Бейсенбі, 29 Қазан 2026
Талқы 228 0 пікір 29 Қазан, 2026 сағат 13:22

Әлем күрделі кезеңде: Қазақ саясаты қалай өзгерді?

Сурет: youtube.com/@demediakz.

Экономиканың тұрақты дамуы тек инвестиция тарту мен өндіріс көлемін арттыруға ғана емес, бюджет қаржысын тиімді пайдалануға, салық саясатын жетілдіруге және халықтың әл-ауқатын жақсартуға да байланысты.

Президенттің бүгінгі Жолдауында осы мәселелермен қатар, Ұлттық қор қаражатын сақтау, энергетикалық қауіпсіздік, ауыл шаруашылығы мен көлік-логистиканы дамыту мәселелері де қозғалды.

Алайда экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін қандай бағыттарға басымдық беру керек? Бюджет кірісін арттырып, әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін қандай шешімдер қажет?

Осы және өзге де өзекті мәселелер жөнінде экономист Сапарбай Жобаевтың пікірін білдік.

– Президенттің 2027 жылғы негізгі мақсаттар туралы Жолдауында көбірек экономикалық мәселелерге көңіл бөлінді. Неге? Себебі Жолдаудың тақырыбы – бүгінгі кездегі Қазақстан алдында тұрған негізгі мақсаттар. Негізгі мазмұны бойынша, әрине, экономиканы бірінші дамыту мәселесі. Экономика дамығаннан кейін халықтың әл-ауқатын жақсарту, елдің қорғаныс әлеуетін арттыру және басқа да экономикалық мәселелер бірінші орында тұрды.

Жалпы экономиканың барлық салалары: ауыл шаруашылығы да, көлік-логистика да, инвестиция мәселелері де қаралды. Солардың ішінде менің ерекше көңіл бөлетінім – мемлекеттің бюджет тапшылығын азайту мақсатында қарыз алу мәселесі, Ұлттық қордың ақшасын сақтау мәселесі, тиімділік пен шығындарды үнемдеу мәселелері. Меніңше, бүгін бұл мәселелер көңілге қонымды болды.

Солардың ішінде бюджет шығындарын тиімді пайдалану, үнемдеу мәселелері, жол құрылысы мен инфрақұрылымдарды дамыту мәселелерінің барлығы бізге белгілі нәрсе сияқты. Соларды да біз одан әрі дамытуымыз керек. Мысалы, жылу және электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі бар. Кейбір кездерде электр энергиясы жетіспейді. Сондықтан электр энергиясын көбірек өндіру керектігі, атом электр станциялары мен жылу электр станцияларын тезірек іске қосу мәселесі ашық айтылды. Бұл – бүгінгі күндегі шешілмеген мәселелердің бірі.

Ал бюджет мәселесіндегі үнемдеу, Ұлттық қордан алынған ақшаны құрылысқа жіберіп, олардың болашақ ұрпақтарымыз үшін тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесі Үкіметке берілген өте үлкен тапсырма болды. Үкіметке тапсырма берді. Жаңа жылға дейін осы мәселелер бойынша нақты ұсыныс беріңіздер деді.

Ал халықтың екінші үлкен мәселесі – әлеуметтік жағдайы. Әлеуметтік жағдайды жақсарту мәселесінде мен айтар едім, негізгі бюджеттік көрсеткіштер бойынша жыл сайын шамамен 10 пайызға индексация жасап жатырмыз. Бюджет ұйымдарында жұмыс істейтіндердің жалақысын, квазимемлекеттік қазына орындарында жұмыс істейтіндердің жалақысын көтеру мәселесі жыл сайын орындалады.

Бірақ соңғы үш жылда ең төменгі жалақы 85 мың теңге болып өзгеріссіз тұрған еді. Жаз мезгілінде осы мәселе өте үлкен әңгіме болды. Сол кезде 100–150 мың теңгеге дейін көтеріледі деген әңгімелерді министрлердің орынбасарлары айтқан еді. Соны біздің Президентіміз нақты 100 мың теңгеге көтерді.

Бұл, әрине, бюджет үшін өте ауқымды қаржы. Мұны қамтамасыз ету үшін бюджеттен жұмыс істейтіндердің, квазимемлекеттік қазына орындарында жұмыс істейтіндердің ең төменгі жалақылары көтеріледі. Бұл бюджеттің шығынын арттырады, сол үшін үнемдеу мәселесі күн тәртібінде тұр.

Менің пікірімше, бүгін Президенттің Жолдауында көтерілген өзекті мәселелердің бірі – салық түсімдері. Біз өткен жылы салық реформасын жасадық, одан алдыңғы жылы Бюджет кодексін қабылдадық. Сол салық реформасында бірқатар қадамдар жасауымыз керек еді. Бірақ біздің олигархтық биліктегілер соны жарты қадам ғана жасап, бюджет түсімдерінің көбеюіне алып келмеді.

Мәселен, қосылған құн салығынан қосымша 3–4 триллион теңге ақша түсуі керек деген еді. Қазір біздің жасаған есептеріміз бойынша, бар болғаны 1–2 триллион теңге ғана ақша түседі деп тұр. Енді басқа да мәселелер, мысалы, дәулетті адамдарға қосымша прогрессивті жеке табыс салығын енгізу, кейін бай компанияларға корпоративтік табыс салығын көбейту мәселесі шешілмей қалды.

Сондықтан Президент салық кодексі бір қатып қалған дүние емес, бұны да өзгерту керек екенін айтты. Мәселен, кейбір олигархтар өздерінің мүддесі үшін 20 пайыздық қосылған құн салығын 16 пайызға түсіруге қол жеткізді. Ал сол 16 пайыздан кейін көп жүктеме шағын және орта бизнеске түсіп қалды. Сөйтіп, шағын және орта бизнесте кейбір қиындықтар басталып, көпшілігі жабылып, салық төлеуден қиналатын жағдайға жетті. Президент осы мәселені ашық айтып, кейбір өзгерістер енгізу керек, шағын және орта бизнестің дамуына біз кедергі жасамауымыз керек деді.

Әрине, бұндай өзекті мәселелер өте көп болды. Мәселен, ауыл шаруашылығында да біздің жалпы ішкі өніміміз ауыл шаруашылығында 12–13 триллион теңге деп айтып жүрдік, оны Президент 15 триллион теңге деді. Биыл енді 15 триллион теңгеге жетсек керек. Бұл өте қомақты қаржы. Біздің жалпы ішкі өнімімізді 160–170 триллион теңге дейтін болсақ, бұл 7–8 пайыз. Әдетте біз ауыл шаруашылығының үлесін 4–5 пайыз дейміз. Ал бұл бүгінгі Жолдауда айтылған цифр – 7–8 пайыз.

Яғни ауыл шаруашылығының және ауыл шаруашылығы өнімдерін, азық-түлік өнімдерін шығару мәселесі өте өзекті екенін, Қазақстанның климаттық жағдайы мен бүгінгі күндегі геосаяси ахуал өте күрделі болып тұрған кезде көп елдің азық-түлікпен қамтамасыз етілуі Қазақстанның мойнында екенін де айтты.

Осы мәселелерді мен негізінен өзекті деп санаймын. Әрине, цифрландыру – біздің Президенттің ең көп айтатын тақырыптарының бірі. Себебі Қытаймен байланыс бар. Қытайда цифрландыру өте қатты дамып жатыр. Біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ішінде бірінші орында тұрғанымызбен, әлі де ілгерілеуіміз керек.

Неге? Себебі цифрландыру мәселесінде, өкінішке қарай, еліміз жемқорлық деңгейі жоғары мемлекеттердің қатарында да тұр. Сол жемқорлыққа қарсы күресте биліктегілердің кейбіреулері жол бермейтін жағдайда, цифрландыру арқылы жемқорлықтан құтыламыз-ау деген үміт бар.

Және жаңағы Орта дәліз дейміз, көлік мәселелерінің өзектілігін де айтты. Меніңше, ең бірінші – экономиканы дамыту. Кейін кәсіпкерлерге еркіндік беру. Одан кейін үлкен инфрақұрылымдық жобаларды бюджет қаржысы емес, негізінен кәсіпкерлер мен банктердің қаржыландыруы арқылы жүзеге асыру мәселесін өзекті деп айтсақ болады.

Әрине, әлеуметтік мәселелерде бюджет төлемдері мәселесімен қатар, әлеуметтік нысандар – мектептер мен ауруханалар салу мәселесін де көтерді. Бұлардың барлығы да өзекті тақырып.

Менің айтарым, Жолдауда Қазақстанның бүгінгі күрделі кезеңде, әлемдік саясаттағы күрделі жағдайда даму тенденциясын сақтау керектігі нақты айтылды.

Томирис Маратқызы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1263
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1777