалыпты. Ауған түні емес, Алтай түні қонақтапты... Тау арасында себездеген мұнарлы, мұңлы нұр дөңбек қабырғада уыздай дірілдейді.

Таң жақын екенін аңдады. Ұйқы қашып кетті.

 

V

Қақпа тасты, қия бетті қапталдай көтерілген тау жолы екі дөңгелекті мотоциклге де ауыр тиетіндей селкілдейді. Қыран қарағайлары қанатын жайған, сұңғақ самырсындары шайырын ағызған жыныс орманды төңіректе Байбура еркін тыныстады. Етекте жылан иректеп жатқан ақ күмістей Ақбұлқақ өзені де көз ұшына әрең шалынады.

Теріскей беттен алып аңғарға көз тіккен Байбура көңілі алабұртып қояды. Құлама құз шаттың қарсы күңгей бетіндегі ормансыз ойпаңында он шақты марал мен бұғы жайылып жүр. Олар да көк жасаң жүзінде түймедей-түймедей боп көрінеді. Жайбарақат жусап жатқандай. Ал Бұқтырма жақтан теңгедей-теңгедей ала бұлт шығыпты. Ала бұлт та алып көк төрінде бір-бірінен үріккен тайдай қадау-қадау маңыпты. Алған беті – Ақтау-Мұзтау.

Зайсан көлі мен Ертіс өзені жағынан екпіндей көтеріліп, Қаратоғай ауылын баса Күршімнің Сарытауына қарай жөңкіле көшетін ұшпа бұлттар ойына оралды. Көктемде көк жүзінде тырнадай тізбектеле ағатын сол бір ұшпа бұлттарға қарап, Қарасеңгір етегінде қол ұстасып, арман қуып жүретін Алқабегім екеуі бақытты еді-ау!.. Бақытты еді-ау бозбала шағы!.. Бақытты еді-ау бойжеткен бағы!.. Ару Алқабегім! Бәрі де бүгін түс секілді. Иә, түс екен тағдыр деген. Бұл күнде сансыраған санасында түс болып түнеген тайғақты тағдыр кешіпті бұл.

Жүрегі қозғалып кеткендей болды. Алқымына өксік тірелді. Қатал тағдыр көшінде қатыгезденіп кеткен жүрегі жібігендей күйге енді. Алтайдың Ақтауы* мен Сарытауы басына сәлдедей боп оралатын ұшпа бұлттар көңілін ойпыл-тойпыл еткен Байбура мотоциклді жылдам оталдырып, әлгіндегі аңғал сезімді ұмытқысы келгендей жөнеле берді.

Басын Ақтау-Мұзтаудан алатын Ақбұлқақ пен Қатын** өзендері, Сарытаудан басталатын Күршім мен Марқакөлден шығатын Қалжыр өзендері ұлы Ертіске емініп құятыны сияқты, қайда жүрсе де айналып соғатын Алқабегім туралы ойлардан арыла алған емес. Күзгі сары жапырақтай болып жабысқан сағыныш оқта-текте соқпа дерттей соғып өтетініне қайран! Қайран бола тұра да күйінулі... Күйіне тұра сүйінулі. Басқа кімі бар мынау жарық жалғанда ойлайтын?! Алқабегімі ғана. Оған деген әйтеуір бір түсініксіз жетім сезім жат жерде де медеу болғаны рас.

Байбура қиялап келіп жан-жағын түктей қалың орманды тау қоршаған Рахман бұлағы үстінен түсті. Қызыл қарағайдан салмалап салған қысқа көпірден өтіп, оңға қарай бұрылды. Сол жағында – орман жамылған шағын ауыл, оң жағында – теріскей етекті ала қоныс тепкен «Рахман бұлағы» шипажайы үйлері. Қазандай төңкерілген шұңқыр табанында тұп-тұнық көл жатыр. Шипажай да қарағай мен самырсын көлеңкесіне жасырынған. Аумағы ат шаптырым көлдің дөңгеленген шығыс жақ шеті тау тұмсығын айналып, мүйістеніп кетіпті.

Күн де түске таяу еді. Шипажайда жұрт та аз екен. Жер шалғай. Демалатындар аяғы жете бермес жер ғой.

Бұл бекер күдіктеніпті. Мария-Агата Сван көл жағасынан жолықты. Екеуі сағыныса көрісті.  Әсіресе, Мария-Агата. Ол тіпті солқылдап жылап та алды.

–       Саған сеніп едім, Бур, құдай анасы Мария-ана атымен айтайын! О, Иисус, көз жасымды көрдің сен! – деп Байбураның мойнына асылып, кеудесіне жүзін басты. – Тер сасисың, азаматым менің!

Швед қызы Еуропаға тән қылықпен сезімін жасырмады. Маңайда сұқтана қараған көздерден Байбура қысылды, бірақ Мария-Агатаны кеудесінен итере алмады. Тек қана:

–       Болды! Болды! Келдім ғой, міне, – дей берді.

Қоңыр салқын көл жағасында екеуі де еркін бір тыныстады. Мүйістен айналып ескен салқын самал бүк қысқан қазан шұңқыр қолаттың ішін әлсін-әлсін серпілтіп қояды.

Піскен шиедей толық ерін, ақ борықтай шаңқан жүз, күмістей сұйық шаш, қанаттай қиылған жіңішке қас, тоқ балтырлы сұңғақ мүсін Мария-Агата көкпеңбек сұлулыққа малынған тұмса табиғат ортасында тіпті ажарланып кетіпті. Байбура да құшағын толтырып қысып-қысып қойды.

Мария-Агата салалы саусақ ұшымен кірпік астына таңғы шықтай іркілген көз жасын іліп тастап, Байбураны жетектей жөнелді. Ағаш тақтайдан салынған соқпақты сықырлата түсіп, қаз омырауын көтере қаздаңдай басқан. Айналадан сұқтанған ала көздер аясында көкірегін ерекше бір мақтаныш кернеп, сұлу мүсінін ырғалта билеп, жүрегі де он алтысында алып-ұшқан жас арудай атқалақтап келеді.

Джинси киінген сидаң жігітін жетектеген Мария-Агата асханаға қарай тартты. Көлге жақын етіп жаңадан салынған екі қабатты, көк шатырлы шипажайға беттеді. Даяшылармен де өзі келісіп, Байбураға да ас алдырды. Ас үстінде Мария-Агата мұнда қашан, қалай келгенін әңгімелеп берді.

Ол Осло арқылы із тастап, бөгде есімді құжатпен бірден Астанаға, одан Өскеменге транзит билетпен ұшыпты. Белухаға туристік сапарнама визасын аштырған екен. Өскеменнен тікұшақпен Белуха-Ақтауға ұшып, ол жерден берелдік егерьлер атпен жеткізіп тастапты. Марияның салт атпен кәнігі мініскерше жүргеніне дән риза болысыпты. Орысша судай екеніне, тіпті қазақша да тіл сындыратынына, қалжыңға ұсталығына мәз болысыпты. Олар бір сарықарын биеге мінгізіп қойса: «Мен өзім де байталмын... Анау айғырыңды мінейін. Алтай сәурігінің әуселесін борбайыма басып сынайын!» – деп, егерьлерді қыран-топан етіп, Саниязбек деген бір жігіттің тақымында ытырылып тұрған жас айғырды мініп алыпты.

Ал алтайлық бұл қазақтар Мария-Агатаның әкесі Швецияда ат спортына арнайы жылқы ұстап, баптайтын фермер екенін қайдан білсін?! Сәби кезінен не бір сәйгүліктердің жалына жармасып, кермеден құландай секірткенін көрсе, естерінен танар. Тегінде тарпаңдық, қанында қайсарлық өрілген Мария-Агатамен бұл міне, Алтай төрінде қымыз ішіп отыр. Салқын қымыз сарайын ашты. Мария-Агата да тұщына жұтты.

Олар самал тербеген көл жағасына келгенде, байлаулы қайықтар қарсы алды. Түстенушілер қайыққа кешірек отырады, көбінесе түскі астан соң ұйықтап алғанды жөн санайды. Бұлар бірақ көл бетіне шыққанды қолай көрді білем, ағаш тақтайлы айлақтан ұзай берді. Мария-Агата бір қалыппен ескек есіп, Байбура қарама-қарсы басында отыр.

–       Тұнық-ай! – деп қойды Байбура.

–       Түбі жоқ бірақ, – деді Мария-Агата. – Өткенде ортасына барып, үлкен арбағаш жіпке тас байлап, тереңге жіберіп көргенбіз. Жергілікті жұрттың айтып жүргені рас болып шықты. Бір арбағаш жіпті жұтып қойды. Жанартаудың аузы болған деседі... Рас-ау, мынау минералды ыстық судың қар мен мұз құрсанған тау басынан шығуы тегін емес.

–       Бірінші рет естіп отырмын, – деп Байбура таңырқап қалды.

–       Бур, бұл менің ғана ойым емес, осы жердегі елдің де ойы, – деді Мария-Агата. – Алтайға қалай жеттің? Қашан келдің?

Байбура айтсам ба, айтпасам да деп екі ойлы болды. Сонда да:

–       Әзірбайжанда біраз айландым, – деді. – Жалған құжат жасауға тура келді.

–       Мұнда – туған жеріңде қайттің? Сол құжатпен жүрмісің?

–       Не десем екен?! – Байбура күмілжіп қалды. – Маған құжаттың керегі қанша? Оралдым ғой... Туған топырағыма табаным тиіп тұр. Одан өзге не керек? Разымын бәріне!

Мария-Агата да Байбураның Әзірбайжан жерінде айтқан кесімді сөзін есіне алып, әлі де сол сөзінен қасарыса қайтпағанын түсінді.

 – Сен өзіңе серт беріп пе ең? – деді Байбураға. – Сендер – мұсылмандар: «Адамның басы – Алланың добы» деуші еді ғой. Туған жеріңе жеттің... көрдің... Сені күтіп тұрған ешкім жоқ екеніне көзің де жеткен шығар. Енді жаңаша өмір сүр. Менімен жүр. Азияның қантөгіс жерлерін армансыз кештің ғой, Еуропаның бейбіт халқын да көр... Жасың болса қырықтың үстіне шығыпты, бұл өмірде не көрдің?! Өлім ғана... Өлім сепкен өңір ғана... Мынау жарық дүниеге өлім егу үшін емес, өмір сүру үшін келген шығарсың... Аллаңның алдында серт бермеген шығарсың!

Мария-Агатаның жанына батып кетсе білем, арыла, ашына сөйледі. Байбура көл ортасында жайымен тербелген қайық үстінен түбі көрінбей, қаракөк тұнба боп жатқан тереңге телміріп қалыпты. Ол қыздың сөзіне мән де бермей, өз ойымен отырғандай көрініп кетті.

–       Бур, саған не болған? Маған қарашы, – деп, жұлқып қалғанда, қыз қолындағы көзілдірігі қолынан түсіп кетіп, бір көзі сынып, бір шынысы ұясынан ұшты.

 Байбура көзілдірік шынысын табан астынан еңкейіп алғанда, Мария-Агата қол сөмкесінен айна мен тарақ шығарып мұның шашын аялай тарады. Салқын жүзін сипап, қайратты шашын қайырып: «Шашыңды тарап жүрші!» деп, қалтасына салды. Байбура да қыз қылығынан қарадай әбіржіп, қолындағы сыңар шыны көзді қалтасына сүңгіте салды.

–       Мария, кешір мені! – деді құмыға. – Менің көзіме қан толып кеткен... Мына бейбіт өмірге үйрене алмай жатырмын. Ұйықтасам түсімнен шықпайды... Алтайға жеттім ғой, біраз аң аулап, тау ішінде аунап-қунап алуым керек. Сонда ғана жаным тынышталар. Әйтпесе әлі автомат асынып, кісі өлтіріп жүрген секілдімін. Қолымнан қарудың суық табы, арқамнан суық сызы кетер емес... Барлауда жүргендеймін. Түсінесің ғой, қаншелек дүниені өзің де бастан кештің... Кешір!

–       Ол әлемді ұмыт енді. Бур, сен оған тұтқын болмашы!.. Сен үшін де, мен үшін де соғыс аяқталды, – деді Мария-Агата кесе сөйлеп, ондағы ойы Байбура өзіне-өзі сенсін дегені.

Байбура бірақ: «Соғыс аяқталмайды. Соғыстың аяқталуы – соны соғыстың басталуы... – деді өз-өзімен сөйлескендей байыппен. – Жаңа соғыс бұрынғы соғыстардан да жойқын... сұрапыл болмақ. Сұрапыл жалғаса бермек... Бұл адам баласына тән ашқарақ, аждаһа құбылыс. Тоятсыз нәпсі әрекеті. Нәпсісін тыя алмас пенде бейшаралығы. Сорлылыққа бас ұрған адамбыз».

Жігіттің жігерлі де үрейлі сөздеріне таңырқаған Мария-Агата да мелшиіп қапты. Оған бірақ көңіл де аудармаған Байбура булыққан ойын көл суына үңілген қалпы ақтара берді.

–       «...Нәпсінің құлымыз. Ал нәпсі соғысы ешқашан тоқтамайды. Адамның араны – өзінің ажалы... Арсыз аран арам тәнін жалмап алған. Шыбын жаны шыққанша нәпсінің тұтқыны. Нәпсі тұтқыны – соғыс тұтқыны... Бәрі де нәпсі айқасының тұтқыны. Мен де алдаспан аранның, тойымсыз нәпсінің сардарымын... Мынау кең дүниеге туғаннан тұтқын болғым келмеген. Сондықтан да туғаннан өзімді туажат сезіндім. Амалым қанша?! Қаншама қайқы күндерді бастан кештім... Бостан емеспін бірақ... Тағдырыма тұтқынмын. Иә, мына алақандай көлге тұтқын болған, тәуелді болған қалтылдақ қайық секілдімін».

–       Олай демеші, Бур?!

–       Солай! Солай, Мария! Мен осы бір аз күнде атам заманнан оралғандаймын. Өзімді қаусаған қарттай сезінем. Ойым он тарапқа, санам сан тарапқа бөлінеді. Елім – еңіреулі көрінді, ерім – езулеулі көрінді. Өзім ерттеулі секілдімін... Бәрі де өзгергендей, бір қарасам; бәрі де өзгермегендей, бір қарасам... Елдің ері мойнына кеткендей. Тіпті, арғымақ Алтайдың күн шапағымен алтын жапқандай ажарланатын, ай нұрымен күміс қақтағандай шалынатын алып ері – Мұзтау да жатқа кетіпті... Жатжанды болып алыппыз. Сонда не үшін тірі жүрміз деген ой келеді маған, Мария?! Тірі тұлыппыз... Тұлып, – деп тоқтады Байбура. – Ал Хантәңірі анау – тісі қисық қытай ие...

–       Таусылма, жаным! Сен оған кінәлі емессің... Сен войнсың. Адал соғыстың. Басыңды ажалға байладың. Енді торығудың керегі жоқ, Бур, – деп Мария-Агата басу айтқандай болды.

–       Войн... Кімнің войны? Кімнің ойыны? Енді неге керексізбіз?! Ел басына күн туса ғана ерміз бе? Сол үшін де елден ерекпіз бе? Еркекпіз бе? Түсінбеймін! Соғыста бәрі де айқын, бейбіт өмірде бәрі – бұлыңғыр... Соғыс атаулы – өлім... жан торыған ажал. Ажалдан аман қалу үшін өзің ажалға айналасың. Соғыста ажалсыз рух қана арындай алмақ. Ауғандықтар секілді өзіңді майданда туғандай, соғыс сұрапылында өскендей сезінуің керек. Рухың әлсіремеу керек. Рухың әлсіресе – өлімнің әшкере...

Байбура бір сәт тына қалды.

Мария-Агата да үрке, үрейлене қарады...

Көл тербеліп кетті. Қайық қалтылдады. Су шылпылдады. Мүйістен айналып жел тұрды. Шілденің Мұзтаудан жеткен ызғарлы самалы лекітіп-лекітіп өтті.

–       Сарқырамаға барайық, – деді Мария-Агата Байбура көңілін басқаға бұрғысы келіп. – Ғажап сұлу! Биіктен құлаған судан кемпірқосақ көздің жауын алады.

–       Ол қайда? – деп Байбура елең етті.

–       Мүйістен айналсақ, қайықпен алыс емес, тез-ақ жүзіп жетеміз. Кешке дейін уақыт көп. Сарқырама сарылы жаныңа тыныштық орнатады, ал дым бүріккен салқын ауасы көкірегіңді шаяды. Нағыз саған керек жер... Айтпақшы, көлге құлап жатқан сарқырама төбесінде әдемі ағаш үй көрініп тұр. Ол – президент келіп демалатын жай дейді. Енді қандай жер екенін түсіндің ғой... Кейінгі кезде салыныпты. Бұғы мүйізін кескенде панта ішіп, сорпаға түседі екен.

–       Онда көрейік!

–       Бур, сен білемісің? Білмейсің. Мынау Алтай тауы анау Альпіден бір кем емес... Өте сұлу жер. Қасиеті де мол, – деп, Мария-Агата жігіттің ойын бөліп, еліктіріп әкетуге тырысты. – Арасан суы да дертке дауа. Ауасы қандай?! Күн шықса – құрғақ, күн батса – дымқыл. Сергіп сала бересің. Бір заманда сендердің ата-бабаларың мен патшаларың киіз үйлерін тегін тікпеген. Хандардың алтынмен қапталған табыты мен сүйегі де тау басына тегін қойылмаған... Нағыз ақсүйектер мекені.

Байбура туған жері туралы Мария-Агатаның соншама сұңғылалықпен білетініне таңырқап қалды, бірақ интернет арқылы Алтай тарихынан хабардар еуропалық туристке бәрі де белгілі ғой... Байбура ескекті алып, қайықты өзі есе бастады. Қайық құс тұмсықтанған қарағайлы мүйістен айнала берді. Мүйіс айналған жеңіл қайықтың алдынан, Мария-Агата айтқандай, дүние өзгеріп сала берді.

Қазір аунап кетердей қалтылдаған қайық үстінде Мария-Агата жанары мөлдіреп, анары дірілдеп, Байбураға әрі аяй, әрі аялай қарайды. Мынау кең дүние көзедей ғана көлге сыйып кетіпті. Ал атпал азаматтың болжаусыз бұла тағдыры осы көлдей ғана дүние бетінде қайда бағыт аларын білмей  қалтылдаған қайық іспетті... Ол бірақ жылымдай түпсіз дүниеде жалғыз қалып, бойындағы барын жоғалтқан жаниесі екенін әлі де түсінбеген тәрізді.

Жан-жағын қарағайлы тау қоршаған көл беті толқып кетті. Қайық та қайқаң қақты.

 

VI

Алакеуім бөлме.

Алқынысты дем басылған. Аңсарлы сезім байсал тапқан. Ақ жайма бетінде жалаңаш жатқан жандар бір-біріне тығыла түсіпті. Айқасқан тоқ балтыр мен ақ сазандай сан да сұлық. Екеуі де бір сәт тарпаң тәнге тыным, аусар жанға тыныс берген.

«Рахман бұлағы» шипажайы да осы түн өлі ұйқыда мүлгиді. Көл бетінен жұқа тұман көтеріледі. Айдың өткір сәулесі ғана қарағай арасынан селдірей төгіледі.

Қоңыр салқын бөлме ішінде бел босатқан Байбура шырт ұйқыға кеткен. Тән суытқан Мария-Агата да жеңіл тыныстайды. Көл жаққа қараған кең терезенің шілтерлі пердесінен себездеген ай сәулесі алакеуім бөлмені әлдилейді. Бір мезгіл жүрек соғысы бәсеңсіп, салдуарын санасы қалғып кеткен Байбураны айдың әлсіз нұрымен сорғалай түскен Бозиесі – Ана-Бөрі түн жамылып тағы тапты.

Ұйықтап кеткен санаға боз сәуле боп оралған Ана-Бөрі өткен өмір өлкесіне тағы ертіп жөнелді... Әзірде ғана Мария-Агатадай сұңғақ сұлудың қойнында ақ білегін жастанып, бұл дүниенің шырыннан тәтті ләззат құмары күйлеп, кәусарына қана алмай мас болып жатқан Байбура әп-сәтте өзгеріп сала берді. Сана тұманы саралана түсіп, нардың нары шыдар алапат дүниеге енді. Санадағы сәулелі майдан – түс тұтқынына айналды.

Тұтқында екен. Бадабер* тұтқыны...

Мұның тұтқынға түскеніне алты айдай болған. Осы күндерде талай мәрте сұраққа алып, неше қайтара өлімші етіп сабаған. «Етіңді тірідей итке жегіземіз... отқа тірідей жағамыз... тірідей жерге көмеміз» деп, құдіретті Құдіретолла** өзі көндірмек болған. Байбураның аузынан жарытымды жауап ала алмай, жұмбақ тұтқынның сөзбен жер-жебіріне жетсе де, азаптаумен тәніне ине шабақтаса да, ештеме өндіре алмай күйген еді.

Аумағы ат шаптырым Бадабер елді мекенінің негізгі тұрғыны – Ауғанстандағы 1978 жылы ХДПА*** басшылары бастаған қарулы көтерілістен кейін азаматтық соғысқа, одан Совет Одағы араласуы кесірінен азаттық соғысына ұласқан қанды қырғыннан Пәкістан шекарасына ауған кедей-кепшік босқын халық. Күнге күйіп кеткен тоз-тоз шатыр астында тұрып, бақалшы саудамен айналысып, пәкістандық эмиссарлардың берген болмашы тиын-тебенін талғажу көріп, аянышты ауыр өмір сүріп жатқан жұрт ортасында моджахедтер дайындайтын әскери лагерь жасырылған еді. Ауғанстанды қызыл жұлдызды құдайсыздардан азат етуге тиіс жанкешті жауынгерлерді дайындайтын әскери лагерь – биіктігі сегіз метрлік балшық дуалмен қоршалып, төрт бірдей қарауылшы мұнарасы керік басындай төбеден төнген әйгілі бекініс қорғаны болатын. Бар бәле орта ғасырлық осы қорған ішінде балалап жататын.

Ал Құдіретолла құдайсыздарды жазалаудан тәни де, жани да ләззат алатын. Адам баласын азаптаған сайын қолының құрышы, жанының құмары қанатын. Адам қанын ұрттаған қанішердің нақ өзі. Қасына айына екі мәрте аппақ костюм киінген американдық әскери инструктор еріп келіп жүреді. Ол дайындалып жатқан моджахедтер мен Байбура секілді советтің он екі әскери тұтқынына, «ХАД»* қызметкерлері деп тұтқындалған қырық шақты ауғандық тұтқындарға «Варсан» деген лақап атпен белгілі. Құдіретоллаға тағы да бес-алты шетелдік инструкторлар көмектеседі, бірақ бәрінен де ықпалдысы – Варсан.

Варсан пушту, дари, орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Аса тәжірибелі барлаушы екені сөзі мен ісінен байқалып тұрады. Бадабер бекініс қорғанының ішінде дайындалып жатқан моджахедтердің жай-күйін жиі тексереді. Майор Құдіретолла мен басқа да батыс пен араб елдерінен келген инструкторларға кеңес береді.

Ал қорған ішіндегі Бадабер тұтқындары – ауғандық хадшылар жербеті түрмелерде қамалса, он үш советтік шурави тас қабырғаларға бекітілген темір шығыршықты шынжырмен жерасты казиматтарында отыр. Бұлармен де Варсан жиі әңгімелесіп жүреді. Тілі майдан қылшық суырғандай майда, өңі қызға ғашық бозбаладай жылы. Іші-бауырыңа кіре сөйлеседі.

Айтатын әуені – осы бір құдай да ұмытып кеткен жердегі қарғыс атқан жұртпен несіне соғысасыңдар; әділетсіз соғыстан әділет күтпеңдер; елдеріңе жетудің жолын ойлаңдар; сендер оқыған, білімді мемлекеттің адамысыңдар, сауатсыз да надан халықты қорғаймын деп әуре болмаңдар; араларыңда офицерлер де бар мен секілді, маған еріп шетелге кетіңдер; Америкаға бармасаңдар, Еуропа елдеріне – Германия, Франция, Испания, Италия, тіпті Канада асыңдар, сол мемлекеттер арқылы ораласыңдар; енді Совет Одағына сендер қауіпті жансыңдар – сатқын дейді особистер*; Сібір күтіп тұр... ойланыңдар! Сендерге дейін де сегіз советтік Бадабердің дәмін татқан, олардың үшеуі үш мемлекетте емін-еркін өмір сүріп жатыр; тіпті үйлі-баранды, мынау Канадада, мынау Францияда, мынау Белгияда... суреттерін көріңдер... ойланыңдар, бауырлар! Мен сендерді мына тұтқыннан құтқарамын, ғажап өмір сүресіңдер; бостандықтың не екенін түсінесіңдер; жас ғұмырларың алда, қор қылмаңдар; құл болмаңдар – соғыстың құлы – советтің құлы болмаңдар; одан да өздеріңе құл болыңдар, бостандық пен еркіндіктің құлы болыңдар!.. Бауырлар, сендер бастарын жихадқа тіккен мұсылман шахидтері емессіңдер, тағдырларыңды өлімге байламаңдар; оған мына қан сасыған ауған жері татымайды, сендердің Отаның да емес; Отандарың да ұмытып кеткен, ұмытпаса – Біріккен Ұлттар ұйымына неге арыз түсірмейді; сонау Сталин заманынан бергі «советтік солдат тұтқынға түспейді, бізде сатқындар жоқ» деп міз бақпай, мойындамай отыр; Қызыл кіреш пен Қызыл жартылай ай арқылы да білгісі келмейді, сендер мәйітсіңдер; баяғыда-ақ туған жерлеріңе мырыш табытпен жөнелтілгенсіңдер, зираттарың опасыз Отандарыңда төмпешік боп жатыр; ал оның ішінде отқа күйіп кеткен ауғандықтың сүйегі ме, әлде ауған жерінің күнге күйген тарғыл тасы ма – бір құдайдың өзі біледі?! Жасырып-жауып отыр, бірақ шығыста «Ауруыңды жасырсаң – өлімің әшкере» дейді, Совет Одағының сырқаты мәлім; түбіне сол жетеді, бауырлар!.. Сендер кінәлі емессіңдер, күнәһарлар – олар; өз істеріне әлі жауап береді; құдай да сендерді кешіреді – осынша азап тарттыңдар, соншама мазақ болдыңдар... Құдай да қолдайды! Азат болыңдар! Тәндеріңді де, жандарыңды да азат етіңдер... өздеріңді өздерің жалмамаңдар! Бөгде елге басып кірдіңдер, «басқыншылар» дейді сендерді бауырлар!..; Бақ емес, сор әкелдіңдер... «Совет фашистері» деген ат қойған, соны біліңдер! Осы сұмдық аттан арылыңдар; арларыңның алдында арылыңдар, ажалдарың алдында арылыңдар... арылыңдар! Қайран ерлер – қайсар ерлер! Сендер адамзат үшін керексіңдер; мойымас жігерлерің, темірдей төзімдерің, зор рухтарың керек; сондықтан жауларың да жасқанады, мәңгілік мойындайды; Пешевар қаласында шығатын «Сафир»* журналы Бадаберде тұтқынның тозағын кешіп жатқан сендер туралы бар шындықты ашып жазса да, Пакистандағы әйгілі газет «Мүслім»** құпия түрде жасырып отырған бадаберлік совет тұтқындары – сендер туралы әлемге жар салса да, оған әлемдік Рейтер, АП ақпарат алпауыттары араласа көтерсе де, Совет Одағы – Отандарың селт етпеді ғой; тіпті Москва тұрмақ, осындағы 40-шы армия*** генералдары да үнсіз отыр... Ойланыңдар, азаматтар! Сендер кімге керексіңдер? Оларға да, бізге де керек жоқсыңдар. Өздеріңе ғана керексіңдер. Ойланыңдар, бауырлар! Ойланыңдар, батырлар! Өздерің айтатын интернационалдық-азаматтық парыздарыңды өтегенсіңдер... Адалсыңдар. Соғыс қой, түрлі жағдайда тұтқынға түстіңдер. Кінәларың жоқ.  Женева шартымен азаттық алуларың керек. Сендер солдатсыңдар, қасақана істеген қылмыстарың жоқ... Бұйрықты ғана орындадыңдар. Жат жұрттық жандар... ойланыңдар!

Сиқырлы сөзді ет жүрегіңнен өткізіп, сүйегіңе сіңіріп жіберетін американдық тәлімгер Варсан сол күні де таңатпай келді. Өзімен бірге француз Ален Гийо**** дегенді ертіпті. Білезік пен қызыл асықты жара қылып қажап тастаған кісен шынжырлары тас қабырғаға бекітіліп, пулемет патронынан жасалған май шамның өлеусіреген жарығымен жер астында отырған советтік тұтқындарға әдейі ертіп келсе керек. Ол тұтқындарды әңгімеге тартқысы келген. Оған бірақ бұлар сыр ашқылары келмеді. Сонда Варсан: «Ауғанстан туралы жазатын француз журналисі – Ален Гийо» деген.

– Сендер бұған сенбей тұрған шығарсыңдар. Бұл – совет тұтқындары туралы жазып жүрген журналист. Батыста қазір «Совет әскерлері Ауғанстаннан кешікпей шыға бастайды» деп жатқан көрінеді. Соны осы Ален айтып жүр, – деп тоқтады. – Сендерге де бостандық беру керек дейді...

–       Біз бостанбыз, – деп қалды Байбура.

Варсан қарқылдап кеп күлді де, тез тоқтады. Қаракөлеңке жер астында бір сәт шыбынның ызыңы естілер тыныштық орнады.

–       Сонымен Аленге ештеңе айтпайсыңдар ма?

Ешкім үндемеді.

–       Жарайды, – деді Варсан жәдігөйлене күліп, – сендер де мен сияқты әскери жоғары білімді, әлемдік элиталық армия өкілдерісіңдер... Ақылға келіңдер. Мен білем: тәндерің азап тартса да, жандарың сау-саламат. «Адамды опат қылсаң да, оны жеңу мүмкін емес» деген Хемингуэй. Рух жеңілмейді. Мәңгілік өмір де рухқа тән. Ал маған жеңілмейтін рухты жандар керек... Сендердің есендіктерің қажет. Советке керек болмасаңдар да, адамзатқа керексіңдер. Адамзат барда, ақыл-ой аманда текетірескен соғыс ойыны тоқтамайды. Соғысты жүргізу, соны ауыздықтау үшін де сендер мен біздер – билік еткендерге зәру адамдармыз... Екі жағымыз да осы араға қантөгісті тоқтатамыз деп келген жоқпыз ба?! Бірақ Абыл мен Қабылдың қантөгісі шыр етіп жерге түскен сәттен басталған. Ол – өмір қозғалысының, адамзат ақыл-ой қақтығысының, тіпті өркениет өрісінің кепілі, – Варсан журналист алдында бір жағынан өзін көрсетіп қалғысы келіп те ділмарсыды. – Сендерді қасқа маңдайында қарғыс таңбалы қалысы бар Генсектерің сатып кетті... Сендерге мәртебелі билік... мәртебелі Совет Одағы... Отандарың опасыздық етті. Осыны түсінетін түрлерің жоқ.

Осы сәтте:

–        Иә, – деп подполковник Серафим Куницын* сөзін бөлді. – Билік бізді сатса да, біз бірлікті сатқан жоқпыз. Арамызда хохол да, қазақ та, татар да, тәжік те бар... Отан бізге опасыздық қылса да, біз адамдық қалпымызды бұзған жоқпыз. Генсек сатса да, сатылса да, халық сатылған емес... Мынау мұсылман қауымы өз ақиқаты – һақ жиһаты жолында шаһид болса, біз де өз арымыз алдында ақ өлім құшамыз. Тамұқ көкте емес – жерде... жұмақ тәнде емес – жанда. – Варсанға қадала сөйлеп, Ален Гийоға қарады: – Біз ерте ме, кеш пе ауған жерінен кетерміз. Американдықтардың да алысқа созған қолы жетер. Сол кезде өздерің өлімге дайындаған мыңдаған моджахед-шаһидтер ажал боп атылар... Олардан көресіні көріп, бізді де еске аларсыңдар. Ол күн де алыс емес. Әлемді шаһид жолына түсірген сендер – американдықтар... Террордың азабын енді Батыс та, Шығыс та тартады... Оған әлі-ақ адамзат көзі жетеді. Міне, сол кезде шынтақтарыңды тістейсіңдер. Сен журналист болсаң, осыны жаз. Ален, адам баласына қаламың қару болсын!

Варсан ары қарай сөз таластырғысы келмеді білем, қабағын керіп, «амал қанша» дегендей алақанын жайды. Ален Гийоға ағылшынша әлдене айтып, Бадабердің қоңыр салқын жерасты абақтысынан жылдам шығып кетісті. Ал өлім лебі ескен абақтыда ажал ауасымен тыныстаған шынжырлаулы тұтқындар үнсіз қала берді.

Насыбай мен чарс* араластырған лас быламықты түскі астан кейін бұларды түзге алып шықты. Мұндай астан кейін көбісі құсып тастайтын. Байбура да асқазанын алдағанмен, артынша ақтарып тастады. Қолдары мен аяқтары жұмыс істегенде еркіндеу қимылдайтындай етіп, қос білезік пен қос сирақ арасына жарты метрдей шынжырлы кісен салынған он екі тұтқын кейде күн сайын, кейде күн аралатып, жер астынан шыққан жіктей боп, ауғандық тұтқын хадшыларға қосылып, кісендерін шылдырлата әр түрлі жұмыс істейтін. Бадабер қорғанды бекініс бұрышындағы әскери қоймаларға келген жүк машиналарынан қару-жарақ түсіреді, қорған ішінде хадшыларға көмектесіп, моджахедтерге арналған казарма-үйлер салысатын. Одан қалса, Құдіретолланың «қаһарына» ұшырап, қитұрқы  сұрақ пен қияңқы таяққа көмілетін.

Бұл жолы бірақ советтік тұтқындарды сырты брезентпен қапталған пакистандық әскери көліктер қорабына отырғызды. Қастарына алты бірдей қарулы күзет қоса мінді де, айдалаға ала жөнелді.

Алдыда – американдық «Хаммер» әскери көлігіне мінген Құдіретолла. Желсіз тымық күнде ойлы-қырлы кебір даланың шаңы аспанға құйындай көтеріліп, соңдарында будақ-будақ қалып, селдірей сейіліп жатыр. Іші-бауырды солқылдата соққан жайсыз жолмен бір сағаттай жүріп, жан-жағын жатаған жондар қоршаған кең қолтыққа келіп тоқтады.

Он екі тұтқын жерге түскенде көрді: адам мен салт аттылар қарасы мол екен. Тұйық қолтықтың төрін іргелей өскен көкжасаң** арасына аппақ шатырлар тігіліпті. Ал жасаң шетінен басталатын шаңдақ алаң ат тұяғынан тозыпты. Тулақтай тап-тақыр. Байбура бірден түсінді: бұл ұры қолтықтағы ат шаптырым ақ шаңдақ алаң – ауғандықтар «бұзқашы»*** атайтын, ал қазақтар «көкпар» дейтін ежелгі ұлттық дәстүрмен ұласқан ойын өтетін жер. Мектепті тәмамдаған мамырда Байбура да боз серкені тақымға тартып, бозбала күшін сынап көрген. Қырғын додада басынан қамшы да тиіп, жауырынынан қызыл тобылғы сап та батқан. Делебесі қозып, ет қызуымен ештеңені елемеген.

– Хазар, тебе это знакомо же, – деді украин Виктор* кісендері шылдырап.

– Да, – деді Байбура да «Хазар Мұсылман» деген лақап атына алты айдан бері үйренген қалыппен. – Юнус, – деді бұл да Бадабер лагері салтын бұзбай Викторға бұрылып: – у нас «кокпар» называется. Эти всадники подготовлены...

Күзетшілердің бірі Байбура сөзін аяқтатпай желкеден түйіп қалды. Пуштуша** әлде не деп барқ етті. Бұларға ара түспек ниетпен бір-екі ауыз сөз айтып қалған екі тұтқын – Мұхаммед Азиз бен Қасым*** да Калашников автоматының ағаш дүмін жеді. Бәрін де малша айдап жасаң үстіне, алаңға жақын қойылған советтік әскери «Камаз» көлігі жанына әкеп, тізерлетіп қойды.

Көкте көкек күні шақырайып тұр. Төбені тесіп барады. Ал әскери көліктің қорап қашағасы ашылып, үстіне үстел мен орындықтар қойылыпты. Күн түспес үшін советтік көк брезент көлеңкелей тартылған.

Он екі шурави тізелерін бүгер-бүкпесте көкжасаң ішіндегі шатырдан шыққан адамдар бұларға қарай беттеді. Алдарында ақ сәлде басты, ақ жібек шапанды, орта бойлы, бурыл сақал-мұртты адам алшаңдай басады. Қасында қатарласа ерген Құдіретолла мен Варсан, олардың соңын ала бір топ әскерилер мен Ален Гийо келеді.

Елудің мол ішіндегі жібек шапанды, орта бойлы әлгі адам:

– Ассалаумағалейкүм, мұсылман бауырлар! – деді орысша тілін бұрай сөйлеп.

Байбуралар ауыздарын жыбырлатып қана қойды. Ал олар советтік әскери көлікті айнала беріп, ар жағына қойылған сатымен көлеңкелі қорап үстіне көтерілді. Алаңқайдың арғы жағында әлекендей жаланып тұрған жиырма шақты аттылар да қозғала бастады. Араларынан екеу бөлініп шығып, көкжасаң ішіндегі көк бұта-қараған арасынан алдарына өңгеріп, желдірткен бойы әлдебіреуді тұтқындардың алдына дүрс еткізіп тастай салды.

Бұл күнге күйген гимнастеркасы әбден ағарып кеткен, жез жұлдыздары да қарая бастаған совет солдаты екен. Жаралы. Бет-аузына қан қатып, топырақ жабысыпты. Әлсіз ыңырсиды.

Абдолла Рахман шыдамады білем, тап алдына құлаған жаралы жауынгердің басын сүйей берді. Күзетшілердің бірі ұмтыла беріп еді, жібек шапанды егде адам көлік үстінен қолын көтеріп, тиіспе дегенді ишарамен білдірді. Іле дари тілінде баппен естірте сөйледі. Дауысы құран аятын оқитын қаридай әуезді екен. Оның сөзін Варсан орыс тіліне аударып отырды.

– Бауырлар, – деді Варсан, – ұлы Бұрханиддин Раббани* әмір сендерге бостандық береді. Әлбетте, бостандық тегін берілмейді. Бостандық қанмен келеді... Осы уаққа дейін сендер әбден ойланды деп есептейді. Мына бір мүмин сол үшін құрбандыққа шалынады... Кеше ғана қолға түскен жазықсыз пенде.

– Ах, сволочи! – деп, Абдолла Рахман – подполковник Серафим Куницын тісін шықырлатты. – Жігіттер, шыдаңдар! Шыдаңдар!

Жігіттер ызадан жарылып кете жаздап, бүктісіп отыр.

Жаралы жан:

– Прощайте! Простите! – деді қырылдай. – Не забывайте меня! Сибиряк я... Герасим Хромов.

Осы сәтте:

– Ауғанстанның азаттығы үшін шейіт болады... Сендер үшін жан береді, бауырлар! – деп тоқтады Варсан да. – Қажет болса, сендер де құрбан боласыңдар. Ойланыңдар, бауырлар! Дайын болыңдар!

Варсан сөзі аяқталмастан әлгіндегі екі салт атты жерден жамбы ілгендей, қарулы білектерімен жап-жас, арық, сырықтай солдатты жұлып әкетті. Сол-ақ екен шаңдақ айқай мен қиқуға толды. Өлім мен өмір арасында күн кешіп жатқан он екі тұтқын да орындарынан қалай атып тұрғанын сезбей қалды.

Жиырмаға жуық көкпаршы-бұзқашы бұзықтар мал орнына адамды тақымға тартқан сұмдық басталды да кетті. Байбура мен Виктор қалшылдап қоя берді. Куницын жұдырығын түйген қалпы көзі аттыларға қадала қатып қалған. Ал басқа тұтқындардың бірі елеуірлей боқтықпен сыбап жатса, бірі өз шашын өзі жұлған.

Тамшы су тимеген алаңды топырлаған тұяқ кесті. Шаңдақ шаң пердесін тұтты. Есіріп алған адамдар мен еліріп алған аттар екілене ұмтылысқан. Тірідей көкпарға тасталған тән сүт пісірім уақытқа ғана шыдады. Кергіге түскен Хромов Герасимнің бұты – бұт, қолы – қол бөлініп, қан-жын қарны ақтарылып, ат тұяғында тапталып жатты...

Бұл жолы бірақ әйгілі американдық психолог-инструктор Варсан қатты қателесті. Тұтқындарды салт аттылар тақымында ажал тапқан орыс жауынгерінің өлімі үрейлендірмей, керісінше бойларын ыза-кек буды. Бадаберге бұлар духтар ойлағандай иіндері түсіп, рухтары жеңіліп қайтқан жоқ. Қайта көкіректері шерге толып, жүректері шемен боп қатып, рухтары лаулай көтеріліп, қызыл қандары сұйылды.

Жол бойында Абдолла Рахман – Куницын тұтқын сержанттар Юнус – Виктор Духовченко мен Хазар – Байбура Майдановқа кешкі ақшам намазында «Спугнем воробья! деп, дайын болуларын ескертті. Олар да «воробей»* деген жалғыз ауыз сөзді кірпік қақпай қадалып, тұтқын бастарын төмен тұқыртып отырған қалғандарға  сыбырлай жеткізген.

Бұлар қорғанды бекініс ішіне кіргенде күн де кешкіріп қалған еді.

Қандары кеуіп, еріндері жалақтана жарылып, бір ұрттам су ішпей келген он екі тұтқынды қару-жарақ қоймасының алдына бір-ақ әкелді. Келген бойда қатар тұрған екі жүк көлігіне қоймадағы қаруды асығыс тиеп жатқан хад тұтқындарына қосылды. Ал моджахед  тәліптер бұлар келген соң жүкшіліктен құтылып, оңашалау барып отырысты.

Алты бірдей автоматшы тұтқын жүкшілерден көз айырмай бақылайды. Жәшік-жәшік оқ-дәрі жапсырмаларынан Италия мен Қытайдың, Англия мен АҚШ-тың, СССР мен Германияның белгі-бедерлері менмұндалайды. Ауған мен Пәкістан жерінде өлім себетін осынау қару құралдары тұтқындарға да етене таныс: италиянның пластик минасы, ағылшынның «БУР» атанған әйгілі ескі винтовкасы, американың қолмен-ақ көтеріп жүретін «Стингер» ракетасы, немістің тапаншасы, орыстың автоматы дейсіз бе – толып жатқан қару түрлері Ауғанстан соғысында сынақтан өтіп, сынға түсіп жатыр. Қасірет-қайғыға толы ауған жұрты – адамзат құрбаны, қанға шыланған ауған жері – соғыс полигоны... Мұнда келген келімсектер – орысы бар, орманы бар; американдығы бар, албастысы бар; жаһилы бар, жарымесі бар – адам баласы арасынан шыққан әзірейілдер: қанға тоймас қорқаулар.

Байбуралар қалған жүкті тез арада артып болғанда азан шақырылып, моджахед шәкірттер ақшам намазына сапқа тұрып жатты. Көліктер орындарынан қозғалып кетісімен, ауғандық хад тұтқындары да намазға жинала бастаған. Байбура да Виктор мен Куницынға иек қақты. Он екі шурави де қару-жарақ қоймасы аузын жаппастан жүгіре басып, ауғандық хад тұтқындары қатары соңына намаз сабын түзеді.

Соңғы бірер айда Байбурамен намазға жығылып жүрген бірер совет тұтқындарына іштері жылып қалған қарауылшы жендеттерді де жайбарақаттық билей бастап еді... Олар да Калашников автоматтарын қастарына тастап, бұлардың ту сыртынан келіп намаз оқитын. Бүгінгі ақшамда да солай болды.

Күреңіткен күн ұясына еніп бара жатқан кез еді...

Подполковник Серафим Куницынның көптен бері ойластырған жоспарын жүзеге асыратын сын сәті туғанын он екісі де түсінді. Бәрі де үн-түнсіз намаз сабына тұрып, бастарын салбыратып алған. Намазға ұйыған уыз мезгіл. Іштей дұға қайырысып, Байбураның бастауымен бәрі де бірдей тізе бүгісіп, жүгіне жығылысып, маңдайларын сәжде орнына Бадабердің кебір топырағына тигізіскен.

Ақшам намазының үш рәкат парызына алғаусыз жығылған. Бекініс ішін бір уақ тыныштық билеген. Тек анда-санда «Әумин!..» деген әуен ғана ауаны тербеп, кернеп кетеді. Осы бір намазға ұйыған сәтте мынау ажал ғана торыған Бадабер қорғаны үстінен өлім лебі сап тиылып, өмірге деген құштарлыққа толы кешкі самал соғып өтеді. Тап қазір де қорғаннан асып келген салқын самал сүндетке жығылған тұтқындар мен жендеттердің жүзін желпіп өтті.

Жалпы жұрт ақшам намазы сүндетінің екінші – соңғы рәкатына жығылғанда, Байбура еңкейе беріп:

– Атанда!* Духи!.. – деп оқыс айқайлап, артқы жағында екі қадамдай ғана жерде сәждеге бас қойған қарауылшы моджахедке бұрыла атылды.

Алдын-ала келісілген «атанда» пароль атауынан сілкіне тұрған он екі тұтқын ту сыртындағы қарауылшы жендеттерге арыстанша бас салды. Олар да дәп намаз үстінде тарпа бас салады деп күтпесе керек. Ызалы жүрек, долы қол мен тапталған намыс, сұрапыл сезім таудан жүрген атқыдай әп-сәтте алты күзетшіні автомат дүмімен езгілеп, білектеріндегі шынжырмен буындырып, жандарын жаһаннамға жіберді.

Ақшам намазы аяқ астынан қаза болды...

Аласапыран басталды да кетті. Совет тұтқындарының күзетшілерді алып-ұрып жатқанын көрген ауғандық тұтқындар да қарусыз шәкірт моджахедтерге тұра ұмтылды. Олар да бас сауғалай тым-тырақай қашты.

Осы бір ойран-топан сәтті пайдаланған он екі советтік тұтқынның бірі – Мұхаммед Ислам** шәкірт моджахедтермен бірге жау жағына қашып кеткен еді. Жан берісіп, жан алысқан сұмдық кезінде оның жау жағына жылыстап кеткенін ешкім білмей де қалған. Ал бойы кескен теректей екі метрлік Абдолла Рахман – Серафим Куницынның орысша берген командирлік командасы мен хад тұтқындары ішінен сенімді тілектес Гүл Мұхаммедтің*** дарише дарылдай ақырған дауысы бәрін де дереу тәртіпке келтірді.

Қас қарайып қалған еді.

Жау бекінісі ішінде қарулы көтеріліске белді бекем буған тұтқындар қауырт қимылға көшті. Құдіретті Құдіретолла моджахедтері мен пакистандық жауынгерлері ес жиям дегенше, көтерілісшілер ымырт жабылмай Бадабер бекініс қорғанын басып алды. Қоймадағы қарумен мұздай қаруланған тұтқындар түн жамыла сытылып шығуды көздеген. Бірақ бұл жоспар жүзеге аспады. Ауғандық офицер Гүл Мұхаммедтің жүк көліктерімен қашамыз деген үміті ақталмады. Құдіретолла қанішерлері бекініс қақпасы аузынан шығартпады.

Күш те тең емес еді. Түн ортасы ауғанша қырық шақты ауғандық пен он бір советтік тұтқын бекініс мұнаралары мен қорған қабырғаларын, қойма төбелерін шеңберлей қорғаныс етіп, құдіретті Құдіретолла шабуылшыларының ит сілікпесін шығарды.

Жиырма жетінші сәуірдің таңы да талаурай атты...

Түнімен ұйықтамағаннан көзі қанталап, қара сақал жүзі қарақоқ боп күйіп кеткен пәкістандық майор Құдіретолла мен Пешевардан жанталаса жеткен ауғандық әмір Бұрханиддин Раббани құлқын сәріден көтерілісшілермен келіссөз жүргізбекке әрекет жасады. Бұларынан бірақ түк шықпады.

– Ей, Абдолла Рахман! Алла атымен ант суын ішейін, – деген әмір Раббани, – сендерге кешірім жасаймын! Қарсыласқанды тоқтатыңдар. Дүниенің төрт бұрышына кетіңдер, тек қаруды тастаңдар. Алла бәрін кешіреді, ол мейірімді де кешірімшіл!

Сонда подполковник Куницын:

– Алланың атын жамылма, әмір, – деген, – Алла – әділетті, ал сен... сен… Алла деп айтуға лайық емесссің. Бізге Пәкістандағы Совет елшілігін шақырт.  БҰҰ-ның өкілін жібер. Қызыл кірештілерді алдыр. Сонда ғана сендерден тартып алған қаруды тастаймыз. Ал ана бір алты бірдей тәрбиеші инструкторларың мен он үш пәкістандық қызметкер бізге «тірі» қалқан. Оларды қару-жарақ қоймасы ішіне байлап, бізге салған көзір-кісендеріңмен бір-біріне шынжырлап тастадық. Қанға – қан, жанға – жан... Варсан айтқандай, Құрметті Әмір, сен де ойлан!..

– Ойланайын, – деген Раббани.

– Ұзақ ойланудың қажеті жоқ. Біз бір құдайдың еркіндігінде туғанбыз, сол еркіндікте өлгелі тұрмыз. Еркіндікте қолда қарумен өлгеннен артық арман жоқ. Бәріміздің түбі барар жеріміз бір. Сендер шаһид тәрбиелеп әуресіңдер, сол шаһид біз – шурави... Біз дайынбыз. Анау сүмелек сатқын Мұхаммед Исламды да қайтарыңдар... Ол біздің қолдан өлуі тиіс.

Раббани аузына Кабул құмы құйылғандай тым-тырыс қалған. Бұл талаптардың орындалмайтынын екі жағы да түсінген. Көтерілісшілер жаңа шыққан күннің жарығын бір сәтке болса да ұзартуды көздесе, жаулары тығырыққа тірелгеннен келіссөзді созуға тырысқан.

Байбура мен Виктор қарауыл мұнарасы басына бекінген еді. Күн арқан бойы көтеріліп кеткен. Көкжиекке дейін созылған Пәкістан мен Ауғанстан шекарасындағы Бадабер – Пешевар аймағы әуірлей қыза бастаған. Жаулары көтерілісшілер қойған талапты орындаса, Пәкістан мемлекеті мен Совет Одағының арты ашылатынын жақсы біледі. Сондықтан да қолдары байлаулы, бастары ноқталаулы... Қысылмасқа да шаралары жоқ: бірнеше шетелдік инструкторлар мен пәкістандық саяси қызметкерлер, ең бастысы – қару-жарақ қоймасындағы аса қымбат тұратын екі мыңдай әртүрлі типтегі ракеталар, бомбалар, он шақты автомобильдер мен көп мөлшердегі атыс қарулары көтерілісшілердің қолында қалып барады. Ертең оны берген жарылқаушы қожайындарына Раббани жауап беру керек. Раббанидың рақымы сондықтан да сөз жүзінде тұтқындарға түсіп тұр.

Подполковник Куницын – Абдолла Рахман:

– Ауғандық бауырлар, – деген бәріне естірте айқайлап: – біз сендерге разымыз! Гүл Мұхаммед, қазір олар соңғы соққы береді... Қойма маңынан аулақ кетіңдер.Бекіністен сытылып шығуға тырысыңдар.

–       Ал сендер ше? – деді Гүл Мұхаммед.

–       Біз басымызды өлімге байлағанбыз. Құлдықта қор болғанша, еркіндікте ажал алсын... Қош болыңдар!

Куницын аузын жиып алғанша, тамұқ оты лап етті. Сағат таңғы сегіз кезі еді. Ауыр артелериядан атылған оқ қару-жарақ қоймасы түбінен оқыс жарылды. Келесі зеңбірек оғы бекініс қорғанының қабырғасын апандай етіп ойып түсті. Дүниені шаң-тозаң басты да кетті.

Қақпа жақтан ұмтылған моджахедтер мен пәкістандық әскерлерге Байбура пулеметтен оқ жаудырды. Он шақты адам орақпен орғандай баудай түсті. Виктор мен өзге жігіттер де қарап қалмады, оқты қарша боратты. Полковник Куницын гранатаметтен атқан.

Әмір Раббани мен майор Құдіретолла қаһарына мінсе керек, Бадабер бекінісін тозақ қазанына айналдыруға көшті. Жаудың берілмесін білген олар ауыр артелерия оқпанынан гүрсілдете атқылай бастады. Ілезде бекініс ішін шаң-тозаң қаптап, бораған оқ пен қопарыла құлаған шым-кесек топырақтан көрінбей қалды. Жараланған адамдар мен жанып жатқан көлік, моджахед жаппалары жын ойнағандай күйге түсіп, ыңырана шыңғырған дауыс пен шатырлай жанған от, қолқаны қапқан қара-қошқыл түтін иісі төңіректі алып кетті.

Аяқ астынан ғарасат майданы ашылғандай аласапыран басталды. Шыбын жан үшін бас сауғалап, алапат арасынан ауғандық хад тұтқындары сыналай сыртқа ұмтылып жатты. Бірі оққа ұшса, бірі отқа тұтылып, қайсы біреуі бекіністің түстігін ала жатқан құла түз бен көкжасаң ішіне құтыла сіңді. Олардың арасында Гүл Мұхаммед те аман сытылып кетті...

Пәкістан территориясында аса құпия түрде советтік әскери тұтқындарды жасырып отырған Пәкістан үкіметі мен президенті* көтерілісшілерді ың-шыңсыз жойып жіберуді Раббаниға бұйрық етсе керек, зеңбірекпен атқылаған былай тұрсын, Пәкістан қарулы күштерінің іскери  тікұшағын майданға қосты. Американдық «Аппачи» вертолеттері қиялаған бетте «ауа-жер» ракеталарын жаудырды.

Екі мұнара басына бекінген Байбура мен Виктор тікұшақты көздей атып, тойтарыс бермекке әрекет етті. Виктордың қолындағы ірі колибрлі пулемет оғы бір тікұшақтың моторынан тиіп, тікұшақ шайқалақтай ұшып, ұзап барып, айдалаға аман-есен қонды.

Осы бір сәт ауыр зеңбірек снарядтарының бірі қойма төбесінен дәл түсті. Сол-ақ екен жарылғыш қаруға толы қойма оқыс гүрс етті. Ал қайыра айналып соққан жалғыз тікұшақ та Байбура отырған биік мұнараны нысанаға алған еді. Мұнара бел ортадан омырыла құлай берді. Онымен бірге аударылып бара жатқан Байбура қару-жарақ қоймасының да дүлей күшпен жарыла бастағанын байқап үлгерді. Алып отты шардың көк аспанға шеңберек ата көтерілгенін көз қиығымен шығарып салды. Іле қою шаң мен қалың топырақ үстінен баса құлағанын сезді.

Сол бойы есі ауып, көзі жұмылып кетті...

Байбура оқыс селк етті. Мария-Агатамен жанасып жатқан тәні де жер сілкінгендей серпілді. Шошына оянып кетті.

Алакөлеңке бөлме. Ай сәулесі ауып, құба таңның бозамық жарығы кеулепті.

Мария-Агата да оянды. Байбураға таңырқай қарады. Тоңазып қалған тәнін жылытқысы келгендей, жігіттің кеудесіне айқара аунады. Жас әйелдің қол торсықтай аппақ анары дертеді. Дерткен омыраудың түймедей қоңыр үрпі уыз толғандай шертеді. Танауын аталық бұғыға еркелеген Алтайдың ақ маралындай еркек иегі астына тығып, тістелей аймалайды.

Аздан кейін арда азаматтың бауырында ақ борықтай серпінді тән керіскедей керілді...

 

VII

Тұмса табиғат аясында таң да тамылжып атты. Таңмен түрленген көкорай дүние де балбыраған бойжеткендей бұлықсып жатты.

Доғадай иіліп, жыландай иірілген Мария-Агата мен арқандай ширыққан Байбура әлден уақта жандары жай тапты. Талықсыған тән мен бұлықсыған жан байыз тапқан сәт туды. Екеуі де ер мен әйелге тән ел-сел күйді армансыз бастан кешіп, үнсіз жатты.

Қос алақанын шүйдесіне жастанып, шалқалаған Байбураның ауған жерінде шығарған өлең жолдары оралды.

 

Ауғанда алхор, ауғанда алхор гүлдеген,

Ақылдан ауып, ақылдан ауып шөлдегем.

Тәңірім мені тастап та кетпей қияда,

Туажат пенде тағдырға енді көндеген.

Көк төрін тіліп, Көкбөрі ана оралып,

Аранын ашқан ажалдан жырып, - өлмегем...

 

Ауғанда алхор, ауғанда алхор гүлдеген,

Ындыным кеуіп, ындыным кеуіп шөлдегем.

Шырыны келіп, ерніңнің сөлін жұта алмай,

Өң менен түстің елесінен сені іздегем...

Көк тұман түсіп, Көкбөрі ана оралып,

Елеспен бірге елім деп жүрген кезбе ем...

 

Құдай-ау, Алқабегімді, Мария-Агатаны, тіпті анасын ғана іздемепті бұл...  өзін-өзі іздепті ғой. Иә, өзін іздепті. Өзімен-өзі күресіпті.

Үнсіздікті Мария-Агата бұзды.

– Бур, – деді жаймен үн қатып.

–       Ау, – деді Байбура.

–       Сен әлі де айныған жоқсың ба?

–       Неден?

–       Өз пікіріңнен...

Мария-Агата арыстай азаматтан жауап күтіп, оның үнсіз қалғанынан іштей үміттеніп жатты. Сәлден соң шыдамады, білем:

– ...Мені қалай қиясың? – деді.

Байбура сонда да тіс жармады. Мария-Агата үміт пен күдіктің арасында қалды. Енді өзі бірдеңе деуге қорыққандай күйге түсті. Бір нәрсе айтса, бүлдіріп алатындай көрінді.

Кенет:

– Сен осында қал! – деген сөзді Байбура аузынан зілмен естіді.

Ести сала әйелге тән жеңіл ауыздықпен:

– Жоқ! – деп кесіп айтып қалды да, іле-шала жуып-шаюға көшті. – Бур, кешірші мені! Мен бұл жақта қала алмаймын. Өзің білесің... шешендерге көмектескенмін... орыстар… ФСБ* мені тұтқындайды, сосын әлемге жар салады... Саған да кесірім тиеді. Одан да бірге кетейік. Мен бір сен үшін басымды тігіп келдім... Саған сенем, жаным!

Мария-Агата тұла бойы бір ысынып, бір суынып, шалқалап жатқан ер-азаматтың омырауынан иіскелей, тілімен тінткілей, тісімен тістелей қытықтады. Оған бірақ Байбура былқ етпеді. Сонда ғана әйел затына тән терең бір сезімтал түйсікпен Мария-Агата сескене берді.

Әлі де бір әлсіз үмітпен:

– Бур, – деді жұмсара түсіп: – мен бәрін де ойластырып келдім. Турист ретінде осы арадан жолсызбен Монғолияға асамыз... Егерьлерден білдім: Баянөлгей деген жерге тура асатын асу бар екен. Өрел ауылы тұсынан кезінде қазақтар Баянөлгейден етке қой айдапты ғой... Егерьлер ақша төлесеңдер, аман-есен жеткіземіз деген. Олар жеткізеді, таудағы иен асулар баяғыдан мәлім ғой. Ал Ұлан-Батордан Тайваньға жол ашық. Паспорт та дайындап ала келгем. Одан Парижге...

– Қысқарт! – Байбураның үні қатқыл һәм қаһарлы шықты.

Екеуі де бір сәт тына қалды.

Байбура жылдам киініп, сыртқа беттеді.

– Бур!? – деген Мария-Агата дауысына босаға түбінде қалт тоқтады, бірақ жалт бұрылмады.

Мария-Агата да осы бір сәт жүрек түкпіріндегі сөзін – соңғы көзірін ашқысы келіп оқталды, бірақ аша алмады...

Қақпақ жауырынды жігіт ағасының сыртқы тұрпаты мен әлгіндегі сұсты жүзі жүрегіне біз сұғып алғандай шайлықтырып тастапты. Босаға түбінде бір сәт аңтарылған арыстандай азаматқа ту сыртынан түңіліп, көңіл түкпірінде жатқан жұмбақ сөзін жеткізе алмады. Жас баладай жасқанды.

Жаралы жолбарыс секілді жан-дүниесін жыртқыштық жайлап алған тағы ғой, жанкешті сарбаз ғой... «жазым етер» деген күдік көмейіне іркілді. Мария-Агата аузын жиып, тілін жұтып қойды. Жаннан безген жаннан бәрін күтуге болады. Кісі қанын жүктеген пенде емес пе бұл, «Абельді өз қолымен өлтірген Каин» деген ой найзағай отындай санасында жарқ етті.

Байбура да босаға түбінде теңселіп тұрды. Мария-Агатаға деген белгісіз бір ашу қысып, бір жағынан, «оның жазығы не?» деген мүсіркеушілік сезім билеп, табалдырықтан аттай алмай қалды. Мынау ағаш табалдырық пен ағаш есік – бірі биік таудай көрініп, бірі тозақ қақпасындай елестеп өткендей болды. Бойын бір жұмбақ діріл билеп, сол жақ кеуде тұсы қорғасындай ауырлап, шымыр-шымыр еткен көкірегін белгісіз қорқыныш кеуледі. Сонда да артқа қайырылуға әлдеқандай намыс жібермеді.

Ал Мария-Агата болса, «Бұзық бұқа!..» деп, төсек үстінде өз-өзіне күбірлеп отырды: «Өз бұзауын өзі сүзіп өлтірген... Сенің балаң бар, жексұрын!» Бұл сөздерді бірақ Байбура естіген жоқ, естісе де швед тілінде айтылған ләмді түсінбес те еді. Мария-Агата құрсағындағы шарананы «менікі» десе, испанның коррида бұқасындай мұны жарып тастаудан да тайынбас деген ойға келді. Мынау иен тау арасында бір жартастың қуысына басын жастай салмасына да кім кепіл?! Қаны қарайып кеткен қасқырдай жаннан бәрін де күтуге болады. «Конкистодор корридо!..» деді Мария-Агата тістеніп.

Байбура есікті серпе ашып, табалдырықтан түзге аттады…

Мынау өзіндей туажат адам тудырған қиянкескі қоғам, өзіндей туажат пенде тіксінген қияметті дүние жалғаса берері хақ. Ал Туажат – осы бір оспадар сұмдығын жасырған жалған дүниеге, озбыр қылығын жасырған қоғамға жат жаниесі. Ендігі уақытта қорланған сезімі, қор болған сенімі жүрегін суынтқан Туажат шыдай алмас... Алапат әрекетке белін байлар, ірі іске басын шалар.

Таң сәулесі тарап, көл қоршаған биіктердің басын шалыпты. Көл беті қаракөлеңкелене тұнып, бетінен мұнарлы бу көтеріледі. Байбура көл жағалап, шыққа шыланған көкмайсаны кешіп, мүйіске қарай жүрді.

Іштен тынған Мария-Агата қыстыққан күйі жылап жіберді. Құс жастықты тізесіне қойып, бетін басып, еңіреп тұрып жылады. Жалаңаш иықтары селк-селк етіп, іші-бауыры солқ-солқ етіп өксіді. Ер-азаматқа деген ессіз ғашықтық пен есті жеккөрушіліктен, құрсағындағы сәбиге деген сүйіспеншілік пен ұрғашыға тән әлсіздігіне күйінген амалсыздықтан жылады.

Осы бір сәтке дейін опасыз өмірде өзін өте бақытты сезінген-ді. Тұмса табиғат құшағында туып-өскен Байбурадай табиғи түземдік – нағыз жансебіл сарбаздан ұрпақ өрбітетініне аналық махаббатпен риза да еді... Болашақ көкбөрі текті көшпенді сәбидің қанымен еуропалық қан жаңартатынына, еуропалық анасы болатынына күллі болмысымен беріліп алған-тын. Алтайлық тәңірі құдіретімен Бакудегі қонақ үйде ғайыптан құрсағына біткен шаранаға Стокгольмде жүргенде «Хан-Алтай» деп жорамалдап есімін де қойып қойған. Ұл боларына аналық интуиция сездіріп, оған христостық сенімі де кәміл еді.

Болашақ ана жастық жастаған қу тізесін құшақтаған қалпы егіле берді. Көктемде ғана Кавказ тауында жау қоршауынан аман алып шыққан ғажайып көк бөріні есіне алды. Байбураның алдына түсіп жортқан сол бөрідей ұл табармын деп үміттенетін. Көз жасына ерік бере отырып, Мария-Агата әлі томпая қоймаған қарнын аналық мейіріммен сыйпады...

Ал бұл уақта Байбура суығы мидан өтер, тәні темірдей қарыр көл суына шомылып еді. Апыл-құпыл киініп, қарағай арасына қиялай енген. Ол шешінген жерде кеше Мария-Агата «қайратты шашыңды қайыра тарашы» деп сала салған тарақ пен қайық үстінде қыздың сынған көзілдірігінің дөңес келген сау шыны көзі қалтасынан сусып түсіп қалды. Айна-тарақпен қоса көзілдіріктің сыңар шыны көзі де сусып қиыршық тас үстіне құлады.

Әлі бозбала қолы батпаған бойжеткеннің анарындай сүйір біткен мүйіс көлге сұғына енген еді. Көл суынан тәні сергіп, жаны серпіліп қозғалған Байбура сүйір мүйістің Қарашоқы атанған биігін бетке алды. Баяу қозғалған ол мүйіс жонына бауырлай көтерілуге бел буды. Ауған тауларында екпіндей жүретін ол туған жерінің тау жалында ентелемей, ентікпей аяқ басты.

Нарттай күн де көкке өрлеп, Рахман көліне нұрын құйды. Терең сай іші кешікпей-ақ отқа ұстаған қазандай ысып ала жөнелді. Жағада жанқалтадан түсіп, ұмыт қалған көзәйнектің жалғыз шыны көзіне де күн сәулесі қиялай түсті. Сәуле шағылған дөңес шыны жүзі құбыла ойнады.

Шағылған сәуле жақын тұрған бал қарағайдың қу бүршігіне барып түсті. Алтайдың қызыл тиіні шағар жұдырықтай жаңғақты  бүршік теңгедей ғана дөңес шыныдан шағылған өткір сәулеге лезде қыза бастады. Әне-міне тұтануға да даяр күйге енді. Бұл бір адам баласы күтпеген, бірақ  көктегі бір құдіреттің қалауымен күн сәулесі қурап тұрған бүршікке түскен тылсым жай еді.

Ал Байбура болса, қарағайлы бөктерге үнсіз адымдап, демін жиілете алып, қиялай кесіп, биікке қарай жондап бара жатты. Азаматтық арманы ат жалында өтіпті, опасыз тағдыры от-жалынды кешіпті. Жалындаған жастығы адасумен, жұмбақ жаны аңсаумен күн өткізіпті. Алматы Желтоқсанының боранды үскірігінен бас алған білекті күші, жүректі қуаты жат босағада жапа шегіпті. Бар болмысы бір тәңірінің қалауымен Ана-Бөрі рухты Бозиесіне бозтайлақтай телініпті, талайсыз тағдыры жетім қозыдай көгенделіпті.

Ақыры Алтайдай атажұртына, қазақтай анажұртына арсылай жетіпті... Ех, беу дүние! Бебеу дүние... бедеу дүние! Енді қайда бармақ? Тағы қайда қаңғырмақ? Тұлан тұтқан тағдыры қай жаққа қара үздірмек? Жоқ! Ол бола қоймас... Қайтейін, өкінішті өмір! Қайтейін, қақсал тағдыр! Ех, Мария, сен не білесің?! Жұмбақ жаным жалғызсыраулы... Туажат тағдырым тұрлаусыз.

Байбура ширыға басты. Қабырғалай көтерілген Қарашоқы биігі ұзай түскендей кеуделене қалыпты. Қалың қызыл қарағай мен балқарағай, самырсын мен арша қоныс тепкен, ұшқат пен қарақат бұтасы кескестеген құлама беткей етектен тартады. Туған жерінің аршасы мен шыршасы да мұны жатсынатын сияқты.

Оның да жөні бар. Мынау мұнарлы дүние, мұңлы қоғам бұған жатсыну сезімін тудырыпты. Бүгінде Байбураға қоршаған қоғам жат, қоғамға бұла Байбура жат... Туғаннан туажат күй кешкен бұған бұл сезім бірақ бала күннен таныс. Нәресте шақтан етене... Сәби шағынан анасын аңсары ауа іздепті, бозбала күннен Алқабегімді аңсары ауа күтіпті. Сол он жеті жасында қатал қоғамның өзгерісін, әділет туының жығылмасын көргісі келіпті. Оны бірақ көре алмапты... Екі көзі көк бөрідей қанға толып, кең көкірегі ата қырандай кекке тұнып, адам айтса нанғысыз қайшылықты тағдыр кешіпті.

Аласапыран дүниеде алас ұрған жанына дауа таппапты бірақ... Бұл фәниде адам жанына тыныштық жоқ. Тәні тозақ кешеді, жаны азап арқалайды. Жан да бір жағаны улап-шулап соғатын Зайсанның ақбас толқыны екен, улап-шулап ұшатын Бұқтырманың шаңқан шағаласы екен.

Ал бұл кезде теңгедей шыны көзіне сына шағылған күн сәулесінен лап етіп от алған қу бүршік лезде-ақ балқарағайды қызыл шоққа айналдырған. Шілде күнінің көзілдірік әйнегіне шарайнадай шағылған өткір сәулесі сүт пісірім уақыт өтпей күш алып еді. Жылан тіліндей сумаңдаған қызыл жалын самсаған самырсын орманын қу сөңкедей шатырлата жандырып, созыла аққан майлы шайырын жанармай шашқандай лаулатып жөнелген. Қыздай жасанған жас қарағайлар, балауыздай балбыраған балапан шыршалар әп-сәтте бір-біріне жалғаса жалын атқан. Шайырлы орман шалқи жалындаған.

Шайтанның алтын тілләсындай ғана шыныдан бас алған тілсіз сұмдық сумаң қақты... Қызыл сұмдық дүниені жайлаған заман ғой бірақ... Қояндай қайда бұғып, қайда барып құтыласың?

Аядай жерден шыққан өрт сүт пісірім уақыт өтпей от теңізіне айналды. Сайдан суырыла соққан самал да жалынды іліп әкетіп, қыран қарағай басын шортанша шорши шалды. Сол-ақ екен сыңсып тұрған саумал орман ду ете қалды. Бытырлай құлаған бұтақтардан шашыраған қызыл шоқ жердегі қау шөпті қуалай жандырды.

Бөрік қарағай бүркеген биік басына енді шыққан Байбура мұрнына түтін иісі сонда ғана келді. Ол сәл ғана таңырқады. Іле алапат өрттің ыстық лебін де сезді, бірақ еш әрекет жасауға ұмтылмады.

Орманның жел тербеген ұшар басымен де, жел кеулеген тамырлы етегімен де екпіндеген жалын қамшының өріміндей биікке қарай ұмтылды. Сай табанынан соққан тау желі күшейткен от орман-таулы жерде жоғарымен де, төменмен де жүретін алапат өртке айналды. Қарағай басын қыран қанатынша шалып, күреңше бетін шалғы қияғынша сыпыра қиып, қызуы көл бетін шарпыды.

«Рахман бұлағы» шипажайының адамдары у-ду болып, абдырап тұрды. Алапат өрт төңіректі киіздей тұтқан қарағайлы орман бойымен биікке ұмтылып, жыланның тіліндей сумаңдаған жалыны көкке өрлеген қара-қошқыл түтін арасынан жылтыңдап, әйтеуір алаңқайдағы шипажай үйлері аман қалды. Жұрттың үрейін ұшырған өрт аулақтағанға көңілдер басыла берсе де,  күдік басым еді. Қайта айналып соқпасына, қайта айналып шалқымасына кім кепіл?!

Теңгедей дөңес шыныға шағыла сынған күн сәулесінен лап еткен ұшқын ұлы-бұлы өртке ұласқаны бір тәңіріге ғана аян еді... Ғасырлар бойы сарбаздай сап түзеп, сүңгідей көк тіреп шаншылған шынарлар от орағына оранды. Ашық күнде бүк қысатын бүйендей сай ішін өрт аптабы алып кетті. Рахман көлі – шарайнадай тұнған қазан шұңқыр тамұқ ошағына айналып шыға келді.

Сәт сайын күш алған тілсіз жау Қарашоқы биігінде ызғыған желмен Байбура тұрған арша-шыршалы, қарақат-ұшқатты тепсеңге ілезде жетіп келді. Байбура да байсалды болмыс, сырбаз сабырмен қарсы алды. Тағдырының осылай бір тұйықталарына разы-қош күймен еркін тыныстады. Отты леп жүзін шарпып, отты жалын өзегін өртеп өтті.

Мынау мұңлы күй, мұнарлы дүние биігінде жаны жайсаң таба мойынсұнған еді. Мойынсұна тұра тұщы тәні, шыбын жаны шырқырап қоя берді. Бозторғайша шырылдап, бұлдырықша ұшуға бекінді. Будақ-будақ түтін шарпыған, жалаң-жалаң жалын шалқыған өрт ішінде қалды. Бой-бойы бусана қызып, ой-ой еті ыси шыжып, сүйек-сүйегі балқи еріп бара жатқанын жұмулы көзімен терең түйсікте сезінді.

Осы бір отпен ыстала, отпен аластала қысылған жандәрмен сәтте қызыл жалынды серпе көк-жасыл сәуле көк төрінен түре түсті... Бұл Байбураның басына сын сағаты соққан сәтте жеті қат көк төрінен көк сағым боп оралатын баяғы Бозиесі –Ана-Бөрі болатын. Байбураның күйіп-жанған тәні тіксіне, ой-санасы сілкіне түйсінді. Боз бөріге айналған бозамық сұлба мұның тәнсіз рухын ақырғы рет ахиретке қарай ертіп ала жөнелді.

Отпен аласталған адам көк аспанға көтеріле берді. От жалынына оранған қара жерді қимай, Байбура соңғы рет сана көзімен төменге сүзілді. Сонда алдымен Мария-Агата шалынды. О, құдіреті күшті ием, сол бір сәт сұлу Мария-Агатаның құрсағында түнеген шарана сәбиді сана көзімен көрді.

Байбура: «Ех, Мария, мынау от қарыған тамұққа тағы бір бейкүнә адамды әкелетініңді білмейсің-ау...Жазықсыз бейшара жанталаса ғұмыр кешетінін қайтерсің?! – деген ой жалындай оралып, жанын күйдіріп өтті. – Бірақ сол бір сорақы сұмдықты білмеуіңмен де сен адамсың – анасың... Білместігіңмен де бақыттысың». Бір сәт Байбура жат ел, жат жерге бұйыратын көк бөрідей ұрпағы боларын да бағамдап үлгерді.

Топырақтан жаралған тәнін от ішіне тастап, жүйрік жанымен жарыса самғап бара жатқан сау-саламат санасы әлгіндегі ұшқыр ойдан кейін сабырға келді. Жатты жақын тұтып жатжанды болған, жақынды жат тұтып жаужанды болған Туажат қой бұл. Тұнығы лайланып туажат күйге түскелі де бар дүние кісіжұтпа құйға айналып шыға келгендей. Содан да ол жат арасында жау көрінгені, қарындас арасында өзін жат сезінгені... Сабырға келген сәулелі сана жұмбақ бір әлемге ғайып болуға асығып, сынаптай ағып, көк торғын әлемге сіңіп бара жатты.

 Жер бетіндегі адамзат атты жұмыр басты пенделер шырыл қағып, шұрқан тірлік кешкен тамұққа көктей түскен Ана-Бөрінің киелі сәулесіндей, Байбураның бұла тағдыры да жасындай жарқ етіп өте шығыпты... Ол қазір мүлде ғұмыр кешпегендей.

Кенет зеңгір көктің қақпасы оқыстан ашылды...

Ғарышқа көзсіз жылдамдықпен самғаған Байбура алдынан жеті қат көк қақпасы ашылып сала бергенін санамен саралады. Сол-ақ екен бір қабаттан киелі Бозиесіндей бөрі бейнелі періштелер, енді бір қабаттан құс қанатты, тұлпар текті періштелер, тағы бір қабаттан қанатты сәби ер балалар бейнелі періштелер жолықты. Оған бірақ бұл қарайлай алмады. Жұлдыздай ағып өте берді. Аруақтар дамылдайтын әлдеқайдағы тылсым әлемге асыға заулап бара жатты.

Ал алып күн астындағы көк қарбыздай ғана күңгей жер нәзік сәулеге шомып, бауырдай балқиды. Байбура болмысына туажат күй тудырған қилы қоғамды, қияңқы адамды осы бір жер әлемінің жамалы – жалған дүние екенін пендеден жасырып, допша дөңгелейді... Көк-жасыл жер бетінде қап-қара қалыдай боп күйіп қалған қарағай-шыршалы, қарақат-аршалы  қазан шұңқыр – Рахман көлі жан-жағы жын-шайтанның жайып жіберген қара шашындай жалбырайды. Құба таңда сұлулығымен көз суырған көркем төңірек алапат өрттен тамұқ шоғындай қызара бөртіп, үрей ұялай опыраяды. Күл мен шоқтан күреңіткен өртең шеңберіндегі тұнық көл ғана Мария-Агатаның жанарындай мөлдірейді, Ана-Бөрінің көз жасындай мөлтілдейді.

Дертті дүние толқын тербеген қайықтай дірілдейді...

 

                                                        2 мамыр, 2011 жыл. Алматы.


* еринтим – еркек-интим – интим еркек – бай әйелдерге барып тұратын еркектерді атағаны.

* Сексен алты – Алматыда болған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі.

* Рериховшылар – суретші, мәдениеттанушы Николай Рерих жолын пір тұтқандар.

* Калькутта – Қаратоғай ауылын жергілікті ел Қалғұты дейді.

* Брежнев алаңы – қазіргі Республика алаңы.

* Калинин көшесі – қазіргі Қабанбай батыр көшесі.

* Ауғандықтар – бұл жерде Ауғанстанда соғысқан, тұтқында болған совет әскерлері деген мағынада.

* Зәйежи – заезжий дом.

* Рерихшылар – белгілі суретші, мәдениттанушы Николай Рерих жолын қуушылар.

* ДШБ – десантно-штурмовой батальон – десанттық шабуыл батальоны.

* Дұшман – дұшпан – ауған моджохедтері.

* Шурави – Совет әскерлерін ауғандықтар осылай атаған.

* Духтар – совет жауынгерлері дұшман-моджахедтерді кемсіте қойған атаулары.

* Ақтау – Мұзтаудың көне түркілік атауы. Күршім ауданында Ақтау атауына ұқсас Сарытау да басын мұз басқан биік. Алтайдың Ақтауы мен Сарытауы – егіз биіктер, егіз ұғымдар; бабаларымыз біліп қойған.

** Қатын – Катун өзені.

* Бадабер – Пәкістанның солтүстік-батыс шекарасы бойындағы пәкістандық елді мекен. Ауғандық Пешавар қаласынан 30 шақырымдай ғана жерде орналасқан Бадабер лагерінде моджахедтер дайындаған, әрі советтік әскерилерді жасырын түрде тұтқында ұстаған.

** Құдіретолла – Құдуратулла – сол жылдары моджахедтер дайындайтын орталықтың бастығы, Пәкістан әскери күшінің майоры, Бадабер лагерінің қожайыны.

***  ХДПА – Ауғанстан Халықтық-демократиялық партиясы.

* ХАД – 1980–1989 жылдардағы Ауғанстан мемлекеттік қауіпсіздігінің қысқаша, ауғанша атауы.

* Особистер – особый отдел – Совет армиясындағы ерекше бөлім қызметкерлері.

* «Сафир» – Пешевар қаласында сол жылдары шығып тұрған журнал.

** «Мүслім» – Пәкістанда кең тарайтын өте танымал газет.

*** 40-армия – 1979–1989 жылдары Совет армиясының Ауғанстандағы шектеулі контингенті.

**** Ален Гийо – 1986–1988 жылдары Ауғанстанда болған француз репортері.

* Серафим Тихонович Куницын – ұлты орыс. Лагерьде қойылған лақап есімі – Абдул Рахман. Әскери шені – подполковник. Жасы отыз бесте, бойы екі метрдей. 1980 жылы Панджшер шатқалының Равза ауданында әйгілі «Панджшер шері» Ахмад Шах Масуд қолына тұтқынға түскен. Сол жылы Пәкістандағы Бадабер лагеріне жіберілген. Оның ұйымдастыруымен лагерьден қашып шығу жоспары жасалады. Бадабер лагері көтерілісінде мерт болған.

* Чарс – ауғандық арзан есірткі түрінің атауы.

** Көкжасаң – «зеленка» деген совет әскерлері.

*** Бұзқашы – ауғандықтардың көкпары.

* Виктор Васильевич Духовченко – ұлты украин. Лагерьдегі лақап есімі – Юнус. Украинаның Запорожьясынан. 1954 жылғы. Үйленген. 1984 жылы 25 тамызда өз қалауымен Ауғанстанға сұранып барған. Баграм гарнизонында қызмет қылған. 1985 жылы желтоқсанның соңғы күндері Қала-Бұлай қышлағы маңында тұтқынға түскен. Бадабер лагеріндегі көтеріліс кезінде мерт болған.

** Пушту – ауған тайпаларының ішіндегі аса жауынгер, көшпенді тайпа.

*** Мұхаммед Азиз – лақап есім. Ұлты орыс. Анық аты-жөні белгісіз. 1982 жылдан Бадабер тұтқыны. Көтеріліс кезінде мерт болған.

Қасым – лақап есім. Ұлты тәжік. Анық есімі белгісіз. 1980 жылдан Бадабер тұтқыны. Көтеріліс кезінде мерт болған.

* Бұрханиддин Раббани – теология профессоры. АИҚ (ИОА) – «Ауғанстан ислам қоғамы» қозғалысының көшбасшысы, ауған ұлтының ұлтшыл перзенті, көзқарасы қайшылықты.

* Воробей – түрмеде айтылатын жаргон сөз: орысша «замок», қазақша «құлып». «Спугнем воробья!» – сломаем замок – «Құлыпты сындырамыз!» деген мағына береді, яғни «кісенді ашып, әскери қоймаларды бұзып, көтеріліске шығамыз» деген парольдік мағынаға ие, әрі орыс түрмесіне тән жаргон.

 

* Атанда – француз сөзі, орысша «довольно» деген түрмеде қолданылатын жаргон. Бұл сөз де көтерілісті бастауға белгі ретінде қолданылған.

** Мұхаммед Ислам – лагерьде қойылған лақап есім. Ұлты белгісіз. Жасы 23–24-те. 1982 жылы Пули-Хумри ауданында өз еркімен дұшмандарға берілген. Мамандығы – шофер. Он екі совет тұтқынының арасынан шыққан жалғыз сатқын. Жансыз болуы да мүмкін.

*** Гүл Мұхаммед – ауғандық офицер-танкист. 1982 жылы желтоқсанда атақты Саланг асуынан түсер еңістегі Хинджан қышлағы маңында Ахмад Шаһ Масуд жасағына тап болып, дұшмандардың қолына түскен. Оны әйгілі әмір Бұрханиддин Раббанидың өзі моджахедтер жағына үгіттеген. 1983 жылы Бадабер лагеріне жіберілген. Совет тұтқындарымен көтерілісті қолдап, көтеріліс кезінде қашып құтылғандардың бірі. Бадабердегі совет тұтқындары ұйымдастырған көтеріліс туралы толық мәлімет берген тірі куәгер.

* Зия-уль-Хак.

* ФСБ – Федеральная служба безопасности РФ – Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі.

0 пікір