Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2051 0 пікір 17 Тамыз, 2011 сағат 08:46

Ноябрь Кенжеғараев. Әкемтеатрдың Абайы – бүгінгі заман талабына жауап бере ме?

М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрда сахналанған М.Әуезовтің «Абай» трагедиясы қойылымынан кейін  туындаған ой.

М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрда сахналанған М.Әуезовтің «Абай» трагедиясы қойылымынан кейін  туындаған ой.

Заңғар жазушы, академик М.Әуезовтің «Абай» трагедиясы Кеңес өкіметі, социалистік жүйе қаһарына мініп, қан түкіріп тұрған зұлмат уақытта 1939 жылы  жазылып, 1940 жылы А.Тоқпановтың режиссерлігімен сахналанған еді. Қанды репрессиялар үстемдік еткен  үкіметтің идеологиясына байланысты  жазушы пьесаның идеясында өте сақтық жасайды. Пьеса шарттылықтардан тұрады деп айтсақ болады. Себебі 1937-38 жылдардағы қанды қырғыннан әупірімдеп аман қалған, үнемі саяси бақылаудың назарында болған, әбден соққы жеп үрейленген адамнан ол тұста басқа нәрсе күту мүмкін емес болатын. Қазақ театр өнерінің қайнар басында М.Әуезовтің тұрғандығын ескерсек, жеке тұлғаның, шығармашыл тұлғаның бейнесі туралы дүниелер жазылу, қойылу енді ғана пісіп-жетіле бастаған кезең еді. Социаласитік реализм шеңберінде, таптық тұрғыда жазылды. Тұрпайы социологиялық көзқарастың тезгісіне ұшыраған Абай шығармашылығы, ақын дүниетанымы ол уақыттары ес жиған жоқ еді. 1920-30 жылдардағы Абай шығармашылығын мансұқтау, қаралауға негізделген пікірлердің көп болуы, коммунистік, большевиктік идеялардың шекпенін ақын шығармалашылығына зорлықпен кидіруге талпыну әрекеттері орын алды.  Шығарманың нысаны да, шығарманың авторы да екі жақтан соққы жеп отырған заман болатын. Абайдың хакімдігі, оның терең фәлсафасы, адамгершілік ілімі туралы пьесаға дейінгі бірнеше зерттеулерінде М.Әуезов өзінің көзқарасын, ұстанымын таңытқан болатын. 1934 жылы жазылған сол уақыттағы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарға, ғылыми танымға, идеологияға сілкініс алып келген «Абайдың ақындық айналасы» мақаласында ақын дүниетанымының қалыптасуындағы негізгі бұлақтар, Абай философиясын қалыптастырған рухани тіректер туралы тұжырымдамада шығыстық, мұсылмандық, исламдық негізді басты деп санауы, ислам дінінің адамгершілік құндылықтарды насихаттаудағы маңыздылығына басымдылық беруі абайтану ғылымында күні бүгінге дейін көкейтесті мәселе. Алайда, 2 сағаттық «Абай» қойылымын көре отырып, дана Абайдың, хакім Абайдың, ойшыл-ақын Абайдың бейнесін көре алмайсыз. Пьеса әлеуметтік идеяларға, тартысқа құрылған. Рулық-феодалдық қоғамдағы әділеттілік іздеген, әділеттілік үшін күрескен адамның, перзенттеріне қамқор әке, ұлының мезгілсіз қазасына қайғырған жанның ғана бейнесін көреміз. Абайды ұлттық мақтанышымыз десек, төрткүл дүниенің көзі бірден ұлы ақынның сахналық бейнесіне ауатыны ақиқат. Себебі елдің бәрі «Абай жолы» эпопеясын түгел оқып, не ақын шығармаларын, оның фәлсафалы өлеңдері мен ғибратты қара сөздерін де түгел сіңіріп, ежіктеп жатпайды. Қазіргі мәдениет үрдісі аудио-визуалды, коммуникативті түрлерге негізделуде. Елбасы Н.Назарбаевтың: «Абайды таныту арқылы біз әлемге Қазақстанды танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс»,- деген сөздерінде терең ой жатыр. Абайды әлемге қалай танытамыз деген сұрақ ол өз алдына ұзақ толғайтын дүние. Әлемге Абайды танытутын бүгінгі күнгі ең өнімді құралы - театр. Ал еліміздегі театрлардың қара шаңырағы, флагманы саналатын академиялық драма театрдың репертуарындағы «Абай» қойылымы ол деңгейдің биігінен шықпайды. Мәселе пьесаның қойылымына, режиссерлік шешім, актерлік шеберлікке байланысты емес. Негізгі түйткіл пьесаның идеялық мазмұнында. Әлемдік поэзия тарихында ғажап сұлу да сыршыл лирикамен қатар терең ойшылдықты, білімпаздықты, ғылыми ізденістен шығатын даналықты, ғұламалықты, бір сөзбен айтқанда өмірдің ақиқатын түсіндіруге талпынған хакімдікті бойына тоғытқан телғараның кемел бейнесі берілмейді. Пьеса идеялық тұрғыдан ескіргендей көрінеді. Өскелең ұрпақ пен әлем қауымдастығы алдында ұлттық жауһарымыз Абайдың кемел бейнесін сомдайтын дүние тудыру бүгінгі күннің кезек күттірмейтін ісі болса керек.

М.Әуезовтің «Абай» трагедиясы бойынша қойылған спектакль хакім Абайды, ақын Абайды емес, кей тұстағы режиссерлік шешім мен актерлер ойыны жасы егде тартса да, қалыптасқан жағдаятқа байланысты ақылға, ұстамдылыққа, сабырға емес, айқайға, эмоцияға бой алдыратын  адамның бейнесін сомдайды. Абайдың пьесаның бойында бірнеше рет жан даусымен ышқырынып айқайлауы жанға түрпідей әсер етеді. Әрине, оны Абай да ет пен сүйектен жаралған адам, басына түскен жан түршігерлік оқиғалар оның жанына жара салды, содан оның тәлкекке ұшыраған тағдырына жан айқайы деп ұғындыратындар да табылар. Дегенмен Абай бейнесін айқаймен ашпауымыз керек. Жан даусымен айқайлауы Абайдың дүниетанымына қайшы келетіндей. Ақынның шерге, көз жасына толы, жүректегі сеңіп қалған дерттерінен хабар беретін тұстары өлеңдерінде де өрнектелген. Ол тұрғыдан келгенде Абай әлемдегі өзінің жан сырын психологиялық тебіреністермен жеткізген, экзистенцияналды поэзияның бастауында тұрған  ең алғашқы модернистік бағыттағы ақын. Абай өлеңдерінде терең сыр, эмоциялық бояу, жүрек қатпарлары, сезімшілдік оның адаммен, қоғаммен қатынасын көрсететін  бірден-бір құрал. Сондықтан Абай сезімге бой алдырмады, міз бақпады деп түсінуге де, ақыннан тас мүсін жасауға да болмайды. Абайдың бейнесі поэзиясы арқылы ашылуы керек. Пьесадағы ауруын естірткен Әбіш пен Абайдың оған реакциясы  ащы айқайсыз берілуі қажет. Ақынның Әбіш ауырып жатқанда, ол қайтыс болғаннан кейін шығарған бірнеше өлеңдерін оқып шықсақ, Абайдың бұл қазаға жан жүрегімен қайғырғаны көрініп тұрады. Жан жүрекпен егілу ол кейде айқай болып шықпауы да мүмкін, кемсеңдетіп жылатпауы да мүмкін. Абай адам өмірі мен мәнін терең зерттеген ойшыл. Қазаға да ойшылдың көзімен қарайды. Әбіштей жанып тұрған ұлының құйрықты жұлдыздай ағып өтуін сезінудің өзі ақынға зор қайғы әкелді. Қанынан туған перзенті ғана емес, елінің ертеңіне айналатын серігің жоғалтқанына күйзеледі.

Пьесаның өң бойынан ақынның өлеңдерін өз аузынан ести алмайсыз, тіпті Мағауияның Абай ағамның өлеңі деп айтатын:

Көзіме жас бер, жылайын,

Шыдам бер, сабыр қылайын.

Жаралы болған жүрекке

Дауа бер, жамап сынайын - дейтін

бір шумақ өлеңнен басқа ақын бейнесін аша түсетін дүние жоқ.

Бұл бір ғана шумақтың өзі ақынның таусылып, кемсеңдеп отырғанын емес, он сегіз мың ғаламның жаратушысы Алла тағаладан көзі жұмылғанша медет сұрап, өмір сүруге мойын созып, күресуге бел шешіп отырғанын айғақтайды. Таптық тұрғыдағы тартыс желісіне құрылған ескі пьесаны қанша жамап-жасқап бүгінгі тәуелсіз күннің шекпенін жапқанменен татымды дүние шықпайды. «Өткенге салауат»,- демекші адамзаттың алыбы Мұхтар Әуезовтің қазақ елі алдындағы өлшеусіз еңбегі ұрпақтарға аңыз, ерлікке, батырлыққа парапар іс. Хас өнерді тұсаған саясат, билік, цензура деген құрал шықты ғой ол заманда.  Академиялық театрдың да өрескел кемшілігі де жоқ, себебі автордың дүниесін толық редакциялап шыға алмайды.

ЮНЕСКО таныған әлемдік адамзаттық ойдың алыбы Абайдың шынайы болмыс-бейнесін ашатын пьеса жазуға Мәдениет министрлігі байқау жариялап, болашақ ұрпақ  пен  әлемдік өркениет алдына ақынның терең де ғибратты,  ғұлама бейнесін  ұсынумыз қажет.

Ноябрь Кенжеғараев

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің

«Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543