Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 8529 0 пікір 28 Тамыз, 2014 сағат 13:32

ТЕРІС АҒЫМДАҒЫЛАР ТЕКЕТІРЕСІ

Соңғы кездері тек шетелдік  емес, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде де  Ислам туралы әңгіме қозғала қалса болды «лаңкестер» деген қосымшаның құлағын қылтитып қою  дәстүрге айналып бара жатыр. Құдды, мына бір дүниеде болып жатқан барлық жантүршігерлік  қылмыстар мен жарылыстарды  ұйымдастырушы, жүзеге асырушы,   дем беруші де мұсылмандар деп ашық айтпағанымен, себеп-салдарын Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың үмбеттерінен тапқысы келетінін  астарлап  жеткізушілер саны күн өткен сайын көбейе түсуде.

                       ЖАУ ЖАҒАДАН АЛҒАНДА...

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» демекші, солардың қатарында теология мен геологияның ара жігін ажырата алмайтын  өзіміздің дүмшелер де жүр. Орыстың ұлы жазушысы  Лев Толстойдың  «Мен ақылдымын, саналымын деген адамның ең соңғы табан тірейтін жері - ислам» деген  салиқалы  тұжырымын миына сіңіре алмай, тар жердегі  тарақанның кебін кешіп, жан бағып жүргендер   қазақтың сенім бірлігіне, хақ дінінің арасына от жағу үшін  барын салып-ақ келеді.  Саясаттанушы  Нұрлан Ерімбетов айтқандай: « Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой!». Өкінішке қарай, зиялы қауым да, елінің ертеңін ойлайтындар  да қаншама «аттандағанымен»  бөлшектеу жұмыстары  жымысқы түрде әлі де жалғасуда.

Елдігімізді, мемлекеттігіміздің ара жігін айқындайтын тіл мен дін арасындағы бөлінушілік, текетірес түбі опа бермейді. Қазақ қазақ болғалы имандылықты, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуды, кісінің ала жібін аттамауды, әлсіздерді, қарттарды қамқорлықтан қаға беріс қалдырмауды  өмірлік тәрбиесінің  өзегі етіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келеді. Сондықтан да қасиетті Пайғамбарымыз ұсынған Жаратқан Иеміздің хақ діні-Исламды  жатырқамай, жан-жүрегімізбен қабылдадық. Мұсылман  әлемінің Ата Заңына айналған Құран Кәрімнің әрбір сүрелерінен көк бөрі ұрпағының  өсіп-өркендеуінің сара жолын таптық. Мынау дүниеде жасаған іс-әрекетімізге  түбі жауап беретінімізді,  өміріміздегі болып жатқан барлық жақсылықтар мен жамандықтың ниетімізге сай жүзеге асырылып жатқанын, байлық пен жоқшылықтың  сынақ екенін  жадымызда сақтаудамыз.    «Сатылмайтын нәрсе жоқ, тек әрқайсысының өз құны бар» деген өркениет қағидатынан ерікті түрде бас тартып, сананы тұрмысқа билетпеуге тырыстық.

Мойынымызға құлдық  қамытын кигізіп, 70 жыл бойы билеген кеңестік кезең тұсында да хақ дінімізден бас тарқан жоқпыз. Мешіттер жабылып, талқандалып, молдаларымыз қуғындалып, мұсылманшылық туралы  көпшілік алдында әңгіме айтудың өзі үлкен қатарге апарып соқтыратынына қараматстан Алланың есімін жүрегімізде сақтадық. Жәһнамның азабынан қорықтық. Ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың, халал мен харамның, күна мен сауаптың  ара жігітін ажырата алатын ұрпақ тәрбиелеуге тырысып келдік.

«Аққа құдай жақ» демекші,  атейстік, шайтани қоғам ақыры өз қазған орға өзі құлады. Ата-бабамыз армандаған егемендікке қол жетті. Көк байрағымыз төбемізде желбіріп, тәуелсіздігімізді бүкіл әлем жұртшылығы мойындады. Осының барлығы біздің әлі де сана-сезімімізбен  түсіне алмай  жатқан, бірақта  айдай ақиқат, Жаратқан Иеміздің құлдарына  берген баға жетпес байлығы, қадірін білсек, сарқылмас қазынасы екендігін ұмытпағанымыз жөн. Солай бола тұрса да, демократия туын желбіретіп, өркениет көшінің алдыңғы шебіне шығамыз деп  кернейлетіп-сырнайлатып жүрген кезде  қасиетті дініміздің  арасына сына түсіріп алғанымызды кешірек түсінгендейміз. «Дұшпаныңды жеңгің келсе-ұрпағын  тәрбиеле» деген шығыс даналығын мұсылмандарға қарсы пайдаланған ислам жаулары ниеті түзу, түсінігі төмен жастарымызды қатарына тартып, енді өзімізге қарсы қоюда. Сан ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт -дәстүрімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, өнерімізді, тарихымызды  мансұқ ету  насихаты арқылы  әкесіне баласын, анасына  қызын  жау қылды.

Ұлт мүддесін, тілін, дінін қорғағысы келген  азаматтарымыздың тақымын тайдырып, абыройын төгетін не бір қитұрқы әрекеттер арқылы  билік, саясат сахнасынан  ығыстыру кеңінен етек алуда. Мемлекеттік тілді білмейтін, білгісі де келмейтін, қазақ деген халық болмаса ешкімге керек еместігін ұғынбайтын, ұлты- қазақ, жан-жүрегі- мәңгүрт-дүбаралар атқа мінді. Тоқсан тоғыз қазақ отырып арамыздағы бір басқа ұлт өкіліне бола орысша сөйлеуді  әлі қоя алмай келеміз. Сол үшін біздің абыройымызды көтеріп, рахмет айтып жатқан ешкім жоқ. Қайта, Италиялық кәсiпкер, жиһанкез Реналью Гаспирин сияқтылар: «Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар» деп, табалап емес,  түсінбей, намыссыздығымызға  күйіне таңғалды. Сол Ренальюдің жерлесі, ойшыл Н.Макиавелли: «Ұзақ уақыт құлдықта болған халық еліне деген құштарлықтан, патриотизм мен имандылықтан айырылып, көнгіш, жалтақ, тілалғыш, жағымпаз болады»-десе, өзіміздің ағамыз, марқұм Ақселеу Сейдімбектің: «Отаршылдық зардабын  көп тартқан халықтың өз жүрегі өзіне қарсы шығады» деген ойтүрткілері санамызды   қамшылап, намысымызды шарға жанығандай.

Жезөкшелік пен нәпсіқұмарлықты, арсыздық пен зорлық-зомбылықты, маскүнемдік пен нашақорлықты  жарнамалайтын арзанқолды өнер туындыларын жасаушы режиссер, суретші, әртістердің түкірсе түкірігі жерге түспей тұр. Имани  құндылықтарымызды төмендетіп, сайқал сезімнің жетегіне сүйрелейтін осынау  дүниелерді атасы мен келіні, енесі мен күйеу баласы тығылып отырып қарайтын дәрежеге жеткенімізді несіне жасырамыз. Сол арқылы ибалы қыздарымызды ардан жұрдай етіп, ертең елін қорғайтын ұлдарымызды төмен етектілердің қатарына өздеріміз қосып жатқанымызды кім өтірік дей алады. Біздің осындай олқылықтарымызды тиімді пайдаланған әсіре діншілдер  елімізді «такфир», яғыни (кәпір) мемлекеттердің қатарына қосып , халифат идеясын ашық насихаттауда.Ұлдарымыз бен қыздарымыз әке-шешелерін, бауырларын, жарын, бала-шағаларын тастап, бізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Сирияға барып соғысып жатқаны бұқаралық ақпарат құралдарында күн сайын жарияланып жатыр. Солардың қатарында атыраулық жастардың да аз емес екені көңілге кірбің ұялатады.

Жастардың санасын улап, мәңгүрттендіру үшін  шетелден әкелінген психотроптық дәрі-дәрмектердің көптеп  қолданылып жатқаны да шындық. Оларды қабылдаған   кез-келген адам  азғана уақыттың ішінде «әмірлері» мен «қожайындарының» айтқанын екі етпейтін құлақ кесті құлы  болып шыға келеді. Үрей идеологиясы мен сана  манипуляциясы әдістері де адасып  жүргендерді қақапанға түсірудің таптырмас тәсіліне айналды.

КЕШЕ КЕЛГЕН ТОҚАЛДАР...

 «Кеше келген тоқалдар, шөміш алып қоқаңдар» демекші, күні кеше  намазға жығылып, қолдарына таспих ұстағандарына  мәз болып,  шолақ балақ шалбар киген ұлдарымыз бен айдың күні аманда қара жамылып, үсті-басын тұмшалаған  қыздарымызды көшеден көрген кезде еріксіз қынжылуға тура келеді. Бірдеме десең , бітті, пәлеге қаласың. «Әуелі маскүнемдерің мен жезөкшелеріңді,  жемқор шенеуініктеріңді, ана тілінде сөйлеуге арланатын мәңгүрттеріңді, нашақор ұлдарың мен кіндігін ашып, қоғамдық орындарда жүретін қыздарыңды түзеп ал» деп, ауызыңа қақпақ қояды. Кейбіреулерінің ата-аналары: «Көше кезіп, арақ ішіп, жұмыссыз сандалғаннан, теріс те болса дін жолында жүргені дұрыс. Әйтеуір, үйге ақша әкеледі»-деп те уәж айтады. Былай қарасаң, олардың сөздерініңде   жаны бар. Біреуге бірдеме үйретуің үшін, әуелі өзің бірдеме білуің керек. Тәтті өмірге елегізіп азғындыққа ұшырағандар да, құлқынының құлына айналған жемқорлар да қоғамымызда жетерлік. Зинақорлықты  табыс көзіне айналдырып отырғандардың, түске дейін имам, түстен кейін Иван болып жүрген молдаларымыздың  сирек те болса кездесіп қалатынын  да жоққа шығармаймыз. Жоғарғы оқу орынын бітіріп, жұмыссыз жүрген жастарымыз қаншама?

Басқа жерді білмеймін, біздің Атырауда  ұялы телефон, көтерме-бөлшек саудасының  үштен бір бөлігі дәстүрлі емес діни ағым өкілдерінің қолында. Осы сауда орындары арқылы күніне миллиондаған  ақша түсіп, оның белгілі бір бөлігі өз қатарларына қаржыдан тапшылық көріп жүргендерді  тартуға жұмсалатыны боямасыз шындық. Кейбір супермаркеттерде сатушыларға теріс ағымды насихаттайтын киімдер кигені  үшін негізігі жалақысынан бөлек, айына 40-тан 50 мың теңгеге дейін қосымша ақы төленеді. Оған миссионерлер арқылы келетін қаражатты қоссаңыз, олардың түпкі ойларын жүзеге асыру үшін  ақшадан ешқандай тапшылық көрмейтініне көзіңіз жетеді.

Соңғы кездері «Мешіттерде намаз оқитындардың саны өсіп келеді. Шүкір, имандылыққа бет бұрғандар көбеюде» деп,немқұрайдлылыққа белең алдырып бара жатқан сияқтымыз. Шын мәнінде, сол жұма намазы кезінде Алла үйінің іші-сыртына  сыймай кететін жамағаттың қаншасы Әбу Ханиба маззабында,  қаншасының «Хизб-ут Тахрир», «Таблиғи Жамағат», «Уахаби», «Құраншылар» , «Джунд әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») екенін саралап, зерделеп жатқан ешкім жоқ.

Соңғы «Джунд әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») тобы мүшелерінің  араб телеарналарына бейнеролик шығарып, еліміздегі дін туралы заңның күшін жоюған шақырғандығы туралы кезінде БАҚ құралдары арқылы жарияланды. Бейнероликте беттерін бүркемелеген 4 сарбаз  «Қазақстанның дін туралы заңында  мемлекеттік орындарда  намаз оқып, орамал тағып жүруге тиым салынған. Егерде бұл ұстанымдарыңыздан бас тартпасаңыздар, біз сіздерге қарсы әрекет жасай бастаймыз»-деп, қоқан-лоқы көрсетеді. Көп кешікпей бұл топ 2011 жылдың қазан айының 31-ші жұлдызында Атырау қаласында екі жарылыс жасап, қараша айының 12-ші жұлдызында  Тараз қаласында құқық қорғау органдары қызметкерлеріне лаңкестік жабуыл жасады. Осы оқиғаларға қатысты барлық жауапкершілікті өз мойындарына алады.  Сөзден іске көшкен  аталмыш топты 30-шы қарашада Атырау қалалық соты  террористік ұйым деп танып, оның Қазақстан аумағында  қандайма болмасын іс-әрекет жасауына тыйым  салды.

Астана ,Ақтөбе, Атырау, Тараз, Құлсары қалаларында  жасалған лаңкестік әрекетке қатыстылардың  басым бөлігі діни түсінігі төмен, ой-өрісі таяз, ата-бабаларымыздың  сан ғасырлар бойы ұстанған   сенім рәсімдерін жоққа шығарушылар, яғыни дәстүрлі дінімізге қарсы шығып текетіреске түскен теріс ағымдағылар. Олардың көздеген мақсаттары-қоғамдық құрылысты шайқалтып, билікті қолдарына алу.

                                        

                                  Сөз соңы

Ықылым заманнан бері қазақтар дініне берік халық. Не бір тар жол тайғақ кешулерді бастарынан өткерсе де тілін де , дінін  де сатпаған. Басқа дінді қабылдамаған. Мойындамаған. Өйткені сенімі берік, иманы таза болатын. Сөйткен дініміз еліміз тәуелсіздік алған тұста  тоқсан тоғыз діннің құрсауында қалды.  «Хизб-ут Тахрир», «Таблиғи Жамағат», «Уахаби», «Құраншылар»,  «Джунд әл-Халифат» («Халифат сарбаздарын»  айтпағанның өзінде Бахайзм сенімі, сатанизм шіркеуі, Хара Кришна, Бұдда,  Сайнтология  т.т.. ағымдардың  өкілдері тапайдың тал түсінде  қаракөз бауырларымызды ата діндерінен бездіріп, өз қатарларына тартуда.

Енді не істемек керек? Осылайша ауызымызды ашып көзімізді жұмып, күнделікті ішіп-жегенімізге мәз болып жүргенде егемендігімізден де, дінімізден де, тілімізден де  айырылып, тағы  біреулердің боданына айналмасымызға кім кепілдік береді? Лаңкестік пен экстремизмге қарсы бағытталған 2013-2017 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлінген 103,1 млрд теңге олқылығымыздың орынын толтырып, адасқан бауырларымызды қайтадан ата дінімізге қайтаруға септігін тигізе ме? Ағылшын тілін үйретеміз деп келіп жатқан жымысқы миссионерлер мен  атыраудың масасындай  қадалған жерінен қан алмай тынбайтын үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына қашан қатаң бақылау қойылып, мемлекеттігімізге қатер төндіретін теріс ағымдарды  заң арқылы қай кезде ауыздықтаймыз?!  Тағы да сол: сұрақ көп, жауап аз.

Сіз қалай ойлайсыз оқырман?

Боранбай ҒАЛИЕВ,

Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1563
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2257
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3537