Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2613 0 пікір 16 Тамыз, 2011 сағат 05:16

Қуандық Шамахайұлы. «Бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз озар»

(ғылыми-танымдық эссе)

Ежелгі дәуір адамдары аспанды әрдайым төңкерілген қазан іспетті таныды. «Аспанның көкжиегі жер шетінен биіктей бастады. Олимп тауының қарлы шыңынан да аспан алыстай түсті. Енді одан ары биіктей түспек. Біздің ғаламшар - Жердің өзі аспан әлемінің бос кеңістіктігінде тұрақтап тұр»- деп, осыдан 26 ғасыр бұрын жарыққа шыққан алғашқы ғылыми кітапта баяндалған. Кітаптың авторы Анаксимандр болатын. Ол Фалестің шәкірті әрі досы еді.

(ғылыми-танымдық эссе)

Ежелгі дәуір адамдары аспанды әрдайым төңкерілген қазан іспетті таныды. «Аспанның көкжиегі жер шетінен биіктей бастады. Олимп тауының қарлы шыңынан да аспан алыстай түсті. Енді одан ары биіктей түспек. Біздің ғаламшар - Жердің өзі аспан әлемінің бос кеңістіктігінде тұрақтап тұр»- деп, осыдан 26 ғасыр бұрын жарыққа шыққан алғашқы ғылыми кітапта баяндалған. Кітаптың авторы Анаксимандр болатын. Ол Фалестің шәкірті әрі досы еді.

«Бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз озады» - деп дана қазақ тауып айтқандай-ақ, шәкірті ұстазынан оқ бойы озып, алға шығады. Ұстазы жер әлемін дөңгеленген жалпақ тақтай ағашқа ұқсатса, шәкірті оның бос кеңістікте еш тіреусіз тұрған домалақ шар екендігін дәлелдеп тастады. Жер дүниенің құрылымы туралы қалыптасқан ескі қағиданы жоққа шығарып, ғаламшар әлемінің шексіздігін айтудың өзіне сол тұста қаншалықты жүрек жұтқан ерліктің қажет екендігін елестете беруге болатын шығар. Қазір ғана ғой, оған аса таңданбайтындығымыз. Ал, Анаксимандрдың тұсында жағдай басқаша еді. Он сегіз мың ғаламды Құдай жаратқанын ғана айтып барлығын тұйыққа тіреп қойған кез. Көп құдайлыққа күмән келтіріп, аңыз-әпсананың рас-өтірігін тексеріп барып көз жеткізген Гекатейден кейін де он бес буын алмасқан тұс. «Кез-келген мәселеге көз жеткізе сенгің келсе, алдымен күмәндануды үйрен» - деп поляктар айтпақшы, Анаксимандр да өткенді зерттей отырып, оған соқырлықпен ермеді, алысқа көз салып, көрегендік танытты. Ол ғылыми тұрғыдан алғаш рет адамды табиғаттың төл өнімі ретінде таныды.

«Шексіздік» дегеніміз бар дүниенің түп негізі бола ала ма, жоқ па дегенге Анаксимандр көп бас қатырды. Сансыздық пен шексіздік?! Әр зат тірі организм әрі қозғалыс үстінде дамиды. Ғаламшарлар әлемі сол қозғалыстың нәтижесінде пайда болды. Бір зат екіге бөлініп отырған. Ыстықтан суық, дымқылдан құрғақ бөлінген. Дүние от жалынына оранып, көптеген дөңгелек формаларға бөлінгендіктен олардан жұлдыздар әлемі мен ғаламшарлар пайда болған.

Онсегіз мың ғаламның жаратылуын Анаксимандр осылайша түсіндірді. Ол қызды-қыздымен «Су - бар тіршіліктің қайнар көзі» деген Фалес ұстазы жасаған тұжырымының да тас-талқанын шығарды. «Жо-жоқ, судың да шет-шегі бар. Мұхит екеш мұхит та жағалауынан аса алмайды. Шексіз нәрсе тек уақыт қана» деген ойға келген Анаксимандр дүниеде мәңгілік не бар дегенге зер салған. Туған адам өледі, орнаған өкімет те құлдырап құлайды. Бүгін бар дүние ертең-ақ құрыдымға кетіп жоқ болады. Бір ғана нәрсе мәңгілік. Ол - қозғалыс. Қозғалыста ғана бас-аяқ жоқ құбылыс деген тұжырымға келген. Алайда, бұл пайымы шындыққа айналып, дәлелденгенше де сан мыңдаған ұрпақ алмасты.

Сол аралықта аспан әлемін жерді жиектеп торлаған тұнық хрусталдан тұрады деп санайтын тағы біреу шықты. Оның пайымдауынша, жұлдыздар сонау төңкерілген хрусталға орналтылған алтын шегелер екен. Аспан әлемі айналады, күн, ай, өзге ғаламшарлар әуеде қалқыған күзгі жапырақтар секілді аспан мен жердің арасында теңселіп жүреді екен. Анаксимандрдың шәкірті Анаксимен осылай толғады.

Алайда, аталмыш болжам шын мәнінде, кері шегіну болатын. Дегенмен, швецариялықтар айтқандай «бір мың шақырым ілгерілеп алып, тоғызжүз тоқсантоғыз шақырым кері шегінудің өзі алға жасалған қадам» еді. Анаксиман ұстазынан сәл де болса ілгеріледі. Себебі, Анаксимандр жұлдыз бен ғаламшарды айыра білмейтін. Ал, шәкірті алыс-жақындығына байланысты ғана бізге үлкен-кіші болып әртүрлі көрінгені болмаса жұлдыздар мен ғаламшарлар көлемі жағынан бір бірімен ұқсас деген байламға келді.

Шәкірттің бір ерекшелігі, ұстазынан асып, алысқа көз салғысы келгендігі болатын. Ол былайша толғады: «Барлық дүниенің түп негізі ауа емес пе екен. Ауа нығыздалғанда бұлт пайда болады. Одан бетер қатты нығыздала түскенде жаңбыр жауады. Жауын тамшылары қатса бұршаққа айналады. Бұлттың қатқаны қар болып жауғаны. Ендеше, ауа шегіне жетіп нығыздалса құмға, тасқа айналуы бек мүмкін. Сол құмнан ағаш, гүлдер өсіп шығып жан-жануар пайда болған. Барлық дүние ауадан пайда болып, қайтадан ауаға айналады. Судан тұман пайда болады, ағаш өртенсе түтін шығады. Ауа элементтері бірігеді және ажыратылады. Осындай қозғалыстың нәтижесінде жер, күн, жұлдыздар мен ғаламшарлар жаралған. Бұл қозғалыс мәңгілік сипатта. Сондықтан, әлем де мәңгілік қозғалыс аясында өмір сүреді және өзгереді».

Оның болжаулары мен пайымдары мәселенің өн бойына терең бойлай бастағанын аңғаруға болады. Көзге көрінетін шаң-тозаңды да аңғармайтын кезең болған. Кейін көзге көрінбестердің өзін адам баласы тани бастады. Оның негізін Анаксиман салды. Мейлі, оның түсіндіруі аса күрделі болмаса да ең бастысы, бағыт-бағдары дұрыс болатын. Ғылым тарихы беріге қарай жылжыған сайын бұрынғыдан озық ойлы жандар суырылып алға шыға берді...

Асылы, ұлы Абайдың «қорқамын кейінгі жас балалардан», ақын Мағжанның «мен жастарға сенемін» деуі түбі «мүйіз кейін шықса да озатындығын» меңзеген болса керек.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5578