Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2383 0 пікір 19 Маусым, 2009 сағат 13:09

Иран тағы да таңғалдырды

 

Иран Ислам төңкерісіне биыл 30 жыл толды. Содан шығар, өткен жұмада өткен президент сайлауын күллі дүние демін ішіне тарта көз тікті. Бетбұрыстың басы деп күтті. Сайлау туралы ғаламдық ақпарат құралдарындағы хабар-ошарды санап болмайсың...

 

Иран Ислам төңкерісіне биыл 30 жыл толды. Содан шығар, өткен жұмада өткен президент сайлауын күллі дүние демін ішіне тарта көз тікті. Бетбұрыстың басы деп күтті. Сайлау туралы ғаламдық ақпарат құралдарындағы хабар-ошарды санап болмайсың...

Себебі Теһранның қазіргі Ақ үймен ендігі жердегі байланысы да сайлаудағы басты әңгіменің бірі еді. Өйткені соғыстан кейінгі Ирақтағы астаң-кестең тіршілік пен тұрақсыздық, Ауғанстан және ауған елінен гөрі мән-маңызы арта түскен Пәкістандағы саяси шиеленіс үдей түсуде. Міне, осындай оттың ортасында тұрған Иран өзінің айналасына қалай қарайды? Сайлау бұған да жауап іздеді. Оның үстіне, Иранның ядролық ұмтылысы мен осы бағыттағы қадамы басқа да жайттармен астасқандықтан, мемлекет басшысын таңдау жер-жаһанды баурап алды.
Иран өзі сомдаған саяси мәдениетімен нағыз Шығыстың бет-бейнесін танытса да, парсы жұртының басқадан табылмайтын қасиеті бар. Осы ерекшелік ғасырлар бойы бұл елдің саясатын да жұмбақ қылды. Айталық, Американың Таяу Шығыстағы ажырамас досы Иран 1979 жылғы Ислам төңкерісінен кейін бір сәтте қас дұшпанға айналып шыға келді. Революциядан сәл бұрын ғана Теһранға барған АҚШ Президенті Жимми Картер мен 1953 жылғы Ирандағы бүлікті ұйымдастырушы CIA (Орталық барлау басқармасы) жойқын төңкерістің иісін де сезбей кетіпті. Осылайша, қарулы көтеріліс «Төңкеріс сая­саты» тақырыбын зерттеп жүрген оқымыстылардың өзін тығырыққа тіреді. Тіпті бұған дейін нағыз зайырлы деп жүрген әйелдердің басқа орамал тартып, төңкеріске белсене кірісуі, сондай-ақ саяси болмысымен баршаға белгілі коммунистердің де жаңа жүйені қолдап-қуаттағанын бастапқыда ешкім түсіндіре алмады. Ахмадинежадтың да күтпеген жерден сайлаудың алғашқы кезеңінде-ақ айқын басымдықпен жеңіске жетуі дүниежүзілік пікірді сан-саққа жүгіртті. Дұрысы, абдыратып тастады.

Ислам төңкерісін қолдаған зайырлылар мен коммунистер мен Ахмадинежадты сайлаған ирандықтардың ойы бір. Көзқарасы мен тұрпаты санқилы тұрғындар ислами шийт пен оның рухани әрі саяси жетекшісі Аятолла Хомейнидің ирандық бітім-болмысты қалай қорғайтынына сенсе, бүгінде Ахмадинежадқа да солай иланады.  Ғасырлар бойы ауған, моңғол, араб, түрік, орыс және ағылшын сияқты бөтендердің билеуінде болған әрі түрлі этникалық топтардан құралған иран халқы өзінің «ұлттық мәдениеті» арқасында болмысын жоғалтқан жоқ. Керісінше, билеушілердің өзін сіңістіріп (ассимиляция) жіберді. Сол себепті халықтың саясатта «ирандық» және «қауіпсіздік» деген ұғымдарға баса мән береді. Осы екі ұғым бір-бірімен қабысып, ирандық саясат қағидасын дүниеге әкелді. Сонау Сасанилер заманында парсы жұртында зәрдүшт (зороастризм) сенімі арқылы «ирандық» ұран қалыптасты. Осы дәстүр исламмен бірге Исмаил шаһ және оның төңірегіндегі қызылбастардың мұрындық болуымен шийзм Иранның ресми діні ретінде жария етілген соң жаңа сипат алды. Сөйтіп, Ирандағы ислам діні ешбір мұсылман еліндегідей саяси сипат алған жоқ. Шийзм өз кезегінде, Иран болмысының өзегіне айналды.

Сайлау қайда бастайды?

Бұл жолғы сайлау да бетбұрыс іспеттес. Төрт үміткер қатысқан дауыс беру кезінде Ислам төңкерісінің танымал тұлғалары Рафсанжани, Хатами және Мұсауи Ахмадинежадқа қарсы одақтас ретінде бірікті. Бірақ халық аталған саясаткерлер секілді атойлап тұрмаса да, хақында қайшылықты пікір айтылатын Махмұдты жөн көрді. Осының өзі Иранда төңкеріс қаһармандарының ысырылуын, яғни жаңа дәуірдің басталғанын байқатқандай. Мұндағы жұрт кәдімгі орыстар мен қытайлар сияқты авторитарлық жүйені хош көреді. Мұхаммед Хатами Президент болып тұрғанда, бір жерде сөз сөйлеген. Иранның өз тарихында ылғи әміршіл әрі қатал билікті қолдағанын айтқан. Яғни халыққа тізесін батырған шаһ режимін қатаңдығы одан кем түспейтін ислам билігіне алмастырғанын дәлел етіп келтірген. Тоқетері - Иран Ахмадинежад арқылы өзіне лайық мемлекет басшысын тапты. Бұл ретте, оны Ресейдің әміршіл-әкімшіл Путинімен салыстырған абзал.  Болашақта өткенге көз тастап, Иран сая­саты таразыға түсіп жатса, төңкерістің танымал көшбасшылары ұмытылып, Хомейниден соң ауызға алынар алғашқы есім Ахмадинежад болар, бәлкім. Ирандықтардың қазіргі президентті таңдауының тағы бір себебі - мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады деген сенім. Әміршілдікті құп көретін Иран халқы тайталастан қаймықпауға да ерек­ше мән береді. Халық үшін Иранның ядролық қуатты күшке айналуы ең басты саяси мәселе секілді. Бұқараға салсақ, Ахмадинежад атом саясатын АҚШ пен өзге дүниенің пікіріне қарамастан, табысты түрде жүргізе білді.
Енді бір мәселенің басы ашық. Осы сайлаудан соң ешқандай күш Иранның ядролық ұмтылысын тежей алмайды. Әлемдік баспасөз Теһрандағы әлем-жәлем, үсті-басы жартылай ашық қыз-келіншектерді меңзеп, елдегі өзгеріс жөнінде хабар таратып жатқанда, үміткер Мир Хұсейн Мұсауи халық толы алаңда Ахмадинежадқа сын жаудырды.

Мұсауидің әйелі Зәһра Рахнуарадты асқақтатып, оны Иранның «Мишель Обамасы» деп жариялап жіберді. Бірақ дауыс беру нәтижесі, ащы болса да, шындықтың бетін ашты. Сайлауда не әйелдердің, не саны аз ұлыстардың даусы Мұсауидің сандығына түспеді.
Ахмадинежад өзін қолдаған сайлаушыны қанағаттандыру жолында екінші кезеңде табанды сыртқы саясатын жалғастырады. Сондай-ақ елдегі экономикалық және әлеуметтік түйіндерді шешу үшін бірқатар өзгерістер жасауға мәжбүр. Иран жетілдіретін ядролық қуаты арқылы сол аймақта және әлемде қауіптің бір мүйісі болып қабылданатындықтан,  сыртқы саясатта сарабдал болуы қажет. Рас, бүгінгі Иран режим экспорттайтын немесе көршілері мен араб дүниесін үрейлендіретіндей саяси ұстанымнан тым алшақ. Теһранның Ираққа қатысты салмақты да байсалды саясаты - осының айғағы. Ахмадинежад былтыр араға 30 жыл салып, Бағдатқа барған Иранның тұңғыш басшысы атанды. Елдегі дуалы ауыздар өңірде Иран, Түркия, Ирақ және Сирияның қатысуымен өзара ынтымақтастық тетігін қалыптастыру қажеттігін айтып жүр. Бұл мемлекеттер әсіресе энергетика саласында ортақ ұстанымды айқындауы тиіс екендігі алға тартылуда. Ахмадинежад сайлау науқаны барысында АҚШ-пен барыс-келіс орнату жайына тоқталды. Байқалып тұрғандай, Президент ядролық қуат жобасына ешкімнің кедергі болмауын шарт қылып, Америкамен байланысқа есік ашады. Мұндай жағдайда Түркия Nabukko сияқты энергетикалық жобаларды назарда ұстап, Иранмен саяси және экономикалық қарым-қатынасын дамытып, ең бастысы, Теһран мен Вашингтон арасындағы өзінің дәнекерлік қызметін жандандыра алады.

 

 

 

Доктор Ведат Гүрбүз, Zaman газеті (Түркия), 15 маусым 2009 жыл

«Жас қазақ» газеті, №24, 19.06.2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572