«ҚЫТАЙҒА БАЙЛАНУ»
Бүгін Елордадағы «Жастар театрында» Қазақстан Республикасы Тәулсіздігінің 25 жылдығына арналып «Қытайға байлану» атты концерт өтті. Қытай иероглифінде жазылған концерттің орысша аудармасы «Привязанность к Китаю» деп аталыпты. Қазақшаға қотарсақ – «Қытайға байлану». Ханзу тілінен хабарымыз шамалы болғандықтан түпнұсқаны танып, оқи алмадық. Бәлкім, концерттің аты «Қытайға байлану» емес, «Қытайға тартылу» шығар?.. Қазақы тілдің қалпы мен сөздің көркемдігіне салсақ, «Привязанность к Китаю» -ды «Қытайға сапар» деп еркін тәржімалауға да болар, қалай десек те, ҚХР-дің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшілік қызметін уақытша атқарушы Ю Диан Пи ханым қатысқан концерттің атауы «Қытайға байлану» дегенді аңғартты. Оның үстіне Қазақстандағы мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесін ҚХР елшісі кезекті рет ұмыт қалдырып, концерттің ресми кіріспе бөлігінде аудармашы қызды орысша сөйлеуге мәжбүр етті. «Кезекті рет» дейтін себебеміз, қытай мен орыс елшілігі ғана өздерінің елшілік миссиясында осы күнге дейін қазақ тілінде қарым-қатынас жасаған емес. Біздің бұл сөзіміз елшілер қазақ тілінде сөйлесін дегенді әсте білдірмейді. Алайда, мысалы АҚШ елшілігі қазақ тілінде сөйлеп, жаза алатын аудармашылардың қызметіне жүгінгенді қолай көреді. Батыс, Араб, Түрік елшілігі де Қазақстанда мәртебесі Атазаңмен айшықталған тілді – қазақ тілін құрмет тұтады.
Жә, сонымен концертімізге оралайық. «Жастар театрында» өткен концертке Іле-қазақ автономды ауданының өнерпаздарын Зүнүн Әкбар жолдас басқарып келіпті. Зүнүн жолдас қазақ-қытай қарым-қатынасының жыл өткен сайын жақсарып, тереңдеп бара жатқанын айтып тұрып: «Қазақстан – ашық теңіз жолына шыға алмайтын жалғыз ел», - деді. Бұл шамасы оның: «Қазақстанның мұхиты - Қытай» дегені болса керек. Ал, елші ханым қазақ пен қытай арасындағы елшілік қызметтің берік орнағанына 25 жыл толғанын атап өтіп, жүңго мемлекетінің батыс өлкесіндегі табиғаттың сұлулығына, адамдардың сұлулығына кәдімігідей мадақ айтты.
Сөз жоқ, Іле-қазақ автономды ауданының өнерпаздары қойған концерт өте тартымды болды. Қазақтың, ұйғыр халқының, ханзу жұртының әндері кезек шырқалып, биі биленді. Концерт соңы қазақ тобы мен бірге жалпы көпшіліктің әйгілі «Қара жорға» биін билеумен аяқталды. Концертке негізінен ҚХР-да туып Атажұртына оралған ағайын көп барған сияқты. Олардың бабақонысына кіндігінен байланған қазақтар екені көрініп тұрды.
Омар Хамза
Abai.kz