Сенбі, 23 Қараша 2024
Өз сөзі 8336 0 пікір 26 Тамыз, 2015 сағат 10:11

Құдияр БІЛӘЛ. «БӨРІГЕ» ЖЕМ БОЛҒАН ҚАЗАҚ

          Аз қазақты бөлгім келмейді. Иә, бөлінгенді бөрі жейді. Бірақ «бөріден» қорқып, тұтастығын сақтауға пейіл танытып отырған қазақты көрмедім.

          Бөлінудің түрі көп. Жершілдік, рушылдық... Қазір бұған діншілдік келіп қосылды. Ең қауіптісі сол.

          Күні кеше ғана дінсіз қоғамда өмір сүрдік. Бөліну болған жоқ. Дінді былай қойғанда әлгі екі бөлінуге де мән берген емеспіз. Менің замандастарым бірге өскен жора-жолдастырының қай рудан екендігін әлі күнге дейін білмейді. Біздің санамызға сіңген сол тұтастықты қалыптастырған кеңестік мектеп еді. Ол кездің  адамдары советтік тұтастықты ұлттық мүддеден биік қойды. Әрине, қоштайтын тірлік емес. Бірақ совет халқы соған саналы түрде барды.

          Тәуелсіздік алдық. Әлгі тұтастықтан жұрнақ та қалмады. Совет халқы деген ұғымның күлі көкке ұшты. Оны айтасыз, бір ұлттың өзі жік-жікке бөлініп кетті. Өзара қырқысқан ұлттар да бар. Ондай бәлекеттен біз аманбыз. Әзірге аманбыз.

          Рас, мемлекеттің саясаты мығым.  Бәрін бақылап отыр. Сақалы бар, сақалы жоқ діндарларды түстеп танымаса да, жалпы тізімге алып қойғандығы күмәнсіз. Кімнің қай діни ағымға бүйрегі бұратынын да билік жақсы біледі. Сотталғандар, қара тізімге ілінгендер өз алдына. Бірақ діни тұтастықты бәрібір сақтай алған жоқ. Оған Діни басқарманың да қауқары жетпейді. Бір үміт Діни агенттікте еді, оның өзі комитетке айналып, қожырап кетті. Сондықтан, діни бөлшектену әлі күнге дейін ашық күйінде тұр.

          Дінді күштік құрылым ретке келтіре алмайды. Осындайда кеңестік идеологияға еріксіз тәнті боласың. Қаншама ұлт пен ұлысты дінсіз қоғамның өзіне ұйытып қойып еді-ау. Ал қазір...

          Біз бөлшектену (қай бөлшектенуді алсақ та) сыртқы жау әсерінен туындап жатқандығына ешқашан мән берген емеспіз. Байыбына барсақ, жершілдік бөлшектену – шымкенттіктерді оқшаулауға алып келсе, рулық бөлшектену – батырларды бір-бірінен асыра дәріптеуге ұласты.

          Бұл бөліну қазақтың жерін бөлшектеуге, батырларына тіл тигізуге жалғасты. Жеңген де, жеңілген де қазақтар. Бір атым насыбайдан қалатын көңіл бұдан кейін жарасым тауып кете қоятынына сенім аз. Әзірге тұтастықты сақтап тұрған құда-жекжаттық үрдіс. Бірақ біз мұны сыртқы жау әсері деп ешқашан ойлаған емеспіз. Шынтуайтына келгенде бұлайша бөлшектеу отарлаушы елдер саясатының бәріне тән. Ал бізді өзіне тәуелді еткісі келіп отырған мемлекеттер аз емес.

          Негізгі айтпағымызға ойысайық. Иә, соған. Діни бөлшектенуге. Дін – сенім. Оның үстіне ата-бабамыз ұстанған жол. Сен. Ұстан. Конституциялық құқыңды пайдалан. Оған кім қарсы болмақ? Рас, дін бір болғанымен, түсінік әрқилы. Осы әрқилы түсінікті бір ортаға бағындыратын – мемлекеттің саясаты. Демек, мемлекет ұстанымына қайшы келмейтін діни таным қай қазаққа да жат емес. Ал біз олай ойламаймыз. Намазға жығылғанның бәріне тіксіне қараймыз. Бір-бірін жау көретіндер де бар.

Ал кеп тірес. Айтыс. Жаманда. Бірақ біз өз-өзімізді жамандап, өз дінімізге тіл тигізіп жатқанымызды тағы да қаперге ала бермейміз.

Өз басым діни ортаға да, саяси ортаға да жақындау жүремін. Екеуі де дау-дамайлы жер. Ұдайы айтысып, тартысамыз. Бір-бірімізге тіл тигіземіз. Ол дау-дамай ақпарат құралдары бетінде де өрістейді. Жамандайтынымыз... Иә, сол. Қазақ. Соның жері. Руы. Діні. Билігі. Және бұл өздерін зиялылар санатына қосатындардың кейпі екендігін ойлағанда бар ғой... Иә. Жылағың келеді.

«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос». Хәкім Абайдың сөзі. Біз оған өз тарапымыздан бір ауыз сөз қоса алмадық.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377