Сенбі, 18 Мамыр 2024
Қорған 4749 0 пікір 8 Маусым, 2016 сағат 10:32

ЕЛ ЕЛБАСЫН КҮТІП ОТЫР...

Бірлігі жарасқан бейбіт елімізде бесіктегі сәби шошып оянатындай шетін оқиға болды. Бұрын «теракт» деген қорқынышты сөзді тек алыстан еститін едік. «Бұл сұмдықтың іргесі бізден аулақ», «бұндай пәлекет біздің елге жуымайды» деп білуші едік. Алайда, 2011-2012 жылдары Атырауда, Ақтөбеде, Таразда, Алматының Боралдай ауылында «содырлар» аталып жүрген әлдекімдер сойқан шығарып, ақыры тыным тапқандай  еді. Енді міне, Ақтөбеден тағы да мылтықтың үні естілді.

Ақтөбе – еліміздегі донор облыстардың бірі. Магистралды өңір. Нағыз тоғыз жолдың торабында тұр. Қазақстанның батысы мен орталығына, солтүстігі мен шығысына қарай жүк арқалап, жолаушы тасыған пойыздың Ақтөбеге соқпай кететіні кем. Ақтөбе жерінде мұнайдан өзге де кенорындары аз емес. Ақтөбенің осындай әлеуетіне қызықты ма, әлде басқа да себебі бар ма, 6 маусым күні қалада атыс болды. Ресми дереккөздері бұл жайт туралы «билікті басып алып, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған күштер» деген сыңайда ақпарат таратып жатыр. Төтенше оқиғаға шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовтің де қатысы бар болып шықты.

«Төлешев мырзаның наразылық акцияларын ұйымдастыру арқылы  билікті күшпен басып алуға бағытталған шараға қатысы бар екендігі анықталуда. Сондай-ақ ол альтернативті билік құруға әрекеттенген», - деп мәлімдеді ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасев Бас прокуратурада өткен брифингте.

Ал, Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан деректерге жүгінсек, Ақтөбе қаласындағы қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімшеге «діни радикалдар тобы» жасаған шабуылдар мен одан кейінгі операциялар барысында қаза тапқандар саны 17 адамға жеткен. «Діни радикалдар тобының» бірқаншасы бой тасалап қашып жүр. Қазір мемлекеттік ауқымда сақтық шаралары ескеріліп, Ақтөбе облысы «қызыл белдеудің», қалған облыстар «сары белдеудің» шегінде тұр. Оқиғаға байланысты ресми орындар, саяси сарапшылар, дінтанушылар, ҚМДБ пікір білдіріп, елді тыныштыққа, сабырға шақыруда. Бірақ, үш күн болды ҚР президенті, ҚР әскерінің Бас қолбасшысы Н. Назарбаев үнсіз.  Лаңкестердің ісінен қаза тапқандардың отбасына барып көңіл айтқан «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары  Мұхтар Құл-Мұхаммед қана Елбасының ел ішіндегі оқиғадан құлағдар екендігін білдіріп: «Президент ешкімді мемлекет назарынан тыс қалдырмауды атап тапсырды», - деді. Алайда, ел іші Елбасының өзі көрініп, пәрменді сөз айтуын екі үш күннен бері елеңдеп күтулі. Бұндай кезде мемлекет басшылары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа үндеу жасап, қайрат танытады. Әлде... ҚР президенті оқиғаға қатысты деректерді түгел сараптап, Қауіпсіздік Кеңесінің бүгінгі отырысында бір-ақ сөйлемек болды ма екен?.. Сөйтетін шығар.

Abai.kz   

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2142
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2547
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2334
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1653