ҚАЗАҚСТАНДА ТЕОКРАТИЯЛЫҚ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУДЫҢ КҮШТІ ЛОББИІ БАР
Танымал саясаттанушы Ерлан Саиров елімізде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы ішінде саясаттану мен әлеуметтану бағыттарының даму кезеңдері мен қазіргідей құлдилау себептерін «Айқын» газетіне берген арнайы сұхбатында сөз етеді.
Сонымен қатар сарапшы елімізде жастардың маргиналдану мен радикалдану проблемасының өзектілігін айта келе, жалпы Қазақстанда теократиялық мемлекет құрудың лоббиі мен «тапсырысы» барын жасырмайды. Саясаттанушының ойынша, әр саланы жаулап үлгерген сәлафиттердің идеологиясына қарсы ханафи мәзһабына сай идеологиямен төтеп берудің өзі қиын. Сондықтан бүгін нақты шаралар кешенін қолданбаса, алдағы 5-6 жылда еліміздің рухани келбетінің танымастай өзгеріп кетуінің қаупі жоғары деген пікірде.
– Ерлан аға, танымал саясаттанушы ретінде бүгінгі саясаттану ғылымының хал-ахуалына, дамуына қандай баға берер едіңіз?
– Биыл егемендігіміздің 25 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Осы 25 жыл ішінде Қазақстанда саясаттану ғылымы әртүрлі кезеңдерден өтті. 2000 жылға дейінгі саясаттану ғылымының негізгі тенденциясы даму, ілгерілеу болды деп анық айта аламыз. Өйткені дәл сол кездері Қазақстанда екі-үш үлкен ғылыми мектеп пайда болды. Оның бірі – Қазақстан даму институты. Бұл орталықтан еліміздің көптеген танымал саясаттанушылары шықты, мысал үшін, Досым Сәтбаев, Ерлан Қарин, марқұм Мейіржан Машанов, т.б. Екіншісі – өз заманында Ақпарат министрлігінің маңынан құрылған саясаттану институты еді, ол жерден Айдос Сарым, Берік Әбдіғалиев, т.б. шықты. Сонымен бірге, жабық саясаттану клубтары да жұмыс істеді. Осы құрылымдар саясаттануды тек пән емес, еліміздің дамуына өзіндік үлес қоса білетін қоғамның бір бөлігі дейтіндей дәрежеге жеткізді.
2000 жылдардан кейінгі кезеңде саясаттану ғылымына мемлекеттік органдар мен қоғам тарапынан сұраныстың азайып кеткені байқалады. Тіпті қазіргі күні сұраныс жоқ десе де болады. Бұл еліміздегі әлеуметтік-саяси үдерістерге байланысты. Себебі, 2000 жылға дейін Қазақстанда демократияның кейбір нышандары болған, қандай да болмасын саяси бәсекелестік болды. Ол өз кезегінде саясаттану нарығын қалыптастырып, көптеген түйінді мәселелерді шешудің бір құралы болды. Яғни, саясаттанушыларға, оның ішінде сарапшы сияқты басқа да ғылымдарға сұраныс жоғары еді.
Қазіргі кезде елімізде моносаяси билік пайда болғандықтан, саясаттану ғылымы құлдилап төмендеп бара жатыр деуге негіз бар. Ал дәл осы кезеңде еліміздің қоғамдық саяси өмірі күрделе-ніп, саяси болжау институттары ауадай қажет.
Күрмеуі көп мәселелердің қатарына діни экстремизмді, әлеуметтік саяси нигилизмді, қоғамдағы апатиялық климатты жатқызуға болады.
Соңғы кездері Қазақстанның дамуына тағы бір әсер етіп отырған жайт – дін. Мәселен, жоғары оқу орындарына, оның ішінде Алматыдағы Қазақ ұлттық университеті мен Астанадағы Еуразия ұлттық университетіне бөлінген гранттарды алсақ, саясаттануға жылдан-жылға бөлінетін гранттар саны азайып барады. Яғни, саясаттанудың дамуына ешқандай да жағдай жасалмай отыр. Сонымен бірге, соңғы үш-төрт жылдың ішінде ислам діні мен діндәрларды дамытуға гранттар көптеп бөлініп келеді. Мәселен, биыл дінтануға 150 грант бөлінген, ал саясаттануға – 7 грант! Менің ойымша, Қазақстанда теократиялық мемлекет құрудың бел-гілі бір лоббиі бар сияқты. Яғни, саяси үдерістерді жоғары деңгейде зайырлы түрде сараптай-тын ғылымның фундаменті төмендеп келеді. Бұл біздің елімізге үлкен әсерін тигізбей қоймайды.
Бұдан тыс саясаттанудың әлеуметтік ғылымдардың кешенінен тұратынын ұмытпауымыз керек. Яғни, бұл жерде тарих, мәдениеттану, философия болсын, мұның барлығы саясаттанудың негізін қалайды. Бүгінгі таңда бұл ғылымдардың да деңгейі төмендеп барады деп айтуға негіз бар. Бұл еліміздің жаңашылдануына, сонымен бірге Қазақстанның жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізері сөзсіз.
«Ел, мемлекет қалай дамуы керек, оның бағыты қандай болуы керек?» деп сараптап отыратын 4-5 мектеп қажет-ақ. Дүниежүзі тәжірибесіне сүйенер болсақ, АҚШ-та әрбір ғылыми орталықтың жанында үлкен саясаттану институттары бар. Мәселен, мұндай жерлерден XXI ғасырдың даму тенденцияларын анықтап отырған С.Хантингтон, Ф.Фукуяма сияқты үлкен ойшылдар шыққан. Өкінішке қарай, Қазақстанда саяси институттар әлі қалыптасқан жоқ. Керісінше, кері кетіп барады. Бұл дұрыс тенденция емес. Өйткені еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы төмендеп кеткен. Биыл экономикалық даму рецессияда. Түптеп келгенде, экономикалық даму тек бизнестен тұрмайды, ол ең алдымен, халықтың әл-ауқаты мен ойындағы мақсат-мұраттарынан да тұрады. Саясаттану дегеніміз – еліміздің екпінді дамуының негізі.
– Бір саланы бір адамның атымен ғана байланыстыру проблемасы қаншалықты өзекті деп ойлайсыз? Мәселен, демограф десе марқұм Мақаш Тәтімов, эколог десе Мэлс Елеусізов, саясаттанушы десе, айналдырған 5-6 адамның ғана есімі аталып, БАҚ-тарда да көбіне-көп осы азаматтардың сараптамалық ойлары жарияланып отырады. Бұл жетістік пе, әлде...
– Шынын айту керек, бұл жетістік емес. Жоғарыда айтқанымдай, бұл еліміздегі үлкен мектептердің жоқтығынан туындаған мәселе. Мектеп дегеніміз – ғылыми орталықтар. Егер Қазақстанда 17 миллионнан астам халық тұратын болса, бұл халықтың
43 пайыздан астамы жоғары білімді десек, ел азаматтарына әр саланың әр тарабын түсіндіру үшін, әрине, бір мектеп аз болады. Мектеп дегеніміз – екінші жағынан, дәстүр. Қай саланы алсаңыз да, әлеуметтік не экономикалық салада да 4-5 мектеп болуы керек, бұл мектептер өзара бәсекеге түссе ғана дамудың нышандары пайда болады. Ал Қазақстанда әлі де болса ондай мектептер қалыптаспаған.
– Қоғамда да, билікте де «мамандар тапшы» дегендей стереотиптік ой басым ғой. Неге жаңа тұлғалар, жаңа есімдер жоқ?
– Жаңа тұлғалар пайда болу үшін мектептер мен саланы дамыту қажет. Мәселен, 90-жылдары, жоғарыда атап өткендей, саясаттану бағытында 2-3 мықты мектеп болған, сол жерден көптеген жарқын тұлғалар озық ойларын ұштап, ғылыми тұрғыдан үлкен тәжірибеден өткен.
Сонымен бірге, жоғарғы мектеп, яғни университеттер мен өмірдің арасында ешқандай да байланыс жоқ. Саясаттанушы оқытушылар бүгінгі қоғамдық үдерістерден алшақтап кеткен. Саясаттануды оқып жүрген азаматтар университетті бітіргеннен кейін қайнаған өмірге қалай кіріп, онда қалай қалыптасу қажеттігін білмейді. Өкінішке қарай, өндіріс пен өмір арасында байланыс үзілген. Міне, осындай түйінді мәселелерді шешу керек.
Жалпы, еліміздің дамуына үлкен әсер ететін тағы бір нәрсе – әлеуметтік орта. Интеллектуалдық әлеуметтік ортада ғана үлкен ғылыми орталықтар қалыптасады. Ал бүгінгі таңда Білім министрлігі тарих пәнін, саясаттану пәнін жоғары оқу орындарындағы міндетті пәндер тізімінен алып тастаған. Бұл әрине, еліміздің дамуына 4-5 жылдан кейін кері әсерін тигізеді. Өйткені біздегі әрбір индивидиум білімді әрі тәрбиелі болуы керек. Ал болашақ саясаттанушы тарих пәндерін оқымайтын болса, оның қоғамға пайдасын тигізуі екіталай. Әл-Фараби айтып кеткендей, «Ең бірінші білімді адамды емес, тәрбиелі адамды шығаруымыз керек». Тәрбиесіз, білімді адам көптеген залал әкеліп, қоғамға зиянын тигізуі ықтимал. Яғни, білімді, бірақ тәрбиесіз адам өмірге көп зиянын әкеледі. Бұл мәселелер елді ұлттық рухта тәрбиелеудің деңгейін төмендетеді. Бұл үлкен проблема.
– Өзіңіз болашағы бар қандай жас мамандарды білесіз? Оларға танымал болу үшін не жетіспейді?
– Ең алдымен, адамның өз талпынысы болуы керек. Қазіргі таңда көптеген саясаттанушылар мемлекеттік қызметпен айналысып жүр. Бірақ олардың ішінен жарқын тұлғаларды көріп тұрған жоқпын. Соңғы 10-15 жылдың ішінде ұрпақтар сабақтастығы да үзіліп қалған сияқты.
– Жас саясаттанушылардың әр деңгейдегі әкімдіктерге жұмысқа тұрып, іс жүзінде әкімнің пиарымен айналысуын қаншалықты дұрыс деп санайсыз? Жалпы, билік органдары саясаттанушыларды өсіретін жер ме, әлде еркін ойлау қабілетін өшіретін жер ме?
– Меніңше, бұл өмірдің бір кезеңі. Сол үшін мұндай қызметтерде жұмыс істеу керек. Бірақ сонымен қатар әкімшілік деңгейінде қалып қою шарт емес. Әйтсе де мемлекеттің шешім қабылдау мен азаматтық қоғаммен қарым-қатынас мәселелерін практикалық деңгейде көру үшін бұдан да өткен дұрыс.
– Жақында Қазақстан үкіметінде жаңа құрылым – Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды. Дәл осы министрліктің құрамына жастар мәселесін қосу – жастардың маргиналдану мен радикалдану проблемасының өзектілігіне байланысты ма?
– Қазіргі таңда Қазақстанда теократиялық мемлекет құрудың күшті лоббиі барын жоғарыда да айттым. Ислам болған күннің өзінде дәстүрлі емес діни ағымның идеологиясын таңу қатты жүріп жатыр. Мұны тоқтату керек. Ол үшін мемлекеттік күш-жігер қажет. Егер дәл осы министрлік осы мәселелермен түбегейлі айналысатын болса, көп нәрсеге көзіміз жетер еді.
– Ал дәстүрлі емес деп қай ағымды айтар едіңіз?
– Дәстүрлі емес ағым – сәлафизм.
– Яғни, сәлафиттер бүкіл салаларды жаулап, қатты белсенділікке көшті дей аласыз ба?
– Олар өте белсенді боп барады. Сонымен бірге, бұрын мұндай тенденция жоқ еді, бірақ қазіргі таңда Астананың өзінде әйелдер бет-аузын тұмшалап, паранжа, ниқаб киетін болған. Бұл, әрине, жан түршігерлік нәрсе.
– Осы күнге дейін депутаттар жазғы демалыстан оралған соң, сәлафизмге тыйым салатын арнайы заң қабылданатыны айтылған еді. Бірақ таяуда терроризмге төтеп беру мәселелері Парламентте талқыланған тұста «идеологияға идеологиямен қарсы тұру керек» дегендей әңгімелер айтыла бастады. Бірақ қаншалықты хәнафи мәзһабы, діни басқарма мен ғалымдар сәлафизм идеологиясына қарсы төтеп беруге қауқарлы?
– Бұл өте үлкен проблема. Бұл өзекті мәселені идеологиялық құралдармен шешу екіталай. Себебі, біздің елімізге сырттан келіп жатқан ықпал өте күшті. Ал оған, тіпті бір мемлекеттің ақпараттық күшінің де жетпеуі ықтимал. Менің ойымша, ол үшін заңды күшейту керек. Жалпы, мұндай діни ағымдарды тоқтататын заң керек. Ал бұл заңның өтпей қалуының негізгі себебі – мемлекеттік органдарда, Мәжілісте, барлық деңгейде сәлафиттердің лоббиінің күшті екенін көрсетеді. Бұл өте қауіпті тенденция.
Тағы да қайталап айтайын, Қазақстанда теократиялық мемлекет құруға лоббиден бөлек, тапсырыс та бар сияқты. Өкінішке қарай, бұл тапсырыс іс жүзінде жүзеге асып жатыр. Мәселен, дінтануға – 150 грант пен саясаттануға оншақты грант бөлудің өзінде терең мәселе бар. Алдағы 5-6 жылда Қазақстанның рухани келбетінің мүлдем өзгеріп кету қауiпі жоғары.
– Жастардың радикалды топ-тар мен теріс ағымдардың жетегінде кетуі тек әлеуметтік мәселелерге ғана байланысты ма?
– Менің ойымша, ең басты себеп – әлеуметтік мәселе. Екінші мәселе – сырттан келіп жатқан әлеуметтік желілердегі ақпараттар ағыны. Жалпы, бұл бірнеше факторлар кешенінен тұратын өзекті мәселе дер едім.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Кәмшат ТАСБОЛАТ
Айқын-ақпарат