Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2334 1 пікір 16 Тамыз, 2011 сағат 06:44

Әбдірашит Бәкірұлы. Рушылдық пен ру арасын ажырату міндет

Ғасырлар бойы қазақты біріктірудің ең басты құралы болған, оның мемлекеттілігін сақтаудың іргесі болған, ұлттың гендік қорының сақшысы болған рулық жүйе қазақ ұлтының алдында өзінің тарихи миссиясын аяқтаған секілді. Бұл - өте өкінішті жағдай.

Шынында да, енді қазіргідей ру-руға бөлініп тартысатын рушылдықты әрмен қарай сақтай берсек - ол қазақты ыдырататын күшке айналуға бет бұра бастады. Күннен күнге өршіп бара жатқан рушылдық біздің ұлтымыздың бірлігі мен тұтастығына қарсы жұмыс жасауға көшті (әрине, соған мүдделі топтың қолдауының арқасында). Қазақ халқы ғасырлар бойы көзінің қарашығындай сақтаған рулар қауымдастығы жүйесі, сөйтіп, бүгінде байлық пен билікті мақсат еткен азғана топтың ойын жүзеге асырудың қол жетпес құралына айналып кетті...

Бұрынғы рулық жүйе қазақ халқының қалқаны еді, ендігісі - жүрегіне қадалар қанжары болғалы тұрған сыңайлы...

Дегенмен, қазақтың рулық жүйесінің тарихына көз салсақ - бұл жүйе қазаққа ұшан-теңіз көмек көрсеткенін көреміз. Уақтысында ол мынадай функцияларды атқарып шықты:

1. Руын сұрастыра келе жеті және одан да арғы аталарын тарату арқылы - қазақтың тарихи жадын сақтады.

2. Руын сұрастыра келе - «қарға тамырлы қазақ» деген біртұтастық символды жасап шықты. Кейде, тіптен, «құдай қосқан қосағың да қарын бөле» дегендей туыстық қатынасқа негіз болды.

Ғасырлар бойы қазақты біріктірудің ең басты құралы болған, оның мемлекеттілігін сақтаудың іргесі болған, ұлттың гендік қорының сақшысы болған рулық жүйе қазақ ұлтының алдында өзінің тарихи миссиясын аяқтаған секілді. Бұл - өте өкінішті жағдай.

Шынында да, енді қазіргідей ру-руға бөлініп тартысатын рушылдықты әрмен қарай сақтай берсек - ол қазақты ыдырататын күшке айналуға бет бұра бастады. Күннен күнге өршіп бара жатқан рушылдық біздің ұлтымыздың бірлігі мен тұтастығына қарсы жұмыс жасауға көшті (әрине, соған мүдделі топтың қолдауының арқасында). Қазақ халқы ғасырлар бойы көзінің қарашығындай сақтаған рулар қауымдастығы жүйесі, сөйтіп, бүгінде байлық пен билікті мақсат еткен азғана топтың ойын жүзеге асырудың қол жетпес құралына айналып кетті...

Бұрынғы рулық жүйе қазақ халқының қалқаны еді, ендігісі - жүрегіне қадалар қанжары болғалы тұрған сыңайлы...

Дегенмен, қазақтың рулық жүйесінің тарихына көз салсақ - бұл жүйе қазаққа ұшан-теңіз көмек көрсеткенін көреміз. Уақтысында ол мынадай функцияларды атқарып шықты:

1. Руын сұрастыра келе жеті және одан да арғы аталарын тарату арқылы - қазақтың тарихи жадын сақтады.

2. Руын сұрастыра келе - «қарға тамырлы қазақ» деген біртұтастық символды жасап шықты. Кейде, тіптен, «құдай қосқан қосағың да қарын бөле» дегендей туыстық қатынасқа негіз болды.

3. Байтақ жерімізді рулық, одан әрі соның негізінде жүздік бөліктерге бөліп, оны қорғау жауапкершілігін сол аймақты тұрақты мекендеген руларға жүктеді. Қазақтың  атамекенге  деген ыстық ықыласы осылай қалыптасты.  (Ел мен жерді сүю - оған деген жауапкершілік сезім болғанда ғана мүмкін). Әр ру өз жерін қорғау жауапкершілігін мойнына алды, сонымен қатар, жоғарыда айтылған туыстық сезімнің арқасында көршілес рудың, одан қалды - жүздің, одан әрмен - тұтас қазақ елінің жерін қорғау міндетін айқын ұғып отырды.

4. Руларға өздеріне тиесілі жерді бөліп беру арқылы оңтайлы шаруашылық үрдісін қалыптастырды. Рулар арасындағы тепе-теңдік әріптестік қатынасты орнатты.  Әр рудың өзін-өзі қаматамасыз ете алуына көңіл бөлінді. Рулық жүйеге негізделген шаруашылық қазіргі - ғылым мен білім дамыған заманда қол жеткізе алмай жүрген  нарықтық бәсекелестікке табиғи түрде қол жеткізді. Ал, рулар қауымдастығы бәсекелестіктің ел арасында кездесетін бақталастық секілді ыдыратушы түрі - барымтаны (қазір оны рейдерлік деп атаса болады) билер соты арқылы біріге жазалап, әділетті жолмен бітімгершілікті қалпына келтіріп отырды.

5. Өз руынан (7 - 12 атаға дейін созылады) қыз алмай, қыздарын өзге руларға атастыру, ұзату арқылы халықтың біртұтастығының рухани бастауы - тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін біртекті етті. Сол арқылы барлық  қазақтың бір-біріне деген туыстық ықыласын қамтамасыз етті.  Бірлігінің рухани бастауы мығым ел, сол себепті де, бастан өткерген небір зұлматты жеңіп шыға алды, біртектілігін жоғалтпады.

6. Жүз ішінде ірі рулар мен шағын рулардың ара салмағын ажырату арқылы «аға-іні», «үлкенді (аға руды) силау, жол беру, «үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без», шағын руларға қомқор болу, «ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» секілді асыл қасиеттердің қайнар бастауын ашты. Бұл қасиеттер халықтық істерді ақылдаса, ортақ келісімге келе отырып шешуге қабілетті демократиялық  үрдістің нағыз қайнар бастауы еді.

7. Рулар конфедерациясы болып табылатын жүздердің арасындағы ынтымаққа  баса назар  аударылды.  Олардың  әрқайсысына арнап лайықты теңеулер қалыптастырды: «Ұлы жүз - байлық кенішім, Орта жүз - ақыл кенішім, Кіші жүз - жүзі қайтпас қылышым» деген.

8.  Қазақ ұлты аясында біріккен рулардың бәріне ортақ ЕР, БАТЫР, ЖІГІТ, АҚСАҚАЛ, АНА, БАУЫР, ҚАРЫНДАС және сол сияқты көптеген ұғымдарды қалыптастырды. Бұл ұғымдар және басқа ортақ дәстүрлер рулық мағынадан жоғары тұрған, бүкіл қазаққа ортақ  қазақы болмысты - қазақ ұлтының ділін өмірге келтірді.

9. Сонымен қатар, қазақтар жетімін жылатпауға, жесірін жат қолына бермеуге қатты көңіл бөлді.  Рулық тұтастықты сақтау - ұлттық намыс діңгегіне айналды. Жетімі мен жесірін қорғай алмау, бұзақысына тиым сала алмау - бүкіл рудың бетіне түскен шіркей ретінде қабылданды. Мұндай - тентегін тезге сала алатын еркін және тұтас жүйеде түрменің қажеті болмады. Түрме, шын мәнісінде, мәдениеті артта қалған елдің белгісі саналды.

 

Осының бәрі де Рулық жүйе аясында жүзеге асты. Басқадай жүйе болғанда: «қазіргі қазақты өзін «қазақпын» дегізіп отырған қатынастардың, өзіндік ерекшеліктердің бірі де болмас па еді», - деп, кейде ойланасың...  ...Мүмкін аталас бауырына қызын беретін көршілес түркілік жұртың үлгісін алар ма едік, әлде, келін-енесімен ашына болып жүре беретін орекеңдерге ұқсар ма едік... кім білген оны! Сондықтан, қазіргі қандастарымды «рушылдық құрысын!» дегенмен қосып «рулар да құрысын!» деп айтардан бұрын - көп ойланса деймін.

Бүгінде әрбір қазақ билік пен байлыққа жанталаса ұмтылудан туындаған, әрі солардың тікелей араласуымен ұлттың емес, жеке мүддені көздеудің құралына айналдырылған және қоғамдық кесел ретінде өршіп бара жатқан рушылдыққа, жалпы, түпкілікті мағынасында қазақты ыдырату әрекеттеріне қарсымын дей отырып, қазақтың рулық жүйесін қараламауы тиіс. (Жалпы, «ру жойылсын!» деген ұран да бүгінгі күннің өзінде қазақты ыдыратушы ұранға айнала алады).

Ендеше, өз арамызда осы айтылған әсерден ыдырау жүріп жатқанда - қазақ өзін текті ұстауға ұмтылғаны дұрыс: анда-санда арамызда арсыздау не алаңғасарлау қазақтың ауызынан шығып қалатын:  «найман - шайтан» деп айтудан бұрын - кім де болса - өз тілін аямай тістеуі шарт! Тағы біреулердің: «ҚТ», «ДТ» - деп арсыз күлерінен бұрын, езуін тігіп тастауы шарт!  Осы сияқты рулық туыстыққа қатысы бар тағы басқа да жерлерде өзіңді бейпіл сөзден тый! Өзіңмен бірге бір ғана ҚАЗАҚ деген ұлтты құрап отырған руларыңды қорлағаның - Өзіңді қорлағаның!

Егер әрбір қазақ өз тұтастығын осылай ұқса ғана біз ел боламыз, еңсені көтереміз.

Өз руластарын маңайына топтастырып, «бір бармағы бүгілген» астыртын саясат жүргізуші олигархия немесе соларды қолпаштап отырған «рушыл» билік - бұл мәселеде ТӨРЕШІ бола алмайды. Байлық пен билік - өтпелі дүние, ал халық - егер өзіміз жігер мен ақылды қатар ұстасақ - мәңгілік!

Осы ерекшеліктердің арқасында қазақтың рулық бөлінісі қазіргі жағдайда екі жаққа да қызмет ете алатынын көрсетті: бірі - жағымды, бірі - жағымсыз.

Жағымды жағы - ұлт мүддесі жолында тұтастықты нығайтушы, біріктіруші жағы.

Жағымсыз жағы - тарих көшіне әлдеқалай жағдайда ілескен біреулердің жеке мүддесін қорғау құралына айналуы. (Қазақ даналығы байлықты күзетушіні не деп атаушы еді?.. Ендеше ондай күзетші ру мен ұлт мәселесінде неге сізге, маған төреші болуы тиіс?!) Енді осының «қайсысы - дұрыс, қайсысы - бұрыс?» деген сұраққа жауап өзінен өзі түсінікті болар деп ойлаймын. Әрине, ел болып еңсе көтеретін, жұдырықтай жұмылып іргелі халық болатын жағын қорғауымыз қажет!

Осыған байланысты менде «қалың қазақ қазіргі өтпелі дүниенің артынан қуалаған рушылсымақтардың соңына ілесемін деп арандамаса екен» деген арман-тілек бар.

Атақты Сүйінбай бабамыз қырғыздың «тілінде сүйегі жоқ» Қатаған ақынын қалай жеңгенін бәріңіз де білесіздер, ағайын!  Сүйінбай ата қазақ өзінің тұтастығымен құдірет алатынын ұқты, соны «ана жақта қалың үйсін-дулатым (және т.т.), түстігімде - арғын-найман-керейім (және т.т.), батысымда - он екі ата байұлым (және т.т.), соларым келсе жиылып, бір төбеге үйіліп - құтың қашар Қатаған!!!» деген мағынаны алға тартты.., осылай байлықты мадақтаған қырғыз ақынының аузына құм құйды... Қырғыз манабы «қазақтың руына тиісіп нең бар еді!?» деп Қатаған ақынын қамшымен аямай осты... Тура сол секілді арман  ғой, менікі де...

Ал енді, осы мәселелер төңірегінде өз түсініктемелерімді бере кетейін:

●   Рулық жүйе мен рушылдықтың арасы жер мен көктей.  Рушылдық

өзінің пайдасын көздеген жерде пайда болады да, әрмен қарай үстемдікке қол жеткізген ру өкілдерінің өзге руларға қатысты шовинистік өзқарасын туғызады. Мысалы, кезінде айтылған «мен ыстымын, бәрінен де күштімін!», «танысаң - адаймын, танымасаң - құдаймын» дегендей және  т.с.с. астамшылдықтар осының нақты көрінісі.

●   Билікке таласқан күншілдер сыбырлап айтатын: «сақ бол, сыртқа теп, қолдан келсе қаңғытып жібер» дегендей пайда көздегіш рушылдық пен адамның шежіре тарихына жетелейтін рулық сананы қойыртпақтап араластырсақ - ненің оң, ненің теріс екенін ажырата алмай қаламыз. Сондықтан ондай жерде қазақы қалыптағы, бұрыннан бері болмысымызға сіңісті болған түсінікке жүгіну қажет. Ол - бүкіл қазақ бір атаның баласы, Алаш жұрты  деген түсінік. Бұл ұғым рулық сананы жоймайды, себебі,  Алаш ұғымының өзі  руларға (ұрпаққа) қатысты алғанда ғана жеке, дара, тұтас мағынаға ие.

●     Бірақ қазіргі кезде қоғам дамуы рулық жүйенің біріктіруші қызметіне сүйене алады, жоғарыда біз атап өткен принциптер бойынша жүзеге асады дей алмаймын. Оған күмән көп. Себебі, біз ол принциптерді әбден лайлап алдық. Ол қалай көрініс табуы мүмкін? Мәселен, көрші елдің қашқын президентіне бола жүздеген жылдар тыныштықта өмір сүрген екі халық қырқысып қалды. Сол сияқты, қазіргі жағдайда астыртын түрде жүріп жатқан «тым тәуелсіз рулық қауымдастықтар» насихатын күшейту - бізді де  ондай жағдайды қайталауға итермелейді. Бұл - бір жағы. Екінші жағы - ұлттық байлық бөлінісіндегі орын алған әділетсіздік жергілікті рулардың бойында баяғыдан бұйығып жатқан  «елі мен жерін қорғау инстинктін» қайта оятып, бүгінге дейінгі біртұтас болып келген қазақ ұлтының арасында сепаратистік ниеттің алғашқы ұшқындарын туындатып жатқаны жасырын емес. Бұған дейін бұл көрініс батыста жиі байқалса, енді оның өзге өңірлерге де келуі ғажап емес. Мәселе осында!

●  Биліктің әлеуметтік, экономикалық, идеологиялық салалардағы өрескел қателіктері ондай «рулар тәуелсіздігіне» жол ашады. Дегенмен, ондай ыдырау халықты айтпағанда - сол билікке де қажет емес. (Тек бізде ғана емес...). Бұл қашанда солай. Біздегі жағдайды әр штатына біршама ерік берген АҚШ-пен еш салыстыруға келмейді. АҚШ Штаттары еркіндіктің арқасында өздерінің мықты мемлекетін ұстап отыр! Бірақ ұлтсызданған АҚШ үлгісі біз үшін жат нәрсе. Бізге, қазіргі жағдайда, менің ойымша, «Жергілікті өзін-өзі басқару» үлгісі көбірек келеді.  Бұндай басқару жүйесі формасы мен мазмұны жағынан қазақтың ежелгі «рулық басқару жүйесіне» дәл солай болмаса да  біршама жақын.

●   Оның себебі қазіргі көші-қон жағдайында локалды рулық бірлестіктер құру мүмкін еместігінде жатыр. Қазір қазақ рулары ғана емес, Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мидай араласып кетті. Сондықтан оларды баяғы қалыпқа келтіре алмаймыз, әрі ондай қадам мемлекетіміздің дамуын кейінге қарай шегеріп тастайды. Бірақ, бұл жаңа заман көші-қоны қалыптастырған ахуал қазақтың «рулық санасына» еш зиянын тигізбек емес. Өйткені, «руын тану» - қазақтың қанына сіңген болмысы.  Ендеше, біз рулық жүйенің жаңа мәдени-рухани формада өмір сүруіне үйренуіміз қажет. Тұтас қазақ рулық мағынадағы АҒА-ІНІ секілді тәрбие жүйесіне жол ашуымыз қажет. Сонда қазіргі бұхаралық деңгейде жүріп жатқан ұлт ретіндегі ұйысу процесіне бұл - бір атадан тарайтын рулық тамырлар - әлі де қызмет етеді! Бүгінгі ұрпақтың тарихи миссиясының мазмұны да осында!

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572