Бейсенбі, 26 Қараша 2026
Талқы 122 0 пікір 26 Қараша, 2026 сағат 15:55

Ұлттық мүддемізге қарсы атаулардан құтылу керек!

Сурет: Қ.Исаның мұрағатынан алынды.

Күні кеше Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясының мүшесі Аят Сүгірбай Қазақстан Республикасының Әділет министрінің атына «Заң мен Тәртіп» қағидасы аясында қоғамдық ұйымдар атауларын реттеуде қолдану мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдаған еді.

Құрылтайдың баспасөз қызметінен алынды.

Депутат: «Осы тұста тағы бір мәселеге назар аударғым келеді. Қазір түрлі шаруа қожалықтарын, серіктестіктер мен фирмаларды, кәсіпорындарды қазақ руларының атымен атау жиілеп кеткен сияқты. Мысалы, «Заңды тұлғалар» мемлекеттік мәліметтер базасының ақпаратына сәйкес, Қазақстанда қазақ руларының атымен аталған 800-ге жуық коммерциялық және коммерциялық емес ұйым бар. Олар негізінен 1996-2005 жылдар аралығында тіркелген. Қоғамда мұндай жағдайдың орын алуы қисынсыздау екені тайға таңба басқандай көрініп тұр. Қазақ үшін ру тарихи тамырын танудың, жеті атасын білудің, ата-баба шежіресін құрметтеудің жолы. Алайда ру – елдік мүддеден, мемлекетшілдік идеясынан жоғары тұратын ұғым емес», – деп мәлімдеген.

Ал ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. ҚР Парламенті Мәжілісінің VII, VIII шақырылым депутаты Қазыбек Иса депутат Аят Сүгірбайға өз уәжін айтып: «Ең алдымен ұлттық мүддемізге қарсы атаулардан құтылу керек», - дейді.

Қазыбек Иса:

– Құрылтай депутатының Құрылтай құрған ата-бабамыздан бері ұлттың негізі болған рулық атауларға қарсы шығуы әділеттілік пе, Аят Сүгірбай бауырым?!.

Ең алдымен ұлттық ұғымдарға қарсы шықпай, Тәуелсіздік алғанымызға 35 жыл болса да, әлі жойылмай келе жатқан ұлттық мүддемізге қарсы ескі патшалық ресейлік, кеңес империясы кезіндегі советтік-большевиктік атаулардан, Қазаққа еңбек сіңірмек түгілі қастық жасаған қаптаған қызыл коммунистер атауларынан құтылу үшін қайрат жасап, солармен алысу керек қой!

Өздерің отырған Құрылтайдың атауы сол қазақ рулары құрған «Құрылтай» екенін неге ойламайсыздар? Құрылтай төрінде отырып, Ұлы Даладағы қазақтың маңызды мәселелерін шешу үшін Құрылтай шақырған қалың рулар атауларына қарсы шығу өздерің отырған ағаштың тамырына балта шабу емес пе!?.

Құрылтай құрамынан бұны ескертетін бір депутат шықпағаны ма?!.

Әрине, ру атын әр жерге тықпалай беру ретсіз екенін кезінде біз де мақаламызда айтып өткенбіз. Бірақ бұл ұлттық нәзік мәселені бұлай ең жоғарғы заң шығару органы Құрылтай төрінен балталағандай етіп қарсы шығып, сойыл соғар болуға болмайды ғой?!.

Нағыз қазақтың қасиетті өлкесі маңғаз Маңғыстаудың қалың құйқалы Қарақиясынан келген Құрылтай депутатына кімнің мұндай кеңес бергенін қайдам, алғашқы қадамын ұлттық ұғымымыз рулық атауларға қарсы шығудан бастағаны қатты қателік болды.

Енді 362 әулиелі, данасы да баласы да жырмен бірге аят оқитын еліне барғанда Аят бауырым ақсақалдарға не дейді екен?!.

«Еліміз бойынша рулық атаулармен аталған 800-дей ұйым бар», - дейсің Аят бауырым. Ал баяғыдан фирмаларына өз аталарының (руларының) атын қоятын Жапония, Корея бастаған әлемнің дамыған елдері неге осылай біздегідей аталарының атауына санақ жүргізіп, қарсы шықпайды?!.

Мен осыдан 16 жыл бұрын, 2010 жылы, Тәуелсіздігімізге 20 жылдай уақыт болған кезде жазған «Өскемен қай елдің қаласы?! 707 атаудың қазақшасы 2 пайыздай ғана...» деген «Қазақ үні» газетіндегі мақаламда Шығыстағы бір ғана қаладағы 707 атаудың түгелге жуығы орысша атаулар екенін қатты сынаған едім. Кейін ол мақалам Халық жазушылары Қабдеш Жұмәділ, Қадыр Мырза Әлі, Мұхтар Шаханов, Дулат Исабектер бастап, Ұлт зиялылары қолдаған Ашық хатқа айналды?!.

Әрине, ол кезде Шығыс Қазақстан облысын Бердібек Сапарбаев, Өскемен қаласын Ислам Әбіштер басқарып отырғасын, сыннан қорытынды шығарып, қазақша атаулар да пайда болды.

Кейін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты болған кезімізде Ұлттық мүддемізді қорғау бағытындағы күресімізді күшейткеніміз елге белгілі.

Бірақ содан бері сол Өскемен болсын, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Көкшетау, Қарағанды, Астана қалалары, яғни Солтүстік, Шығыс, Орталық, Батыс Қазақстандағы қалалар мен елді мекендердегі жат атаулар азайып қалған жоқ қой, сіресіп тұр әлі… Міне, Құрылтай мандатын алған соң, алғашқы қарқынды осы ұлттық мүддеге қарсы ұғымдарды жоюға жұмсау керек еді!

«Әділетті Қазақстанды» құру үшін, Ұлттық һәм әлеуметтік әділеттілік орнауы үшін ең алдымен «Әділет» билік партиясы дәл осы Ұлттық мүддені қорғауда нақты іс жүзінде қарқынды қайрат көрсетуі тиіс!

Құрылтай депутаты Аят Сүгірбайдың Қазақтың руларының атын ұйымдарға қоюға қарсы депутаттық сауалы 25 қарашада жасалды.

Күні кеше 24 қараша, сейсенбі күні дүниеден өткен Алаштың абызы, антропология аңызы Оразақ Смағұлдың ғылымда жасаған ең басты тұжырымы — Қазақстанның қай аймағында тұрса да, қай жүзге немесе руға жатса да, қазақтардың антропологиялық және генетикалық типі бір екенін, яғни, қазақтың рулық жүйесі ұлтты бөлшектейтін фактор емес, керісінше, оны іштей біріктіріп тұрған бірегей жүйе екенін нақты көрсетіп, ғылыми дәлелдеп берген еді.

Қазақтың 4-5 мың жылдық тарихын Ұлтты құраушы компонент ретінде рулар арқылы зерттеген дарабоз дана ғалымның бүгін Құрылтайда рулар атауына қарсы мәселе көтеріліп жатқанын көрмей бір күн бұрын кеше кеткені дұрыс болған екен-ау, пейіште рухы шалқи берсін дейміз де…

Abai.kz

0 пікір