Қожалиева қандай партия құрмақ?
«Тоғжан Қожалиева есімді белсенді партия құрғалы жатыр» деген әңгіме біраз жұрттың назарын аударғаны рас. Жүйеде өзгеріс болғанын, әділдіктің орнауын асыға күтетін әр ағайын үшін жаңа саяси күштердің пайда болғаны керек-ақ. Алайда сол саяси күштердің салмағы қандай, тізгін ұстаушылары кім, бағыты қалай болады деген сұрақтар тағы бар.
Отандық баспасөз беттеріндегі ақпараттарға сүйенсек, Қожалиева бастаған топ 13 қарашада Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіпті. Онда айтылуынша, «ХАҚ» (Халыққа адал қызмет ) партиясы деп аталуы тиіс партияны Әділт министрлігі тіркемей қойған екен. Себеп, мың адамнан тұратын бастамашыл топтың қолы жиналмаған.
Ендігі мәселе, Тоғжан Қожалиева кім, ол қандай партия құрғалы жатыр?
Барша ақпарат құралдары Қожалиеваны халыққа таныстыру үшін «депутат Бекболат Тілеуханның келіні» деген анықтаманы қолданды. Демек, партия құруды қолға алып отырған Қожалиева ханым халыққа аса танымал адам емес деген сөз. Бірақ оның партия құратыны жайлы ақпараттың тез таралуына аса танымал «қайын ағасының» аты әсер еткен болу керек.
Өздері «Тілеуханмен түк қатысымыз жоқ» деп шыр-пыр болғанымен, депутат қайын ағаның аты партияға осы жабысқаны-жабысқан. Бір есептен бұл партия атының тез танылуына керек-ақ. Алайда таяқтың екінші ұшы кері әсерін тигізуі де мүмкін екені және өтірік емес.
Бүгінгі таңда Бекболат Қанайұлы бұрынғыдай емес, қайшылықты тұлға. «Бекболаттың келіні партия құрады» дегенде көпшіліктің бірден «бұл діни партия болуы мүмкін» деп топшылағаны да сол. Оның үстіне билік партиясына мүше болып, экс һәм қазіргі президенттің сайлауи компаниясында белсенді қызмет еткен депутаттың отбасында оппозициялық партияның құрылуы екіталай, әрине. Мұны Қожалиеваның өзі де растап отыр. «Билікте де өз қазағымыз отыр» деген Тоғжан ханым «басты мақсатымыз билік пен халықтың ортасына көпір болу» дейді.
Екінші жағынан, партияның атауы да «діни партия емес пе екен» деген күдікке жетелейтін секілді. «ХАҚ» сөзі қанша жерден шындық, ақиқат деген мағыналарды бергенімен, көбіне дінге байланысты қолданылады. Хақ дініміз жайлы көп айтатын Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабековтің туысы құрған «ХАҚ» партиясына халықтың сыни көзбен қарағаны да сондықтан болар.
Бірақ Тоғжан Қожалиеваның өзі бұл туыстарымның партиямен еш қатысы жоқ деп отыр. Тілеухан мен Тазабек қана емес, ел ауызындағы өзге танымал тұлғалардың да «біздің түйеде жүгі жоқ» дегенді жиі айтады. «Адырна» порталына берген сұхбатында:
- Маған көп айтады, менің артымда қайынағам Бекболат Тілеуханов тұр,- деп. Өйткені келіндерімін ғой. Қайрат Сатыпалды туралы бірінші рет естіп отырмын. Дариға тұр деп те естимін. Халық саясаткер әйелге үйрене берсін деп Тоғжанға партия ашып беріпті-мыс. Мен Тимур Құлыбаевта сегіз жыл жұмыс істедім. Сондықтан, Құлыбаевтың да партиясы деп айтады. Дархан Кәлетаевпен түскен суреттеріме қарап, Тоқаевтың немесе АП-ның проектысы деп те айтады. Біз туралы аңыздар көп. Біз ешкімнің де жобасы емеспіз, - депті.
Қожалиева осы сөздерімен-ақ өзінің қоғамдық байланыстары туралы біраз мәлімет беріп отыр. Бірақ аты аталған адамдардың «ХАҚ» партиясына қатысы жоқ екеніне сендіргісі келеді. Ел айтуы мүмкін сөздерің біразын өзгеден бұрын өзі айтып тастаған екен. Тек Тоғжан ханымның бұл сөздері «қорыққан бұрын жұдырықтайды» болмасын деп үміттенеміз.
Қожалиеваның айтуынша, партия саяси тұрғыдан ғана емес, қаржылық жақтан да ешкімге арқа сүйеп отырған жоқ. Өзінің және күйеуінің 1990 жылдан бері айналысып келе жатқан кәсіптері бар. Соған сүйеніп, қаржыны өз қалтасынан шығарып отырғанын айтады.
- Артымызда ешкім жоқ. Қасымызда тек жастар, одан соң жаңаша ойлайтын кісілер. Біздің электоратымыз – ой-өрісі дамыған, ойы ашық, көбіне бизнестегі адамдар, - дейді Қожалиева.
Ендігі бір мәселе, Тоғжан Қожалиева елдегі орыс тілді ортаның өкілі секілді. Сөйлеген сөздері мен жазбаларының басым көбі ресейлік тілде. Осыдан үш жыл бұрын «қазақшылығыма бет бұрдым» деп ұран тастап, ана тілінде сөйлей бастаған. Бірақ мемлекеттік тілде әлі де тілі күрмеледі екен. Екі күн бұрын өткен баспасөз маслихатында сөйлеген сөзінен осыны аңғардық. Өзінің айтуынша, мектепті, университетті ана тілінде оқығанымен, Мәскеуде 11 жыл жұмыс істегендіктен қазақ тілін ұмытып қалған. Байқасақ, бұл қазақ қоғамына өте таныс сөз. Осыдан біраз уақыт бұрын қазіргі экономика министрі Тимур Сүлейменов те Мәскеуде 5 жыл тұрып, ана тілін ұмытқанын айтқан болатын...
Мемлекеттік тіл жайлы айтып отырған себебіміз, мемлекет құраушы ұлт - қазақтардың саны күннен күнге артып келеді. Биліктегі мүдделі топ қанша жасырса да ел халқының 70-80 пайызы қазақтар. Демек, Қазақстанның болашағы қазақ тілінде. Сондықтан, Ресейдің мемлекеттік тілімен Қазақстан халқын ешкім де соңынан ерте алмайды. Саяси партия құрғысы келетін, жүйені өзгерткісі келетін кез-келген саясаткерге айтарымыз осы. Қазақ қоғамымен, қазақ халқымен бірге болғанда ғана саяси сахнада орын бар!
Сөз соңында айтарымыз, бүгінгідей іс-жүзіндегі бір партиялық жүйеден шығып, тең дәрежедегі көп партияның қалыптасуына қарсылығымыз жоқ. Тек сол саяси партиялардың мақсат-мүддесі халық үшін қызмет ету болса екен дейміз. Сол үшін саяси сахнаға көтерілген әр саясаткер мен партияның қадамы халық назарында болуы керек...
Қуаныш Қаппас
Abai.kz