ЖЕМҚОР ЕЛДЕ ЖЕР МӘСЕЛЕСІ ӘДІЛ ШЕШІЛМЕЙДІ
Қазақстанның ішкі-сыртқы халқы толық жиналып бітпей жатып, басты байлығы – жерді көпе-көрінеу бөліске салуды келер ұрпаққа жасалған қиянат деп білемін. Экономикасын көріп жүрміз – ақыр-аяғы ине-жіп те өндірілмейді, барлық тауар шетелдерден тасылады. Бар экономикамыз қазба байлықты сыртқа сатуға құрылған. Бұл, әрине, экономика емес, көбіне талан-таражға ұқсаған сауда-саттық қана. Ендеше неге әуелі экономикамызды құрып алмаймыз?
«Біздің байлығымыз мұнай емес – ауыл шаруашылығы» деген сөздер айтыла бастады биліктің аузымен. Ол рас болса, жер жақын арада басты табыс көзіне айналады деген сөз. Осы байлықты халықтың көзі ашылмай тұрып әлдекімдердің иеленіп кетуіне неге жол береміз?
Біздің халық нені кәсіп етерін әлі білмей жүр, қазіргі негізгі кәсібі – ала дорба арқалау. Ал ала дорба болашағымыз емес екенін олардың өзі де айтады. Ендеше солардың ішінен жерге бетбұрыс жасайтындарды неге күтпеске? Яғни, халықтың келешекте нені кәсіп етерін таңдау жасауға уақыт беруіміз керек. Экономика орнықса, кім – немен айналысатыны анықталса, халық саны тұрақты бір деңгейге жетсе, оған дейін қоғамдық сана да қалыптасып қалар ма еді? Ал қазір ол жоқ. «Тұрымтай тұсымен» бір заман.
Кешегі жер тағдыры үшін жаппай ереуілге шыққандардың өзі бүгінде сөніп үлгерді. Үрей биледі оларды. Осы күндері тәуелсіз басылымдардың бастамасымен жерді сатуға, шетелдіктерге жалға беруге қарсылық білдірушілердің қолын жинадық. Сонда да көрдік, халықта бір үрей пайда болған. Кеше ғана жер-жерде заңсыздыққа қарамай-ақ, орталық алаңдарға шығып, ойларын ашық айтқан адамдардың көбісі бүгінгі таңда басылып қалған. Басылғанда – жерді сатуға келісіп отырған жоқ, қарсы, бірақ қорқып қалған және қорқатынын жасырмайды да.
Бұған биліктің «түсіндіруі» ықпал етті. Айтса – айтқандай, жан-жақты жүргізіліп жатқан «түсіндіру» жұмыстарының қарқынынан жан шошырлық. Бұл нені білдіреді? Бұл біздің елде қоғамдық сананың қалыптаспағандығын, демократияның әлсіздігін, автократияның үстемдігін көрсетеді. Өтпелі кезеңде президенттік басқару, яғни жеке адамның билігі керек, қоғам өзін-өзі басқара алмайды дегенді биліктің өзі айтып жүр. Ендеше қазіргі бір адамның билігі тұсында бүкіл халықтың мәңгілік игілігі болып табылатын жерді неге біреулердің қолына ұстатып жіберуге асығамыз? Неге халықтың өз тағдырын өзі шеше алатын кезге жеткенін күтпейміз? Сол кезде халықтың өзі шешсін, өз игілігін кімге, қалай беруді немесе пайдалануды.
Жерді сату, шетелге жалға беру – инвестиция тартуға қолайлы болады дегенді билік алға тартады. Жоғарыда келтірген мән-жайлардан бөлек, біз коррупция жайлаған елміз. Оны да естен шығаруға болмайды. Мұндай жағдайда сол билік айта беретін инвестицияның тиімділігіне күмәнім бар. Келуін – келер, бірақ игілігін сол коррупционерлер көреді. Осы жиырма бес жылда елдегі мұнай мен газға және басқа қазба байлықтарға қанша инвестиция келді? Нақтысын білмейміз – бір жерде 200 десе, тағы бір жерден 600 миллиард доллар дегенді естиміз. Қайсысы болса да, аз қаржы емес. Осы қаржы қайда кетті? Мұны да білмейміз, нақты есебі жоқ. Білетініміз – көзге түсерліктей бір завод, не бір фабрика салынған жоқ. Бұрынғы барлары талан-тараж болып ол кетті. Кеңестен қалған үш мұнай өңдеу заводы өлдім-талдым деп әрең істеп тұр. Онда да олардың егін егу, жинау науқандарында тоқтап қалатыны тағы бар. Сонда миллиардтаған инвестиция қайда, өндірілген газ бен мұнайдың өзі қайда? Басқа қазба байлықтар қайда?
Осы жерде жемқорлар қарап қалды дей алмаймын. Қомақты бөлігі солардың қанжығасында кетті, қалған ауыз жақпайы елдің күнделікті тұтынуына әрең жетіп жығылды. Тағы бір аз ғана бөлігі Ұлттық қорда, қазіргі таңда мемлекетімізді сол қор ғана ұстап тұр. Мұның да қашанға дейін жетерін бір Құдай білсін. Инвестициямыздың түрі осы. Олай болса, оған бола жалғыз тірегіміз – жерді саудаға салу жөн емес!
Заводтар мен фабрикалардың тоз-тозын шығарып, талан-таражға салып жібергендей, ауыл шаруашылығын да қолдан таратқанды білеміз. «Қазақстанның бидайы мен еті керек емес, бидайды – Канададан, етті – Голландиядан сатып аламыз», – деген кезінде билік. Енді жерді сатып, ауыл шаруашылығын көтермекші. Бір адамның басына істеп тұрған шаруашылықты таратып жіберу ойы келіп еді – тараттық, енді оның ойына онан қалған жерді сатып жіберу келіпті. Бұған да көну керек пе?
Жемқорлықты әңгіме қылғанда, сөзді жалғыз инвестициямен шектеуге болмайды. Ол үшін ақшалы жердің бәрі жат емес – өзінікі. Мәселен, бір бай миллион гектар жерді арзан бағамен мемлекеттен сатып алады дейік. Әрине, ауыл шаруашылығы мақсатында болса, бір жөн. Ал коррупциялық мақсатқа пайдаланса ше? Дәл сол жерді бір-екі жылдан соң мемлекетке бірнеше есе қымбатқа қайта сатпасына кім кепіл? Бұдан қазынаның қалтасы жақсылап тұрып бір қағылса, қаншама жер мақсатты пайдаланылмай, тағы қағыламыз. Бұған ешқандай кепілдік жоқ. Мұндай жағдайлар бізде бұрын да болған.
Бұнан басқа да коррупция үшін табыс көзіне айналдыруға жетерлік тұстары өте көп. Қалалардағы он сотық жердің өзін үлкен табыс көзіне айналдырған жемқорларға миллиондаған гектар жердің билігі тигесін не оңсын? Сондықтан коррупция меңдеген билікке Қасиетті Жеріміздің тағдырын сеніп тапсыруға болмайды.
Ал билік болса, осыншама ауқымды мәселелерді аттап өтіп, табан тірер жерімізді саудаға салуға асығуда. Онан да ол әуелі өз қатарын коррупциядан арылтсын, экономиканы құрсын, елді демократияландыруға атсалыссын, қоғамдық сананы қалыптастырсын, халықтың саны өзінің қалыпты деңгейіне жетіп, тұрақтасын. Сол кезде халықтың өзі шешеді – жерді сата ма, жоқ басқа жолды таңдай ма. Міне, мен қазіргі мүдделі топтың жерді саудаға салғанына осы себептерге байланысты қарсымын.
Абдулла ШАХАНОВ, Қызылорда қаласы
Abai.kz