Жұма, 20 Желтоқсан 2024
Қоғам 6588 0 пікір 25 Мамыр, 2016 сағат 14:39

ЖЕР КОМИССИЯСЫ. ЕКІНШІ ОТЫРЫСТАН НЕ ТҮЙДІК?

Жер реформасы жөніндегі мемлекеттік комиссиясының екінші  отырысы 21 мамырда, қоғам белсенділері жұртшылық өз ойларын білдіретін республикалық митинг өтеді деп белгілеген күнде болды. Еліміздегі билік буындарының бұл митингіні «мәселе мемкомиссияда қаралып жатқандықтан, қажетсіз» деп санап, болдырмау бағытында көптеген іс-шараны жүзеге асырғаны мәлім.

Басқасын былай қойғанда, электронды  ақпарат көздерінің бірқатары бұғауға түсті, ашылмады. Сол себепті Комиссия мәжілісі барысынан бұдан бір апта бұрынғы алғашқы отырыс кезіндегідей жедел хабар, қажет мәлімет алу мүмкін болмады. Ал отырыстан кейін мемлекеттік комиссия төрағасы, премьер-министрдің орынбасары Бақытжан Сағынтаев баспасөз үшін айтқан хабарға қарағанда, мәжілісте жер сату мәселесі қаралыпты. 

Жер комиссия мәжілісінде «жер сатылмасын», сондай-ақ, «жоқ, сатылсын» деген ұсыныстар болған көрінеді. Шамасы, сату жағындағылар басымдық көрсетсе керек, комиссия мүшелері жерді қалай сату керектігі жайында ойласыпты. Жерді сату үдерісін кім жүргізеді, сонау өкілет берілген қызметкер қандай жерді қанша көлемде сата алады деген мәселелер талқыланған сияқты. Комиссияны басқарып отырған үкімет басшысының орынбасары жер сату бір ғана әкімнің қолында болмауы керек деп есептейді екен. Өйткені халықты «бұл мәселе де толғандырады», сондықтан «оны қоғаммен келісу керек». Жалпы, екінші отырыста айтылған пікірлер мен ұсыныстардың барлығы сараланып, бір жүйеге келтірілмек. Сосын комиссияның осы мәжілісінде құрылып, басшылары сайланған жұмыс  топтарында мұқият талқылану көзделген.

Осындай мәлімдемесінен соң комиссия төрағасы келесі отырыстың күн тәртібінен хабардар етті. 28 мамырда өтпек үшінші отырыста мемкомиссия жерді шетелдіктерге жалға беру-бермеу мәселесін талқылауға кіріспек екен. «Содан кейін, осы үлкен екі тақырып айтылып, талқыланып біткеннен соң, халыққа шығатын шығармыз, – деді комиссияға басшылық жасаушы вице-премьер, – ол үшін де өзіміздің позициямыз, ұсынысымыз болу керек. Ондай ұсыныс болмаса, жай халыққа бару қисынсыз, олар да біздің ұсынысымызды күтіп отыр».  

Міне осылай. Мемлекеттік комиссия төрағасының бұл мәлімдемесіне қарағанда, мәселе құқық, экономика жақтарын қарайтын және заңды түсіндіретін, орындалуын қадағалайтын төрт салалық топта пысықталып алып барып, ел-жұртқа жеткізілмек. Яғни, жер реформасын әу баста нобайланған жолмен жүргізу бағытын комиссия әзірге өзгертпеген. Жер кодексіне енгізілген күдікті баптарға халықтың сәуір айында дүркірей қарсы көтерілуінің түп себептері терең сараланбаған. Демек, жерді қазіргі таңда пайдалану тәжірибелері, жерді сату, шетелдіктерге жалға беру салдарынан болуы ықтимал өзгерістер жөнінде талдауларын, ой-пікірлерін баспасөз беттерінде жария еткен көптеген экономист және заңгер ғалымдардың, саясаткерлердің, қоғам қайраткерлерінің, ел тағдырына бейтарап қарай алмайтын өзге де жандардың айтқандары комиссияда ескерілмеген. Осы жолдар авторының да алғашқы отырыстан кейін жария еткен жазбасы елеусіз қалғаны анық. Яғни, ел тағдырына елеулі әсер ететін күрделі, мәні зор осы мәселеге ең алдымен тарихи әділеттілік тұрғысынан келу қажеттігі комиссияны бұл отырысында да толғандырмаған. Рас, күдер үзу ерте, өйткені, комиссия төрағасы атап айтқандай,  белгілі бір түйін жасау алдағы отырыс еншісінде...

Осы екінші отырыс қарсаңында өткен бір маңызды жиында Президент Назарбаев Жер кодексін жетілдіруге бағытталған ұстанымды жер реформасы бойынша құрылған арнайы комиссияның жасап шығатынына сенетінін айтты.  Биыл тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейлі белесі екенін, осы кезеңде бізге сырттан көз тігіп, сынай қарап отырғандардың көптігін еске салды. «Әлем алдында ұятқа қалмай, күрделі мәселені сындарлы сұхбатпен шеше алатынымызды паш ете білуіміз керек» деп, даулы заңнаманың халық көңілінен шығатын нұсқасы жасаларына үміт артты.  Ал осы күндерге дейін тау баурайынан, су қоймалары жағаларынан, өзге де шұрайлы алқаптардан сатылған жерлердің жалпы жұрттың тыныс-тіршілігіне қандай қолайсыздық туғызғанын көрген халық алғашқы митингілерде өкімет орындарына нақты талаптар қойған. Тап сол талаптарын негіздеп, 21 мамырда да жария етуге бекінгендіктері әлемдік өрмектор желілерінде келтірген пікірлерінен анық аңғарылатын.  Алайда  республикалық митинг өткен жоқ. Себебі оны билік халықпен тікелей диалог ретінде көргісі келмеді. Сондықтан қалалар мен ауылдардағы тиісті өкіметтік буындар жер реформасына байланысты митинг өткізуге рұқсат етпеді. Алматыда халық жиналмақшы болған басты алаңдарды алдын ала қоршап алып, ешкімнің аяғын бастырмау өз алдына, топталып көшеде келе жатқандарды полиция қызметкерлерінің әй-шәй жоқ ұстап алып, автобустарға күштеп отырғызып әкетуіне жол берді. Осылай еліміздің негізгі де басты заңы боп табылатын Конституция әр азаматқа берген құқықты билік буындары, салалық министрлер, жергілікті өкімет өкілдері жоққа шығарды. Құдды советтік дәуірдегідей, 1986 жылғы желтоқсан айындағыдай, озбыр жазалаушы кейпінде әрекет етті. Яғни, азаматтардың конституциялық құқтарын аяққа таптау жолымен, олар, өкінішке қарай, елімізді әлем жұртшылығы алдында ұятқа қалдырды.

Рас, бүгінгі биліктің бетке ұстайтын, шерулер, митингтер өткізу тәртібі туралы заңы бар. Осы 21 мамыр қарсаңында еліміздің бас полицайы соны алға тартып, рұқсатсыз жиынға жиналғандарды қуып таратуға полицияның қақылы екенін, тәртіпсіздік көрсеткендерге күш қолданылу ықтималдығын айтып алдын ала қорқытқаны бар. Сөйтіп, Конституциядан биік боп шыққан. Шынтуайтына келгенде, заң біткен азаматтардың Конституцияда тұжырымдалған құқықтарын қамтамасыз ету үшін жасалуға тиіс екеніне ешкім шәк келтірмесе керек.  Яғни, жұрт митинг өткізгісі келсе, оның алаңсыз, дұрыс өтуіне күштік құрылымдар қоғамдық тәртіпті қадағалап тұру арқылы септесуге тиіс деген ой өз-өзінен туындайды. Сонда билік халықтың мұң-мұқтажын өз аузынан тікелей естиді. Осылай өкіметіміз өздерінің халықпен бірлігін көрсете алады. Президент Назарбаев атап айтқандай, көп мемлекет «бірлігі болмағандықтан берекесі кетіп, неше жылдық еңбегі зая болып, дамуы кері кеткен». Құдай осыдан сақтасын. Демек, өкіметтің Конституцияны шектеп, бұзуына жол беріп отырған заңның да тездетіп түзетілгені жөн.

Бұл күндері жер үшін шынымен жаны ауыратындардың бәрі өз сөзін айтып келеді, әлі де айтқысы келеді. Соларды билік тыңдаса, естісе, тиісті қорытынды шығарса  дұрыс болар еді. Ал   комиссия келесі мәжілісінде ұлт мүддесіне шын мәнінде жауап бере алатын қорытындыға келеді деп үміттенеміз.  

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1897