Жұма, 20 Желтоқсан 2024
Қоғам 9151 0 пікір 11 Қаңтар, 2016 сағат 10:28

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ: ДІННІҢ ЫҚПАЛЫ НЕГЕ АЙТЫЛМАЙДЫ?

Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуына қатысты бар тарихи шындық өз деңгейінде ашылмай келе жатқандығын жалпы халық түгіл кәсіби тарихшылардың өзі сезіне бермейді. Оның себебі, қазіргі күні көпшілікке белгілі ортағасырлық дереккөздеріне сүйенген әрбір тарихшының қазақ хандығының негізін қалаған, Қазақ хандығы деген мемлекетті қалыптастырған Керей мен Жәнібек хандар деген тұжырымға келетіні даусыз.
Алайда, Қазақ хандығының алдындағы ізашары болған, Өзбек ұлысында орын алған діни-рухани үдерістердің бір мемлекеттің үшке бөлінуіне, бір халықтан рухани-мәдени болмысы мен салт-дәстүрі бөлек үш халықтың қалыптасуына ықпал еткен басты фактор болғандығына біздің тарихшылар әлі күнге мән бермей келеді. Анығырақ айтар болсақ, Әбілқайыр ханның өзінің беклербегі болған Едігінің немересі Уаққас биді[1, 222], Қобыланды батырдың Ақжол биді өлтіру себептері [2, 22-23 б.], одан кейін Әбілқайырдың бұл әрекетін құптамаған билердің өз қоластындағы халықтарды Әбілқайырдан бөліп әкетуі мен олардың жаңа мемлекеттің негізін қалаған ру-тайпаларды Қозыбасыға апарып топтастыру себептері есепке алынбай, ескерусіз қалуда. Осының салдарынан тарихи әділеттілік принциптері бұзылып, мемлекетті құруға ұйытқы болған билердің рөлі көрсетілмей, олардың орнына дайын мемлекеттік жүйеге басшылыққа келген Керей мен Жәнібек хандардың аттары аталып келеді. Бұл өз кезегінде қазақ мемлекеттігінің құрылымдық жүйесінің ерекшелігі мен Қазақ хандығындағы билер институтының рөлін бағалай алмауға себеп болып отыр. Сол себепті, біз бұл мәселеге басқа қырынан талдау жасап, ортағасырлық Еуразия кеңістігінде өмір сүрген түркі мемлекеттеріндегі билік жүйесінің қалыптасуы мен ол мемлекеттердің тарих сахнасынан кету себептеріне қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
Өзбек ханның ислам дінін, оның ішінде Йасауи жолын Жошы Ұлысында мемлекеттік идеология дәрежесіне көтеруі, соған орай мемлекеттің басқару жүйесін қайта құруы мемлекетті бір орталыққа бағынған қуатты мемлекетке айналдырды. Батыс жорығынан кейін Бату хан Жошының әр баласына бөліп берген ұлыстар ыдыратылып, ол ұлыстардың басындағы Жошы ұрпақтары биліктен шеттетілді. Олардың орнына мемлекетті басқарудың жаңа жүйесі құрылды. Орыс зерттеушілері ол құрылымдық жүйелерді облыстар деп атады [3, с. 340]. Ол жүйелер облыстар емес, халықтың рухани бірлігіне негізделген рулық, тайпалық, жүздік құрылымдар еді. Ол құрылымдық жүйелерді басқаратын билер (бектер) өздері басқаратын құрылымдық жүйелердің рухани да, саяси да басшысына айналды. Атаның биі рудың биіне, рудың биі тайпаның биіне, тайпаның биі жүздің биіне, жүздің биі төбе биге, төбе би ханға бағынды. Жазба деректердегі мәліметтерде айтылатын мемлекетті басқару жүйесіндегі беглербегі мен қарашы билерді төбе би мен жүздік құрылымдардың басшылары деп түсіну керек. Олардың қарамағындағы 70 түменбасы ірі тайпалар мен қалалардың басшылығындағы кісілер еді.
Өзбек хан жүргізген мемлекеттің құрылымдық жүйесін өзгерткен реформадан кейін хан негізгі жалпы басшылықты өзінде қалдырып, жеке салалар бойынша бар билікті беклербегі мен уәзірдің қолына берді. Беклербегі барлық әскерді басқарды, жоғарғы сот билігін басқарды. Шет елдермен қарым-қатынас та беклербегінің қолында болды. Ал, уәзір болса, мемлекеттің қаржы, салық саясатын жүргізді [4, с. 249]. Мемлекеттегі бүкіл заң шығару құқы, қоғамдық қатынастарды реттеу дін өкілдерінің қолына берілді. Атап айтқанда, қала халықтары арасындағы қоғамдық қатынастар шариғат жолымен, көшпелі түркілер арасындағы қоғамдық қатынастар тариқат жолымен реттелді. Мемлекеттегі бүкіл қарым-қатынас заңға бағындырылды. Сөйтіп, мемлекеттің құрылымдық жүйесі толығымен көне түркілік мемлекетті басқару жүйесімен сәйкестендірілді. Мемлекеттің құрамындағы рулық, тайпалық жүйелер мемлекеттің керегесін құрады. Керегені шаңырақпен жалғастыратын уық қызметін рулар мен тайпалардың рухани жетекшісі билер атқарды. Саяси билік ханның қолында болды. Осылай біріне-бірі тәуелді, бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын мемлекеттің құрылымдық жүйесі қалыптасты. Мұндай құрылымдық жүйесі бар мемлекетте әділдік пен заңдылық қана абсолюттік билікке ие еді. Қоғамның әр бір мүшесі өзін сол қоғамның толыққанды мүшесі санады. Біреуге біреудің қиянат жасауға ешқандай мүмкіндігі қалмады. Себебі, әрбір адамның соңында аталасы, руласы т.б. тұрды. Өздерін Ұлы Жаратушының өкілі санайтын әулиелердің мақсаты орындалды. Олар сол ортағасырлардағы ең әділетті қоғамды орнатты және сол кезеңдегі Жошы Ұлысы әділдік пен заңдылық билік құрған Пайғамбар дәуіріндегі қоғамға барынша жақындатылған еді. Билік жүйесінің ешқайсысы абсолютік билікке ие емес еді. Бұл жүйе XIX ғасыр соңында өмір сүрген ақын Мәделі қожаның мына өлеңінде шебер бейнеленгендігін көруімізге болады:
Датқа-еке осы жерде туып едім,
Саған келген жауларды қуып едім,
Шаңырағыңды шайқалтпай ұстайтұғын
Сен кереге болғанда мен уық едім. [5]
Алтын Орда мемлекетіндегі осы даму, мемлекеттің саяси жүйесіндегі өзгерістер, қоғамдық өмірдің бар саласындағы ілгерілеушілік қоғамдағы белгілі топтарды қуанта қойған жоқ. Керісінше, олар мүмкіндік болса, осы жетістіктің бәрін тас-талқан етуге дайын күштер бар еді. Олар – Өзбек хан мемлекет басына келгеннен кейін саяси биліктен шеттетілген Жошы ұрпақтары еді. Саяси биліктен шеттетілген Жошы ұрпақтары қалыптасқан жағдаймен келісе қойған жоқ. Алайда, Өзбек хан да өзінің көзінің тірісінде олардың белсенді әрекет жасауына ешқандай мүмкіндік қалдырмаған еді.
Алтын Орда мемлекетінің болашағына қауіп төндірер тағы бір фактор – ол хан тағына мұрагерлік мәселесі болды. Өзбек ханға дейін хан сайлау мәселесі Шыңғыс ұрпақтарының құрылтайында шешілетін және мемлекетті басқаруға лайықты, жасы үлкен Жошы ұрпағы сайланып қойылатын. Өзбек ханның осы қалыптасқан дәстүрден бас тартып, тақ мұрагерін таңдау еркін тек өзінде қалдыруы, болашақта мемлекеттің тағдыры үшін аса қатерлі факторға айналатынын сезген жоқ. Өйткені, хан таққа мұрагер есебінде бір баласын ғана таңдайды. Қалған балалары болашақта саяси биліктен толық шеттетіледі. Осы мәселе Өзбек хан ұлдарының арасындағы іштей бәсекелестікті тудырды. 1342 жылы Өзбек ханның кенеттен қайтыс болып, тақ мұрагері болады деген Тыныбектің осы кезде Шағатай ұлысында жорықта болуы Алтын Орда тағы үшін таластың тууына ықпал еткен басты себеп болды. Бұл оқиға астарында Өзбек хан ұлдары арасында әке тағы үшін талас жатты. Ең бастысы бұл мемлекеттің күйреуіне тікелей ықпал еткен басты фактор осы мұрагерлік мәселесі еді [3, с.368].
Өзбек хан қайтыс болған соң билерді алдаумен таққа отырған Жәнібек ханның діни идеологияны өзгертуі, Йасауи жолынан бас тартып, оның орнын араб дәстүршілдігіне беруі, мемлекеттің қалыптасқан жүйесін күйретті. Асан Қайғы бастаған халық Алтын Ордадан бөлініп, Алаш мемлекетін қалыптастырды. Бұл мемлекет Жәнібек хан өлген соң қайтадан өз еркімен Бердібекке барып қосылды.[6, 30 б.] 1359 жылы Бердібектің өлтірілуі мемлекеттегі ұзақ жылдарға созылған тақ таласына ұласқаны белгілі.
Одан кейінгі кезеңде Едіге би Алтын Орда мемлекетін қайта қалпына келтірмек болып қаншама арпалысты. Алайда, оның ол әрекеті нәтижесіз аяқталды. Оның мынадай екі себебі болды: Біріншісі, түркі халықтарының рухани, мәдени тұтастығының бұзылуы болса; екіншісі, Әмір Темірдің Тоқтамысты талқандағаннан кейін Жошы ұрпақтарының қайтадан атқа мініп, Сарай тағы үшін қырқысты бастауы еді. Алайда, Едіге бидің бұл арпалысы нәтижесіз болғанымен, оның еңбегінің одан кейінгі кезеңдегі түркі мемлекеттілігінің тағдырына тікелей ықпалы болды. Едігенің ол еңбегі – Алтын Орда мемлекетінің қасіретті тағдырында жіберілген қателіктерді саралай отырып, жаңа заң жобасын «Төре» мен «Жасақты» қайта жасап шығуы еді. Едігенің сол енгізген заңдық жүйесі түркі халқының мемлекеттік жүйесін қалыптастыруда одан кейінгі ғасырларда шешуші рөл атқарды. Сондықтан, Едіге бидің Алтын Орда мемлекетін қайта қалпына келтіру жолындағы еңбегіне арнайы тоқталуымыз қажет.
Едіге би Темір Құтлық хан өлген соң, оның інісі Шәдібекті хан тағына отырғызды. Муин ад-дин Натанзидің Парсы мен Исфахан билеушісі Әмір Темірдің немересі Искандерге арнап жазған тарихында Едіге бидің Темір Құтлық өлген соң Шәдібекті хан тағына отырғызғанын, осы кезде әдет-ғұрыпты реттейтін «төре», билік жүйесін реттейтін «жасақ» заңын енгізгенін, бұрын еркін жүрген халықтың қысымға түскенін жазады. Шәдібек хан бұл заңға мойын ұсынғысы келмей, Едігіге қарсы қастандық ұйымдастырмақ болғанын, Едіге оның бұл ойын сезіп, оған қарсы шара қолданбақ болғанда, ол қашып Әзербайжанға кеткенін жазады [7, с. 133]. Бұл жерде Едігенің осындай заң жобасын жасауына не себеп болды? Едіге би Алтын Орда мемлекеті басынан өткерген қасіретті тарихтан сабақ ала отырып, өзі жасаған «Төре» мен «Жасақ» заңын қабылдауға мәжбүр болды. Ол заңда кез-келген Жошы ұрпағы хан болу құқынан айрылды. Ханды Шыңғыс хан ұрпақтары ішінен, Жошы ұлысында Жошы ұрпақтары арасынан таңдап қою ру, тайпа басшыларының, билердің қолына берілді. Хан сайланатын Жошы ұрпағы билердің сараптауынан өтуі тиіс болды. Билер қаламаған, жаратпаған Жошы ұрпағы хан тағына отыра алмайды. Сот билігі де толығымен билер қолына өтті.
Едігенің осы қабылдаған заңы одан кейінгі кезеңде Қыпшақ даласындағы билік жүйесін реттеуші басты құралға айналды. Бұрынғыдай хан болғысы келген кез-келген Жошы ұрпағы атқа қонып, елдің шырқын бұзу құқынан айрылды. Кімнің би болатынын Ноғай билері шешті. Ноғай ордасының тарихын зерттеуші В.В.Трепавлов кімнің хан болатынын ноғай билері шешті. Кез-келген Шыңғыс ұрпағының ордасына маңғыт билерінен елші келіп, оларға хан тағына отыруға ұсыныс жасар болса, онда ол сұлтан шын қуанып, өзінің болашағының жақсы болатынына сенетін, - дейді [8, с. 45].
Өзбек ұлысының қалыптасуы туралы ортағасырлық тарихшы Махмуд ибн Уали былай деп жазды: «Жәнібек хан өлген 758/1356-57 жылдан 835/1428-29 жылға дейінгі аралықта Дешті Қыпшақтағы патшалық тағына ақылды, әрі табанды басшы табылмады. Соның себебінен мемлекеттегі дін мен мемлекет ісі қожырады. Халық басын біріктіріп тұрған арқау үзілді, бірлік кетті. Бұл елдің халқының осыншалық қиналғанын көрген Ұлы Жаратушы елдің болашағын жарық қылатын, дін мен мемлекет ісін қалпына келтіретін жаңа жұлдызды көкжиекке шығарды. Ол Әбілқайыр хан еді. Дүние қайта жарыққа толды. Бүлінген дүние қайтадан қалпына келді. Қоғамның барлық мүшесінің мүддесі қайтадан қалыпқа түсірілді. Қоғам қайта гүлдене бастады. Әйгілі Ахметтің жолының заңдары мен Мұхаммедтің діні қайта гүлдеді» [9, с. 346]. Осы бір кішкене үзіндінің өзі ислам дінінің, оның ішінде Йасауи жолы Алтын Орда мемлекетінде қандай рөл атқарғандығын, Әбілқайырдың сол жолды қайтадан қалпына келтіргендігін көрсетіп тұрған жоқ па? Демек, бұл Жошы ұлысындағы халықтардың басын біріктірген негізгі арқау Йасауи жолы болғандығын, рухани фактордың шешуші мәнге ие болғандығын көрсетеді. Ендігі кезекте сол Әбілқайырды таққа отырғызып хан көтерген кімдер еді, соған тоқталайық. Мас‘уд ибн ‘Усман Кухстанидің «Тарих-и Абу-л Хайр-хан-и» атты еңбегінде мынадай кісілердің аттары аталады: «Барлық әскербасылар, даңқты Пайғамбар әулетінің өкілдері, «Та» және «Йа-Син» (сопылар) өкілдері болды. Олардың ішіндегі ең даңқтылары Құл Мұхаммед Сейіт және Қара Сейіт (Алла олардың қабірін жарық етсін.) және Бұзұнжар би қият, Уаққас би маңғыт, Шайх софы оғлан, Сатұғ би, Сүйініш би, Қара Кедей дүрмен, Ақ Софы найман, Шайх Софы найман, ... Жүсіп Қожа өкіреш найман, Қажы Мырза шат, Бахты Қожа ұйғыр, Орыс қоңырат тағы басқа ұлы адамдар қуатты әміршінің сарайына келіп, оның жеңімпаз әскерлері мен қызметшілерінің қатарынан орын алды» [9, сс. 141-144]. Бұл дерек сол кездегі Қыпшақ даласын мекендеген түркілер құрамындағы рулар мен тайпалардың басындағы басшылардың барлығы дерлік дін өкілдері екенін көрсетіп тұр. Демек, ол кезеңде ру, тайпа басында алдымен рухани басшы болғандығын нақтылай түседі. Ал «би» сөзінің түпкі мағынасына күмән келтірушілер табылуы мүмкін. Бірақ «би» деп орта ғасырларда діни, рухани басшыны атағанын және ол қазақ даласындағы діннің өмір сүру формасы болған Йасауи жолымен тікелей байланысты екендігін қазақтың көнеден қалған аталы сөздері дәлелдейді. Мысалы:
Батыр деген барақ ит,
Екінің бірі табады.
Би деген ақ шариғат,
Ілуден біреу табады [10, 378-380 бб.].
Немесе «Елге бай құт емес, би құт» деген мәтелдер-ақ бидің қазақ қоғамында аса жоғары бағаланғандығын көрсетеді. Сонымен бірге, бұл деректер Едіге би шығарған заңның ықпалының қаншалықты күшті болғандығын көрсетеді. Жұмадық ханның озбырлығынан қашқан халық қайта топтасып, он жеті жасар Әбілқайырды таққа отырғызғаны осылайша баяндалады. Билердің қолында мұндай биліктің болғандығы туралы тағы бір дерек нақтылай түседі.
1472 жылы Мұхаммед Шайбани Бұхарада болып, Сығанаққа қайта оралғанда, оны Мұса мырза шақыртып алады. Мұса оны хан сайламақ пиғылы барлығын жасырмайды. Ноғай мырзалары Мұхаммед Шайбаниға ханға көрсетілетін барлық құрметті көрсетіп, қарсы алады. Мұхаммед Шайбанидың Мұса мырзаға келгенін есіткен Қазақ хандары оларды ұстап әкелу үшін Бұрындық бастаған 1000 кісіні Дешті Қыпшаққа аттандырады. Алайда, жеңіліп кері шегінеді [11, с. 44]. Осы соғыстан соң, Мұса мырзаның Мұхаммед Шайбаниға ықласы өзгеріп, оны хан көтеруден бас тарты. Ол әмірлерімен ақылдасқанда, олар: «Көне дәуірден бері қазіргі күнге дейін маңғыт билері сайлаған хан маңғыт билеріне мемлекетте еркіндік беретін. Егерде Мұхаммед Шайбани осы көне дәстүрмен келісер болса, онда жақсы. Біз оны хан сайлаймыз. Болмаса, жолы ашық [9, с. 104]» дейді. Мұса өз билерінің сөзін мақұл көріп, Мұхаммед Шайбаниды хан көтеруден бас тартты. Бұл деректер де Еуразия кеңістігіндегі түркі мемлекеттігінде билер рөлінің аса жоғары болғандығынан хабар береді.
Өзбек ұлысынан бөлінген Қазақ хандығының да тура осындай оқиғаның қайталанғандығына күмән жоқ. Бірақ Қазақ хандығына сайланған Керей мен Жәнібектің мемлекеттің негізін қалаған ру, тайпалардың әрі рухани, әрі саяси басшы рөлін атқарған билердің алдарына қойған шарттарын толық қабыл еткендігін көруімізге болады. Керей мен Жәнібек осылай хан тағына отырды. Мемлекетті басқарудың бұл жүйесі Қасым хан қайтыс болғанша мүлтіксіз қызмет атқарып келді. «Қасым ханның қасқа жолы» атты заң осы кезеңде қабылданды. Қасым ханның жіберген бір қателігі нақшбандийа тариқатын қазақ даласына әкелуімен, таратуымен байланысты болды. Ол жөнінде Мұхаммед Талибтің «Матлаб ат-Талибин» атты шығармасында мынадай деректер келтіріледі. Онда 1512 жылы Сефифидтік Иранның Наджи-сани бастаған әскері мен Бабыр бастаған әскер Бұхара қаласына баса-көктеп кіргені, одан қашқан джуйбарий шайхы Ислам қожа Қасым ханды келіп паналағаны, Қасым ханның сол кезде нақшбандийа шайхы Абу Бакр Са’дтың мүриді болғаны жазылған [12, с. 6]. Қасым ханның өз ұлдарын осы шайхтың тәрбиесіне беруі мемлекеттің болашақ тағдырына кері ықпал еткен басты фактор болды. Қасым ханнан кейінгі хандар абсолюттік билікке жетеміз деген үмітпен мемлекеттің негізгі тірегі болған билер институтына қарсы күресумен болды. «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» осы билер институтын ыдыратуға бағытталған болатын. 1684 жылы Тәуке ханның «Жеті жарғысының» қабылдануымен Йасауи жолы өкілдерінен құрылған билер институтының таратылып, олардың орнын әр ру, тайпаның өзінен шыққан билерге берілуі қазақ қоғамын іштей іруіне ықпал еткен басты фактор болды. Мұның соңы Абылай хан қайтыс болған соң Қазақ хандығының өздігінен ыдырап кеткендігіне тарих куә. Өкінішке орай, қазақ халқының тарихи тағдырына кері ықпалын тигізген бұл мәселелер әлі күнге тарихымыздан өз орнын алған жоқ. Басқаша айтқанда, біз ата-бабаларымыздың жеңісімен мақтана алатын, жеңілісінен сабақ алатын төл тарихымызды қалыптастыра алмай келеміз.

Әдебиет
1. Жандарбек З. Йасауи жолы және қазақ қоғамы. –Алматы: «Ел-шежіре», 2006.
2. Құдайбердіұлы Ш. Түрік-қырғыз-қазақ һәм хандар щежіресі. –Алматы: «Қазақстан» және «Сана». 1991.
3. Сапарғалиев М.Г. Распад Золотой Орды // На стыке континентов и цивилизации. –Москва: «Иман», 1996. -С 277-526.Т
4. Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды. Том I. -Санкт-Петербург: 1884г.
5. Саттаров С. Ала қойды бөле қырқу философиясы. «Жас қазақ үні», №19, 13.05.2006 – 19.05.2006.
6. Дәфтәре Чынғыз-наме. –Казан: «Иман», 2000.
7. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Извлечения из персидских сочинений, собранные В.Г.Тизенгаузеном и обработанные А.А. Ромаскевичем и С.А. Волином. Т. II. –М.-Л.: Издательство АН СССР, 1941.
8. Трепавлов В.В. Нурадины Ногайской Орды // Историко-географические аспекты Развития Ногайской Орды. – Махачкала. 1993. –С43-61.
9. Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII веков (Извлечения из персидских и тюркских источников). –Алма-Ата: Изд. «Наука» Каз ССР, 1969.
10. Сейфуллин С. Билер сөздері// Қазақтың Ата заңдары. Том 2. –Алматы: «Жеті-жарғы», 2003. –Б376-385.
11. Семенов А.А. К вопросу происхождения и состав узбеков Шайбани-хана. -Сталинабад: Издат. АН Тадж. ССР. 1954.
12. Әбусейітова М.Қ. Казахстан и Центральная Азия в ХV-ХVІІ вв.: история, политика, дипломатия. –Алматы: «Дайк-Пресс», 1998. -268 с.

Жандарбек Зікірия
Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1893