Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Мәйекті 5491 0 пікір 23 Тамыз, 2016 сағат 00:00

ҚАЗАҚҚА АМАН ҚАЛУДЫҢ ЖОЛЫ БАР МА?

(Әзіл-шыны аралас)

Қазір жер-жерде, мектептер мен ЖОО-да Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап мақалалар, баяндамалар, ғылыми еңбектер жазылуда.

Егер Құдайдың құдіретімен мен қайтадан 11-сыныпты енді тәмамдағалы жатқан жас бозбала болып, әдебиет пәнінен дәріс оқитын мұғалімім осы тақырыпта шығарма жаз-десе мен өзім білетін, көзім көрген жағдаяттарды былай жазар едім. Әрине, менің мұғалімім де, сыныптастарымның бірсыпырасы да бұл шығармам үшін мені күстаналауы да мүмкін. Өйткені, мұғалімім Қазақстандағы бұл жағдаятты менсіз де біледі. Бірақ ол биыл қазақ жерін сатуға қарсы бейбіт митингіге шыққандардың ішінде болып, оны Қазақстанның полициясы аса ауыр қылмыскерді ұстағандай қып ұстап кетті. Қазір ол өзінің толып жатқан құпия қызметтердің қара тізімінде тұрғанын біледі. Сондықтан күстәналайды. Ал сыныптастарым ше? Ол байғұстарда не кінә бар? Олар көзін ашқаннан бері «Қазақстан күшті, бай, демократия қағидалары орныққан ең үлгілі мемлекет», «Қазақстаннан әлемнің өзге елдері үлгі алуда», «Жер бетінде Астанадан әсем қала жоқ», «Біздің ел –өте бақытты ел» деген сияқты және одан да асқан сорақылыққа, мақтаншақтыққа толы тыр жалаңаш ұрандар, тыржалаңаш үндеулер, әртүрлі саяси лепірме мадақнамалар олардың құлақтарына құйылып, миларына сіңіріліп тасталған. Және бір сорақылығы сол менің сыныптастарым қазақ мектебінде оқыса да бір-бірімен орысша сөйлеседі. Өйткені, Қазақстанда орыс тілі ең үстем тіл. Ал президент әлемнің әр түкпірінен кім келсе де тек орысша сөйлеседі.

Сонымен менің бүгін яғни, 11-ші сыныпта тәуелсіздік алдым дегеніне 25 жыл толған Қазақстан туралы жазатын шығармам төмендегідей болар еді. Ал тыңдаңыз:

«Ішім толған у мен дерт» депті кемеңгер ақын. Тілі қаласа қара тасты қақ айырып, діні – бүкіл тіршілігінің тірегі болып тұрған заманда осылай деп күңіренген ақын азатпын, тәуелсізбін, бостанмын деп 25 жыл бойы таусылмайтын той, аста-төк ас беріп қолына түскенін рәсуалап неге мәз болып жүргенін өздері білмейтін бүгінгі қазақты көрсе не дерін Құдай білсін. Иә, бүгінгі қазақ неге мәз болып той-тойлап жүргенін өзі де білмейтіні рас. Өйткені, КСРО құлай сала басқалардың өз еркі өзіне тиіп, өз қолы өз аузына жетіп аш қалса да, тоқ болса да өз ұлттық мемлекетін құрып, Ресейден толық азаттық алып болғанда 25 жыл ішінде қазақ қандай күйге түсті деп ойлайсыз? Біріншіден, бұрынғы КСРО құрамынан шыққан бірде-бір мемлекет ықылым заманнан ата-бабасынан мирасқа қалған жер-суынан қазақтарға ұқсап тірілей айрылған жоқ. Жер-суы Кулагин, Терещенко, Сауэр сияқты жатнәсілді, жатдінді, жаттілділердің және мынау менің елімнің, менің қазағымның жері ғой деген тырнақтай түйсіктен де, ұлттық намыстан да жұрдай жәркелештердің жекеменшігіне айналған тек қазақ қана.

Соңғы 25 жыл ішінде дәл қазақтарша бүкіл жер байлығын судай шашып, инвестор терісін жамылып, әлемнің әр түкпірінен келген көлденең көк аттыға берген ел тек Қазақстан ғана. Екіншіден, қазақтан басқаның бәрі Кремльдің құрсауынан шыға сала қуанышы мен қайғысын бары мен жоғын, бүкіл тұрмыс-тіршілігін өз ана тілінде жазатын болды.

Қазақстаннан басқа бірде-бір республикада не Әзірбайжанда, не Өзбекстанда, не Түркіменстанда т.б. орыс тілі үстем болмақ түгіл көк тиынға қажетсіз болып қалды. Ал Латвия, Литва, Эстония сияқты Балтық елдерінде, бізбен доспейіл Украинада орыс тілі ұлтын сатқандар мен оккупанттар тілі деп аталады. Ал біздің мекемелерге телефон салсаң әуелі «Здравствуйте» деп амандасады. Қазір бұрынғы КСРО елдері ішінде бір-бірімен орысша сөйлесетін екі-ақ ұлт бар. Олар чукчалар, сосын қазақтар. Чукча байғұстардың бүгінде фамилиялары да орысша болып кеткен. Мен біздің қазақтар да көп ұзамай чукчаларға ұқсап тілінен, салт-дәстүр атаулысынан жұрдай болып жойылып кете ме деп қорқамын.

Айтпақшы, бір ұлт жойылар алдында өз тілін ұмытып, өз тілінде сөйлесуді азайта бастайды дегенді талай оқып едім. Қазақты қайдам, бірақ билік Астанада қазақ тілін қара бақырға қажеті жоқ қып қойғанына Астанаға барған сайын көзім анық жеткендей болады. Бір ғана нақты мысал келтірейін. Астанадағы Кенесары Тұрғын Үй кешені деп аталатын жерде 4 күн болдым. Әрбіреуінің биіктігі 12 қабат, ұзындығы ат шаптырым 4 ғимараттың ортасында балалардың ойын және аяқдоп алаңы бар! Сол жерде дуылдасып-шуылдасып ойнап жүрген 3-4 жастан бастап 15-16-ға келген ұл-қыздың бір-біріне қазақша бір ауыз сөз айтқанын естімедім. 4 күн бойы қадағаланымда. Ата-аналарына мына балалар неге орысша сөйлеседі десем олардың өздері маған ажырая қарап: «Какая разница» дейді. Сол жердегі шағын дүкенге кіріп барсам, сатушы «Здравствуйте» дейді. Енді бірі «не надо, разжигать межнациональную рознь» деп өзіме тап берді. «Чукчаларға ұқсап орысша сөйлейсіңдер» десең, чукча деген намыстанады екен. Мен «ау, сіз чукчадан қай жеріңіз артық, олардың кінәсі тек орыстанып ұлтының жойылып баратқаны ғой» десем «все равно, не надо оскорблять, я не чукча» дейді. Міне, бұл Қазақстан тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде билік басындағылардың қазақ халқын түгел мәңгүрттендіру саясатының бір ғана көрінісі желісі.

Мәңгүрттіктің айқын бір белгісі мәңгүрт адам орысша сөйлесем күшті, білімді боламын деп ойлайды екен. Ал кісі күлерлік мына жағдайды қараңыз: Қай елді алып қарасаңыз да оларда ең әуелі сол елдің негізгі ұлтына яғни, мемлекет құраушы ұлтының тіліне, салт-дәстүріне жағдай жасалады. Ал біздің елде керісінше... орысша сөйлеген орысқа қазақша жауап берген қазақты прокуратураға беріп, қызметінен шығарып тастайтын болды. Бұған күлмегенде қашан күлесіз! Өйтетін болса қазақша сөйлеген орысқа орыстар қазақша жауап беруі керек болады. Екіншіден, бұл да қазақты басынудың, намысын таптауға ашықтан-ашық шығудың бір түрі сияқты көрінеді, маған. 

Осыдан 5-6 жыл бұрын бір ақсақал жазушы Қазақстанда қазақты мәңгүрттендіру саясаты жасырын, асқан қулықпен жүргізіліп жатыр деп еді. Қазір қазақтың жер бетінен жойылып кетпей, ұлт болып аман-сау қалуына қарсы жұмыстардың алуан түрін билік ашықтан-ашық жүргізіп жатыр ма деп қорқамын. Сенбесеңіз, тағы бір сорақылықты қараңыз: Бірде жоғарғы жақтан "неге аялдамаларды тек бір тілде хабарлайсыңдар, давайте екі тілде хабарлаңдар" деген сөз айтылды. Сонда билік оны не оймен айтып тұр деп ойлайсыз? 150 миллион орыстың тілін онымен салыстырғанда бір уыс тарыдай қазақ жұтып қояр деп қорқа ма? Әлде Төле би көшесі дегеннен кейін Толе би, Сайн дегеннен кейін Сайна, Тілендиев дегеннен кейін Тлендиева деп қақалдап тұрмасаң, ну орманның ішінен сауысқанның басындай ғана саңырауқұлақ тауып жеп жүрген орыс Алматының, не Астананың қақ ортасында адасып айдалаға кетіп қалар деп қорқады ма екен деймін іштей. Жоқ, биліктің бұл әрекеттері қазақты қайткенде тұқыртып, жетім баладай жасқаншақ етіп ұстап отырудың бір амалы сияқты.

Одан әрі шығармамды мен былайша жалғастырар едім: Қазақстан басшылығы тәуелсіз болдық деп қанша жерден жұртты шуылдатып, 25 жыл той-тойлатып қойса да Қазақстанда Ресейдің талай әскери полигоны ойына келгенін жасап жатыр. Ақбөкен, мал қырылуда. Өткен жылы іштен мүгедек болып туған сәбилер саны 95 мыңға жетті. Бұған дейін Ресейдің әскери ойын майданына айналып келген Тайсойған аумағы аз болғандай енді Қостанай облысының Жанкелдин ауданынан Ресей зымырандарының бөлшектері құлайтын мыңдаған гектар жер бергенін естідік. Халықпен ақылдаспай, басқа мемлекеттің әскери ойынына қазақтың жерін беріп жіберуге ешкімнің хұқығы жоқ? Бұл да қазаққа «Ал маған не істей аласың?»деп өз халқын басынудың бір түрі емес дей аласыз ба? Одан кейін Ресей зымыран бөлшектері құлайтын жер енді Ақтөбе уәлаятының Ырғыз ауданынан берілді. Әнебір жолы Солтүстік Кореяның бір зымыраны Жапониядан күнара қонып әзер жетерлік суға құлап еді, жапон басшысы үйін өрт шалғандай тызалақтады. Сонда көзі ашық бір қазақ зиялысы «Біздің басшылардың ішінен өз қазағына дәл осылай жанашыр біреу шықпай-ақ қойды-ау деп қамыққанын көрдім.

Міне, осының бәрі әлдебіреулердің қазақтың тіліне де, жеріне де, ұрпағының денсаулығына да ашықтан-ашық жасалып жатқан қастандығы емес дей аласыз ба?

Иә, Қазақстан бұдан 25 жыл бұрын Ресейден тәуелсіздік алдық дегенде жүрегі жарыла ең қатты қуанған қазақ ұлты болатын. Кейбір орыс ұлты өкілдерінің бұған қуанбақ түгіл империямыз құлады, енді күніміз не болады деп жылағанын көрдік дейді кейбір желтоқсаншы ағаларым. Ал бүгінде сол 25 жылда кеңестік Ресейдің қоластында болған 70 жыл ішінде шұбарала күйге түсіп, жойылуға айналған ұлттық тілін, ата-анасының тілін қалпына келтірудің орнына үштілділік деген жалмауыз саясатқа тап болғанына көкірегі қарс айрылып жылап жүрген де тек қазақ. Бұған жылап жүрген басқа бір ұлт өкілін көрген емеспіз. Өйткені, олардың әрқайсысының өз тілін, өз салт-дәстүрін дамытып, жерінің тұтастығын сақтап отырған өз республикалары бар. Ендеше, олар қазаққа қосылып жыламақ түгіл... Олар кеңестік Ресейдің құрығынан құтыла салысымен түп-түгел өздерінің нағыз ұлттық мемлекетін құрып алды. Тілі өлеусіреп сүйретіліп, шұбарала күйге түсіп, талай-талай жер-суы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, кетпегені енді саудаға түсіп, орысқа бір ауыз қазақша байқамай айтып қалсаң, жауапқа тартылам ба деп бір қорқып, бейшара күй кешіп жүрген Ресей зымыран бөлшектері төбесінен жаңбырдай жауып жатқан тек қазақ қасқа ғана!

Бізге, 11 сынып оқушыларына шығарма жазуға бар-жоғы 45 минут берілген. Уақыт болып қалды. Осымен шығармамды қорытындыласам, ол былай аяқталады: Қазір кеудесіндегі жұдырықтай жұмыр еті қазағым деп соғатын әр азаматтың іші толған у мен дерт. Олар сол уы мен дертін, ұлттық зары мен запыранын бір-біріне күңкілдеп, даусын шығармай оңашада ғана айтады. Егер соның бәрі күндердің күнінде лап етіп сыртқа бір-ақ ақтарылса не болмақ? Әлде сыртқа уы мен зәрін төккен қалың қазаққа Сириядағы террористердің тапсырмасы немесе Украина «майданының» бір түрі деген қара таңба басып, «аяушылық болмайды» дегеннің растығын көзімізге көрсетер ме екен? Қазақ қайда барса Қорқыттың көрі болып тұр-ау, ә? Бұдан құтылар амал бар ма, өзі?

Мырзан Кенжебай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3512