Сенбі, 12 Қыркүйек 2026
244 0 пікір 12 Қыркүйек, 2026 сағат 20:09

Көпбаевқа Көлбайқызының жауабы: ҚазҰУ-де не болып жатыр?

(Сурет: ҚазҰУ алынды)

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы Журналистика факультетінің бірқатар оқытушысының қызметтен кетуіне қатысты ресми түсініктеме берді. Университет мәліметінше, қабылданған кадрлық шешімдер белгіленген академиялық талаптар мен конкурстық рәсімдерге сәйкес жүзеге асырылған.

Атап айтқанда, Журналистика факультетінің профессоры Кәкен Хамзин мен доцент Темірғали Көпбаевтың еңбек шарттарының қолданылу мерзімі аяқталған. Аға оқытушы Ермахан Шайхы академиялық біліктілігін анықтау мақсатында өткізілген конкурстық комиссия отырысына қатыспаған және белгіленген рәсімнен өтуден бас тартқан. Ал аға оқытушы Мұрат Шаймаран академиялық талаптарға сәйкестігін бағалау мақсатында өткізілген конкурстан өте алмаған.

ҚазҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина  Көлбайқызы Галееваның түсіндіруінше, оқытушыларды лауазымға қабылдау жоғары оқу орындарында белгіленген тәртіпке сәйкес жыл сайын жүргізіледі.

Арнайы құрылған конкурстық комиссия үміткерлердің ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерін, педагогикалық тәжірибесін, дәріс беру біліктілігін және белгіленген өзге де талаптарға сәйкестігін бағалайды.

«Тиісті шешімдер қолданыстағы заңнамаға және университеттің ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес қабылданады», – деді Алина Галеева.

Университеттің бұл түсініктемесі әлеуметтік желіде Журналистика факультетінің бұрынғы деканы, ақын әрі баспагер Темірғали Көпбаевтың жазбасы талқыланғаннан кейін жарияланды.

Темірғали Көпбаев Facebook-тегі жазбасында факультетте 12 жылдан 32 жылға дейін еңбек еткен төрт оқытушының – өзінің, филология ғылымдарының докторы Кәкен Хамзиннің, ақын әрі ғалым Мұрат Шаймаранның және сатирик-жазушы Ермахан Шайхының қызметтен кетуіне қатысты өз уәжін білдірген.

Ол бұл жағдайды факультеттегі басқару шешімдеріне қатысты ұстанымдарымен байланыстырып, тәжірибелі оқытушылардың кетуі факультеттің академиялық беделіне, журналистика ғылымының дамуына және жас мамандарды даярлау ісіне кері әсер етуі мүмкін деген пікір айтқан.

Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары Мұрат Шаймаранның факультеттен кетуіне қатысты да пікір білдірген болатын. Университет оның жағдайын конкурстық іріктеуден өте алмауымен түсіндірді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1121
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2656
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 775
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 740