Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6100 0 пікір 18 Сәуір, 2016 сағат 13:45

АРМЕНИЯ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚТАН ШЫҚҚАЛЫ ЖАТЫР

Армения ақыры «путиндік одақтан шыққалы жатыр» деген ақпарат украиналық «24news»  порталында жарияланды. Бұл Ресей мен Украина арасындағы жанжалдардан кейін ушыққан  екі ел арасындағы дезинформациялық саясаттың көрінісі болуы да мүмкін, әрине. Дегенмен, Арменияның Ресейге өкпесі қара қазандай екендігін бірқатар ресейлік БАҚ-та жазып жатыр.


«Еркін демократтар» (Свободное демократы) партиясының төрағасы, Армения Ұлттық кеңесінің депутаты Хачатур Кокобельян «Армения Республикасының ЕАЭО-дағы мүшелігін доғару» туралы  Заң жобасын Парламентке тапсырыпты.

Кокобельянның кенет шешіміне төмендегі статистикалық деректер себеп болса керек. Армения Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болған 1 жылдың ішінде елдің экономикалық әлеуеті әлсіреп, бірқатар ірі жобалар іске асырылмай қалған. Оның үстіне, халықтың күн көріс деңгейі төмендеп, халықаралық интеграциялар көрсеткіші де былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір құлдыраған екен. Мысалы, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болған бір жылдың ішінде Арменияның ЕАЭО елдеріне шығарылатын экспорты 4,7 пайызға төмендеген. Соның ішінде, Ресей Федерациясына экспортталатын тауарлар көрсеткіші 28,1 пайызға дейін азайған.

Ұлттық кеңес депутаты Хачатур Кокобельян Парламентке ұсынған Заң жобасында: ЕАЭО-ға мүше болған жылдың ішінде Армения экономикасы изоляцияға ұшырап, шетелдік инвестициялар көлемі де қысқарғанын алға тартады.

Сондай-ақ, елдің әскери әлеуеті де едәуір әлсіреген екен. Кокобельянның көкіп отырғандағы айтпағы, Әзірбайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ соғысына ЕАЭО елдерінің араласпауы болса керек. Өз мәлімдемесінде Хачатур Кокобельян мырза Одақтастардың Арменияны сатып кеткендігін айтады.

«ЕАЭО келісімдерінде бұл одақ – экономикалық одақ деп көрсетілгенімен, оның ішінде біршама детальдар бар еді. Бүгінде Әзірбайжан армиясы Таулы Қарабақта «агрессорлық» жасап жатқанда  Еуразиялық одақтастастарымыз үн шығармай қойды. Тіпті, күні кеше ғана Ереванда өтуі тиіс болған ЕАЭО премьерлерінің кеңесіне «Әзірбайжанды өкпелетіп алмау үшін» ешбірі келмей қойды. Демек, бүгін біздің одақ – одаққа мүше мемлекеттердің емес, сырттағы біреулердің қамын ойлап жатыр. Бұл экономикалық одақ емес, эффективті емес саяси-экономикалық альянс»,-дейді Кокобельян.

Ал осының алдында Ереван белсенділері әм билігі Қазақстан мен Белорусь елшілерін елден қуып шығатынын айтқан болатын.

Армениялық журналист Тевос Аршакян өз мақаласында, Минск пен Астана Еуразиялық одақ аясында қабылданған «коллективтік қауіпсіздік» декларациясын өрескел бұзып, Арменяға әскери көмек көрсетуден бас тартты деп айыптаған.

Бұл Армения бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстанға қарсы жүргізіп жатқан алғашқы ақпараттық саясаты емес. 2014 жылдың 29 мамырында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО  отырысында Арменияның одаққа өтуі үшін, Таулы Қарабақты Әзірбайжанға қайтарып беруін қатаң талап еткені тағы бар. Осы кезде Ереван Қазақстанға қарсы байкот жариялап, армян халқы бас көтерген еді.

Ал 2014 жылдың маусым айында «Армения Ұлттық кеңесінің» депутаты Никол Пашинян Қазақстан Президентінің бұл мәлімдемесін агрессорлық деп айыптап, Қазақстанға қарсылық нотасын жіберуді ұсынған.

Арменияның бұрынға премьер-министрі Грант Багратян да Нұрсұлтан Әбішұлына өкпесін білдіріп, «Таулы Қарабақта қандай валюта қолданылатынын» ескерткен-тін.

Ал Армения қаржы министрінің орынбасары Павел Сафарян өз кезегінде былай деген: «Қазақтар бізді одақта көргісі келмейді.Қанша ма келіссөздер жүргізілгенімен, Қазақстан Президенті біздің Еуразиялық одаққа өтуімізге кедергі келтіріп келеді. Себебі, қазақтар бұл одаққа Түркия мен Әзірбайжанды қосып алғысы келеді. Бізді Еуразиялық одаққа мүше ретінде көргісі келетін жалғыз мемлекет – Ресей ғана»,-депті.

Ал биылғы жылдың сегізінші сәуірінде Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов мырза Еревандағы ЕАЭО премьерлерінің кеңесіне бармай қойған. Бұл да өз кезегінде армениялық депутаттардың ашуын туғызыпты. Жоғарыда ЕАЭО-дан шығып кетуді ұсынған депутат Кокобельян Мәсімовтің Еревандағы саммитке келуден бас тартуын да сөз еткен.

Ал өткен аптада Ереван көшелерінде «Ресейге қарсы» жалпы халықтық шеру өтті.

Армения Үкіметі, СІМ және РФ-ның Армениядағы елшілігі алдына жиналған манифестанттардың талабы анық. Ресей Федерациясының Әзірбайжанға  қару сатуын тоқтату.

Оның адында Армения Президенті Серж Саргсян «Ресей мен Армения маңызды стратегиялық әріптестер» екендігін мәлімдегенімен, Армения халқы ЕАЭО елдері, соның ішінде Қазақстан мен Ресей Арменияны сатып кетті деп есептейді. Енді шешімді қабылдау немесе елеусіз қалдыру құқығы Армения Үкіметі мен Президент Серж Саргсяннің еркінде...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371