Сенбі, 18 Мамыр 2024
Қоғам 5504 0 пікір 11 Шілде, 2016 сағат 14:57

ЖЕРКОМ ҮГІТ БРИГАДАСЫНА ҰҚСАП БАРАДЫ

Жер реформасы жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы Қызылорда облысының Нағи Ильясов атындағы ауылында өтті. Жасырын түрде өтті десек те болады, себебі халыққа алдын ала хабарланбады. Біз де кездейсоқ естіп қалып бардық. 

Бұл жиында бірден көзге түскені – комиссияны мемлекеттік комиссия деп атауға келмейтіні. Бұл комиссия емес – үгіт бригадасы. Жерді сатуды, шетелдіктерге жалға беруді жарнамалап жүрген кәдімгі үгіт бригадасы. Үгітшілері де жүзіктің көзінен өткендей емес, қарабайыр әрі жалтақ. Жер мәселесін үгіттей алатындай білікті мамандар емес. Әлде бар мамандарының өздері іштей жер реформасына қарсы, сондықтан «үгіттері» – үгіт емес, түбіт.

Мәселен, комиссия төрағасы Асқар Мырзахметов «жерді сату-сатпау туралы қашанғы айта береміз, онан гөрі оның жалға берілетін шекті көлемі туралы әңгімелейік» дегенге саятын өз ұсынысын тықпалады. Мына жұрт неге дүрлігіп жүр, не дегісі келеді, бұлар неге жерге қадалып қалды? Бұл сұрақтар Жерком төрағасын қызықтырмайтын сияқты. Керісінше, биліктің түпкі пиғылын көпшілікке тықпалап әлек болуда. Биліктің сойылын соққан комиссия мүшелерінің сөздерінен «сендер қайда барасыңдар, бәрібір біздің дегеніміз болады» деген сыңай аңғарылады.

Жеркомның Қызылорда жиынында төрағадан беделі бір де кем емес академик Кенжеғали Сағадиев та сөйледі. «Жерді сатуға немесе шетелге жалға беруге мен де қарсымын... бірақ, беру керек», – дейді ол. Оның осы сөзіне қарап, бұл қарияны қинап жүрген қай құдай деген ойға қаласың. Қарсы болса, қарсымын демей ме? Қарсы бола тұра, «беру керек» дейді.

Ал Косаревтің «халықшыл» коммунистері қатарынан алынған комиссия мүшесі ұзақ ділмарсыды, бірақ шетелге жалға беру керек пе, жоқ бермеу керек пе – ештеңені нақты кесіп айта алмады. Есесіне облыстағы оның өкілі «жерді шетелге жалға беру керек» деді. Яғни, комиссияның дөкей мүшесі өзі айта алмаған ойын қарамағындағы адамға айтқызып, әлек болды.

Комиссиядағы Ауған соғысы ардагерлері өкілінің «өлеңі» әлі таусылмапты. Оған ауған соғысында опат болғандар: «тірі қалғандарың жерді сатыңдар» демеген болар. Жерді сатуға қарсыларға көбірек дікеңдеген де осы ауған ардагері екенін айтуға тиіспіз.

Ал комиссиядағы қалған сөзі де, салмағы да жоқ мүшелер туралы айтпай-ақ қойсақ болады. Олардың бәрі бірдей «сатайық та, берейік» деп сайрады, әрине. Бірен-саран қоғамдық пікірді білдіріп жүрген жігіттер болмаса, комиссия түгелдей жердің сатылуын, шетелге жалға берілуін насихаттады. Сонан ғой – оларды «үгіт бригадасы» дейтініміз. Комиссия деген халықтан түскен ұсыныс-пікірлерді сараптап, соның нәтижесін жариялау керек емес пе? Ал олар халықты тыңдаудың орнына, өздерінің көздегендерін тықпалап, «қарсыларға» жекіп, тұқыртып тастап отырды. Олардың тұқыртқанын халық тыңдаған жоқ, «қарсылардың» қарасы көп болды.

Қысқасы, жерді сату мен шетелге жалға беруді қолдаушылар негізінен билікшіл комиссия мүшелері, жиынға қатысқан билік өкілдері және бірен-саран солардың төңірегіндегі жергілікті байшыкештер болды. Олардың тізіміне көз жүгіртіп көріңіз: Қызылорда қаласының бұрынғы әкімі, сенатор Б.Досмамбетов; облыстық мәслихаттың депутаты, облыс әкімінің жанындағы қоғамдық комиссия төрағасы С.Имандосов; облыс әкімінің бұрынғы орынбасары А.Камышев; облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Н.Жәлиев; «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының орынбасары Ж.Базартай; Н.Назарбаев атындағы саябақтың директоры П.Архабаев.

Әрине, «қарсылар» жер сатуды «қолдаушылардан» әлдеқайда көп болды және солардың барлығы қарапайым адамдар мен орта буын кәсіпкерлер еді. Сондай-ақ «қарсылардың» ішінде сенатор Мұрат Мұхамедовтың жүргені атап өтуге тұрарлық.

Комиссия мүшелері академик Оразалы Сәбден, қоғам қайраткері Дос Көшім мырзаларға елдің ризашылығы ерен болды. Халықтың арасынан шыққан, елге танымал тұлғалардың ішінен ағайынды Аңсатовтар халықтың көкейіндегіні дөп басып жатты. Жастардың ішінен Баймағамбетов Мұратбай есімді жігіт шығып: «Енді біздің Қытаймен қырылуымыз қалды ма, оларға жалға беруді тоқтатыңыздар! Жағдай жасасаңыздар, біз, жастар, өзіміз-ақ игереміз сол жерді!» – деп, жастық қайрат танытты. Бұл тізімді онан әрі жалғастыра беруге болады, жас та, кәрі де комиссияға қарсылығын білдіріп жатты.

Алайда сол сөздер айтылған жерде қала ма деген күдігіміз зор. Себебі сол отырыста комиссияның пиғылын танып үлгірдік. Олар арнайы тапсырмамен жүрген «миссионерлер» сияқты: қайтсе де жерді сатып, шетелге ұзақ мерзімге жалға беруді заңдастырудың амалын табу соларға жүктелген сияқты. Ештеңеден қайтатын сыңайлары жоқ. Оларға елдің дүрліккені де, болуы мүмкін дүрбелең де – ешнәрсе «қызық» емес. Ең бастысы – тапсырманы орындау. Сондықтан бұлардан үміт жоқ.

Ал халық мұндай жалтақойлықты сезінген сайын дүрлігуде. Тағы бір айтпасқа болмайтын жағдай – жер мәселесінен ел ішіне жік түсетін сыңай бар. Оны жоғарыдағы «қарсылар» мен «қолдаушылардың» тізімінен де аңғаруға болады. Бұл текетірестің соңы үлкен әлеуметтік толқуға соқтырмаса игі. Қалай болғанда да, Ақорда билігі жергілікті жердің осындай наразы ниетін біліп, көпшілік халықтың ығына жығыларлық шешім шығаруы тиіс.

Абдулла ШАХАНОВ, Қызылорда қаласы Түпнұсқадағы тақырып: Жеркомның Қызылорда жиыны ҮГІТ БРИГАДАСЫНА ҰҚСАДЫ

 «Общественная позиция»

(проект «DAT» №27 (344) от 07 июля 2016 г. 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2138
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2546
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2312
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1651