Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Қоғам 8027 1 пікір 4 Шілде, 2016 сағат 11:52

ӘЗІМБАЙ ҒАЛИ. ЖҰРТ НЕГЕ МӘСІМОВТІ ЖАҚТЫРМАЙДЫ?

Меніңше, қазақ мектебіндегі барлық пәндер ана тілінде өтуі тиіс. Ал ағылшын тілі сабағын орыс тілі сағаттары есебінен күшейтуге болады. Өйткені, орыс тілін игеру Қазақстанда анағұрлым жеңілірек.  

Еліміздегі орыс мектептерінің  басты кемшілігі – қазақша білу деңгейінің бәсеңдігі. Сондықтан орыс мектебінде мемлекеттік тіл сабағы орыс тілі мен ағылшын тілі сабақтары есебінен күшейтілуі керек. Мен өз басым үш тұғырлы емес, екі тұғырлы тіл саясатын қолдаймын. Айталық, екі тілді, яғни қазақ тілі мен ағылшын тілін приоритет қылсақ, орыс тілін қазақтың 25%  білсе, біз үшін осының өзі жақсы нәтиже болар еді. Ал мектептегі оқу қазақ пен ағылшынша болғаны дұрыс. Бәріміз ағылшын тілді игеріп кетпесіміз анық. Бізге қазақ қауымының 20% ағылшынша білсе де жетеді.

Енді кішігірім мысал келтірейік. Мәселен, әлем бақытсыз Нигерия мен бақытты Малайзия деген елдерді жақсы біледі. Нигерия – ағылшын тілді мемлекет. Оның үстіне оларда христиандар көп. Мұнайы да мол. Сөйте тұра Нигерия бақытсыз мемлекет. Мұнда созылмалы азамат соғысы, терроризм қаупі елдің берекесін кетіріп бітті. Нигерияға ұқсас Либерия да христиандар елі. Ағылшынша сөйлейді, тәп-тәуір демократиясы бар. Бірақ ол да – бақытсыз ел. Ал, Малайзия болса – ұлтжанды мемлекет. Малайзияның саяси элитасы өз халқын этникалық қытайлықтардың доминантасынан суырып алды. Малайлардың саяси элитасы ең алдымен төл халқының мәселелерін көтеріп, ұлт консолидациясын жүзеге асырды. Осы арқылы олар экономикалық және индустриалдық модернизацияға қол жеткізді.

Енді өзімізге келейік. Қазақ неліктен Кәрім Мәсімовті жақтырмайды? Мәселе, Мәсімовтің «мемлекеттік тілді білмейтіндігінде» емес, мәселе  оның «орыстығында» жатыр. Иә, солай, Мәсімов мырза өзін орыстілді қазақ ретінде көрсеткісі келді. Ал, біздің қазақ саяси орысшылдарды жек көреді. Сөйте тұра ол қағаздан оқып, қазақша сөйлеуі арқылы өзіне қазақ жақтырмайтын кері пиар жасап алады. Осындай себептер «Мәсімов оралмандардың ата мекенге қайтуына қарсы» деген секілді күдіктер туғызуда.

Кәрім Мәсімовті қазақтың жақтырмайтынының екінші факторы – әкесінің ісі. Кәрім Мәсімовтің әкесі біраз қазақ баспасөзін шулатты, ол шу негізді ме, негізсіз бе білмеймін, бірақ  бұл жайт Мәсімовтің онсыз да мәз емес имиджін бұзды.

Үшінші фактор, Қазақстанның бір кездегі басшысы – Исмаил Юсуповқа қатысты. Исмаил Юсупов Қазақстанның басшысы ретінде қазақ алдында абыройсыз болды.

Бүгінгі таңда қазақшаны өз бетімен үйреніп, қазақпен құда-жекжат болатын этнос бар. Соның ішінде мысалы ұйғырлар да жетерлік. Қазаққа  ең көп сіңіп келе жатқан этностардың ішінде қарақалпақтар мен ұйғырлар көш бастап тұр. Егерде Мәсімов бастапқы кезде орысшылдықтан бас тартып, қазақшылдығын көрсетсе, ол бүгінгідей қазаққа  жат болмас еді. Сондай-ақ, еліміздегі өзге этнос өкілдеріне Мәсімов үлгі болар еді.

Мәсімов сынды шенеуніктердің орыс тілінен бас тарта алмауы себебінен елімізде жоғарыда айтқан қазақ тілі мен ағылшын тілін игеруге жол ашылмай тұр.

Мен бақытсыз Нигерия секілді елге айналудан қорқамын.

Әзімбай Ғали

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1505
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3278
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5759