Дер кезінде деу керек!
Сайқал саясаттағы талай оқиғаны көрдік. Біразы дұрыс емесін бағамдадық. Кейін сондай ойымыз дұрыс болып жатты. Бірақ жазып, жарияға жеткізбеген соң “мен солай ойлап едім” деу — күлкілі. Мұндай кепті талайлар бастан кешкен шығар. Сондықтан дер кезінде деп қалу керектігін түйсінгенбіз.
Ендігі сөз Конституцияны өзгертуге орай құрылған комиссия мүшелеріне қатысты. Кейінгі екі-үш күнде сөздері мүлде сұйылып бара жатқанын сеземіз. Уәждері таусыла бастады. Бірақ сол аз-маз уәждері де бізге сенімсіздік туғызады.
Бастысы: орыс тілі ресми тіл болмаса Ресей соғыс ашады-мыс. Келтіретін мысалдары — Украинаға қарсы бағытталған “арнайы әскери операция”. Осыны талдайық. Екі мемлекеттің арасындағы дау 1992-93 жылдардан басталған. Онда біз “Егемен Қазақстан” газетінде шетел шолуын дайындайтынбыз. Қара теңіз флотын көкпарға салғандары туралы апта сайын материал беріп жүрдік. Екі мемлекет Қырымға таласқандықтан шекаралардың айқындалғаны туралы шарт жасалмады. Отыз жылғы дау ақыры соғысқа соқтырды. Ал Ресей мен Қазақстан арасында соғысқа әкеліп тірейтін шиеленіс болған емес. Шекара айқындалған, оның шарты жасалған, парламенттер бір мезгілде тіркеген. Ал “Қазақстан Конституциясында орыс тілі неге көрсетілмеген деп Ресей бізге соғыс ашады” деу — “қорыққанға қос көрінедінің” нақ өзі.
“Ресейде біреу біз әлі 25 жыл соғысуға қауқарлымыз депті” деген үрейлі дауыс шықты сол комиссия жағынан. Ресейде кім не демеген. Жырынды Жириновский “Орыс солдаты Үнді мұхитында етігін жуып отырады” деген. Қайда сол етік? Үнді мұхитына жетер жолдағы Сириядан да табаны тайып жатқан жоқ па?
Комиссияның тағы бір мүшесі “бұрынғы Конституцияда жасанды интеллект жоқ екен, соны қосуға тура келді” депті ғой. Онда бұрын Астананың үйлерінің қабырғасы тез жанатын материалмен қапталатын, енді отқа былқ етпейтін материалмен қапталып жатыр, соны да неге қоса салмасқа Конституцияға?! 1995-жылы ойға енбеген, қолданысқа кірмеген дронды да ұмыт қалдырмайық.
Тағы бір естіген уәжіміз бар. “Бұрынғы Конституция қазақша дұрыс жазылмаған-мыс”. Ойбай-ау, анда Назгүл Қожабек, мұнда біз отырмыз ғой. Әкеліңдер, редакциялап берейік. Жүз адам одан да мемлекетке пайдалы басқа іспен айналысыңдар.
Егер комиссияның бір мүшесі “халықтың бетке ұстар заңгерлері, тарихшылары, журналистері “асықпаңдар, мына өзгерістер әлі шикі” деп жатыр, сондықтан мен бұл комиссия құрамынан өз еркімнен шығамын” десе, нағыз дер кезінде айтылған сөз сол болар еді!
Қайнар Олжай
Abai.kz