Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3219 0 пікір 24 Тамыз, 2011 сағат 04:17

Айдос Сарым, саясаттанушы: «Саяси партия маргиналдана берсе, саяси сектаға айналады»

Дүниеде бір үлкен өзгеріс болуы үшін буын алмасу процесінің қажет екені бесенеден белгілі. Ұзақ жылдан бері билікте де, оппозицияда да ұлтшылдық бағытты ұстанатын азаматтардың арасында да белгілі бір адамдар ғана қара көрсетіп жүр. Мұның себебі неліктен? Саясаттанушы Айдос Сарым осы мәселеге байланысты «Нұр Астана» газетінің сауалдарына жауап берген еді.

- Бүгін, қарап отырсақ, қазақ ұлтшылдары сырткөзге түсініксіз, дүмбілездеу, тұйықтау кезеңде, бейуақта, тіпті вакуумда өмір сүріп жатқандай әсер туғызады. Жиырма жылдан бері ұлт қамын жеп келе жатқан үлкен бір ұрпақ өзінің жұрт алдындағы беделінен, ықпалынан айырылып қалғандай. Ал олардың орнын толтыратын жаңа буын саясаткерлер әлі де болса кемеліне келіп бітер емес. Бұл жағдай ескінің адамдарына «бізден басқа ешкім жоқ-ау» деген сенім берсе, басқалардың «ұлтшыл күштердің біткені осы ма?» деген күмәнін тудырады.

Бірақ шындық солай ма? Бүгінгі уақытта «қазақпын, ұлтшылмын» дейтін кез келген азаматтың бойында саясатқа, экономика мен әлеуметтік қатынастарға деген реніші, қыжылы бар. Әрбір азаматтың бойында кем дегенде бір «әттең» мен бір «ай, қап» жүр. Өзгерістерге, оның ішінде ұлтшыл күштердің қатарындағы өзгерістерге, жаңашыл, заманауи күштерге деген қоғамдық сұраныс жоғары.

Дүниеде бір үлкен өзгеріс болуы үшін буын алмасу процесінің қажет екені бесенеден белгілі. Ұзақ жылдан бері билікте де, оппозицияда да ұлтшылдық бағытты ұстанатын азаматтардың арасында да белгілі бір адамдар ғана қара көрсетіп жүр. Мұның себебі неліктен? Саясаттанушы Айдос Сарым осы мәселеге байланысты «Нұр Астана» газетінің сауалдарына жауап берген еді.

- Бүгін, қарап отырсақ, қазақ ұлтшылдары сырткөзге түсініксіз, дүмбілездеу, тұйықтау кезеңде, бейуақта, тіпті вакуумда өмір сүріп жатқандай әсер туғызады. Жиырма жылдан бері ұлт қамын жеп келе жатқан үлкен бір ұрпақ өзінің жұрт алдындағы беделінен, ықпалынан айырылып қалғандай. Ал олардың орнын толтыратын жаңа буын саясаткерлер әлі де болса кемеліне келіп бітер емес. Бұл жағдай ескінің адамдарына «бізден басқа ешкім жоқ-ау» деген сенім берсе, басқалардың «ұлтшыл күштердің біткені осы ма?» деген күмәнін тудырады.

Бірақ шындық солай ма? Бүгінгі уақытта «қазақпын, ұлтшылмын» дейтін кез келген азаматтың бойында саясатқа, экономика мен әлеуметтік қатынастарға деген реніші, қыжылы бар. Әрбір азаматтың бойында кем дегенде бір «әттең» мен бір «ай, қап» жүр. Өзгерістерге, оның ішінде ұлтшыл күштердің қатарындағы өзгерістерге, жаңашыл, заманауи күштерге деген қоғамдық сұраныс жоғары.

Кейінгі бір-екі жылда «қазақ құрылтайын өткіземіз», «ортақ қозғалыс құрамыз», «ұлтшылдардың барлығын біріктіреміз» деген талпыныстар санының күрт артуының себебі осында. Оның үстіне «қазақ доктринасы», «қазақ миссиясы», «қазақ стандарты», «қазақтықтың шарты», «қазақ болудың талаптары» деген сияқты құжаттардың, мақалалардың тууы да тегін дүние емес. Қалай болғанда да алдағы он жылдығымыз «әділеттілік жолындағы күрес» кезеңі болмақ. Осы кезеңнің ішінде қазақ ұлты негізгі принциптік мәселелер бойынша ұлттық ымыраға келе алса, тарихымыздағы ең қиын он жылдықтан аман өте аламыз. Алдағы жылдары саясатқа да, экономикаға да екі үлкен фактор әсер ететін болады. Олар - ұлтшылдық пен дін. Бұл екеуі біресе бірігіп, біресе ажырап, барлық үдерістерге пайдалы да, зиянды да ықпалын тигізеді.

- Ұлтшылдық бағытты ұстанатын азаматтардың ылғи да басы бір қазанға сыймай жатады. Қазақстанның қарапайым азаматы ретінде мені Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов, Жасарал Қуанышәлі, Дос Көшім, Әзімбай Ғали, Шерхан Мұртаза, Дулат Исабеков сияқты қоғамға да, билікке де ықпал ете алатын зиялыларды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ұлттық мүдде үшін қалай бірігіп жұмыс істетуге болады деген сауал қатты толғандырады.

- Қайғы мен қиянатқа толы тарихының әсері болар, қазақ қауымы «бірігу», «топтасу» деген дүниеге өте-мөте жылылықпен, аса зор ықыласпен, үмітпен қарайды. Онысы заңды да. Кейбір принципті мәселелерге келген кезде жоғарыда өзіңіз айтқан азаматтар ауызбіршілік танытып, ортақ іс-қимылға барған кездері де болды емес пе? Мысалы, Мұқаң, Мұхтар Шаханов ағамыз бастаған ұлтшылдар кезінде «Ұлт бірлігі доктринасы» бойынша болған тартыста билікке дегенін жеткізе алған жоқ па? Жеткізді! Алайда, белгілі себептерге байланысты алған биіктері мен шыңдарынан айырылып қалды. Неге? Жаңағы өзіміз айтып отырған бірліктің жоқтығынан деуге де болар. Бірақ мәселе одан да тереңде жатқан сияқты.

- Өздерін қазақ ұлтшылы һәм патриоты санайтын азаматтардың барлығының өмірбаяны бір-біріне ұқсас емес пе?

- Дұрыс айтасыз. Бес-алты адамнан басқасының барлығы да гуманитарлық саланың, оның ішінде жазушылар не журналистер одағының мүшелері. Ұзақ жылдар бойы ұлтты сақтау, ұлтты ояту мәселелерімен дәл осы корпорация айналысып келді. Бұл корпорацияның атқарған жұмысы қыруар, соның арқасында ғана тәу еткен Тәуелсіздігімізге қол жеткіздік десем еш әсірелемеймін. Отар заманында дәл осы корпорация қазақ ұлтшылдарының бастаушы, бағыттаушы монополист күші болып келді. Оған дау жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары да осы топтар үлкен белсенділік танытып, топ бастады.

- Дегенмен, содан бері жиырма жыл өтті. Бүгінгі қоғам кімге табынады? Кімнің сөзіне ереді? Тек ақын-жазушылардың ба?

- Жоқ. Қоғам өмірінің өзегі экономика саласына ауысып кетті. 800 мүшесі бар Жазушылар одағынан гөрі республиканы толық қамтитын бір телеарнаның күші басым заманда ғұмыр кешіп жатырмыз. Ал осы экономика саласынан шыққан қанша қазақ ұлтшылын айта аласыз? Саясаттың күнгейі мен беткейін жақсы түсінетін қанша менеджерді ұлтшылдар деп айта аласыз? Шын мәнінде дәл бүгін ақындардың емес, кәсіби саясаткерлердің, бухгалтерлер мен менеджерлердің заманы. Оның үстіне бір ғана корпорацияның ұлтшылдық бағытын «жекешелендіруі» тек қана қателік емес, көптеген қақтығыстар мен айтыс-керістің негізі.

- Алайда, осы ұлтшыл бағытты ұстанып жүрген аға буын өкілдеріне өз орындарын жастарға беруі керектігін жеткілікті түрде айта алмай жүрген сияқтысың ба, қалай?

- Бұл пікіріңізбен келісе алмаймын. Саясаттанушы ретінде де, қоғам істеріне араласып жүрген азамат ретінде де осы мәселені менен белсенді көтеріп жүргендерді көріп жүрген жоқпын. Бар шығар, бірақ өзім қатарлы жастар, жігіттер мен қыздар өз мүддесін, буын жауапкершілігін, ортақ мақсат-міндетін енді ғана түсініп келе жатқандай көрінеді. Топтасу, бірігу енді басталып келеді. «Сен тұр, мен атайын» деген қасқырмінезді буын өсіп шықпаса, өзінің жылытқан орнын кім қараптан-қарап бере қояды? Оның үстіне оппозицияда болсын, ұлттық қозғалыстарда болсын бүгінгі күні нақты саяси жоба емес, нақты тұлғалардың маңына топтасу басым. Билікке оппозициялық пікірде жүрген күштердің көпшілігі өз жақтастарына емес, нақты қаржы көзіне арқа сүйейді. Оларға балама қаржы көздерін таба алмасаң, газет-журнал аша алмасаң, сенің сөзің кімді қарық қылмақ? Жарайды, белгілі бір партияның не қозғалыстың мүшелерін өз жағыңа қараттың, жиылыс жасап көсемін тақтан тайдырдың. Ол ренжіп, қаражатымен бірге кетті де қалды. Сонда артыңа ергендерге не демексің? Ал біздің елде саясат жасау үлкен қаражатты талап етеді. Жалынды сөз бен ұранды айту қиын емес, оны саяси күшке айналдыру, ұлтқа түгел жеткізу қыруар ресурстарды талап етеді. Әйтпесе әр жылда құрылып жатқан ондаған ұлттық қозғалыс осыған дейін неге барлығын төңкеріп тастамады? Саясат, ең алдымен, жауапкершілік. Бүгін барлығын да дүрліктіріп, айбатты ұран тастап, оңды-солды уәде беріп, сөз сапыру оңай. Барлық ауыл емес, ең болмаса әрбір ауданда өкіл ұстау, жақтастарды оқыту, оларға демеу болатын ақпарат көздерін шығару, тарату, жеткізу тек жалғыздардың асқан патриотизмімен іске аспайды.

- Жалпы, соңғы кездердегі сенің іс-әрекетіңнен билікке байланысты позицияңды жұмсарта бастағаның анық байқалады. Бұрын сен билікке қарсы тым қатқылдау сөйлейтін едің...

- Терең астары бар сұрақ қойып отырсыз. Барынша ашық жауап беріп көрейін. 2006 жылдан бері өзім еш партияда жоқпын. Оның бірнеше себебі бар. Мысалы, өз басым өзім мүше болған, құрылуына белсене ат салысқан «Нағыз Ақ жол» партиясының социалистік, социал-демократиялық бағытқа ауысқанына наразы болдым. Партиялық құрылыстың кейбір тәсілдері, жолдары көңілімнен шықпады. Оның үстіне өзім басқарған «Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының» саяси тұрғыдан бейтарап болғанын қаладым. Саяси партияның жұмысы науқаннан көз аштырмайды екен. Сәл-пәл болса да шетке шыққан соң көптеген нәрсеге деген көзқарастарың амалсыз өзгере бастайды. Бәлкім, есейгенім де шығар. Біраз дүниеге басқаша қарайтын жағдайым бар.

- Сенің өзгергеніңді кейбір әріптестерің жақтырмайтын да шығар?

- Соңғы кездері солардың тарапынан «сатылып кетті», «өйтті-бүйтті» деген тисе терекке, тимесе бұтаққа деп айтып жатқан күңкілдерін жиі еститін болып жүрмін. Оған кейде өзім де ренжіп қаламын, кейде кеңдік танытып, түсінуге де тырысамын. Бір ұққаным: саяси партия ұзақ жылдар бойы маргиналдана берсе, оның саяси сектаға айналуы әбден мүмкін екен. Бұл, өз кезегінде, оның қатарында жүрген адамдарды ашындырады, өштендіреді, қатқыл, негізсіз көп сөздерді айтуға итермелейді. Бүгінгі оппозициялық партиялардың барлығының басында бар жағдай.

Кейбір тактикалық мәселелер бойынша көзқарастарымды қайта қарағаныммен, негізгі принципті меселелер бойынша ұстанымдарым сол қалпында. Қазақ ұлтының өткені, бүгіні, болашағы, ұлттық мемлекет құру, оның барлық институттарын бекіту тұрғысындағы барлық ұстанымдарымды қаз қалпында алып келемін. Олардың барлығын барынша іске асыру үшін билікті қирату мақсат емес болар! Билікті сынаудың да әр түрі болады. Сынау үшін де сынауға болады, түзеу үшін де сынауға болады.

- Алайда, сол билікке бүйрегің тым қатты бұрып кеткен жоқ па?

- Біреуге ұнасын, ұнамасын билік өз қазағымыздыкі. Жаудың сырттан әкеліп қойған оккупациялық билігі емес. Қажет кезде билікпен де бірлесіп талай нәрсені іске асыруға болады. Оның талай нақты мысалдары бар. Көзі ашық, саясаттан хабары бар азаматтар оларды мен тәптіштеп айтып жатпасам да жақсы біледі. Саясаттың мәні - тек қана билікке жету ғана емес, өз ойыңды, бағдарламаңды іске асыру емес пе?! Тағы бір көзім жеткені - билікке тас атамын деп, мемлекетке тас атуға болмайды. «Қарғыс атқыр билікті қайтсек те құртамыз» деп қазақ мемлекетін қиратпасақ болды. Билікті сынарлық жайт көп. Кейде кемшілігін айтып тауыса алмайсың. Оны айтып та, жазып та жүрмін. Алдағы 10-20 жыл өткен 20 жылдан қиын болары хақ. Кешегі Ақтөбеде болған жағдай да (шахидтің өзін-өзі жаруы) көп нәрсені аңғартады. Олай болатын болса, елдегі радикалды көзқарастардан гөрі нақты істің, салиқалы саясаттың, сындарлы оппозицияның жаңа бағыттарын да іздеген дұрыс. Радикализм мен экстремизм істен емес, сөзден басталады. Даурықпа ұрандар түбі даурықпа істерге жетектеп апарады. Қоғамда да, элитаның ішінде де жаңа оппозициялық саясатқа деген қоғамдық сұранысты тудыра білу қажет. Оппозиция дегеніміз «халық жауы» не «құбыжық» болмауы тиіс.

- Ұлтшылдарды қоғам мойындайтын, билік санасатын күшке айналдыруға бола ма?

- Көп жылдар бойы билік ұлтшылдарды «құбыжық» санап та, «құбыжық» қылып та келді. Ресейдегі және Қазақстандағы орыстарға, орыстілділерге бізге қорқынышты, қатерлі балама осылар деп қорқытты. «Бізді танымасаңдар, сыйламасаңдар, дауыс бермесеңдер, мыналар келіп бастарыңды бұзады» деген түсінік қалыптасты. Өкінішке қарай, қазақ ұлтшылдары да керемет дами қоймады. Негізгі ұрандары мен іс-қимылы сол өздері шыққан 1980-1990 жылдардың деңгейінде қала берді. Бұны, әрине, 1991 жылы Тәуелсіздік жарияланғандағы көптеген уәденің іске аспауымен де түсіндіруге болар еді. Дегенмен, ішкі шикілігіміз де жеткілікті. Орыстілді қазақтарды өз жағымызға тартып, серіктес ету қажеттігін қазақ зиялылары мен ұлтшылдары жақында ғана мойындады. Оның өзі Ресейдің Кедендік Одақты құрудағы белсенділігіне байланысты шығар.

- Ұлтшылдардың билікті сынауы тым біржақты болып кеткен жоқ па?

- Расында да, билікті сынауымыз тек тілдік-мәдени мәселелермен шектеліп қалған. Ұлттық экономикаға, халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты сұрақтар тек соңғы кезде ғана қойылып жүр. Тағы бір үлкен кемшілігіміз - қазақ ұлтшылдарының қатарында ұлт пен мемлекеттің болашағына қатысты тым көп һәм біріне-бірі қарама-қайшы саяси көзқарастар бар. Біреулер тәңіршілдікке тартса, екіншілер шариғат билігін орнатуды талап етеді. Біреулер саяси модернизация қажет десе, екіншілері рулық жүйені жаңғырту керек деп жатады. Баяғыда Алехо Карпентер «Бүгінгі Аргентина қоғамының трагедиясы - бір уақытта тас ғасыры тұрғындарынан бастап келер мыңжылдықтың азаматтарына дейінгі бар ұрпақ қатар өмір сүріп жатыр» депті. Соның кебін біздер де киіп жүрміз. Біріміз жұмағымызды өткеннен іздесек, екіншілеріміз болашағымыз жоқ деп жатамыз. Осыдан кейін қайдағы ауызбіршілік? Қайдағы топтасу? Қайта-қайта ішкі не сыртқы жау іздейтініміз осыдан емес пе? Ал жаулардың барлығын қырып тастайық. Содан соң не істейміз? Ұлтты «ұйықтап жатыр», «меңіреу», «қой мінезді», анау-мынау деп сынаймыз ішімізде, мінейміз кеп. Ал сол ұлтты оятатын нақты, позитивті саяси бағдарламасын жасадық па? Барлығы сын арқылы, сынау арқылы кеткен соң халықты да мезі қылған сияқтымыз. Биліктен мықты, ақылды болсақ, биліктің «2030 бағдарламасынан» да мықты ұзақмерзімді және позитивтік «күн тәртібін» неге ұсынбасқа? Осы жағын да естен шығармайық. Әзірге қазақтың Жерұйығын «ерте-ерте-ертеден» не болмаса о дүниеге барғанда «қор қыздарының» қасынан ғана табатын түріміз бар. Бірақ бұл жағдай да уақытша нәрсе. Барлық өзгерістер алда.

- Әңгімеңе рахмет!

Әңгімелескен Амангелді Кеңшілікұлы,

«Нұр Астана» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5397