Бейсенбі, 19 Желтоқсан 2024
Қоғам 9366 0 пікір 15 Қыркүйек, 2014 сағат 08:07

Жарылқап ҚАЛЫБАЙ: ГИТЛЕРДІ ПУТИН ҮШІН ЖАЗДЫМ


Қыркүйектің 12-сі Алматы қалалық апелляциялық соты Алмалы ауданының №2 аудандық соты шығарған «Жұлдыздар отбасы АҢЫЗ АДАМ» журналына байланысты 30 маусымдағы шешімді қайта қарады. Естеріңізде болса,  сәуір айындағы №8 санына байланысты аталған журналға айып тағылған болатын. Сотқа берушілер «АҢЫЗ АДАМ» журналы Гитлерді ақтады деп санайды. Соңғы сот отырысында «арыз беруші» әр бір ардагерге бұрынғы бір миллионнан төлеудің орнына 100 мың теңгеден төлеу және ардагерлерден кешірім сұрау шешімі шығарылды. Осыған байланысты «Жұлдыздар отбасы АҢЫЗ АДАМ» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбайға хабарласқан едік.

- Соңғы сот отырысы туралы айтсаңыз, судья сіздің талап-арызыңызды қаншалықты қанағаттандырды?

- Апелляциялық сотты жүргізген Нұрлан Мұхамеджанұлы дейтін белгілі адвокат, ол кісінің тарихта азамат ретінде қалуға  мүмкіндігі болды. Өкінішке қарай ол тарихтың берген мүмкіндігін пайдалана алмады. Адвокаттарым Өтеген Ықсанов, Шынқуат Байжанов апелляциялық сотты жүргізуші Мұхамеджанұлына маған айып тағылған сәттен бастап барлық мән-жайды дәлелмен түсіндірді, мен де істің ақ-қарасын айыруға шақырдым.

Ең бастысы бұл сотқа ешқашан келмеген, мені «айыптаушы» 13 ардагердің біреуі келді. Есімі Жогов Николай Пантелеевич. Жогов сөйлеп болғаннан кейін бізге сұрақ қойыңыз деді, біз сұрақ қойған едік,  қойған сұрақтарымызды судья «болмайды» деп қақпайлады, бірақ оны естімеді ме Жогов: «Мен журналды оқыған жоқпын, бірақ маған осы туралы “түсіндірді”» деді. Ол кісінің сөзі мен оқымаймын, бірақ айыптаймын дегенге саяды.  Ол: «Сендер Путинді Гитлермен бекер салыстырғансыңдар,  өйткені Гитлер концлагерьлерде қаншама балаларды күйдіріп өлтірді, қатігездік көрсетті, ал Путин керісінше Украинадан жетім қалған балаларды Ресейге алдырып, көмегін жасады,  Путин дұрыс жұмыс істеп жатыр», - дейді.  Мен мына журналда сол концлагерь туралы, сол соғыстағы нацизм, Гитлердің жасаған зұлымдықтары, құрбандары туралы жазылғанын білесіз бе? деп сұрасам, ол мүлде хабарсыз. Ал, бізде ол жазылған. Ең негізгі нәрсені білмейді, журналды оқымағанын мойындап тұр, осыны сот қаперге алған жоқ.

Соттың сорақылығы сол, аудандық соттың  12 беттік шешімінде талапкердің не жазып бергенін сөзбе сөз пайдаланған. Моральдық шығын туралы да солай, бұлар алғашқы сараптаманы(Алматы қаласының бас полициясының тапсырмасымен жасалған сараптама)негізге алды. Соттың өзі сараптама тағайындамағандықтан бұрынғы сараптамаға сүйенуге болмайтын еді. Тіпті бұрынғы сараптаманың өзінде терроризм жоқ, экстремистік қылмысқа шақыру белгілері жоқ, ... измдердің бәрі жоқ, тек қана «экстремизмді ақтау белгілері бар болуы мүмкін» деп қана тұр. Ал аудандық сот «фашизмді насихаттаған» деп жіберген болатын. Осы сот болса «Мен сендерге жақсылық жасадым» дегендей, шығарған үкімі - 13 миллион айыппұлды 10 есе қысқарту болды, кешірім сұрау сол күйінде қалды. Ал кешірім сұрауымыз талап етілген басты себеп бізге тағылған «Фашизмды насихаттағаны үшін» деген айып болатын. Қазақстан халқының алдында, және соғысқа қатысушы ардагерлердің алдында жария түрде баспасөзде кешірім сұрауым тиіс болған, бұл осы сотта өзгеріссіз қалды. Ал әр қайсы ардагердің бізден бір миллион сұрағаны туарлы адвокаттарымыз судьядан мынаны түсіндіруді талап етті: Сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандардың, 20 жыл бойы жазықсыз отырып келгендердің өзіне үкіметтің төлейтіні 185 мың теңге ғана екен. Ардагерлердің ешқандай зәбір-жапа көрместен бізден 100 мың теңгеден талап етуі қандай заңға, моральға негізделген?!

Ардагерлердің талап еткен бір миллионы, тіпті қазіргі «жеңілдетілген» 100 мыңы ешқандай негізге сыймайды. Олардың журналды оқымағаны анық болып отыр, ол ардагерлерде осы журналдағы материалдың кесірінен жан азабын, тән азабын тартқаны туралы  ешқандай анықтама, дәлел жоқ. Өздерің жазған, «31 арнадағы», «Алаш айнасындағы» әріптестерің барып жолыққан екі айыптаушы ардагер де журналды оқымаған. Олар журналды жамандаған газеттердегі біздің журналға қарсы айыптау мақаласын естігеннен кейін үстімізден арыз беруге келіскен, алайда бес миллион туралы мүлде білмейді. Жогов та ақша туралы білмейтінін айтып, сот үстінде таңғалып отыр. Яғни, бұларды арандатып отырған Нұртас Ахметов деген олардың сенімді өкілі. Ал ол өкіл кейінгі қалалық отырыстарға келуден қашты.  

- Алда қандай сот отырыстары болады, тағы да апелляцияға бересіз бе?

- Біріншіден, соттың шешімі бес күннен кейін шығады, соған қараймын, бұл сотқа наразылық білдіру немесе ары қарай кассациялық сотқа беру жағын қарастырамын. Мен бір миллион үш жүз мың түгілі он үш тиын да төлеуге тиіс емеспін.

Журналда Путин туралы қатты айтылған болса, оның қазіргі жүргізіп отырған саясаты біз ерте күткен  қауіпті нақтылады. Тіпті Украинаға әскер кіргізгенін, соғыс техникасын кіргізгенін де мойындады. Өзінің амбицияларын ашық көрсетіп,  Жозе Баррозға: «Қажет десем Киевті екі-ақ аптада аламын», - деді. Путин туралы бүкіл Еуропаның ықпалды басылымдары қатты жазып жатыр, егер ол журналдар өтірік жазса Путин тарапы сотқа бере алар еді ғой. Бұлар Гумилевтің: "Ресей өзін Еуразиялық держава ретінде ғана құтқарып қала алады, тек еуразияшылдық арқылы ғана", - деген сөзін ұран етіп ұстанып алған. Ресей әлсіреп бара жатқан соң жанталасып жатыр, Сирияда ірі қару қоймасы бар еді, одан айырылып қалды, Еуропаға ықпалы болуы үшін Қара теңізден айырылып қалмайын деп Қырымды алды, Украинаны бөлшектеді, мақсатына жетті. Донецкі мен Луганскты халықтық республика етіп құрды, бұны Украина да лажысыз мойындап, Парламенті кеше, 16 қыркүйек Донбасстың бірқатар аудандарына 3 жылға дейін «өзін өзі билейтін» ерекше мәртебе беретін заңды ратификациялады. Батыс елдері мен Еуропа Ресейге тек санкция салудан аса алмады, Украинаны тиісті деңгейде қолдап отырған жоқ. Осы себептен Путин Украинаны бөлшектеп, жаңа құрылған Республикаларды қуыршақ мемлекет етіп жасап қоймақ. Яғни, бұлар Украинаға деген амбициясын аяқтауға жақын. Енді көзін бізге тігіп отыр, Кенді Алтай мен Солтүстік облыстарымызға көздері тұмандана қарайды, оны Путин Жіриновскийдың аузымен айтқызып келген еді, енді өзі де айтты.

- Сотқа берушілер Сіздің үстіңізден қосымша істер қозғап, ілік тауып отырған жоқ па?

- Әзірге жоқ, өздеріңіз білетіндей, алғашында мені «сотқа берген» ардагерлер 10 еді, кейін 13 болды. Бірақ олар да журналымыздың фашизмды насихаттамағанын түсініп келеді. Кешегі сотқа келген Жогов та таңғалып, журналдың не жазғанын түсініп кетті де, келесі күні келмей қалды. Журналистер барып сөйлескен екі әйел ардагер де журналдан бейхабар.  Мені сотқа тартушылар қосымша айыптаулар тағайындау түгілі өздерінің шикіліктерін жаба алмай әлек болып жатыр. Ардагерлерді бізге айдап салып жүрген сенімді өкілдің өзі соттан қашқақтай бастады, соңғы отырыстарда қатысқан жоқ, ол ардагерлерді саудаға салып арандатып отырғанын мойындағаны.  Бір қызығы, мені сотқа беріп жүрген 13 адамның бәрі соғыс ардагері емес, олар «Дети войны» және тыл ардагерлері болып шықты. Ішінде соғысқа қатысқан ардагер екі-үшеу ғана ұқсайды. Бірақ барлығы Алматы қаласындағы Момышұлы көшесі мен Абай даңғылының қиылысындағы «ардагерлер үйінде» орналасқан.

Мен Гитлерді неге жаздым - Путин үшін жаздым. Көптеген ғалымдар айтады: «Путин 1939 жылға дейінгі Гитлер сияқты» деп, олай айтуға фактілері де бар. Тіпті ғалымдар емес, әлемдік саясаткерлер де Путинді Гитлермен салыстырады. Обаманың өзі Путинді агрессор  санайды. Ұлыбритания ханзадасы Чарльз Уэльский, Хиллари клинтон, Литва Президенті Грибаускайте Даля, Еуропарламент саясаткерлері түгел Путинді «Гитлер» деп атап отыр, сол үшін де санкцияны күшейтіп жатыр. Путинге  қазір әлем мүмкіндік беріп отыр. Өйткені 1939 жылға дейін Франция, Англия, АҚШ Гитлерге мүмкіндік беріп келді, ол не жасаса да көнді, соғысқысы келмеді. Ал, Гитлер мен Сталин Польша мен Балтық жағалауы елдерін бөлісіп алды, Сталин Финляндиямен соғыспақшы болды, бірақ жеңіліп қалды. Кішкентай ғана Финляндия СССР-ге мықты тойтарыс берді. Гитлер болса  фашизмді жалғастырып,  жарты әлемге соғыс ашты, соғыс салдарынан миллиондаған адамдар жандарын құрбан етті...

Әңгімелескен: Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1886