Бейсенбі, 19 Желтоқсан 2024
Деп жатыр 8674 0 пікір 22 Шілде, 2014 сағат 14:44

АҚШ ПЕН ЕУРОПА: "БҰЛ - ПУТИННЫҢ СОҢҒЫ МҮМКІНДІГІ"

Дейли Мейл: «Путинге 48 сағаттық ультиматум жарияланды»,-дейді.

Дэвид Кэмерон, Ангела Меркель және Франсуа Олланд телефондағы әңгімелесуде, егер Мәскеу ескертуге құлақ аспаса, Еуроодақ лидерлері жаңа қадамдар жасауға дайын екендігін айтқан.

Британия Премьері Еуропаның осы жолғы дағдарып отырғанын 1930 жылдардағы Гитлер дәуіріндегі Еуропамен салыстырған.

Дэвид Кэмерон: «Енді біздің күшімізді көрсететін кезек келді».

Әлем лидерлері MH17  жолаушылар ұшағы апаты хақында Владимир Путинге соңғы ескертулерін жасады,-дейді «Дейли Мейл» кешегі ақпаратында. «Путинге 48 сағаттық ультиматум жарияланды» деген тақырыптағы бұл мақалада Германия, Франция және Британия лидерлері Украинаның шығысында атып түсірілген ұшақ жағдайын сараптауға жіберілген халықаралық мамандардың оқиға орнын жан-жақтылы тексеруіне Ресей мен оның қолдауындағы сепаратистердің кедергі келтірмеуін ескерткендігі жарияланған. Дэвид Кэмерон, Ангела Меркель және Франсуа Олланд телефондағы әңгімелесуде, егер Мәскеу ескертуге құлақ аспаса, Еуроодақ лидерлері жаңа қадамдар жасауға дайын екендігін айтқан. Нидерландының премьер-министрі Марк Рютте телефонда Путинмен сөйлесуден кейін: «Бұл оның ойланатын ең соңғы орайы»,- десе, Еуроодақтың ең ықпалды тұлғасы есептелетін Германия канцлері Ангела Меркель Путинмен телефондағы сөйлесуде оны сәйкесуге шақырған.  Германияның сыртқы істер министрі Франк-Вольтер Штайнмайер «Bild am Sonntag» газетіне берген сұхбатында: «Мәскеудің шынымен осы оқиғаға байланысты селбескісі келсе, бәлкім, бұл онысын дәлелдеуге берілген соңғы орай болуы мүмкін»,-деген уәж айтты. Кейбір ақпараттарға сүйенсек Британия премьері Евроодақ лидерлеріне: «Путинге әлі де жұмсақтық істеп отырсыңдар»,- деп «өкпе артып» отырған көрінеді. «Қазірге дейінгі Еуроодақтың әлсіз қадамдармен шектелуінің ақыры осындай трагедияға соқтырып отыр»,-дейді Британия премьері. Оның пайымынша, қазіргі Еуропаның жағдайы 1930 жылдардағы Гитлер кезеңіндегі Еуропамен қарайлас. «Бір қуатты ел әлсіз елді әлімжеттілік істеп жатқанда, көрмеске салып, соқырланбауға тиіспіз! Біз сүйту керек, бүйту керек деп ауызбен орақ ора бермеуге де тиіспіз! Біз Еуропа тарихынағы қателіктерді қайталамауға тиіспіз! »-дейді ол. Дэвид Кэмерон: «Егер президент Путин қазірге дейінгі Украинаға болған қадамдарынан жазбаса, онда Батыс пен Еуропа Ресейге түбегейлі жаңа жолдармен жауап беру керекпіз…. Енді біздің күшімізді көрсететін кезек келді», – деп ашық айтып отыр. Ал, бұл жайында АҚШ президенті: «Малайзиялық ұшақтың жоғалуы – қайшылықтың аяқтататын уақыты жеткендігін көрсетті»,-дейді. Даунинг-стрит өкілінің айтуынша, Еуроодақтың үш лидері Украинаға жіберілген халықаралық мамандардың ұшақ апаты орын алған аумақта бұдан кейін кедергілерге ұшырамауын, оларға еркін сараптама жасауға мүмкіндік беруін және аумақтағы сепаратистердің оқиға орнын онан ары былықтырмауын ескерткен. «Украинадағы сепаратистерді халықаралық мамандармен селбесуге жұмылдыруға президент Путиннің рөлі зор»,-дейді ол.

« Қазір бүкіл халықаралық қауымдастықтың барлығы Ресейге қарсы дабыл қағуда. Қазірге дейін Ресейдің Қырымды аннекциялауы және Украинада орнықсыздық тудыруына бей-жай қараудың ақыры осындай салдарға соқтырып отыр… Қазір бүкіл әлемнің көзі Владимир Путинге қадалуда»,-дейді Британия сыртқы істер министрі Филип Хэммонд.

ABC News-дың айтуынша, АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри: «Малайзия әуе компаниясының MH17 ұшағын атып түсірді деп болжанып отырған сепаратистерге Ресейдің де қатысы бар екендігін қуаттайтын дәлелдемелер көп»,-дейді. «Ресейдің бүлікшілерге көмек бергені және бұған тікелей қатысқандығы туралы өте көп айғақ-дәлелдемелер бар»,-деген ол апат орын алған аумақтағы сепаратистер украиндер емес, ақиқатында орыстар екенін айтады. Сонымен қоса, сепаратистерді Ресейдің қаруландырып, жаттықтырып отырғандығын да айғақтайтын пәрменді дәлелдер барлығын да паш етеді. «Сепаратистер мүрделерді көліктердің артына басып әкеткен және оқиға орнын былықтырып жіберген. Міне, бұл, әркімінің ашу-ызасын тудыруда. Дәл қазір Ресей үшін нақты қадамдар жасайтын мезет. Мәселені күрделілестіру емес, шешуге қадам жасайтын сын сағаты»,-дейді АҚШ хатшысы.

ABC News-ақпаратына негізделгенде, бұл туралы Малайзия тарапы әуе лайнер апатқа ұшыраған аумақтың бүкілдей ресейшіл сепаратистердің бақылауында екендігін айтып, алаңдаушылығын білдіруде. Сенбі күні Киевке жеткен 133 адамнан құралған малайзиялық мамандар тобының оқиға орын алған аумақта тексеру жүргізіп, мүрделерге сараптама жасай алмай отырғандарын айтқан. ABC News-дың айтуынша, оқиға орнындағы 193 мүрде сепаратистер жағынан әуе лайнер құлаған жерден 9 шақырым қашықтағы Торезге әкетілген көрінеді. «Сепаратистер құтқарушы қызметкерлерге 75 минут уақыт қана берумен шектеліп отыр,-деп ақпарат таратты Украина ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Андрей Лысенко. Ал, CNN-дықтар да апат болған аумақтың қатты былыққанын және аумақты бақылауда ұстап отырған сепаратистердің жүйелі тәртіпсіз әрекет жасап жүргеніне куә болғанын жазған. «Онда нақты бір командирдің бар екендігі байқалмайды»,-дейді ЕЫҚҰ қадағалаушыларының өкілі CNN-ге берген сұхбатында.

«Дэйли-Мейл», CNN, «Лос-Анджелес Таймс», «The guardian» , «Fox News», «ABC News», « Вашингтон Пост»  газеттерінің ақпараттарына шолу жасаған:

Талғар Дәлелғазы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1886