Жұма, 20 Желтоқсан 2024
Мәйекті 9849 0 пікір 27 Мамыр, 2016 сағат 15:38

Мұхтар Кәрібай. ТОЗАҚ ОТТАРЫ ЖЫМЫҢДАЙДЫ

Ұқсап бір кетті-ау «Ағажайыма»

Зарлы әнің зарпы жазған-ау!

Амстердамның әуежайына,

Қай жақтан келдің қарғам-ау!

 

Жанарбек Әшімжан

«Қылбырау»

 

Осынау кең дүниеде адам баласы жаратылып,  алдымен топ болып,  одан тайпаға бірігіп, өсе, көбейе келе ұлтқа, ұлысқа айналған замандардан бері олардың әртүрлі себептермен бәсекеге, таласқа түсіп, бір-біріне өштесіп жауласуының салдарынан тозақ оттарына өртенбегені кем де кем. Соның ішіндегі ең басты себеп – өмір сүру кеңістігін кеңейту мұқтаждығынан туындайтын  Жер үшін, оның асты, үсті байлығын иемдену мүддесі үшін болып келгені мәлім.

Ескі замандарды еске алмағанның өзінде, адамзат өркениетке жетті дейтін жиырмасыншы ғасырдағы Екінші дүниежүзілік соғыстың тұтануына фашистік идеолог, жетекшілердің әрбір неміс солдатының жеке басына жеткілікті қара топырақты жер үлесін уәде етуі, осылайша бейбіт, қарапайым азаматтарды қара ниетті жендеттерге айналдыруға қол жеткізген қылмысы кеше ғана. Үстіміздегі ғасырда да әлемнің бірқатар мемлекеттеріндегі көптеген ұлттар мен тұтас халықтарды тағы да тозақ оттары шарпуда. Миллиондаған адамдар бала-шағасын жетелеп, туған елдерін, ата-баба мекендерін тастап босқын атануда.

Қазақтың қарымды қаламгері, қоғам қайраткері, ұлт зиялысы Төлен Әбдікұлының әйгілі «Тозақ оттары жымыңдайды» повесінің тұжырымдамасы осынау өте терең, күрделі, анығында жалпыадамзаттық деңгейдегі ауқымды тақырыпты қамтығаны көзіқарақты оқырманға мәлім. Жазылғанына ондаған жылдар өткен резонансты, атақты туындыға қоғам өміріндегі күрделі өзгерістер болып жатқан дәл бүгінгі күні қайта оралудың, тағы да бір терең және мұқият үңілудің қажеттігі туындайды. Ешқашан ескірмейтін, қайта уақыт, кезең сайын жаңғырып отыратын мәңгілік туындылардың құпиясы да осында жатса керек.   

Медицина ғылымында таңғаларлық жетістіктерге жеткен, аты әлемге әйгілі америкалық хирург Эдуард Бейкерді бір көруге, онымен қас-қағым сәт тілдесуге милиондаған адамдар құштар, ал реті келсе кеңірек сұхбат алу дүниежүзілік баспасөз өкілдерінің үлкен арманына айналған. Солардың бірі италиялық журналист Палетелли сонау Америкаға Бейкерді арнайы іздеп келеді.

Кәсіби шырқау шеберлігіне сай мансап пен беделдің биік шыңына жеткен, бір де бір операциясы сәтсіз аяқталмаған атағы жер жарардай даңқты хирург өзіне табынушыларға,  камералары жарқылдаған тілші, журналистерге әбден еті үйренген. Тіпті, бар болмысымен берілген өз ісінен басқа оны айналадағы тіршілік, әлем, адамзатқа қатысты өзге проблемалар мүлде қызықтырмайтын, олар жайында алыстан естігендей болса да, елең құрлы көрмейтін күйге жеткен. Осылайша өздігінен жасалған жабық кеңістікте өз әлемі өзіндегі ахуалда, ол аздай әйелі, баласы да жоқ жалғыз ғұмыр кешеді. Сондықтан алыс елден тағы бір журналист мұны іздеп келгеніне үйреншікті әдетімен немқұрайды қарайды. Алайда бұл жолғы журналистің бағына қарай сәті түскен екеуара сұхбат кезінде шетелдік тілшінің әңгіме үстінде ойламаған жерден айтқан қысқаша хабары доктордың үйреншікті, әдеттегідей сырттағы қоғамның тыныс тіршілігінде шаруасы жоқ жабық өмірін, адам ретіндегі ой-санасының, барша болмысының астаң-кестеңін шығарады.

Мамандығына орай дүниежүзін көп аралайтын журналист Палетеллли данышпан доктордан жаһандық құбылыстар жайын әңгімелей отырып, пікірін білгісі келеді. «...Әлгі өзіміз баспа беттерінде цивилизацияны ту етіп, адамзат мүддесі деп даурығып жүргеніміз – үстемдік құрып отырған төрт-бес ұлы халықтың ғана мұқтажы тәрізді... Болмаса мемлекеттер өмірінің негізгі жүгінері – экономика емес, мораль болатын кезі жетті  емес пе?! Айтыңызшы», - деп, көздеген тақырыбы жөнінде әңгімеге тартпақ болған корреспондеттің әрекетіне көпке шейін бейжай қарап, селқос тыңдайды.  Салынқанды хирургтің күнде қайталанып жатқан біркелкі жайттардан жалыққандай: «Мұның бәрі көңіл жабдырақтындай аянышты әңгіме емес»,- деп тілеп алғандай сөзіне журналистің ендігі Бразилиядағы Амазонкаға барған сапарында өз көзімен көрген тосын, қайғылы жайттарға ойысқанда, оның байырғы тұрғындары үнділердің тағдырына төніп тұрған жосықсыз қатер, анығы олардың жер бетінен жойылып бара жатқандығын баяндағанда барып, доктордың көзілдіріктен асқан биік қабағы дір ете қалып, көңіл-күйі күрт өзгерді.

Палетеллидің одан кейінгі үнді тайпаларын ақ адамдардың қарудың күшімен қыруы, енді біреулерін  әртүрлі қитұрқы жолдармен, мәселен қантқа мышьяк қосып тарату арқылы улап өлтіруі, шешек ауруының бактериясы бар дәрілерді егіп қасақана ауру таратуы, т.б. сан түрлі айуандық, жауыздық әдістерді қолдануының салдарынан миллиондаған үндістердің қысқа уақыт ішінде түпкілікті құрып бара жатқаны, ал, солардың қатарында Араку тайпасынан бір де бір жанның тірі қалмағанын естігенде, ештеңеге селт ете қоймайтын құдыретті дәрігердің өзі  кенет есінен танып, саусақтары құрысқан күйінде құлап бара жатты...

Мінеки, бүгінде дүние жүзіне танымал, бақ пен байлыққа әбден кенелген, бәлкім соның буынан да болар, тәкаппар, айналасындағы басқа тірлікті түсінуден, түйсінуден ажырап қалған, табынушылар мен жағымпаз репортерлерге бойы үйренген доктор Эдуард Бейкердің санасының түбінде мүлдемге өшіп бара жатқан болмашы ұшқынды кенеттен қайта үрлеп жаққандай, оның бұл дүниедегі тегі кім екенін, қайдан шығып, қайда бара жатқандығын, қысқасы адам ретіндегі болмысы мен табиғатын оятып, ішкі жан-дүниесіндегі төңкерістің орнауына себепкер болған жайт үнділік Араку тайпасының жер бетінен жойылуы туралы суық хабар еді.

Иә, инфарктен өлген адамды да тірілтіп алуға қабілеті жететін данышпан доктор Бейкер сол Араку тайпасынан шыққан, оның шыр етіп дүниеге келгендегі аты Кияку. Әкесі тайпаның зор бақсысы болатын.

Амазанко өзенінің табиғаты аса бай өлкесін мекендейтін жүздеген, мыңдаған өзге үнділік тайпалармен бірге Араку тайпасы да бейбіт өмір кешіп, ержүрек ерлері аң аулап, балық сүзіп, көрікті әйелдері ас-суын әзірлеп, қауіп-қатерге толы жорықтан әрдайым аман қайтатын жаужүрек те еңбекқор ерлерін күтіп, Бекежанның алдынан торсықпен қымыз алып шыққан ақбозатқа мінген  Қыз-Жібектей, батыр-бағландарының алдына өздері жасайтын дәмді шәрбат, сусындарын тосатын. Мыңдаған жылдар бойында қалыптасқан салт-дәстүрлерін көздің қарашығындай сақтап, табиғат ананың теңдігіне нұқсан келтірместен толық үйлесім тауып, оның берекесі мен берерін ретімен, жөнімен пайдаланып, қыздарын ұзатып, ұлдарын үйлендіріп ұрпақ  өсіріп отырған адамзаттың ажырамас бөлігін құрап тіршілік кешетін. Дана Көсемдері ел бастап, батыр-бағландары жерін қорғап, төңіректе ауырған адамдары болса, Киякудың әкесіндей бақсы-балгерлері емдеп, Толық ай тәрізді ежелгі мейрамдарын тойлап, демек барша адамзатқа тән мазмұнда толыққанды мағыналы, ешкімге зияны, қастығы жоқ мамыражай өзіндік ерекшелігіне тән әдемі ғұмыр кешетін.

Апаттың бәрі де алыстан, бұлар естіп көрмеген «испания тайпасынан» шыққан  ақ адамдардың пайда болуынан басталды. Ол жиһанкездер байлық іздеп, жердің асты үстін қопарып, Жер іздеп келген қара ниетті адамдар еді. Үнді тайпаларының араларына білінбей енді, алдымен тілдерін үйреніп сенімге кіріп, жылтырақ, алдамшы заттарын сый-сияпат ретінде таратып, жымысқылық саясат жүргізе келе, ақыр соңында нағыз бет-перделері ашылғанда, түпкі пиғылдарын жүзеге асыруға кірісті. Жердің, орман, көлдердің, аң-құстың иелері үнді тайпаларын жойқын қарудың күшімен шетінен қыра бастады.

Аракулердің де арасына келген, көсемнің өзі қабылдап төріне шығарған ақ адамға Янумака қарт қана сенбейді. Өйткені өз тайпасының шежіресі мен қадым тарихын көкірегінде сақтаған, яғни ақ адамдардың бұған дейін де, өте ертеде қалың елге жасаған қастандығын ұмытпаған осы - Янумака. Қазіргі ұғымға көшіргенде, ұлттың зиялысы – Янумака қарт. Алдағы болар қауіп-қатерлерді бүкіл жанымен, жүрегімен, бар болмысымен түйсініп сезінетін бірден-бір жоқтаушы да сол. Алайда оның күмәны мен ескертуін биліктегі көсемдер қабылдай қоймады. Сондықтан Янумаканың шамасы жеткені айналасына жас балаларды  жинап алып, араку тайпасының басынан өткен тағдыр талайын ертегі ретінде әңгімелей отырып жеткізу болатын. «Кеш түсіп, ымырт жабылған кезде кенет жоғары жақтағы ақ адамдардың мекен-тұрағы тұсынан қаз-қатар жылтыраған ғажайып оттар көрінгенде Тозақ оттары!.. деп күбірлеп, Тозақ оттары жымыңдайды... Көріп тұрсыңдар ма?.. Тозақтың оты!!!» деп шошынатын қарт Янумака. Ақыры, айтқандары ащы шындыққа ұласты.

Басына бұлт үйірілген Араку көсемдері елін ертіп,  ата-бабадан бергі туған жерлерін тастап, өзге жат мекенге қоныс аударуға мәжбүр болды. Алайда бұл бөтен мекен оларға мүлде жақпады. Адамдар шетінен әлсіреп, әсіресе балалар ауырып өле бастады. Беймәлім ауруды жазудың жалғыз амалын, оған қарсы емге жарайтын, бірақ тек бұрынғы өңірде ғана өсетін шөптің тамырын қазып әкелу керектігін Киякудың әкесі ғана білетін. Бірақ ол араны қазір ақ адамдар басып алған. Басқа қайран қалмаған бақсылар Киякуды ертіп жолға аттанады, өйткені ертең әкесі өлсе, оның жолын жалғастыратын, демек араку тайпасына араша бола алатын жалғыз бақсы Кияку болуы тиіс. Бірақ бұлардың басқан қадамдарын аңдып торып жүрген ақ адамдар түгелін қырып салады, әупірімдеп аман қалған Киякуды арып, ашып жапан далада жалғыз ес-түссіз жатқан жерінен каучук зауытының жұмысшылары тауып алып, олардың бірі қара нәсілді Перри Киякуды асырап алады да оған Эдуард деген басқа ат қояды. Перримен бірге талай аласапыранды басынан өткерген Эду ақырында Америкаға жеткізіліп, Киякудың асыраушысы да қылмыскерлердің қолынан қаза тауып, бұдан кейінгі заманда үнді бозбаласы мүлде жалғыз қалады. Әйтеуір Эдудың оқу-білімге деген ерекше зейінін аңғарған, бейнетқор Перри оны оқуға беріп үлгерген. Осылайша, аяусыз өмір толқындары толассыз қақпақылай келіп, ақыры қара түнектің түбінен өлермендікпен ұмтылған білім күші арқасында ғана жарық сәулеге көріндіп, қанында, тегінде бабаларынан мұраға қалған емшілік қасиеті бар Кияку-Эду әйгілі хирург болып шыққан еді. Оның мұндай жанкешті ұмтылысы автордың баяндауынша «рақат, тыныштыққа жету үшін емес, көңіліне еміс-еміс елес беретін, сәби күнінде көзімен айқын көрген Ажал елесі, Мәңгілік үрей азабымен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл, арзан боп көрінеді».

Ата-анадан, ағайын жұртынан, ана тілінен, шыққан тайпасы ұстанатын салт-дәстүрден еріксіз ажыраған, жарық дүние есігін ашқан мекеніне он мыңдаған шақырым алыстағы бөтен ел, жат жұрттардың арасында өскен Кияку бала, бүгінгі доктор Бейкердің өзі туған тайпасының атын, оның басындағы қазіргі халді естігенде, барлық сезім-түйсіктері, ой-санасы қайта жаңғырды. Осындайда біздің өз жерінде, өз халқының ішінде жүрсе де ел, жұрт, тіл, Жер, дәстүр, сана туралы қаншама шырылдаған шындықтар айтылып жатса да, бетінің бір тамыры да бүлк етпейтін, сұрқай жүзінен зәр шашып тұратын талайсыз пенделердің бейшаралығы мен сорлылығы еріксіз еске түседі. Йә, бұлар барша ғаламда бүкіл жұртынан, үрім-бұтағынан ада, жетім, жалғыз қалған Кияку-Эдуден де бақытсыз жандар демеске лаж жоқ.

«Доктор Бейкер сол сәтте адам баласының ұзақ ғұмырында бір-ақ рет кездесетін, болмаса кездеспей де кете беретін айрықша тағдыр қалтарысына тап болғанын және ендігі ғұмыры осы қалтарысқа байланысты екенін түсінді», - деп тұжырымдайды автор.

Өмір ағысы тұтқиылдан өзгерген доктор Эдуард Бейкер санасынан өше бастаған қандастары алдындағы ар-ұждан, адамдық қасиет жауапкершілігін бір-ақ сәтте сезініп, шұғыл шешім қабылдап Бразилияға аттанады. Әдеттегідей айналасында қаумалап жүретін қалың топтың көзіне де түспестен, барша мансап, байлық, жайлы тірліктен жалқы мезетте бас тартып, кіндік қаны тамған туған мекенін іздеп баруға шешім қабылдайды.

Әйгілі доктордың айтқандарын қалт еткізбей орындаған жергілікті шенділер Бейкерді сұраған жеріне, яғни үнділердің бүгінде «ұлттық паркке айналған» мекендеріне жеткізеді. Бір кездегі бірегей өркениетінен жұрдай болған жергілікті үндістердің жұрнағы да қалмаған, балалық шағында құлағында  рухты қайрайтын әуені мен ширыққан қимылы көз алдында сақталған «Жорық биі» де бұл күнде шетелдік туристердің қызығушылығын қанағаттандыру үшін қойылатын сайқымазақ шоуға айналыпты.

Бейкер аурхана деп аталған лашықтарда сан-түрлі ару-сырқатқа шалдыққан, көпшілігі үмітсіз халдегі біржола азып-тозған қандастарын көреді. Солардың ішінде бетіне жасыл бояу жаққан жалғыз үндіс мұның көзіне оттай басылды. Иә, ол Араку тайпасының таңбасын жазбай таныды. Дәрігерлер оның тайпаның соңғы өкілі екенін айтқанда, доктордың бүкіл жан-дүниесі орасан, үрейге толы  арпалыс күйін кешті. Ендігі оның бүкіл ғұмырының жалғыз мақсаты айқындалып, бұған дейінгі атақ-абыройын, даңқ-беделін салатын шешуші сын сағаты соқты. Ол – соңғы демін алып жатқан үндісті құтқарып қалу. Сырқатты жедел жеке кабинетке алдырды, алайда біраз уақыт өткен соң доктордың шарасыз шыңғырған дауысы шықты. Үндісті емдей алатын жергілікті дәрігер ғана екендігі анықталды, оның өзі басқа жақта, жақын арада алдыру мүмкін емес.

Бұған дейін алдына келген мыңдаған пациенттерін ажал аузынан алып шықан атақты, тіпті құдайдай көріне бастаған доктордың енді міне  беймәлім аурумен ауыратын барша әлемде қалған жалғыз қандасын, бауырын құтқарып қалуға дәрмен жетпеді. Ол түп тамырынан ажыраған, әкесі Чоро бақсы үйретіп кеткен емдік тәсілдерді түгел ұмытқан, өзгелерге данышпан көрінгенімен, өз ұлысы үшін пайдасы жоқ, дәрменсіз, демек мәңгүртке айналған бейшара жан еді. Араку тайпасының соңғы адамынан айырылғанын сезді, алайда ең соңғы өкілі өзі екенін ойламады, - дейді автор. Өйткені ол ақиқатында бет-әлпеті ғана үнділікке ұқсағанымен, өзге ерекшелік-қасиеттерінен жұрдай болғандықтан да, араку тайпасының соңғы өкілі болуға моральдық қақысы қалмаған трагедиялы пенде! Кияку-Бейкер – Аракулер апатының бейнесі. Бұдан былай оның асқан білімінің, тасқан байлығының не өзіне, не қоғамға ешқандай қайыры қалмаған, өйткені оның қоғамы да жер бетінен біржола жойылды.  

Жалпыадамзаттық трагедияны, бүгін үндістердің басына төнген, ертең дүниенің өзге жұрттарына жетуі әбден ықтимал апатты, табиғат ананың теңдігінің қиянаттықпен бұзылуы, туған Жердің қасиеті мен қарғысы сынды күретамырлы проблемаларды көркем шығарма, тірі бейнелер арқылы жеріне жеткізе, жоғары шеберлікпен кешенді көтере білген қазақ қаламгерінің туындысы Бірікккен Ұлттар Ұйымы аясында әлем халықтарының тілдеріне аударылып оқытылуы тиіс, басқасын айтпағанда, халықаралық қоғамдастық танитын Нобель сыйлығына лайықты гуманизмге шақыратын, апаттан сақтандыратын, шыншыл, қуатты, масштабты туынды екендігі ешқандай күмәнсіз.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1899