Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Қоғам 8396 0 пікір 11 Сәуір, 2016 сағат 15:26

ҚАЗАҚ ҰЛДАРЫНЫҢ ҚАЙРАТКЕРЛІГІ "ШОВИНИЗМ" БЕ?

РЕДАКЦИЯДАН:

Жақында «camonitor.kz» дейтін сайт қазақ қоғамындағы рухы ояу азаматтардың іс-әрекетін "шовинизм" деп бағалап, ұлттық мүдде мәселесінде бас көтеріп, сөз ұстап  жүрген  жанның бәрін агрессорлық идеяның соңындағы реакционерлер деп айыптады.

Ресми қатынас тілінде жарық көріп отырған аталған сайттың мақаласы әм ондағы пікір білдіруші Сұлтанбек Сұлтанғалиев деген саясаттанушының (бұрын-соңды есімін ел естімеген азамат) көксегені не? Бұл мақаланың мақсаты - ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабында айтылатын ұлтаралық араздықты қоздыру емес пе? Көпұлтты Қазақстандағы түрлі этника өкілдерін қазақ ұлтшылдарына қарсы қою – ұлтаралық жік тудырмай ма?

Осыған қатысты Сұлтанбек Сұлтанғалиев өз сөзінде "шовинист" деп айыптаған қоғам белсенділері һәм саясаткерлерді сөйлетіп көрмекпіз. Бүгінше сіздердің назарларыңызға Расул Жұмалы мен Айдос Сарымдардың пікірлерін ұсынып отырмыз.

 

 Расул Жұмалы, Саясаттанушы:

"ПРО-РЕСЕЙШІЛ ТОПТАРДЫҢ АРАНДАТУШЫЛЫҒЫ"

Біріншіден, бұл - аранданушылық материал деп ойлаймын.  Бұл сайттағы пікір білдіруші де, сондай сарындағы материалды жариялап отырған ақпарат құралының да діттеген мақсаттары түсінікті және біржақты айыптауларға толы екен. Бұндай пікірлер осыған дейін де болған. Өкінішке қарай, қазір  біздің елімізде осындай ресейшіл, Путиншіл топтар бар. Олар кәдімгі сонау 20-30-40-жылдардағы коллониялық саясаттың бүгінгі жұрнақтары. Мақсаттары Тәуелсіз Қазастанды орыс империясының бөлшегі ретінде көргісі келетін, кеңестік заманды аңсайтын,  сол интеграцияны көксеуші топтар, адамдардың жасап отырған арандатушылық әрекеттері ғана. «Ит үреді, керуен көшеді» деген бар ғой, сол секілді қазақ ұлтшылдары туралы бұдан зорғы әңгімелер айтылды ғой.

Ал осындай қара ниетті топтардың, адамдардың әрекеттеріне біз лайықты деңгейде тойтарыс беруіміз керек.

Өзіңіз қараңызшы, ұлтшылдық дегеніміз не? Ұлтшылдық – ұлтты сүю, отаныңның патриоты болу, сол отанның гүлденуі, көркеюі үшін үлес қосу, үн шығару, еңбек ету деген сөз. Ұлтшылдық ол – мемлекетшілдік. Әлемдегі кез-келген саясаткер өзін ұлтшылмын деп есептейді.

Мысалы, Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Камерон: «Ұлыбританияның мемлекеттік саясаты ұлттық мүддемізге негізделген» деп айтады. Немесе Ресейдің бүгінгі Президенті Владимир Путиннің өзі кезінде «Ресейдегі ең бірінші ұлтшыл менмін» деп айтқан.

Ұлтшылдық деген – мемлекетке қарсылық емес, мемлекетшілдік деген сөз. Өкінішке орай орта жолдан кірісіп, қазақ ұлтшылдарын мемлекетке жау етіп көрсетуші арам пиғылды азаматтар арамызда көп.

Арандатушы мақаладағы пікір білдіріп отырған саясаткер қазақ ұлтшылдығын – шовинизм деп бағалапты.

Шовинизм – өз ұлтын жақсы көріп, өзге ұлттардың құндылықтарын езгіге салу деген сөз. Ол дегеніңіз – нәсілдік алалау, мемлекеттік қызметтерге қабылдайтын кезде ұлттық жікке бөлу. Ұлтына, дініне, нәсіліне қарап алалап, өзге ұлттың жеке құндылықтарын аяққа таптап, бір ғана ұлттық идеяны халыққа күштеп үйретіп жатқан, басқыншылық әрекеттер жасап отырған қай мемлекет екенін кез-келгеніңіз білесіздер ғой. Бір өкініштісі – Қазақстанда осындай қара ниетті топтардың үгіт-насихатына тоқтау салынбай тұр. Қазір елімізде кейбір БАҚ өкілдері ресейшілдік саясатты ашық жүргізіп отыр. Мысалы, жоғарыдағы «Сентрал Азия Мониторинг» сайты, КТК, ОРТ т.б. ақпарат құралдары қазақ ұлтшылдарын қаралау арқылы, оларды шовинист етіп көрсетуде. Біз бұнымен ұлт болып күресуіміз керек. Осы мемлекетті құрушы ұлт ретінде біз ең алдымен өзіміздің ұлттық мүдемізді ойлайымыз керек.

Әрине, мемлекет егер РФ-мен интеграция жасағысы келсе, қарсылығымыз жоқ. Хош, серіктес болсын, әріптес болсын. Бірақ, қазақ байлығының, экономикасының, мемлекеттің ішкі саясатының т.с.с. тұтқасын Ресейге ұстатып қоюға біз қарсымыз.

 

Айдос Сарым, саясаттанушы:

БҰЛ – ҰЛТТЫҢ СӨЗІН СӨЙЛЕП ЖҮРГЕН АЗАМАТТАРДЫ «ХАЛЫҚ ЖАУЫ» ЕТІП КӨРСЕТУДІҢ АМАЛЫ

Сұлтанбек Сұлтанғалиевтің қазақ ұлтшылдарын қаралаған пікірін оқып шықтым. Оқып отырып, ол азаматтың қазақ ұлтына жаны ашымайтынын, коммунистік идеологиядан әлі азат бола алмағанын байқадым. Меніңше, тәуелсіз Қазақстан жағдайында дәл осындай бағыт-бағдарда жүрген азаматтардың бар екендігінің өзі қорқынышты. Оларға ақпарат құралдары бетінен алаң беріп, газет шығарту, еліміздің саясатына қарсы ойларын ашық айтқызып қою – үлкен қауіп. Себебі, мен коммунизм идеясы дегенді қанішерлердің идеологиясы деп білемін. Болашақ ұрпақ үшін «коммунист» деген сөз «қанішер» деген сөздің баламасы болатынына сенемін. Ең өкініштісі сол, біздің билік ұлтымызды тарихтан жойып жіберу үшін жанын салған сол коммунистерге әлі күнге түрлі мінбер беріп, партия құрғызып, парламенттен орын бөліп отыр. Осындай кезде Сұлтанбек секілді жігіттердің бүйректен сирақ шығаруы – «қалыпты жағдай». Өз басым, олардың не деп жатқанына назар аудармаймын. Десек те, қазақ ұлтының оянуы, қазақ ұлтшылдарының мәртебесінің өсе бастауы кейбіреулер үшін өте үрейлі жағдай болып отыр. Сондықтан да олар ұлттың сөзін сөйлеп жүрген азаматтарды «халықтың жауы» етіп көрсеткісі келеді. Сол бағытта жұмыс жасап жатыр. Осылайша бізді билікке жамандап, елімізді ұлттық мемлекетке айналуына тосқауыл қоймақшы.

Жалпы, қазақ киелі жеріміз бен еліміздің иесіне айналмай нағыз демократияға қол жеткізе алмаймыз. Сұлтанғалиев қара күйе жағып отырған азаматтар бұл елдің иесі кім екенін айтып, жазып жүрген азаматтар. Оларды орта деңгейлі білімі бар азаматтар деп күстәналау да «сасқан үйрек артымен жүзедінің» кері. Мен өзімді айтпай-ақ қояйын. Мысалы, Расул Жұмалы 4-5 тілді еркін меңгерген, түрлі лауазымды қызметтер сатысынан өткен білімді азамат екенін елдің бәрі біледі. Ал, Мұхтар Тайжан Польшада экономикалық университет бітірген, әлемнің маңдайалды экономистерінен дәріс алған – сауатты жігіт. Мұхтар да бірнеше тілді жақсы біледі. Сауаттылық, білім жағынан Мұхтар Сұлтанбек Сұлтанғалиевті мың орап алады.

Біз шамамыз жеткенше қоғамдық жұмыстармен айналысып, еліміз бен жеріміз үшін бірталай шаруалар жасап жатырмыз. Ал, Сұлтанғалиев секілділер қандай игілікті іс тындырыпты? Бұл сұраққа жауап табу қиын. Тағы да бір мәселеге назар аударайық. Ұлтшыл азаматтарды сынап жатқан Сұлтанғалиев қазақ тілі мен орыс тілінен басқа қандай тіл біледі екен? Қазақ тілін де мандытпайтын болуы мүмкін. Сөйте тұра ұлттық мәселеге төрелік айтқысы келеді. Оған ешкім де жол бермейтінін түсінгісі келмейді. Бұл жігітке айтарым, алдымен біз жүріп өткен жолмен жүріп көрсін, біз басқан төбені басып көрсін. Сонда ғана бізбен бір жолда келе жатқан қазақтың жүздеген халық жазушысының, ақпарат құралдары басшыларының, жалпы қазақ элитасының бетіне қара күйе жағудың қандай ауыр екенін түсінер еді. Бұлай көпке топырақ шашу үшін алдымен қазақ тілін білуі, олардың ойларын, идеяларын түйсінуі керек. Ал, «сырттан тон піше» салу саясаттанушы үшін – ұят нәрсе.  

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3521