Сейсенбі, 24 Қараша 2026
Ақмылтық 84 0 пікір 24 Қараша, 2026 сағат 12:39

Бүгінгі Мұстафаларға неге кедергі жасаймыз, министр мырза?

Суреттер: primeminister.kz, kazface.kz, sputnik.kz сайттарынан алынды.

Қандастардың Қазақстанға келуіне кедергі жасайтын пилоттық жобаның күшін жою керек!

Бүгін, 23 қараша, Мұстафа Өзтүріктің туған күні. Тірі болғанда 72 жасқа толар еді.

Германияда оның өз мектебі, шәкірттері, қалыптасқан кәсібі бар еді. Сол жақта өмірін жалғастыра беруіне болатын еді.

Бірақ ол Қазақстанға келді. Жинаған тәжірибесін қазақ жастарына үйретті. Елімізде таэквондоның қалыптасуына үлкен үлес қосты. Өзінен кейін шәкірттерін, мектебін, жалғасатын істі қалдырды.

Оның суретіне қарап отырып ойландым: Мұстафа бүгін Қазақстанға келгісі келсе, біз оны қалай қарсы алар едік?

«Келіңіз, жастарымызды үйретіңіз» дер ме едік? Әлде алдына тест, сауалнама, балдық бағалау, өңір таңдау талаптарын тізіп қояр ма едік?

Бір Мұстафаның келуі қаншама жастың өміріне әсер етті. Ал бүгін Қазақстанға келгісі жүрген қанша қандастың білімі мен тәжірибесін бағаламай отырмыз?

ОЛАРДЫҢ ОРАЛУЫНЫҢ АРТЫНДА ТАРИХ БАР

Мұстафаның өмірі шетелде өскен қазақтың Қазақстанға қандай үлес қоса алатынын көрсетеді. Бірақ қандастардың оралуын тек экономикалық пайдамен өлшеуге болмайды. Бұл жерде тарихи әділет мәселесі де бар.

Шетелдегі қазақтардың арасында атақонысынан өз еркімен кетпеген, қуғын мен зорлық салдарынан босып кеткен қазақтардың ұрпақтары көп.

Ресей империясының отарлау саясаты кезінде қазақтардың жері тартып алынды. Қазақ ауылдары ғасырлар бойы мекендеген қоныстарынан күштеп ығыстырылды.

1916 жылғы көтерілісті патша өкіметі қарумен басты. Жазалаушы әскердің зорлық-зомбылығынан бас сауғалаған Жетісу қазақтарының бір бөлігі Қытайға өтуге мәжбүр болды.

Олар жақсы тұрмыс іздеп кеткен жоқ. Өздерінің, балаларының өмірін сақтау үшін туған жерін тастап шықты.

Бүгін сол қазақтардың ұрпақтары Қазақстанға оралғысы келеді. Біз бұл тарихты ұмытпауымыз керек.

Қандастардың Қазақстанға оралу құқығын ерекше қорғау тарихи әділетті қалпына келтірумен тікелей байланысты деп санаймын. Мемлекеттік саясат осы жауапкершілікті ескеруі керек.

ҚАЗАҚСТАНДЫ ӨЗ ЕЛІМ ДЕП ТАҢДАҒАН ҚАНДАСТЫ БАҒАЛАЙЫҚ

Қазақстан азаматтығын алуды көздеген қандас үшін атажұртқа оралу болашағын Қазақстанмен байланыстыруға жасалған қадам.

Ол осында отбасымен өмір сүргісі келеді. Баласын өсіргісі келеді. Еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосқысы келеді.

Бұрынғы азаматтығынан бас тартып, Қазақстанның азаматы болуға шешім қабылдаған қандастың таңдауын құрметтеуіміз қажет.

Қандастың бәрі жоқшылықтан келеді, білімі төмен, кәсіби тәжірибесі аз деп кім айтты?

Шетелде білім алып, кәсіп меңгерген, өндірісте жұмыс істеген, өз ісін қалыптастырған қазақтар бар. Олардың арасында Қазақстанға келіп, жинаған тәжірибесін осында қолданғысы келетін мамандар қаншама.

Баласының қазақ ортасында өсуі, ана тілінде білім алуы, өзін өз елінде сезінуі қандастар үшін маңызды.

Мұстафаның өмірі соның бір мысалы. Ол тәжірибесін Қазақстанға әкеліп, жастарға үйретті. Біз бүгін де осындай таңдауды бағалауымыз керек.

ТІЛІН САҚТАҒАН ҚАЗАҚҚА ӘЛІПБИІ ҮШІН ТОСҚАУЫЛ ҚОЯМЫЗ БА?

Қытайдан келген қандас қазақша еркін сөйлеп, өзіне таныс жазумен сауатты жаза алады. Бірақ кириллицаны оқымауы мүмкін.

Ол қазақтың сөзін түсінбей отырған жоқ. Өзі оқымаған әліпбимен жазылған тапсырманы оқи алмай отыр.

Кириллицаны білмеуді қазақ тілін білмеумен теңестіруге болмайды.

«Азаматтық туралы» заңның 17-бабында этникалық қазақтарға азаматтық алу кезіндегі тіл, Конституция негіздері және Қазақстан тарихы жөніндегі талаптан ерекшелік көзделген. Ал пилоттық жоба қандас мәртебесін алу кезеңіне ҚАЗТЕСТ талабын енгізіп отыр.

Заң азаматтық алу кезінде берген жеңілдіктің жолын оған дейінгі рәсімде жауып тастауға бола ма?

Мен мұны заңдағы кепілдікті айналып өтетін әкімшілік кедергі деп есептеймін.

«Тест қиын емес, дайындалып келіңіз» деген жауап негізгі сұрақты шешпейді: қандастарға осы талапты міндеттеудің заңдық негізі қандай?

Қазақ тілін сақтап келген қандасты қолдаудың орнына, өзі оқымаған әліпбидегі тестпен тоқтатудың мәні неде?

ҚЫТАЙ , МОҢҒОЛ ЕЛІНДЕ БІЛІМ АЛҒАН ҚАНДАСТЫ МЕНСІНБЕУГЕ НЕГІЗ БАР МА?

Елге оралған қандастардың білімі Қазақстанда оқыған азаматтан төмен деп ойлау үлкен қателік.

Соңғы PISA зерттеуінде Қытайдың қатысқан нәтижесі математика, жаратылыстану және оқу сауаттылығы бойынша Қазақстаннан әлдеқайда жоғары нәтиже көрсетті.

Моңғолияның да математика мен жаратылыстанудан орташа балдары бізден жоғары болды.

Қытай жасанды интеллектіні оқытуды мектептен бастап дамытып жатыр. Өндіріске роботтарды енгізу бойынша әлемде көш бастап тұр. Осындай ортада білім алып, еңбек еткен қандастың бізге үйретері болуы мүмкін.

Қытайдан немесе Моңғолиядан келген қандас Қазақстанда білім алған кейбір мамандардан күштірек дайындыққа, заманауи технологиялық білімге және өндірістік тәжірибеге ие болуы әбден ықтимал. Оның қабілетін келген еліне қарап төмендетпей, нақты білімі мен еңбегіне қарап бағалайық.

Бізге олардың тәжірибесін танып, ел игілігіне қолдануға мүмкіндік беру қажет.

ҚАНДАСТАРДЫ ШАҚЫРАТЫН САЯСАТ ҚАЖЕТ

Еңбек күші қажет өңірлерге қандастарды тарту үшін тұрақты жұмыс, баспана, мектеп, медициналық қызмет ұсыну керек. Қандас отбасы сол өңірге барудың өзіне тиімді екенін сезінуі тиіс.

Ал жұмыс берушісі басқа қалада болса ше? Туыстары, сүйенетін ортасы басқа өңірде тұрса ше? Кәсіп ашатын мүмкіндігі басқа жерде болса ше?

Қандастың нақты жағдайын ескеретін шешім қажет.

Бізге шетелдегі білікті қазақ мамандарын іздеп, шақырып, университеттермен, жұмыс берушілермен, ғылыми орталықтармен байланыстыратын жүйе керек.

Дипломын тануға көмек, кәсіби бейімделу, жұмысқа орналасу, отбасының қоныстануы бір-бірімен байланысқан қызмет болуы тиіс.

Қазақстанға келген қандасты мекемеден мекемеге жіберіп қоймай, мәселесін нақты шешуге көмектесейік.

ҚАНДАСТЫҢ ЕЛГЕ ОРАЛУЫН ЖАЛПЫ ВНЖ МЕН КЕЛГЕНДЕРМЕН ТЕҢЕСТІРУГЕ БОЛМАЙДЫ

Ықтиярхат ( ВНЖ ) алу мен Қазақстан азаматтығын қабылдау бір нәрсе емес. Ықтиярхатпен тұратын шетел азаматына бұрынғы азаматтығынан бас тарту міндеті қойылмайды.

Ал Қазақстан азаматтығын алуды көздеп келген қандас бұрынғы азаматтығынан бас тартып, өзінің және балаларының болашағын Қазақстанмен байланыстыруға ұмтылады. Ол атажұртына оралып отыр.

Пилоттық жоба осы айырмашылықты ескермей, қандас мәртебесін алуға өтініш берген этникалық қазақтарды да ортақ тестілеу мен бағалау тәртібіне енгізген.

Мен мұны үлкен қате деп санаймын. Қандастардың тарихи Отанына оралуының ерекше мәні мен заңда көзделген жеңілдіктері әкімшілік рәсімдердің арасында жоғалмауы керек. Қазақстанды өз Отаны деп таңдаған қандастың жолын ашуымыз қажет.

МИНИСТР МЫРЗА, ПИЛОТТЫҚ ЖОБАНЫҢ КҮШІН ЖОЮДЫ ТАЛАП ЕТЕМІН!

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевқа талабым нақты: қандастардың Қазақстанға оралуына кедергі келтіретін пилоттық жобаның күшін жою керек.

Жылдың аяқталуын күтудің қажеті жоқ. Оның мерзімін ұзарту туралы емес, туындаған кедергілерді жою туралы шешім қажет.

Бас прокуратурадан жобаны бекіткен бірлескен бұйрықтың заңға сәйкестігін тексеріп, тиісті шара қабылдауды талап етемін.

Бас Прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілді өз өкілеттіктерін пайдаланып, қандастарға қойылған осы талаптардың конституциялылығын тексеру туралы Конституциялық Сотқа жүгінуге шақырамын.

Заңдағы жеңілдікті басқа рәсім арқылы шектеуге жол берілген жоқ па? Қандастардың құқықтарына қандай салдар келді? Бұл сұрақтарға құқықтық баға берілуі керек.

Қоғамға пилоттың нәтижесін де көрсетіңіздер.

Қанша қандас өтініш берді? Қаншасы барлық кезеңнен өтті? Қаншасына бас тартылды? Нақты себептері қандай?

Қанша қандас тесттен, қаншасы балдық бағалаудан, қаншасы өңірлік талаптан өте алмады? Қаншасы рәсімді аяқтамай тоқтатты?

Мемлекеттік қызметті көрсету тәсілін сынау сол қызметке қол жеткізу шарттарын өзгертуге қандай негіз береді?

«Пилоттық жоба» деген атау құқықтарды шектеуге рұқсат бермейді. Қандастардың тағдыры әкімшілік эксперименттің құралы болмауға тиіс.

Жобаның күшін жоюмен бірге өтініш қабылдау тоқтамауы керек. Кедергілерге тап болған қандастардың өтініштері қайта қаралып, әрқайсысына нақты шешім берілуі қажет.

БҮГІНГІ МҰСТАФАЛАРДЫ ТАНИ АЛАМЫЗ БА?

Бүгін Қазақстанға келгісі жүрген қандас әлі танымал болмауы мүмкін. Оның атағы да, марапаты да жоқ шығар.

Бірақ ол жақсы ұстаз, мықты инженер, адал дәрігер, тәжірибелі кәсіпкер немесе болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін бапкер болуы мүмкін.

Атажұртына оралу үшін әр қазақ алдымен атақты болып үлгеруге міндетті емес.

Мұстафаның еңбегін оның шәкірттерінен көреміз. Бүгін келгісі жүрген қандастың елге қосар үлесі де оған мүмкіндік бергенде көрінеді.

Бізге олардың білімін, кәсібін, тәжірибесін танып, Қазақстанда іске асыруына көмектесетін саясат қажет.

Мұстафаға деген құрметіміз бүгінгі қандастарға деген қарым-қатынасымыздан көрінсін.

АҚЫЛДАСАЙЫҚ, АҒАЙЫН!

Сіздер немесе жақындарыңыз осы рәсімдерден өттіңіздер ме? Қандай талап кедергі болды? Қазақстанға әкелгіңіз келген қандай кәсіп, білім немесе тәжірибе іске аспай қалды?

Нақты жағдайларды жазыңыздар. Қандастардың өздерін тыңдап, мәселені бірге көтерейік.

Ой ортаға түскенде толысады.

Үн қосыңыздар!

Мұрат Әбенов,

Халық Кеңесінің мүшесі, Білім және адами капитал жөніндегі комиссияның төрағасы

Abai.kz

0 пікір