Мәрия Ұланқызы. Саңлақ Саясат
Біздің болашағымыз - білімі мен білігі, қайратты, қайсар, жігерлі жастардың қолында. Абай сөзімен айтсақ: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі бекер». Аға буын өкілдері өздерінен кейін өсіп келе ұрпақтың елдің ертеңі үшін қандай қиындықтан да қаймықпайтын өрлігіне тәнтті.
Біздің болашағымыз - білімі мен білігі, қайратты, қайсар, жігерлі жастардың қолында. Абай сөзімен айтсақ: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі бекер». Аға буын өкілдері өздерінен кейін өсіп келе ұрпақтың елдің ертеңі үшін қандай қиындықтан да қаймықпайтын өрлігіне тәнтті.
Осындай тегеурінді жастардың ішінде шоқтығы биік, ел сенімін ақтайтын, сөзіне ісі сай Саясат Нұрбек деген азаматтың да барлығын жақсы білемін. Шынымды айтайын, өз басым ол жігітпен жеке дара жүздесіп, тілдескен де емеспін. Бірақ тілекші ниетпен істеген істерін сырттай ғана бақылап жүретінмін. Біз өмірдің біршама белестерінен өттік қой, талайлармен дидарлас болдық, бір дастарханнан дәм таттық. Сонда байқағаным, біреулер елге сіңірген титтей еңбегін алдын ала жарнамалатып, өз-өзін көрсеткісі келеді. Енді біреулерден алғыс, орайы келіп жатса орден-медаль дәметеді. Сыпайылап «мені көрмейсіңдер ме?» деп иығын қомдайды. Ал, тау қопарып, тас үгітерлік елге қызмет етіп жатса да барынша қарапайым, барынша ұстамды болуға тырысып, орынсыз мақтау, көтерме сөздерден де бойын аулақ ұстайды. Істеген шаруасын азаматтық арына жүктейді. Қолынан келгенінше елден алғысы келмейді, керісінше бергісі келеді. Менің өмірлік тәжірибемнен байқағаным, Саясат соңғы топтың бел ортасында жүрген жігіт. Ол ешқандай ортада өз-өзін көрсетуге, өзін елден бөлектеуге тырысқан емес. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасымен алғашқылардың бірі болып біліп алып, туған еліне абыроймен оралып, қызмет атқарып жатыр.
Саясат Нұрбек Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін "Халықаралық құқық" мамандығы бойынша, Маршаллтаун (АҚШ) колледжін "Саясаттану" мамандығы, Ынтымақтастық институтын (Италия), La Sapіenza (Рим, Италия) университетінің "Геосаясат және халықаралық қауіпсіздік" мамандығы бойынша магистратурасын тәмамдаған.
Сөзімнің басында «Саясат елге абыроймен оралды» дегенге біршама екпін түсіре, мүмкіндігінше ауыз толтыра айтуға тырыстым. Бұның да өзіндік сыры бар. Ол өзінің қабілетімен бізді ғана емес, шетелдіктерді де таңқалдыра білді. Ал «ауыздарымен құс тістеген» шетелдіктер анау-мынауға елең ете қоймайтыны анық. Олардың назарын аудару дегеніңіз - атан түйе тарта алмайтындай қомақты шаруаны мойынға жүктеу. Осы орайда бірді-екілі мысал келтіре кетейін.
Саясат 2000 жылы АҚШ Конгресіне сайлау науқанында конгрессмен Марк Смиттің жеке көмекшісі болған, кандидат Альберт Гордың сайлауалды науқанына қатысқан және 2001 жылы Айова штаты (АҚШ) үкіметінің ақпараттық технологиялар департаментінің инновациялық технологиялар бөлімінің жетекші маманы қызметін атқарды. Міне, қарапайым қазақ жігіті «алып американдықтарды» біліктілігімен, іскерлілігімен мойындатты. Сондай-ақ ол 2005-2006 жылдары Неаполь (Италия) университетінің шақырылған лекторы болды. Міне, абырой деп осыны айтыңыз!
Саясат туған елге оралғаннан кейін де өзінің біліктілігін "Қазына" орнықты даму қорында", ҚР Президенті Әкімшілігінде, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры, Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінде лауазымды қызметтер атқара жүріп жан-жақты жетілдіре білді, өзін-өзі шыңдай білді. Саясат Нұрбекті жақын білетіндер, онымен аралас-құралас жүретіндер, біз секілді аға буын өкілдері - оны ұлт жанашыры, елдің ертеңгі бет-бейнесі, жастар армиясының басында тұрған үкілі үміті деп таныды және солай бағалайды. Ол бүгінде «Болашақ» халықаралық орталығының басшысы. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып, мамандығын жетілдіріп, туған елде жұмыс істеп жатқан мыңдаған жастарды үнемі мақтанышпен айтамыз. Екі мыңнан астам түлек «Болашақты» бітіріп келіп, мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда, халықаралық, коммерциялық ұйымдарда қызмет істеп жүр. Бүгінгі таңда жас мамандарды тиісті жұмысқа орналастыру үшін «Болашақ» халықаралық орталығы түрлі ұлттық компаниялар, комитеттер, агенттіктер, банктер, және жекелеген ұйымдармен 69 меморандумға қол қойды. Шетелдерде атқарылған іс-шаралар қаншама. Шындыққа жүгінейік, халықаралық құқық, инжинеринг, сот ісін жүргізу, теңіз техникасы, атом өнеркәсібі, информатика, нано және биотехнологиялар деген 20-ға жуық басым мамандықтарды біз тек «Болашақ» арқылы ғана білдік қой. Әрине, бұл айтуға ғана оңай, осынау қым-қуыт шаруаның ел пайдасына асатын жағымды тұстарын таңдап, шет елдік оқу орындарымен ықтимал жағдайда келісімшартқа отырып, мемлекеттің қаржысын көздің қарашығындай сақтап, оның орнымен жұмсалуына бойындағы барлық күш-жігерін арнап жүрген Саясат секілді азаматтардың ортамызда жүргендігіне неге мақтанбасқа?! Бұл екінің бірінің қолынан келе қоятын шаруа емес, осы жұмыстарды атқару үшін қаншама жүйкенің жұқаратындығын білсеңіз. Ал білгісі келмейтіндер - тырнақ астынан кір іздейді, «жас жігіт осынша аз уақыт аралығында осындай жауапты жұмысты қалай атқарып жүр екен» деп сенімсіздік білдіреді, көреалмаушылықтың арбасына міңгеседі.
Жас келсе іске демекші, ол осы орталыққа келгеннен кейін де ондаған жаңа бастамаларды көтеруге ұйтқы болды. Тың жобалардың басталуына негіз болды. Мәселен, Саясаттың бастамасымен шетелге тек магистранттар мен PhD доктор даярлауға ғана жіберу керектігі айтылды және ол солай болып шешілді. Бұл қай жағынан алсақ та өте дұрыс шешім еді. Өйткені енді ғана оң-солын тани бастаған, мектепті енді ғана бітірген адам басқа елге барып, өзіне жүктелген міндеттерді басқаша қабылдап, түрлі жолдарға түсіп кетуі әбден ықтимал-мыс. Ал біздің елге жан-жақты білім алған, мақсаты айқын арнайы даярлықтан өткен толыққанды маман ауадай қажет. Саясат бұл тұрғыдан өзінің көзқарасының дұрыс екендігін дәлелдей білді. Жұртты орнықты аргументтерімен иландыра білді. Оның үстіне Н. Назарбаев университеті ашылды. Бұл оқу орнының мәртебесі шет елдегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының дәрежесімен бірдей.
Қасиетті Абай топырағынан шыққан Саясат қызмет барысында өте ұлтжанды, халқының әдет-ғұрпын, дәстүрін, ел басқарудың, елді соңына еріте білудің сыр-сырын толықтай меңгерген. Ол 2010 жылы Президент Н.Назарбаевтың Өкімімен 2008 жылы ашылған Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебіне басшылык жасады. Бұл жұмыста жүрген уақыттарда оның іскерлігі, ұлтжандылығы, жауапкершілікті сезіне білуі барынша жан-жақты ашыла түсті. Саясат: «Өз тілін, тарихын білмеген адамның мемлекетке ешқашан жаны ашымайды», -дегенді жиі айтады, көп адамның зердесіне жеткізе айтатын.
Ол «Болашақ» орталығына басшылық жасаған жылдарда білімдерін жетілдіріп жатқан жастарды Ұлытау мен Бурабайға, Қабанбай батырдың кесенесіне алып баруды ұйымдастырды. Осы ісі арқылы өзінің замандастарының бойына ұлттық рухты сіңіруге атсалысты.
«Жігіт болсаң жеті жұрттың тілін біл»,-демекші Саясат өзінің тілді меңгеру қабілетімен де мақтауға әбден лайық. Ол қазақ, орыс, ағылшын, түрік, итальян тілдерін жетік меңгерген.
Қазақта әр сөз орнымен айтылады. «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады». Қазақ үшін әр мақтаудың да орны бар. Бірақ дана халық артық мақтауды онша жақсы көре қоймайды...
Сондықтан да біз тек әділ жүрек пен таза ақылды мақтап отырмыз. Әрине, мақтауымыз орынды деп білеміз. Осы пікірімізге сіздің де ортақ болуыңызды тілейміз. Саясат секілді жігіттерге сырттай тілекші болып жүрудің өзі неге тұрады десеңізші!