ТҮРКИЯ РЕСЕЙДІ 7 КҮНДЕ ЖАУЛАП АЛАДЫ
Жақында Түркия Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоглы Ресей Федерациясы мен Түркия Республикасының арасында болуы ықтимал «әскери-қақтығыстарға» қатысты пікір білдірді.
Әзірбайжандық «minval.az» сайтының хабарлауынша, Түркия Сыртқы істер министрі түркиялық телеарналардың біріне берген сұхбатында Ресей қарулы күштері мен Түркияның қазіргі әскери ахуалын салыстырған.
«Егер Түркия мен НАТО әскерлері бірігетін болса, Түркия Ресейдің бүкіл территориясын 7 күннің ішінде жаулап алады. Бізде мұндай күш пен келісім бар. Егер қажет болса, біз НАТО-мен күш біріктіреміз. Егер біз НАТО-мен бірігетін болсақ, бар-жоғы жеті күнде Ресейді жер бетінен жоқ қылып жіберуге шамамыз жетеді»,-деді Түркия СІМ Мевлүт Чавушоглы (http://minval.az/news/123524504).
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін түркиялық «Habertürk» басылымы хабарлағандай, Түркия қарулы күштері 27 ресейлік теңіз кемtсін қамап қойған.
«The First News» басылымының хабарлауынша, қазір Жерорта, Мәрмәр, Эгей және Қара теңіздегі ахуал ушыға түскен.
Ал РФ қарулы күштері болса, 6 бірдей түркиялық жүк кемесін қамағандығы туралы ақпаратты ресейлік «Дождь» арнасы таратып еді.
Сонымен қатар, қос елдің қарулы күштері Сирия территориясы аумағында әскери базаларын бекіте түсуде.
Әлемдік сарапшылар, Путин мен Ердоған ерегесі үшінші дүниежүзілік соғыстың ошағына айналып кетуі мүмкін дейді.
Кейбір болжамдарға қарағанда, Ресей таяуда Түркияның әлдебір әскери ұшағын атып түсіруі ықтимал. Сонда ғана қарымта қайтарылады, Ресейдің есебі теңеседі. Сонда ғана Путиннің көңілі көншиді. Бұған дайындық жасалып та қойды. Бұдан былай Сириядағы Ресейдің бомбалаушы ұшақтары әуеде соғыс жүргізуге қажетті «әуе-әуе» тактикалық зымырандарын да алып ұшатын болды. Осыған ұқсас зымырандармен жабдықталған «Москва» әскери кемесі де Түркиямен шекаралас Сирияның Латакия аймағының жағалауына жақындатылды. Сирияның Латакия аймағындағы Ресейдің әуе күштері базасының қасына 400 шақырым қашықтық пен 30 шақырым биіктіке дейінгі жаудың ұшақтары мен зымырандарын атып құлататын С-400 әуе қорғаныс кешені әскери кезекшілікке қойылды. «Ислам мемлекеті» мен Сирия оппозициясының жасақтарында ұшақтар мен зымырандар жоқ. Олай болса, С-400 қондырғысының қандай нысананы көздейтіні де белгілі. Ресей басшылығы С-400 қондырғысы өздерінің Сириядағы әскери әуе базасын қорғау үшін қойылғанын айтады. Дегенмен, бұл қондырғының қадағалау радиусы Түркияның оңтүстік аймағына ішкерілеп кіріп кетті. Тіпті, Түркияның Адана қаласының маңындағы Инджирлик әскери әуе базасының аспаны ресейлік С-400 қондырғысының бақылау аймағында қалып қойды. Бұл базадан түрік ұшақтары ұшып шыға сала теңізде тұрған «Москва» кемесінің зымырандары мен Латакиядағы С-400 қондырғысының нысанасына алынады. Бұл оқталған мылтықты кезегенмен бірдей. Мұндай әрекет Инджирликтегі түрік әскери ұшқыштарының дегбірін қашырып, әр кез әбігерге салады.
Сонымен қатар, Ресей Түркияға қарсы экономикалық сипаттағы санкциялардың түгелге жуығын жасап үлгерді: түрік тауарларының Ресейде сатылуына шектеу қойылды; екі ел арасындағы визасыз режимді жойып, түрік азаматтарын жұмысқа алмау жөнінде арнайы қаулы шығарылды; Түркия бағытындағы туризм тоқтатылды; тіпті Ресей Еуразиялық экономикалық одақ және Кеден одағына кіретін постсоветтік елдердің Түркиямен сауда-саттық жасауына кедергілер қойып жатыр. Бұл өте қауіпті жағдай. Кез келген тараптың қате жасалған қадамы әскери қақтығысқа, соңы үлкен соғысқа апарады.
P.S. Түркия Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоглының «Егер біз НАТО-мен бірігетін болсақ», - деген сөзінен шығады. Жақында түркиялық «www.trt.net.tr» сайты екі бірдей түрік азаматы НАТО бас шатабында жоғары лауазымды қызметтерге тағайындалғанын хабарлады. Елші Таджан Илдем НАТО Бас хатшысының орынбасары болып тағайындалса, Бурджу Сан НАТО операциялар бөлімінің директоры болды.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz