Сенбі, 29 Тамыз 2026
Билік 418 0 пікір 27 Тамыз, 2026 сағат 20:24

Тамыз кеңесіндегі өзекті мәселелер: Білікті кадр, цифрлық қауіпсіздік және ЖИ...

Суреттер: abai.kz, akorda.kz сайттарынан алынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Тамыз конференциясында» білім беру саласының бүгінгі ахуалы мен алдағы міндеттеріне тоқталды. Мемлекет басшысы ұстаздардың мәртебесі, кадр тапшылығы, білім сапасындағы өңірлік алшақтық, жасанды интеллектіні мектепке енгізу және балаларды цифрлық қауіптен қорғау сияқты бірқатар өзекті мәселеге назар аударды.

Президент білім саласында «аты бар, заты жоқ реформаларға» жол бермеу керегін айтып, кез келген өзгеріс жан-жақты сараланып, тиімділігіне көз жеткізілгеннен кейін ғана жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар елде әлі де 5 мыңнан астам мұғалім жетіспейтінін айтып, педагог кадрларын даярлау мәселесін қайта қарауды тапсырды.

«Қазір бос, бұрыс сөздің уақыты емес, нақты, дұрыс істің дәуірі», - деген Президент білім саласындағы даулы пікірталастардан гөрі нақты нәтижеге бағытталған жұмыстың маңызын ерекше атап өтті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні орта білімге жүйелі енгізу қажеттігін айтып, мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту, оқу бағдарламаларын заман талабына сай жаңарту мәселелерін көтерді. Ал балаларды қорғау бағытында әлеуметтік желілерге қатысты жаңа талаптар енгізу, цифрлық контентті сүзгіден өткізу және балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

«Тамыз конференциясында» айтылған бұл мәселелер білім саласында қандай өзгерістер мен нақты нәтиже беруі мүмкін? Президент көтерген бастамаларды жүзеге асыруда қандай тәуекелдер бар?

Осы сұрақтарға жауап алу үшін «Тамыз конференциясында» көтерілген өзекті мәселелерге қатысты сарапшылардың пікірін білдік.

ЖИ білім сапасын арттыра ма?

Сурет: Abai.kz.

Бекнұр Кисиков, жазушы, сарапшы:

– ЖИ білім сапасын арттыра ма? Иә, бірақ ЖИ-ді енгізудің өзі автоматты түрде білім сапасын арттырмайды. Негізгі мәселе – оны қандай мақсатта және қандай ережемен қолданатынымызда. Мен ЖИ-дің мектептегі үш үлкен пайдасын көріп отырмын.

Біріншісі – әр балаға жеке қарау. Бір сыныпта 25–30 оқушының қабілеті әртүрлі. Мұғалімнің әр балаға жеке тапсырма дайындауға уақыты жетпейді. ЖИ оқушының деңгейіне қарай тапсырманы күрделендіріп немесе жеңілдетіп, қосымша түсіндіру бере алады.

Екіншісі – мұғалімнің уақытын үнемдеу. Сабақ жоспарын дайындау, тапсырмалардың бірнеше нұсқасын әзірлеу, тест құрастыру сияқты жұмыстардың бір бөлігін ЖИ атқара алады. Сонда мұғалімнің негізгі уақыты құжат толтыруға емес, оқушымен жұмысқа жұмсалады. Бұл Президенттің де айтқан ойымен үндеседі: мұғалімді артық қағаз жұмысынан босату керек.

Үшіншісі – ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайту мүмкіндігі. Бұл өте маңызды. Президент ауыл мектебінен шыққан олимпиада жүлдегерлерінің саны айтарлықтай өскенін атап өтті, бірақ айырмашылық әлі де бар екенін айтты. Егер ауылдағы оқушы сапалы цифрлық ресурстарға, ЖИ негізіндегі жеке оқытуға және мықты мұғалімнің қолдауына қол жеткізсе, бұл білім теңсіздігін азайтудың бір жолына айналуы мүмкін.

Бірақ тәуекелдері де өте үлкен.

Ең басты қауіп – баланың ойлау қабілетін ЖИ-ге тапсырып қоюы. Егер оқушы әр эссені, есепті, үй тапсырмасын ЖИ-ге жаздырса, оның бағасы жоғары болғанымен, нақты білімі төмендеуі мүмкін. Сондықтан, мектепте «ЖИ қолдануға бола ма, болмай ма?» деген қарапайым сұрақ емес, «ЖИ-ді қалай дұрыс қолдану керек?» деген мәдениет қалыптасуы тиіс.

Мысалы, оқушыға дайын жауапты ЖИ-ден алуға емес, ЖИ-мен пікірталас жасауға, оның қателерін табуға, бірнеше дереккөзді салыстыруға, өз ойын қорғауға тапсырма берген дұрыс. Сонда ЖИ оқушының орнына ойламайды, керісінше оқушыны ойлануға мәжбүрлейді.

Тағы бір маңызды мәселе бар – академиялық адалдық пен балалардың жеке деректерін қорғау. Бекер емес: Қазақстанның 2026–2029 жылдарға арналған ЖИ жоспарында дәл осы мәселелер жеке қарастырылған. Онда білім контентін жасау, бағалау, мұғалімнің құзыреті және оқушының деректерін қорғау бойынша талаптар бар.

Сондықтан менің формулам мынадай: ЖИ + мықты мұғалім = білім сапасының өсуі. ЖИ мұғалімнің орнына = үлкен тәуекел.

Президенттің өзі де мұны айтқан: ЖИ мұғалімді алмастыратын құрал емес, оны қолдайтын құрал болу керек. Ең қызығы, «ЖИ мектепке кіре ме, кірмей ме?» деген сұрақ артта қалды. Қазақстанда бұл бағытта нақты мемлекеттік саясат басталды. Ал Президент «Тамыз конференциясында» жаңа оқу жылы қарсаңында тиісті шаралардың толық орындалмағанын да сынға алды.

Ендігі басты мәселе – техниканы сатып алу емес, ЖИ-мен жұмыс істей алатын мұғалім мен оқушыны қалыптастыру. Одан да маңыздысы – баланың ЖИ-ден жауап алуы емес, сол жауапқа күмән келтіріп, өзі тексеріп, өз ойын қалыптастыра алуы. Меніңше, мектептегі цифрлық сауаттылықтың ең жоғары деңгейі дәл осы болуы керек.

Білім саласы - мемлекет үшін аса маңызды сала!

Сурет: Abai.kz.

Нұрболат Нышанбай, саясаттанушы:

– Кеше Президенттің «Тамыз конференциясына» қатысып, білім саласына ерекше көңіл бөлгенін бәріміз көрдік. Осыған дейін өзіміз «Тамыз кеңесі» деп атап жүрген жиынның Президент деңгейінде өтуі бұл саланың мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Менің ойымша, Президенттің білім саласына мұндай назар аударуының бірнеше себебі бар. Соңғы жылдары еліміздегі оқушылардың халықаралық деңгейде үлкен жетістіктерге жетіп жүргенін көріп отырмыз. Сонымен қатар, Президенттің соңғы жылдардағы реформаларының ішінде цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын дамыту бағыты ерекше орын алады. Астанамыздың да цифрлық және қаржы салаларында осы технологияларды белсенді енгізіп жатқанын көріп отырмыз.

Маған ерекше әсер еткен әрі өзекті деп ойлайтын мәселе – орта білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу. Осы жылдың басында министрлік тарапынан жасанды интеллект бағыты бойынша арнайы бастамалар көтеріліп, бұл технологияны білім беру жүйесіне енгізу мәселесі жарияланды.

Бірақ мұнда бір маңызды мәселе бар. Жасанды интеллектіні қысқа мерзімді тренд немесе хайп ретінде емес, білім беру жүйесінде жүйелі құрал ретінде енгізуіміз керек. Ол оқушы мен мұғалімнің арасындағы байланысты күшейтіп, білім алу мен білім берудің тиімділігін арттыратын құралға айналуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, орта білім беру саласында қолға алынып жатқан реформалар – ұзақ жолдың алғашқы қадамдары деп ойлаймын.

Әрине, бұл процестің тәуекелдері де бар. Себебі мұндай ауқымды реформалар елімізде үлкен көлемде енгізіліп жатыр. Көп жағдайда реформалар жоғарыдан төмен қарай жүзеге асады. Сондықтан ең маңызды мәселе – министрлік ұсынып отырған бағдарламалар мен технологияларға оқушылар мен мұғалімдердің қаншалықты дайын екені және олардың бұл процесті қаншалықты қабылдай алатыны.

Жеке меншік мектептер, республикалық деңгейдегі білім беру ұйымдары немесе инновациялық лицейлер технологиялық тұрғыдан мұндай өзгерістерге тез бейімделуі мүмкін. Бірақ бұл мүмкіндіктер Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі, соның ішінде ауылдағы қарапайым орта мектептерге де бірдей жетуі керек. Сондықтан, технологиялық дайындық екі тарапта да қатар жүруі қажет.

Қазақстанда қазір шамамен 250 мыңға жуық мұғалім және 3 миллионнан астам оқушы бар. Бұл – өте үлкен аудитория. Бүгін мектепте сапалы білім алып, жаңа технологиялармен жұмыс істеуге үйренген оқушылар ертең жоғары оқу орындарына келген кезде осы дағдыларын толық пайдалана алады.

Сондықтан, Президент көтерген мәселелердің ішінде білім беруді цифрландыру және оған жасанды интеллектіні енгізу – мемлекеттік әрі қоғамдық тұрғыдан өте маңызды қадам деп ойлаймын.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір