Сейсенбі, 15 Қыркүйек 2026
Әне, көрдің бе? 452 0 пікір 15 Қыркүйек, 2026 сағат 13:22

Қытайдың диаспора саясаты қандай?

Суреттер: pravfond.ru, dknews.kz сайттарынан алынды.

Бүгінде халық саны бір жарым миллиардқа таяған, ал жер шарының өзге нүктелерінде 62 миллионға жуық диаспорасы өмір сүретін Қытайдың диаспора саясаты баршаның назарын аударып отыр. Қытай халқының үш ғасырға жуық билік жүргізген Цин империясының бұғауын үзуіне шетелдегі қытай диаспора өкілдерінің қаржылық және моральдық жақтан айтарлықтай қолдау көрсетуі үлкен ықпал етті.

1949 жылы Қытай Халық Республикасы (ҚХР) құрылғаннан кейін әлемдегі қытай диаспорасының тарихында жаңа кезең басталды. Бұл кезеңді тек шетелдегі қытайлардың тағдыры ретінде емес, Қытайдың ішкі мен сыртқы саясатының, экономикалық модернизациясының және ұлттық бірегейлік саясатының ажырамас бөлігі ретінде қарастырған жөн.

Мұнда алдымен екі негізгі ұғымды ажыратып алған маңызды:

Хуацяо (华侨) — шетелде тұратын Қытай азаматтары;

Хуажэнь (华人) — шетел мемлекеттерінің азаматтығын алған қытай текті адамдар.

Қытайдың ресми саясатында бұл екі топтың құқықтық мәртебесі әртүрлі болғанымен, оларды тарихи-мәдени тұрғыдан әлемдік қытай қауымдастығының құрамдас бөлігі ретінде қарастыру үрдісі басым.

1. 1949 жыл: Диаспора саясатының жаңа кезеңі

ҚХР құрылған кезде Оңтүстік-Шығыс Азияда, Солтүстік Америкада және басқа өңірлерде миллиондаған қытай өмір сүріп жатты. Жаңа Қытай үшін шетелдегі қытайлар бір мезгілде зор мүмкіндік әрі күрделі саяси түйін болды.

Бұл мәселенің екі жағы бар еді:

Мүмкіндік: Олардың арасында кәсіпкерлер, саудагерлер, ғалымдар мен қаржылық ресурсы бар адамдар өте көп болды.

Тәуекел: Қырғи-қабақ соғыс жағдайында олардың Қытаймен байланысы кейбір шет елдер тарапынан саяси қауіп ретінде қабылданды.

Сондықтан ҚХР-дың алғашқы жылдарында диаспора саясаты үш негізгі мақсаттың айналасында қалыптасты:

  1. Шетелдегі қытайлардың мүддесін қорғау;

  2. Олардың Қытаймен экономикалық және мәдени байланысын сақтау;

  3. Диаспора мәселесін Қытайдың сыртқы саясатына бейімдеу.

1949 жылы Шетелдегі қытайлар істері жөніндегі арнайы мемлекеттік орган құрылып, бұл саланы институционалдық басқару басталды.

2. 1950-жылдар: «Отандастар» саясаты

1950-жылдары Қытай шетелдегі қытайларға қатысты салыстырмалы түрде белсенді саясат жүргізді. Бұл кезеңде олардың бір бөлігі тарихи отанына қайта оралды.

Қытай мемлекеті екі арнайы әлеуметтік санатты қалыптастырды:

Гуйцяо (归侨) — шетелден қайтып келген қытайлар;

Цяоцзюань (侨眷) — шетелде тұратын қытайлардың Қытайдағы отбасы мүшелері.

Бұл топтарға білім беру, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік бейімделу және басқа да салаларда арнайы қолдау механизмдері қарастырылды.

Зерттеулер көрсеткендей, ҚХР-дың алғашқы кезеңінде Гоминьдан дәуірінен қалған кейбір саяси құралдар өз жалғасын тапты. Мысалы, шекаралық өңірлерге көшіп келген гуйцяоларды негіз ете отырып, орталық үкіметке тікелей қарайтын кәсіпорындар құрылды:

Солтүстік-Батыста (Шыңжаң): Келгендер тың игеріп, мал шаруашылығымен айналысты.

Солтүстік-Шығыста: Орман шаруашылығын дамытты.

Оңтүстік-Батыста: Тропиктік жеміс-жидек өсіруді қолға алды.

Бұл өнімдердің бәрі түгелдей шетелге экспортталды. Отаным деп оралған бұл азаматтардың басым бөлігі бұрынғы бай-бағыландардың білімді, мамандығы бар ұрпақтары еді. Олар азғантай жалақыға күні-түні еңбек етті.

3. Қырғи-қабақ соғыс және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қытайлар

Қытай диаспорасының ең ірі орталықтарының бірі — Оңтүстік-Шығыс Азия (Индонезия, Малайзия, Сингапур, Таиланд, Филиппин т.б.). Бұл елдерде қытайлар сауда, өндіріс және қаржы саласында елеулі экономикалық рөл атқарды.

Қырғи-қабақ соғыс кезінде жергілікті үкіметтер қытайлардың Пекинмен байланысын саяси қауіп ретінде көріп, коммунизм идеясын экспорттау әрекеттері сәтсіздікке ұшырады. Сондықтан Пекин диаспораны өзіне бағынышты саяси топ ретінде емес, орныққан елдерінің толыққанды азаматтары ретінде қабылдау саясатына көшті.

Бүгінде бұл аймақтағы экономикалық ықпал өте жоғары: Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі байлықтың 70%-ға жуығы қытай текті әулеттердің қолында. Мысалы, Таиландта бір әулеттің үш өкілі кезекпен Премьер-министр лауазымын атқарды (тек Вьетнамда ғана олардың тынысы салыстырмалы түрде тарылып отыр).

4. 1966–1976 жылдар: «Мәдени революция» және тоқырау

«Мәдени революция» жылдары диаспора саясатындағы ең күрделі әрі ауыр кезең болды. Шетелмен байланысы бар адамдар, оралмандар (гуйцяо) және олардың отбасылары «буржуазиялық» немесе «сенімсіз» элементтер ретінде күдікке ілініп, тап жауларының қатарына жатқызылды.

Осы кезеңнің зардаптары:

Диаспорамен жұмыс істейтін мемлекеттік институционалдық құрылымдар толығымен әлсіреді.

Бұрынғы берілген жеңілдіктер жойылды.

Диаспора «саяси ресурс» ретінде емес, «идеологиялық қауіп» ретінде қабылданды.

Көптеген азаматтар түрмеге жабылып, еңбек лагерлеріне жіберілді, ал олардың ұрпақтары жоғары білім алу және қызметке тұру құқығынан айырылды.

Бұл жағдай Қытайдың әлемдегі қытай қауымдастығымен байланысына айтарлықтай кері әсерін тигізді.

5. 1978 жылдан кейінгі бетбұрыс

1978 жылы Дэн Сяопиннің реформалары мен «ашық есік» саясаты басталған соң, диаспора саясаты түбегейлі өзгерді. Шетелдегі қытайлар идеологиялық жау емес, ұлттық дамудың негізгі ресурсы ретінде моspaceйылданды.

Диаспора өкілдері:

Капитал мен инвестиция көзі;

Жоғары технология мен білім тасушылар;

Басқару тәжірибесі мен халықаралық нарыққа шығу көпірі ретінде бағаланды.

Осы кезеңнен бастап Қытайдан сыртқа эмиграцияға шығу (отбасымен қауышу, шетелде білім алу т.б.) едәуір жеңілдеді.

6. Экономикалық модернизацияға тарту

Дэн Сяопин дәуірінде диаспора капиталы Қытай экономикасына белсенді тартылды.

Трансұлттық экономикалық арналар:

Гонконг → Гуандун

Макао → Гуандун

Тайвань → Фуцзянь

Оңтүстік-Шығыс Азия → Қытайдың оңтүстік жағалауы

Диаспора реформалардың халықаралық экономикалық көпіріне айналды. Қытай бұл арқылы диаспораны жай ғана этникалық топ емес, ұлттық дамудың трансұлттық ресурсы ретінде пайдаланудың үлгісін көрсетті.

7. 1990-жылдар: «Үлкен цзяоу» (Да цяову) саясаты

1990-жылдары саяси лексиконға «大侨务» (Да цяову)«бүкіл шетелдегі қытайлармен жұмыс» ұғымы енді.

Бұл тәсіл саясаттың деңгейін сапалы жаңа сатыға көтерді:

Яғни диаспора саясаты: «Қытайдан кеткен адамдармен жұмыс» деңгейінен «әлемдегі қытай қауымдарымен тұрақты трансұлттық байланыс» деңгейіне көтерілді.

Ендігі кезекте тек дәстүрлі диаспорамен емес, жаңа буын эмигранттармен, шетелдегі студенттермен, кәсіпкерлермен және білікті мамандармен берік байланыс орнату көзделді.

8. Қытай диаспорасының жаңа буыны мен географиясы

XX ғасырдың соңынан бастап диаспораның әлеуметтік құрамы сапалық тұрғыдан өзгерді. Бұрынғы саудагерлер мен жұмысшылардың орнын студенттер, ғалымдар, инженерлер, IT мамандары, дәрігерлер және қаржыгерлер басты. Бүгінде бұл — білім мен жоғары технологияға негізделген жаһандық желі.

Өңір Негізгі орналасқан елдері мен аумақтары
Оңтүстік-Шығыс Азия Сингапур, Малайзия, Индонезия, Таиланд, Филиппин
Солтүстік Америка АҚШ, Канада
Еуропа Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия
Океания Австралия, Жаңа Зеландия
Шығыс Азия Жапония, Оңтүстік Корея, Гонконг, Макао, Тайвань

9. XXI ғасыр: Тұжырымдамалық өзгеріс

XXI ғасырда диаспора саясатындағы басты сұрақ өзгерді:

Бұрын: «Шетелдегі қытайларды Қытаймен қалай байланыстырамыз?»

Қазір: «Әлемдегі қытай қауымдарының білімін, капиталын, технологиясын және халықаралық байланыстарын Қытайдың дамуымен қалай ұштастырамыз?»

Си Цзиньпин дәуірінде бұл бағыт әлемге қытай өнімі мен мәдениетін таратудың және елге озық технология тартудың құралына айналды.

10. Диаспора — «Жұмсақ күш» (Soft Power) құралы

Шетелдегі қытайлар тіл, мәдениет, дәстүрлі мерекелер, асхана, қытай медицинасы мен білім жүйесін насихаттай отырып, мәдени дипломатияның естелік арнасына айналды.

Әрине, диаспора біркелкі емес. Олардың арасында саяси көзқарасы, азаматтығы мен ұстанымы әртүрлі топтар, тіпті ресми Пекинге оппозицияда жүрген ұйымдар да жетерлік. Соған қарамастан, қытай мәдениетінде «Жапырақ мезгілі жеткенде тамырына барып түседі» деген түсінік терең орныққан. Жапон-қытай соғысы сияқты қиын-қыстау кезеңдерде олар қаржылай да, рухани да бір ту астына жинала білді. Білік пен ұрпақ сабақтастығын биліктен жоғары қоюы — Қытай өркениетінің үздіксіздігін қамтамасыз етіп келе жатқан басты факторлардың бірі.

Қазақстан үшін қорытынды мен тарихи сабақ

Қытай тәжірибесінің ең басты ерекшелігі — диаспораны тек елге қайтаруға ұмтылмай, оның сыртта жүрген әлеуетін ұлттық дамуға тиімді пайдалануында.

Бұл Қазақстанның көші-қон саясаты үшін өте құнды тәжірибе. Қазақ диаспорасы саясаты тек «қандастарды отанға көшіріп алумен» шектелмеуі тиіс.

Шетелдегі қазақ көшінің жаңа моделі мынадай кезеңдерден тұруы қажет:

«Қазақты елге қайтару» → «қандасты орнықтыру» → «шетелдегі қазақпен тұрақты байланыс» → «жаһандық қазақ желісін қалыптастыру» болуы мүмкін.

Бұл тұрғыдан Қытайдың 1949 жылдан бергі диаспора саясаты Қазақстан үшін салыстырмалы зерттеуге өте құнды тәжірибе болып табылады.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1225
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2753
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 879
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 833