Бауыржан Азановтың Азаттыққа айтуынша, "Пана іздеуші тұлға" мәртебесін беру туралы шешімді Шығыс Қазақстан облыстық көші-қон полициясы басқармасы қабылдаған. Облыстық басқармадан бұл туралы ақпарат алу мүмкін болмады.
Азановтың сөзінше, екі азаматқа куәлік бүгін, 29 қазанда берілуі тиіс.
30 жастағы Қастер Мұсаханұлы мен 25 жастағы Мұрагер Әлімұлы Дөрбілжің аймағынан шығып, 1 қазанда Қытай шекарасынан өткендерін айтқан. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда отырғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" айтқан.
Баспасөз мәслихатынан кейін оларды шекара қызметінің өкілдері әкетіп, 15 қазанда тергеу амалдарымен Шығыс Қазақстанға апарылған. ҰҚК Шекара қызметі Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының үстінен Қылмыстық кодекстің 392-бабы 1 бөлігі, яғни "Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өту" бабы бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлаған. Екеуі қазір Өскемендегі уақытша тергеу изоляторында қамауда отыр.
Алматы облысының көші-қон полициясы "Пана іздеуші тұлға" куәлігін бұған дейін, 2018 жылдың тамызында алғаш рет Сайрагүл Сауытбайға берген. Қазақ-қытай шекарасынан заңсыз өтті деп айыпталған Қытайдың этникалық қазағы Сайрагүл Сауытбай үстінен жүрген сот процесі "пана іздеуші тұлға" куәлігін алғаннан кейін де тоқтамаған. Алматы облыстық көші-қон полициясы Сайрагүл Сауытбайға берген "Пана іздеуші тұлға" мәртебесінің мерзімін бірнеше рет ұзартқан. Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмаған Сайрагүл Сауытбай Швецияға кеткен.
Abai.kz