Бейсенбі, 19 Желтоқсан 2024
Билік 8289 0 пікір 2 Ақпан, 2017 сағат 09:59

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ БОЛУЫ АУАДАЙ ҚАЖЕТ. БІРАҚ...

Бүгінгі таңдағы мемлекеттік билік тармақтарын бөлу әбігері, тәуелсіздік алғалы 26 жыл өткеннен кейінгі «ақсақ қой түстен кейін маңырайды» дегеннің кейпін білдіреді.  Осы 26 жылғы тәуелсіздікті «26 жастағы жігіт» деп салыстырсақ, билік тармақтарына 26 жылдан соң дербестік беру, осы 26 жастағы жігітке әліппенің әріптерін үйреткендей әрекетке ұқсамай ма?  

Американдықтардың ұранына айналған сол елдің әйгілі жазушысы Марк Твеннің: "Егер азамат өз елінің саяси киімінің тозғандығын көре тұра, оны тозды деп айтып, оны жаңартуға ат салыспаса, ол өз Отанының сатқыны" деген сөзі бүгінде біздің бірен-саран қандастарымыздың аузынан шықса да, ол жалпы жұртқа жетпей жатыр. Ал мұндайда ұлтжандылық танытады деген зиялы қауым өкілдері бәрі болмаса да көпшілігі кеңестік дәуірдегі әдіске салып бұғып отыр. Ол дәуірден қалған үрейді бойларынан шығаруға дәрменсіз күй кешуде. 

Адамзаттың саясат пен мемлекет туралы танымының дамуына қомақты үлес қосқан Аристотель мұқым саяси ой-пікірге,  қоғамның одан әрі дамуына ықпал етті.  

Полития (республика) – көпшіліктің билігі.  

Тирания – «адамның табиғатымен таласқан билік». 

Олигархия – азшылықтың билігі. Бұл билік кезінде біліктілер емес, байлар үстемдік құрады.

Билік адамзат баласының тіршілігімен қоса пайда болып, ғасырлар бойы қоғам дамуының ағымына сай өзгеріп, жан-жақты жетілдіріліп отыратын құбылыс.  

"Билік" дегеніміз біреулердің басқаларға әмір жүргізуге, бұйрық беруіне, басқаруға деген құқығы мен еркі, біреулердің басқалар жөнінде дегенін іске асыру және олардың тәртібі мен қызметіне белгілі бір ықпал ету қаблеті мен мүмкіндігі. Бұл жерде ықпал ету мен билік етудің айырмашылығы ескерілуі қажет. 

ХХ ғасырдың ірі ойшылы болып саналған неміс ғалымы Макс Вебер билік­тің жүзеге асырылуының өзін оның маңызды бөлігі деп білген.   Онда үстемдік дегеніміз "белгілі бір топты ар­наулы мағынадағы нұсқауларға бағындыру мүмкіндігі".

Биліктің үш буыны жасақталған мемлекетте  міндетті түрде Конституциялық сот болуы ауадай қажеттілік, ал біздегі конституциялық кеңес ол функцияны орындауға қабілетсіз.

Тарихтың өн бойындағы билік төңірегіндегі, ол үшін бола­тын күрес күрделеніп ақыры саяси проблемаға айналды. Бұл проб­леманы тек ХVІІ ғасырда ғана саяси ойшылдар құрылымы жағынан қайта қарап, оны демократияландыруға  талпыныс  жасалды.  Оны бұрынғыдай билеушілердің еркіне жібермей заңға бағындырып, қоғамға тиімділігіне назар аударуға қол жеткізілді. Осы қадамның арқасында  тұтас билікті бірнеше тәуелсіз дербес,  бірақ өзара тығыз байланысты, бірін-бірі бақылап отыратын биліктерге бөлу­дің негізі жасалды. ХVІІ ғасырдың ортасында билікті бөлудің алғашқы жобасын ағылшынның көрнекті философы Джон Локк (1632-1704жж) жасайды. Ол билікті заң шығарушы, атқарушы (оның ішінде сот билігі де бар) және халықаралық қатынастарды басқарушы федеративті етіп бөлді. Кейінірек ХVІІІ ғасырда француз­дың ағартушысы Шарль Луи Монтескье (1689-1755жж) билікті бөліп басқарудың қазіргі қолданылып жүрген қағидасын жасап берді. Бұл қағида бойынша билік заң шығарушы (парламент, жергілікті өзін-өзі басқару органдары) атқарушы (үкімет және оның мекеме­лері, жергілікті жерлердегі басқару әкімшіліктері-префектура­лар және т. б.) және сот (конституциялық және жоғарғы сот, сот жүйесі, қадағалау органдары және т.с.с.) болып бөлінеді. Бұл схемада жоғары биліктің тағы бір субъектісі қажет сияқты. Ол өзара жанжалдасқан жағдайда төрелік айтып табыстырушы міндетін атқарушы ретіндегі Монтескье ұсынған монарх, президент немесе билік жүргізуші партия басшысы. Олардың бұл жердегі рөлдері әр елде әртүрлі. Осылай бола тұрса да ол жаңағы билік буындарына ең жоғары төрелік айтуды  КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТҚА жүктейді. Ал конституциялық сот қоғамдағы биліктің барлық сатыларының, оның мүшелерінің өзара қатынастарын заңға сәйкестендіріп отырушы міндетін атқарған. Бөлінген биліктер арасындағы қатынастар тиісті заңдар мен конституция қағидалары негізінде реттеледі. Сондай-ақ, билікті қолдануды демократияландыру мақсатымен бөлінуінің өзі әлеуметтік бақылау, сын айту және халық тарапынан қолдаушылық әрекеттерге байланысты. Мұны жүзеге асыру үшін қоғамда арнайы құрал-баспасөз белсенді рөл атқарады. Олардың қоғамдық пікірге ықпалы күшті болады. ХХ ғасырдан бастап бұқара­лық ақпарат құралдары, сөз бостандығы жағдайында шынайы әрекет етіп "төртінші билік" деген атқа ие болды.

Бүгінде өркениетті болып саналатын, құқықтық мемлекеттер­дегі биліктің бөліну принципі заң шығарушы, істі атқарушы, сот болып демократиялық мазмұнға ие болып отыр. Осы аталған мемле­кеттік билік-саяси билік болып табылады. Демократиялық мемле­кетте саяси биліктер құрылымы мен жүйесі, адамдардың билікті жүзеге асыруға қатысы, билікке бұқараның бақылау жасауы шешуші рөл атқарады.  Саяси биліктің түпкі мақсаты халықты басқа­ратын толық билікке жету. Саяси билікті бір орталықтан бағытталған белгілі бір қа­тынастарды реттейтін, бақылап оны әрекетке келтіретін саясат деп те түсінуге әбден болады.

Саяси өкімет билігі қоғамдық сипатта болып, арнаулы құрылымдар арқылы жүзеге асырылады. Өкімет билігі мемлекеттің заңдарына, белгілі адамдардың адам­гершілік тәрбиесіне ықпал етіп иландыру арқылы әдет-ғұрып, дәстүр, сана-сезімдеріне сүйене отырылып жүргізіледі. Сон­дай-ақ, билік заң орындарының күш қолдануы арқылы да, жүргізілуі ықтимал. Қоғамдық өмірдің әртүрлілігі сияқты, өкімет би­лігінің қоғамдық қатынастардың да құрылымдары сан-қырлы. Өкімет билігі дегеніміз мақсатқа жетудегі мемлекеттегі белгілі бір объектілерге жасалатын әр түрлі әрекеттер. Өкімет билігінің негізгі ресурсы - көзі болады. Осылар арқылы әртүрлі бағытта өкімет белгілеріне сай топтауға; жіктеп білуге болады. Бұл жердегі ең басты өлшем өкімет билігін жүзеге асыратын құралдарды, жағдайларды біліп тану болып табылады. Өкімет билігін жүзеге асыратын құрылымдарға заң шығарушы, сот, құқық қорғау органдары, әртүрлі әкімшілік органдары, министрліктер көпшілік қозғалыстардың лидерлері, мемлекеттік және партия биліктері жатады. Саяси биліктің іске асырылуы нормаланып, сол мемлекеттің ұлттық ерекшеліктерінің, дәстүрінің,  заңдарының,  принциптері негіздеріне сай жасалынады. Саяси билікті атқарушылар тамаша жүйеленген негізге сүйенеді. Ол негіз арнайы құрылған басқару аппараттары, құқық қорғау органдары ондағы адамдар тобы болып саналады.

Поляктың белгілі саясаттанушысы Еж Вятр : "Кез-келген мемлекеттік билік... саяси билік болып та­былады. Алайда саяси биліктің бәрі бірдей мемлекеттік билік бола алмайды. Саяси билік бұл - үлкен әлеуметтік топтар арасын­дағы қатынастар жағы да, ал мемлекеттік билік бұл - арнаулы және бөлек аппарат арқылы іске асырылатын билік".

Саяси билік қоғамның әлеуметтік тұтастығын сақтау, үстем­дік етуші әлеуметтік топтар мен таптардың мүдделерін іске асы­ру, әлеуметтік құрылымның жұмыс жасауын қамтамасыз ету, қоғам­да тепе-теңдікті, өндіріс пен өнімді бөлу шамаластығын сақтау сияқты міндеттердің бірқатарын жүзеге асыру қабілетіне ие бо­луының арқасында қоғамда өмір сүреді. Саяси биліктің ерекшелігі жоғарыда көрсетілген міндеттердің бәрі бір-бірімен өзара тығыз байланыстылығы мен бір-біріне өзара ықпал ететіндігінде. Бұл міндеттердің біреуін ғана жоққа шығару саяси биліктің ыды­рауына әкеліп соқтырады. Саяси биліктің негізгі түрі мемлекет­тік биліктен көрінеді. Бұл биліктің басқа биліктерден айыр­машылығы -оның басқару органдары бар және заң шығару мәселесін­де бір өзі шексіз түрдегі құқыққа ие.

Билік әр кез заңды легитимді болуы тиіс. Легитимность - ла­тынның сөзі, ол заңды деген ұғымды білдіреді. Заңды немесе заңдылықты мойындау оны дәлелдеу әлде бір іске араласуға өкіл­ділік беру деген сөз. Бұл термин ХІХ ғасырдың басында Франция­да шыққан. Францияда корольдің билігін, ең бірден бір заңды билік деп мойындаудан бастау алған. Биліктің легитимдігі (заңды­лығы) реакциялық күшке, зорлыққа қарсы болады. Мысалы, мемле­кет шекарасын рұқсатсыз, зорлықпен қайта қарау, мемлекеттік төңкеріс жасаушы узурпатордың әрекеті т. б. жатады. Саяси би­лік, егер оны бұқара ерікті келісім бойынша қабылдап, оның де­гендеріне бағынса, онда ол заңды билік деп аталады. Бүгінде биліктің заңдылығы легитимдігі өркениетті елдердегі құқықтық мемлекеттердің басты белгісі, азаматтық қоғам және әлемдік қа­уымдастық бұл белгіні қадір тұтады, мойындайды. Өкімет билігінің легитимдігі - заңдылығы дегеніміз, ол сол өкіметті басқалар­дың яғни, халықтың мойындауы. Әлбетте бұл биліктің легитимдігін мұқым халық қолдауы мүмкін болмайтын кез жиі кездеседі. Мысалы, саяси жүйенің жоғары тұрақтылығы барлық уақытта бірдей саяси биліктің заңдылығының көрсеткіші бола алмайды.

Саяси би­ліктің я болмаса тәртіптің тұрақтылығы шынайы заңдылықтан тыс құралдармен де қамтамасыз етіле алады. Саяси биліктің заңдылығын тануды екі тұрғыда... біріншіден, заңдылық принциптеріне саяси жүйенің өзгеру процесі ретінде де, екіншіден осы саяси жүйенің заңдылығын әр түрлі құралдар көме­гімен негіздеу ретінде де қарастыруға болады. Саяси биліктің заңдылығын тануға қоғамдық сананың да қатысы бар. Ол билікті мақұлдай да сонымен бірге оған теріс те қарай алады. Сөйтіп, легитимділік - ол мемлекеттегі қабылданатын заңдар мен бұйрықтар, қаулылар негізінен көпшіліктің мүддесіне сай жасалуымен өлшенеді. Легитимді билік - демократиялық жолмен келеді.

Автократия грек. – бір адамға шексіз жоғарғы өкімет билігін беру арқылы басқару жүйесі

Клептократия –ұрылар тобының билігі

Меритократия – ерекше каблеттілердің билігі

Охлократия – «тобырдың» билігі

Плутократия – байлыққа кенелген алпауыттар билігі

Тимократия – күшпен басқару түрі байлардың үстемдігі

ГЕРОНТОКРАТИЯ (грек.) - ақсақалдардың өкімет билігі. Басқарудың бұл түрі өте ерте заманда өмір сүрген. Өкімет билігі жасы келгендердің қолында отырған мемлекеттерге байланысты да аталады. (мысалы "Кремль" саяси бюро мүшелері Г).

ОЛИГАРХИЯ – мемлекетті басқару тетігінің аз ғана байыған адамдардың қолында болуы.

Есенғазы Қуандық, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1893