Бейсенбі, 19 Желтоқсан 2024
Сұхбаттар 11927 0 пікір 21 Шілде, 2014 сағат 14:46

Алмасбек Ахметұлы: Жастарды солтүстікке шақырамын

Алмасбек Ахметұлы Әбсадық 1966 жылы Қызылорда облысы, Тасбөгет қыстағында дүниеге келген. 1991 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітіріп, Білім министрлігінің жолдамасымен А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетіне оқытушылық қызметке орналасады. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазіргі таңда аталмыш университеттің оқу жұмыстары жөніндегі проректоры қызметін атқарады. Біздің тілшімізге Алмасбек Ахметұлы Әбсадық мырзадан сұхбат алу мүмкіндігі туындаған еді...

Алмасбек Ахметұлы, сұхбатымыздың қысқа сонарын тарихқа шегінуден бастасақ. Сіз Сыр бойында туып-өсіп, туған жер топырағында жоғары білім алғаныңызбен, сол білімді жұмсар саналы ғұмырыңыздың шиырлы соқпақтарын қырда, солтүстіктегі Қостанайда өткізіп жатқан жайыңыз бар екен. Туған елден жыраққа қалай бардыңыз, оның тарихы қандай?

– Сұрағыңызғажауапты «туғанелденжырақ» дегенұғымға түсінік берсем деймін. Қазақ үшін кіндік қаны тамған жердің, туған елдің орны ерекше екені анық. Қазір алыс жер жоқ. Бәрі алақаныңда тұрғандай. Сондықтан жырақ деген ұғымның мағынасы өзгерген деп санаймын. Тұтас Қазақстанның қай жері болмасын ол туған жерің. Мұны мен бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына кірмек болып отырған еліміздің мүддесі тұрғысынан қозғапотырмын. Бәсекеге қабілетті озық елдердің жұрты әлемді шарлап жүр. Біз де соған келеміз. Ал енді сұраққа тікелей жауап берсем ол былай болады. Біз Қостанайға жол тартқан кез еліміз тәуелсіздік алған 1991 жыл болатын. Бодандық бұғауынан босаған жас мемлекетке ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін орнықтыру мәселелері аса маңызды болды. Бұл, әсіресе, Қазақстанның солтүстік облыстарында аса күрделі мәселе болып қалыптасқан еді. Себебі онда, негізінен, орыс ұлты өкілдері мекендейтін. Мұны сол тұстағы елбасшылары да, мемлекеттік мекемелердегі ұлтжанды азаматтар да саясат бедерін сол жаққа қарай бұрып, солтүстік облыстарға қазақ ұлтының өкілдерін, әсіресе, жастарын жинауға көңіл бөліп, Қазақстанның оңтүстігіндегі жоғары оқу орындарында қазақ тілінде білім алған жас мамандарды солтүстікке аттандыра бастады. Сол дүбірлі істің әрі қарай өрбуі Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен елордасын бұрынғы Ақмолаға, қазіргі жасампаз жас Астанаға бұруға ұласқандығы бүгінгі көкірегі ояу, көзі ашық жандарға аян көрініс деп ойлаймын. Біз сол «дүрмекпен» қиырдағы Қостанайға аттанған болатынбыз. Біз деп отырғаным – бір топта оқыған үш жан. Біреуі – менің жұбайым Жәмила Арықбайқызы. Қызылордадан келген біздерден басқа Алматыдағы ЖОО орындарынан келген бір топ жас мамандар Қостанайға жиналдық. Біздерді сол жаққа аттандыруға себеп болған кісі – сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының ректоры, қостанайлық азамат Абай Ахметқалиұлы Айтмұхамбетов болатын. Қостанайдағы қазақ тілінің жағдайы мен демографиялық ахуалды білетін осы бір ұлтжанды азамат үздік бітірген біздерді, сонымен қатар өзге мамандықтардан бір топ түлектерді Білім министрлігі жолдамасымен Қостанай және Көкшетау қалаларының жоғары оқу орындарына жіберді. Жас мамандарды үгіттеуде факультеттің ұстаздары да үлкен үлес қосты. Хош, сонымен біздер сол жақта орнығып қалдық. Өсіп-өндік, бір қауым ел болдық.

– Ел ағалары кезінде ұлт қамы үшін үлкен іс атқарған екен. Солардың үміті ақталды ма? Қостанайдың бүгінгі хал-ахуалы қалай?

– Олардың істері дер кезінде көтерілген оң бастама болды. Бүгінгі таңда қазыналы Қостанай халқының 40 пайызға жуығын жергілікті ұлт өкілдері, яғни қазақтар құрайды. Бұл тәуелсіздік алған жылдардағы көрсеткіштен едәуір жоғары. Бұрын бірыңғай орыс тілді Қостанай қазір біршама «қазақшаланған». Әйтседе, соңғы кезде бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігінде орын алған саяси оқиғалар, атап айтқанда, Грузия мен Украинадағы жағдай Қазақстанның солтүстігіне ерекше мән беруді қалайды. Алдымен, жергілікті халықтың санын қазақстандық ортақ көрсеткішке, яғни 70 пайызға жеткізу өзекті. Бұл, бір жағынан жер тұтастығын бекіту, мемлекеттік тіл мәселесін түбегейлі шешуге әсер ететін үлкен демографиялық мәселе. Қостанай – қазақтың табиғаты әсем, экологиясы таза, жерінің асты мен үсті қазынаға толы шұрайлы өлке. Қазақстан астығының төрттен бір бөлігін қамбаға құятын, өндіріске қажетті алтын, алюминий, темір қазба байлықтарын өндіретін аймақ. Мал шаруашылығына да қолайлы. Курортық демалыс орындары да көп. Қостанай – Алаш қозғалысының көрнекті өкілдері А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Елдес Омарұлы сынды асыл азаматтардың туған жері. Алаш көсемі Ә.Бөкейхан менА.Байтұрсынұлы, Ә.Ермековтер шыбын жанын шүберекке түйіп жүріп, орысы көп деген сылтаумен Ресей құрамына кіріп кете жаздаған Қостанай уезін большевиктер алдында білімімен, шешендік ой-өрісімен, дәлелді уәжімен жеңіп, Қазақстанға қалдырған аманат аймақ. Ертедегі ата-бабаларымыздың құтты жаз жайлауы болған өлке. Сыр бойын қыстау еткен қазақ ру-тайпаларыТорғай, Қостанай өлкелерін жаз жайлау етіп жайлаған. Қазақтың арғын, әлім, қыпшақ, керейт (керей), жаппас, табын рулары Сыр мен Қостанайдың Тобыл, Обаған, Әйет өзендерінің арасында көшіп-қонып (тұрақтап қалғандары да бар) мекен еткен. Қазақтың ежелгі қонысын ұлттың пайдасы үшін тер төгу, құнарлы өлкенің ырыздығын, байлығын ұрпаққа жарату бүгінгі қазақ заматтарының парызы деп білемін. Сондықтан оңтүстіктегі қандастарымызды солтүстікке қарай қоныстандыру – Қазақстандағы оңтүстік пен солтүстік арасындағы жергіліктіт ұрғындардың демографиялық тепе-теңдігін қалпына келтірудің бір жолы. Бұл – бір. Екіншіден, жұмыссыздық басым оңтүстік тұрғындарын еңбек қолы жетпей жатқан солтүстікке тарту. Үшіншіден, Үдемелі индустриалды-инновациялық дамуб ағдарламасының ірі бағыттары солтүстікке жоспарланған. Оған дайындығы мүлдем бөлек жас мамандар дайындау қажет. Бұл орайда, демографиялық өсімі төмен солтүстікке өсімі жоғары оңтүстік «жәрдемге» келуі тиіс.

– «Көңілдегі көрікті ойдың кеудеден шыққанда өңі қашады» деп ұлы Абай ақын айтқандай, оңтүстіктің солтүстікке жәрдемі қалай болуы мүмкін. Бұрынғы кеңес тұсындағыдай партия пәрмені жоқ, үйдегі ойды нарық парқы билеген заман. Жұрттың бетін солтүстікке қалай бұруға болады?

– Біріншіден, үкіметтік кешенді бағдарлама қажет. Ол бұрынғы кеңес тұсындағыдай апыр-топыр, ұрда-жық әдістерімен жүзеге асырылмауы қажет. Нарықтың сұранысын, қоныстың қажеттілігін, шағын бизнестің мүмкіншілігін ескеріп жасалуы тиіс. Солтүстікке қоныс аударушылар үшін субсидия, оқу іздеген жастарға жалпы бөлінген грант шеңберінде квота берілсе жөн болар еді. Бұның бәрі ойланып, кесіп-пішетін істер. Ал қазір «темірді қызған кезінде соқ» дегендей, ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде солтүстікте ашылып жатқан өндірістік нысандарға болашақта қажет жас мамандарды сол жерде дайындау мүмкіндігін пайдаланып қалу керек. Мысалға, біздің А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті аталмыш бағдарламаға үш бағытта – ауылшаруашылығы өндірісі, машинажасау, инженерия бағыттарында мамандар дайындайтын ЖОО қатарына кірді. Бұл – осы бағытқа үкімет тарапынан арнайы көңіл бөлініп, қаржылай көмек көрсетіледі деген сөз. Ал солтүстікте жергілікті ұлт өкілдерінің саны аз. Сонда ертең қалың мамандар қатарын талап ететін өндірістің қажетін қалай қамтамасыз етеміз? Оның бір жолы – оңтүстіктегі жастарды солтүстіктегі ЖОО орындарына тарту. Бұл орайда, Қостанай мемлекеттік университеті оңтүстіктегі қазақ жастарын аталмыш бағдарламаға қажетті маман етіп дайындауға дайын. Сонымен қатар, Қостанай мемлекеттік университеті классикалық университетке тән тарих, филология, шетел филологиясы, психология, экономика, заңтану мамандарын дайындауда да өзіндік келбеті бар оқу ордасы.

– «Дайын» деген сөз кезіндегі кеңес үкіметінің ақпар беру дәстүрінен қалған сарқыншақ емес пе?

– Иә, бәріміз сондай «дәстүрдің шекпенінен» шықтық қой. Бірақ біздің тарпымыздан айтылған «дайын» сөзі университеттің бар әлеуетін ескеріп барып айтылған уәж. Уәжімді дәлелдеп көрейін. Біріншіден, ҮИИД мемлекеттік бағдарламасына енген біздегі үш бағыт бұрыннан, кеңес үкіметі тұсынан бері мамандар дайындап келе жатқан, тәжірибесі мол бағыт. Кезінде Қостанай ауылшаруашылығы инситуты деген ЖОО болған. Ол институттың материалдық-техникалық базасы, профессорлық-оқытушылық құрамы жоғары үлгіде жасақталған болатын. Себебі Қостанай облысы Тың өлкесіндегі аса маңызды аймақ болғандықтан тікелей Мәскеудің «қарауында» болды. Екіншіден, университетте бұрынғы білікті мамандар қатары, кеңес тұсындағы өзге оқу орындармен байланыстары терең сақталып қалған. Үшіншіден, Қостанай алып көршіміз Ресейге жақын орналасқандықтан алыс-беріс, тәжірибе алмасу сынды жұмыстар оң жолға қойылған. Төртіншіден, университет оқу бағдарламалары мазмұнын түбегейлі өзгертіп, Қостанай төңірегінде шетел инвесторларының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан өндірістің инновациялық иірімдерін игере алатын, олардың өндірістік талабына сай болатын бәсекеге қабілетті мамандар етіп дайындауға кірісті.

– Демалыс пен іссапарды қосақтап жүрген сырыңыздың астары да ашылған секілді. Сіз Сыр бойының жастарын Қостанайға шақыра келгенсіз ғой?

– Дұрыс айтасыз. Демалыста туған жерге, ата-анамызға сәлем бере келіп, көрікті әрі қазыналы Қостанайға жастардың оқуға келуін үгіттеп жүрген жайымыз бар. 1991 жылы ел ағалары біздерді сол жаққа үгіттесе, енді біздер өзімізден кейігі жас буынды солтүстікке тартпақбыз. Осы орайда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қабылдау бөлімінде біздің университеттің өкілдігі ашылғанын, онда арнайы кеңес беруші маман отырғанын айта кеткім келеді. Мен де сол жерде боламын. 2014 жылдың 23 шілдесінен бастап грант байқауына түсіп жатқан Сыр жастарына өздеріне қалау мүмкіндігі ретінде берілген төрт ЖОО-ның бірі ретінде А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін көрсетсе дейміз. Кім біледі, қазақ бөлімінде бәсеке аз Қостанайға жолы болып, бағы жанар. «Сыр бойы» газетінің қалың оқырманына өзімнің байланыс телефоным мен электрондық адресімді ұсынғым келеді: 87029172447; absalmas@mail.ru Хабарласып, кеңес алуларыңызға болады.

– Мұның бәрі жақсы ғой. Дегенмен, Қостанайға барамын деген жастарға қандай демеу, жеңілдік болады? Алыстан арбалатып келгендіктен, құр қол келмеген шығарсыздар?

– Әрине, қарастырылған жеңілдіктер бар. Алдымен айтарым, Қостанай мемлекеттік оқу орнының оқу ақысы өзге ЖОО-ға қарағанда көп төменірек. Екіншіден, оңтүстік облыс­тардан келгендерге жатақханада орналасуға жеңілдік қарастырылған. Біздің жатақханалар оқу корпустарының жанына орналасқан. Үшіншіден, бізде оқу ақысын студент өзі таңдап алған пәндерінің кредит санымен төлеу жүйесі енгізілген.

– Алмасбек Ахметұлы, Сіз Сырда туып, қырда еңбек етіп жатқан азаматсыз. Туған жерден алыста жүріп еңбегіңіз жанған жансыз. Ғылым докторы дәрежеңіз де, жақсы қызметіңіз де бар.

– Мұндай дәрежеге жеткенімнің негізінен үш себебі бар деп ойлаймын. Біріншіден, осы Сыр бойында мектептен, отбасы тәрбиесінен алған білімім. Мен орта білімді Тасбөгет қыстағындағы №11 мектебінен алдым. Мұнда менің әке-шешем ұстаздық етті. Екіншіден, жоғары оқу орнында алған кәусар білім. Мен Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін бітірдім. Мұнда Ә.Қоңыратбаев, Ә.Әбілақов, М.Бимағамбетов, М.Дастанов сынды аға буын, А.Ерназаров, Б.Кәрібозов, Т.Тебегенов, Ұ.Жаңбыршиева, Ә.Мамыраева сынды орта буын ұстаздардан білім алдық. Сол өнегелі ұстаздардан алған білім-ғылым саласында еңбек еткенде үлкен жәрдем болды. Үшіншіден, 1991 жылы еліміздің тәуелсіздік алуы менің осындай дәрежеге жетуіме сеп болды деп ойлаймын. Еліміз тәуелсіздік алмағанда Абылай туралы кандидаттық, қазақ хандығы тұсындағы тарихи аңыздар жайындағы докторлық диссертацияларымның қорғалуы-қорғалмауы екіталай болатын ба еді деп ойлаймын. Бұған қоса, қазағы аз солтүстікте қызмет етуімнің де әсері бар.

– Алмасбек Ахметұлы, сындарлы сұхбатыңызға рахмет!

-          Сізге де рахмет!

Сұхбаттасқан Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1886