Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 6088 0 пікір 23 Маусым, 2016 сағат 14:13

ӘЗІМБАЙ ҒАЛИ. ҚЫТАЙДАН ЕМЕС, РЕСЕЙДЕН ҚАУІПТЕНУ КЕРЕК

Елімізде әлі күнге әлеуметтік-экономикалық  және демографиялық кенжелеу белең алып жатыр. Демографияның өтпелі кезеңінен әлі өтіп болған жоқпыз. Туу көрсеткіш тым төмен. Қазір туу көрсеткіші  бойынша әлемде алғашқы орында индуистер тұр, одан кейінгі орынға мұсылмандар жайғасқан, сосын католиктер, онан кейін барып орыс православиясы мен протестанттар екен. Жалпы, Бразилияның төл жұрты америкалық үндістер екені белгілі. Қазір олардың туу көрсеткіші ұлғайып, үлес салмағы арта бастады. Сол сияқты қара нәсілділердің «бала көп болсын» деген ұстанымдары нығайғаны байқалады.

Ал, бізде бәрі басқаша. Біз мүлдем басқа бір мемлекетте өмір сүріп жатқан сияқтымыз. Мәселен, ұлтшыл толқын ұлтсыз толқынға, қазақшылдар империашыларға қарсы. Бұл меніңше, 21-мамыр «революциясының» импульсі.

Қазір байқап отырғанымыздай азаматтық қоғам оянды. Енді бұл толқынды тоқтату мүмкін емес. Мұндай кезеңде саяси сана тез өседі. Қазақ актор (ие) болады, қазақ тілі фактор (ықпалды) болады. Қоғам, қауым, сана сезім көп жаңғырады. Либералдық идея мен ұлтшылдық идея жарысып дамып, бірге жетіледі. Бізге бұған дейін жетпей тұрғаны осы болатын.

Жалпы, еліміздегі фермерлерге жер жекеменшікке символикалық бағаға (мысалы жүз теңгеге) сатылуы керек. Ол сонда ғана алған жерін банкіге кепілге қойып, несие алып, өзіне қажетті техника сатып алар еді. Үйсіз-күйсіз қалада жүрген азаматтарға қаланың түбінен үй салуга жер берілсе, ол да несие алып, үй салып, өз жағдайын жақсартар еді. Яғни, осылай істеу арқылы еліміздің нарығын күшейтіп, қоғамдағы революциялық пиғылды тыюға болады. Ірі латифундистерден жерін тәркілеп, оны фермерлерге арзан бағаға тарату керек. Әйтпесе бізде феодализм мен антифеодалдық революциялар жайлауы мүмкін.

Қазір міне, қазақ геноцидінің үш кезеңі айқындалды: бірінші кезең – отарлау және отаршылдық кезеңдегі геноцид. Бұл геноцид қазақтың жерін иемденіп, өзін ысыру, шоқындыру және ұлт-азаттық қозғалыстарды жаншу, қазақты қыру арқылы жасалды. Екінші кезеңге Столыпиннің аграрлық саясатын, Кеңес үкіметінің 1928-1933 жылдардағы қазақты ашаршылыққа ұрындыру саясатын жатқызуға болады. Үшінші кезең ретінде соғыстан кейінгі қазақ өлкелерінде ядролық қаруды сынау мен 1986 жылғы Алматыдағы көтерілісті айтуға болады.

Осындай геноцидтерді көрген Қазақстан қайтадан ес жиды. Тәуелсіз мемлекет болғалы елімізде сегіз  жағдай өзгерді:

Біріншісі, Қазақстан саяси тұрғыда егемен ел болды; Екіншісі, қазақ саны он екі миллионға жетті. Біз қазір бұрын соңды болмаған санға жетіп, еліміздегі қазақ ұлтының үлесі  68 пайызға көтерілді; Үшіншісі, ислам діні қарқынды дамып, мешіттер саны көбейді. Ол мешітке баратын азаматтардың 80 пайызын жастар құрайды. Төртіншісі, қазақ тілінің көкжиегі кеңейді. Қазір қазақтардың тоқсан пайызы өз баласын қазақ мектептерінде оқытып жатыр. Бұрын орыс тілді өлке болып саналған жерлерде орысша білмейтін азаматтардың саны артты. Жоғары оқу орындары техникалық және медициналық мамандықтарды қазақша оқытатын болды; Бесіншісі, азаматтық қоғам оянды. Фейсбук секілді қоғамдық-саяси газеттердің бар міндетін атқара алатын әлеуметтік желілер пайда болды. Ол әлеуметтік желілерді кез-келген жерде пайдалануға болады және кері байланыс жасауға мүмкіндік зор; Алтыншысы, қазақ өзіне жеткілікті деңгейде өзін сыйлайтын халыққа айналып келеді; Жетіншісі, қазақ қалаға көшіп, қалалық ұлтқа айналды. Қазақ баласын қалалы типтегі мектептерде қазақша оқыта бастады; Сегізіншісі, Қазақстанда екі тұрақты әлем пайда болды. Бірі – орыс әлемі, олар қазақшаны жақтырмайды, білмейді, оқымайды, керек етпейді. Екінші әлем, қазақ әлемі, олар да солай. Бірақ екінші әлемнің жеңіп келе жатқаны байқалады.

Десек те, қазір қоғамда түрлі фобиялар пайда бола бастады. Көрші Қытай елінен қауіптеніп, түрлі әңгімелер айтылуда. Жалпы, «қытайдікінің бәрі жаман, олардың барлық ісі қауіпті» деген біржақты түсінік қате. Бізге экономикалық қатынастар мен саяси байланыстар, тілдердің диверсификациясы керек. Ал енді жұрт көкейіндегі «қытайдан қауіп бар ма?» деген сұраққа жауап берсек... Егер де көршіміз қисынсыз және өрескел қисық, диспропорционалды бағыттағы жолға түсіп жатса, қауіп бар деген сөз. Меніңше, қазір Қытайдан гөрі, Ресей диспропорционалды бағыттағы жолға түсіп алды. Ресеймен қарым-қатынастағы зауалды мойындайтын кез жетті. Бізде қазір Батыс Еуропа мен АҚШ секілді елдермен саяси-экономикалық тұрғыда қарым-қатынас жасау жеткіліксіз болып тұр. Сол сияқты еліміз қауіптеніп отырған Қытаймен де қатынастарымыз аздық етіп отыр деп ойлаймын. Өйткені, мемлекетаралық қатынастарымыз фобияға ұшырады. Ол фобияларды тудырып отырған –  ішкі күдіктер мен Ресейдің насихаты.

Әрине бұл насихаттың негізі жоқ деуге болмайды. Мәселенки, Ресей украиндерді теледидар һәм ықпал агенттері арқылы Батыс қаупімен қорқытып келді. Украиндерді НАТО-мен, гей-некемен және қызтекелермен шошытуға тырысты. Оларға «Батыс сендерді түп-тұқияныңмен сатып алып, жұтып қояды» деген секілді ертегілер айтуға тырысты. Өйткені, Европалық Одақпен және АҚШ-тың НАТО-сына жақындаса, Ресейдің байырғы отары болудан қалады.

Ұлттың басты белгілерінің бірі - ұлттық мобилизация жасау. Біз бұл мүмкіндікке жету үшін Ресей, Қытай және Біріккен Батыс елдерімен көпвекторлы және тең векторлы саясат ұстауымыз керек. Яғни, Ресеймен тым жақын болмай, Батыс пен Қытай жаққа да жылжу керектігі – заман талабы.  Ресейдің ықпалды агенттері (кейбіреуі қазақ патриоты есебінде) бізге өз теледидары, сайттары мен газеттері арқылы Қытай қаупін әсірелеуде. Бұл мәселенің екінші қырына қарасаңыз, Ресейдің қазаққа жасаған «жақсылығын» әспеттеу жатыр.

«Қытай қазаққа атам-заманғы жау еді» деген тезис тарихи тұрғыда анықтауды керек етеді...  Осы орайда бір ғана кері уәж айтайын. Жоңғарды біз тек өз күшімізбен жеңген жоқпыз, Қытаймен бірге жеңдік. Осылайша, жоңғардың жайлауы мен егіндігін иемдендік.

Жоғарғыда айтқан геноцид кезінде Ресей езгісінен қашқан қазақтар Шыңжаңнан пана тауып, көбейді. Қытай қазаққа емес, жоңғарға геноцид жасады, қырды. Мұның пайдасы қазаққа тиді. Бізге жеке ел болуға жол ашылды.

Десек те, Қытай да, Ресей де, Батыс та туған әкеміз емес, сондықтан әр тараппен тең дәрежелі арақатынас ұстау керек. Осы үш тараппен көп векторлы және тең векторлы, тең дәрежелі қатынас жасамай, біз тәуелсіздігімізді сақтап қала алмаймыз. Ұзақ мерзімді болжауға болмайтын шығар, бірақ, Қазақстанға Батыспен, Еуропалық Одақпен, НАТО-мен бірігіп, одақ құру керек. Себебі 12% қазақ жері Еуропа құрлығында жатыр. Біздің өмір салтымыз, менталитетіміз – еуропалық. Осыны ұмытпай, «біз еуропалық елміз» деген уәжді көбірек насихаттаған жөн.

Мен жалпы алғанда қазақ әлемін қолдаймын. Қазақ әлемдік көштен қалмау үшін ағылшын тілін тез меңгеріп алады. Ондай жағдайда орыс тілінің статусы құлайды. Ресейдегі дағдарыс Ресейді тағы да ыдыратуға апару мүмкін. Қазір Ресей ұзақ уақыттық рецессия жолына түсті, олрдың тұрмысы былтыр он процентке төмендепті. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Әзімбай Ғали

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3579