Бейсенбі, 21 Қараша 2024
Мәйекті 7064 0 пікір 6 Ақпан, 2017 сағат 15:42

ШИХОТОВ: ЗАХАРОВТЫҢ СӨЗІ, БАРЛЫҚ КАЗАКТЫҢ СӨЗІ ЕМЕС

Өткен жылы «Abai.kz» порталында «Ел тыныштығын бұзғысы келетін казакты өзім ұстап беремін» атты сұхбат жарияланды. Алматыдағы «Жетісу казактары» одағы Жоғарғы атаманның орынбасары, Қазақстандағы Орыс қауымдастығының жауапты хатшысы Машканцев Сергей мырзамен болған сұхбатта Қазақстан казактары ішіндегі дау туралы және атамандықтан айырылған Владимир Шихотов пен экс-министр Владимир Божко туралы кереғар пікірлер айтылған-тын.

Жақында редакциямызға Влаимир Шихотов хабарласып, біз көтерген мәселеге өзінің уәжі барын айтты. «Abai.kz» еркін ой алаңы. Ой жарыстырып, пікір алмасу, екі жақтың сөзін екешеу - оқырман еркінде. Ал біз Владимир Шихотов мырзаның арнайы келіп берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

 

-Владимир мырза, сіз ресми түрде «атамандықтан» айырылдыңыз ғой. Демек, еш жерде казактар атынан сөйлеуге құқыңыз жоқ. Солай ма?

-Жоқ. Мәселе былай болды. Машканцев және Захаровпен арамыз әу бастан суық еді. Казактар қаулысында көрсетілген ережелерді белшесінен басып, олар 2012 жылдың 10 қарашасында «Жетісу казактарының» басқармасында жиналыс жасады. Оған бар-жоғы жиырмадан асатын  адам қатысты. Олардың ішінде біздің одаққа мүлде қатысы жоқ азаматтар болған. Ол кезде одақ атаманы мен едім. Біз Никольскі шіркеуінде едік. Одақ мүшелерінің 90 пайызы шіркеуде болған. Сөйтіп, бізді қатыстырмай, Захаров пен Машканцев жиын жасап, ақырында  Захаров атаман болды. Ол жерде ревизиялық комиссия болмады.

-Бұл екеуіңіздің бас араздықтарыңыздан шыққан іс қой?

-2012 жылы Захаров ақсақалдар кеңесін шақырмай, жасырын жиын өткізіп, атаман болды. Сол 2012 жылы қазан айында мені атамандықтан айыру туралы шағым түсірді. Ал жиын қарашада өткен. Ол кезде мен ресми Заңды түрде атаман едім. Ал Сот үкімі 2013 жылдың соңында ғана ресми күшіне енген-ді. Бұл Заң бұзушылық емес пе?  Жеке тұлға ретінде қарсы шағым түсірдім. Алматы қаласындағы Медеу аудандық соты біздің шағымды қабылдамады. Ал 2015 жылы Бостандықаудандық сотына Захаровтан шағым түсті. "Солай да солай, Шихотов казактар атынан сөйлемесін" деген. Міне, Сот шешімі бар. Захаровтың өтініші қанағаттандырылмады. Сөйтіп, мен өзімнің шен-шекпенімді қайтардым. Енді казактар атынан сөйлеуге толық құқым бар.

- "Владимир Шихотов «Руский маршты» қолдаушы" деген гу-гу әңгіме сайттарда өріп жүр. Қазақстан казактарын Украина жеріне соғысуға үндеп жүрген де сіз екенсіз-мыс. Бейбіт күнде жау шақыру – қылмыс. Қазақстанның әлем саясатында бітімгерлік миссиясымен танылып жүргенін білесіз. Бұл арандатушылықты саналы түрде жасау деген... ақылға қонымсыз. Сонда бұл қайткеніңіз?

- Ол барып тұрған "жаптым жала, жақтым күйе" сөз ғой. Мен  - Қазақстан Республикасының азаматымын. Әкем де, шешем де осы топырақта туған. Мен ешқандай «Руский маршқа» қатысқан емеспін.

Мен сізге бір қызық айтайын, Захаров 2012 жылдың 4 қарашасында «Жетісу казактары» басқармасында «Руский марш» жиынын өткізді. Ол туралы тіпті, «Казачий курьер» газетінде жарияланды. Машканцев пен Захаровтың суреттері жарияланды. Сол жылы Захаров Ресейдің националист, белседісі Поткинмен кездесті. Тіпті, содан кейін оның үстінен қылмыстық іс қозғалған еді.

-Сонда әлгі «Руский маршты» қолдап жүрген Захаров па?

-Иә. Тіпті, 2014 жылы Украинада майдан болғанда, Захаров өзі барып қатысып, «Руский марш» жалауын жамылып жүргені де БАҚ –та жарияланды. «Казачий курьер» газетінде жарияланды.

-Оған қандай делелдер бар?

-Сайттарды қарасаңыз, Захаровтың «правый сектор» белсенділерімен бірге жүргені жарияланған. Сосын, Қырым референдумына қатысып, онда «Казахстанцы, поздравляю! Кырым снова наш» деген. Сонда Қырым біздікі дейтіндей, ол аймақ Қазақстанға қосылған жоқ қой. Бұл да жарияланған.

-Қырым Ресейдікі емес әлі. Референдум өткенімен, оны Халықаралық қауымдастық әлі мойындаған жоқ қой. Провокация жасау да қылмыс. Сіз де дәлелдермен сөйлегеніңіз дұрыс.

-Дәл осы Захаров Ресей Президенті Путиннен Сахалинді сұраған. «За геноцид казаческого народа в годы революций» деген желеумен. Мақсаты - онда Казак Республикасын құру еді.

Менің де үстімнен талай жала жабылды. 2012 жылы 25 қарашада біз Алматыдағы Туризм және спорт академиясында жиын жасадық. Оған 132 делегация қатысты. Ақсақалдар кеңесі дауысқа салып, Захаровтың атамандығын мойындаған жоқ. Сол жиында мені атаман етіп сайлаған болатын.

-Мейлі, араларыңыздағы атамандыққа талас, Қазақстан халқының бас қатырар шаруасы емес шығар. Ал егер ішкі тыныштықты бұзып, ұлтаралық араздықты қоздыру, территориялық дау мәселелеріне келер болсақ, Сіздің Божкомен араңыздағы байланыс көлбеңдеп шыға келеді. Экс-министр Владимир Божко екеуіңіз бөлек одақ құрмақ көрінесіздер... Бұл бас бастарыңызға қос тігу емес пе?

-Біз ешқандай да жаңадан одақ құрғалы жатқанымыз жоқ. Ол не әңгіме?! Владимир Карпович төрағалық ететін Қазақстанның казактары қоғамдық бірлестігі деген ұйым бар. Ресми атауы – «Ассосация русских-славянских-казачих организаций в Казахстане». Захаров басқарып отырған «Жетісу казактары» одағы да соның құрамында болған. Біздің ұйым жаңадан құрылып отырған ұйым емес. Ол  1999 жылы 4 наурызда тіркеуден өткен. Сол кезден бері оған Терещенко Сергей Александрович төрағалық етіп келеді. 2016 жылы 22 қыркүйекте кеңес өтіп, Терещенко мырза қайта сайланды. Қазір, ол кісі құрметті төраға. Ал тізгінді Владимир Карпович Божко алды. Біз ұйымның жұмысын жалғастырып отырмыз. Ешқандай одақ құрып, бүлік шығарғалы жатқанымыз жоқ.

Ал біздің ұйымға алтернатива ретінде 2006 жылы Захаров ұйым құрды. Ол Координационный совет "русских-казачих-славянских организаций" деп аталды. Захаровқа жаңа ұйым құрмай-ақ, бізбен бірге жұмыс жүргізе беру керек еді.

-Қалай десек те, бізге елдің тыныштығы керек. Былтыр Парламент сайлауының қарсаңында «казактар Конституцияны өзгертпек» деген шу шықты. Бұл не сұмдық?

- Ол туралы «Жас Алаш» газеті жазды. Юрий Захаровтың былықтары туралы сол кезде мен және «Русская община Казахстана» ҚБ төрағасы Юрий Бунаков екеуіміз кеңінен баяндап бергенбіз.  Мен 3,5 жылдай Захаровтың орынбасары болдым. Ол өзін казактардың жоғарғы атаманы деп санайды. Казактардың генералы ретінде генерал кительін киеді. Ал мұндай атақты Нұрсұлтан Назарбаев қана бере алады. Юрий Захаров АҚШ-та өткен ресейлік отандастардың 4-форумында Президент Назарбаевтың атынан сөйледі. Сонда Захаров Қазақстанның Тәуелсіздігіне 10-15 жыл қалғанын айтты. Қазақ-қытай шекарасы болмайтынын, оның орнына Қытай-Ресей шекарасы болатынын айтқан еді сол жиында. Ал 2016 жылы 7 ақпанда Захаров резолюция жасады. Сөйтіп, Парламенттен казактарға орын сұрады. Ол резолюцияның мәтіні менде бар.

-Сөйтіп, әуелгі сұрақтарға оралайықшы, сіздің «Орыс маршына» қатысыңыз жоқ. Және ешқандай одақ құрылмайды екен. Сонда бұл әңгіме қайдан шықты?

- Дәл солай. Менің жоғарыдағы былық-шылыққа қатысым жоқ. Мен тек Захаровтың басқы бәсекелесі болған соң, артымнан осындай лас әңгімелер айтылды.

Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде еліміздің бейбіт болғанын, Мемлекетіміздің тыныштығын қалаймын. Бүлік шығарушы емеспін. Құжаттар бар ғой. Қаарасаңыздар, нағыз арандатушының кім екенін өздеріңіз-ақ, білесіздер. Қайталап айтамын, бізге бейбітшілік керек. Тыныштық керек. Бізге Захаров керек емес. Захаров секілді провокатор керек емес. Захаровтың Конституция туралы айтқандарын қазақстандағы БАҚ казактардың аузына салып берді. Захаровтың сөзі, барлық казактардың сөзі емес.

Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1431
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3198
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5099