Сенбі, 23 Қараша 2024
Талқы 7104 47 пікір 3 Желтоқсан, 2019 сағат 11:18

Мемлекеттік тілге мәртебе сұрау - Ұлтаралық араздықты қоздыру емес!

Ұлттық Кеңестің алғашқы отырысы елдің ерекше ықыласын аударып, үлкен үмітін оятты. Мұнда бұрын пікірталас алаңдарында айтылып жүрген көп саяси-қоғамдық, әлеуметтік мәселелер ортаға салынды. Әсіресе, «мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті басқару органдарында орыс тілі қазақ тілімен ресми түрде тең қолданылады» делінген Конституциядағы 7 баптың 2 тармағын, қазақ тілінің шын мәнінде азаттық ала алмай келе жатқанының басты себебін алып тастауды ақын Қазыбек Исаның талап етуі - сеңді бұзған сенсациялық оқиға болды.

Миллиондаған адамның осынау асыл тілегінің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етіп отырған Ұлттық Кеңестің алғашқы отырысында көтерілуі – символикалық оқиға болатын.

Ал енді осы ел көздеріне жас алып күтіп, ұлт зиялылары сүйінші сұрасқан, Ұлтттық кеңес мүшесі Ауыт Мұқибектің тауып айтқанындай тарихи оқиғаға айналған Қазақ тілінің мәселесін көтерген мәлімдемені ұнатпай қалғандар да бар екен.

Алдымен Ұлттық кеңес мүшесі, саясаттанушы Данияр Әшімбаев лап етіп тұтанып кетті. (Время гәзетіне берген Данияр Әшімбаевтың сұхбаты.)

«...Довольно опасное, на мой взгляд, предложение прозвучало из уст Казыбека ИСЫ о необходимости дальнейшего развития государственного языка.

Прежде всего отменить норму закона о языках, согласно которой в стране установлен список профессий, для которых знание госязыка является обязательным. То есть он предложил сделать так, чтобы знание госязыка было обязательным для любой профессии. В условиях фактического двуязычия эта инициатива является дискриминационной и провоцирующей обострение межнациональной ситуации в стране. Кроме того, он предложил разработать новый закон о госязыке и создать отдельное агентство по государственному языку» дейді.

Тілшінің «А были ли на заседании какие-то неадекватные или смешные предложения?» деген сұрағына Әшімбаев былай жауап берді: «Казыбек Иса большую часть своего выступления посвятил юбилею Золотой Орды и формату участия в нем Казахстана. Он также поднимал вопросы увековечивания памяти хана Джучи (Жошы), говорил об очередной реформе латиницы. И, судя по лицам других членов его рабочей группы, думаю, что с ними он эти моменты выступления не согласовывал»...

«...В условиях фактического двуязычия эта инициатива является дискриминационной и провоцирующей обострение межнациональной ситуации в стране». Бұл бұрынғы отаршылардың сүйікті тәсілі – алдымен өздеріне қажетті, өздеріне қолайлы әрі жандарына өте жайлы ортаны құрып алады да содан кейін: «бүгінгі нақты жағдайды негізге алуымыз керек» деп шыға келеді. Ал, сол «фактическое двуязычиені» бүгін республиканың орыстілді басшылығы қолдан жасанды түрде жасап, қолдап отырғаны жайлы жазғанды Әшімбаевтар ұнатпайды. Өйткені, бұл орта – олардың ортасы, онсыз олар да бір, толқын жағаға шығарып тастаған балық та бір.

Сондықтан Әшімбаев пен соған тектестерге нақ сол орыстілді басшылар керек. Ал, бұл басшылар Әшімбаевтардың қызметіне мұқтаж, міне, содан барады да бұл екі жақ намаздыгер-намазшамда бір-бірімен дос болады, бірінің бірі, Крыловтың мысалындағы сияқты, мақтауын тауып жеткізе алмайды. Сондықтан қит етсе бізді «обострением межнациональной ситуации» деп қорқытып келеді және болашақта да қорқыта беретін болады.

30 жыл бойы, кенеуі кеткен грампластинка секілді, тек осыны айтумен айналысып, жұрттың құлағының олардың ызыңына үйреніп кеткені сондай, ешкім ешнәрседен қорықпайтын болып алды. Ал, жағдайды арандатушылар – нақ солардың өздері, тек «ұрыны ұста!» деп айқайлайтын ұрылардай, айқайының салдарынан өздерін ұстап беріп жатады. Оның қарапайым қағидатқа айналғаны қашан, олардың сөзіне ешкім назар аудармайды, үндеулеріне құлақ аспайды, арандатуына елікпейді.

Онда неге Әшімбаевтар жазуын тоқтатпайды? Тоқтатайын десе, басқа қолынан ештеңе келмейді! Кімге керек? Ресейге ме? Европаға ма? Америкаға ма? Ол жақтың заңы басқа. Дәл сол Ресейдің өзінде елдің бәрі, қайталап айтамыз – бәрі, гастарбайтерлерге шейін, орыс тілін білуге міндетті. Заң бойынша олар да жұмысқа тұру үшін орыс тілі мен орыс тарихынан емтихан тапсырады. Бірақ, біздің әлгілер суды лайламаса күнін көре алмай қалады, орыс мақалы «лай судан балық аулау оңай» деп бекер айтқан дейсіз бе? Дегенмен, олардың лайлата берер мерзімі аяқталып келеді, көп қалған жоқ. Бұл табиғи үдеріс, оны ешкім де тоқтата алмайды. Қазақша айтқанда, «таң атпайын десе де, күн қоймайды».

Ал Кз.медиа деген белгісіздеу бір сайтта Ұлттық кеңес мүшесі Арман Шораевқа Қазыбек Исаның Қазақ тілі мәселесін көтергенІ ұнамай:

«Қазақ тілінің қамқоршысы бола қалыпты» деп кекетеді. «Мысалы, Казбек Иса, белгілі қазақ журналисі, «Ақ Жол» партиясының Саяси кеңесінің мүшесі, өзін қалайда қазақ тілінің қамқоры етіп көрсетуге тырысып бақты, ал, іс жүзінде сөзінің 90%-ын ол Тоқаевтың келуіне қандай үміт артатынына, қандай оның кемеңгер екендігіне арнаумен болды» дейді.

Не деген «дәлдік», не деген «ерлік»! Қалайша елдің көзін бақырайтып қойып, қорықпай өтірік соғып жіберуге болады?!. Ау, Қазыбек Исаның баяғыдан бері қазақ тілінің нағыз күрескері екенін елдің бәрі жақсы біледі ғой. Оның Ұлттық кеңестегі сөзі интернетте тарап кетті, бәріміз көріп, қатты риза болдық. Бұл жерде Қазыбек Иса президенттің Қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі ету керек деген сөзін, Ұлытауда Алтын Орда мен Жошы ханды насихаттау керек дегенін және шет тілдерін бастауыш сыныптардан кейін оқыту керек деген тапсырмасын қолдайтынын айтып отыр. Яғни, Шораев айтқандай, сөзінің 90 пайызын арнаған жоқ, екі-үш жерде ғана атап өтеді. Ал, бұл ұлттық мүддені қорғаған ұлттық мәселелер неге Ұлттық кеңес мүшелері Әшімбаев пен Шораевқа ұнамай қалды? Бір Қазыбек қана емес, бар қазақ қолдап отыр ғой бұл мәселелерді?!.

Әшімбаев туралы түсінікті. 2011 жылы Жаңаөзендегі оқиғаның артынша: «На площадь в г. Жанаозен вышел не народ» деп жазған адамнан басқа не күтуге болады?.. Біз сол кезде жазғанбыз, тағы да қайталаймыз: «Егер алаңға шыққандарды халық емес десе, онда біз  «Әшімбаев - адам емес» дейміз...

Ал, Арман Шораев... Көрнекті, салмақты... Әлде, Арман Шораевтың: «Меня называют националистом, прежде всего, из-за моего внешнего вида» дегені расқа айналып отыр ғой деймін. Иә, Арман мырза КТК арнасын басқарып жүргенде сол телеарнаның жүргізушісі Шахматов «Біздің шындық» деген хабарға Ресейдің империялық басқыншылық символы - Георгий лентасын пиджагының сыртқы төсқалтасына салып шыққанына қарсы болған ұлт зиялыларына Шораевтың өзі қарсы сөйлеп, ұлттың ардақты ақсақалдарын фейсбуктің бетінде аузына келген сөзбен балағаттағаны елдің есінде. Сол кезде одан көңілі қалған кісілердің Фейсбукте наразы қоғамдық пікірлері аз болған жоқ.

Міне, енді, тағы да қателік. Бұл жолы қазақ тілінің мәртебесіне қатысты. Бірақ, өзінің кім екенін өмір бойы жасырып ұстау ешкімнің қолынан келмейді. Ерте ме, кеш пе, ол бәрібір ашылады – кімнің кім екенін ел білетін болады. Шораев мырза да дәл осы жайтты басынан кешіп отыр, бүгін...

Ал, Бахытжан Копбаев деген «интернационалистің» опустарына көңіл аудару – ондай адамдар үшін тым артық құрмет! Бірақ, құбылыс ретінде айтар болсақ, біздің орыстанған туыстарымыз мәңгүрттер емес, олар - мутанттар. Егер жадынан айрылған тіршілік иелері ретінде мәңгүрттер тек бұйрық бойынша әрекет етсе, мутанттар бәрін саналы түрде істейді. Олар өздерін қазақ деп санауды масқара, ұят деп біледі, қазақы нәрсенің бәрін жек көреді, барлық амал-айламен, қулық-сұмдықпен өз тамырынан тезірек арылуға тырысады. Олар адамшылықтың әмбебап қағидатына сәйкес сатқынды ешкім «екінші жағада» өз қатарына қабылдауға асыға күтіп отырмағанын, санасының түкпірінде болса да, өте жақсы біледі, бірақ, бәрібір солай қарай ұмтылғанын қоймайды.

Ал, кез-келген қалыпты адам өз ұлтын сүюі керек емес пе, өйткені ол туылғанда қазақ, орыс, еврей, эскимос, папуас, зулус болып туылды ғой... Айтпақшы, еврейлер өз ұлтын шынымен жақсы көреді, мәселенің бәрін ешкімнен қысылмай, қорықпай ашық айтады. Жалпы, шынайы ұлттық көңіл-күйге қатысты біз олардан көп нәрсені үйренуіміз керек! Және барлық жерде оған лайық болу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істеуіміз керек. Өйткені біз ата-анамыз сияқты ұлтты да таңдай алмаймыз. Біз үшін ондай таңдауды құдіретті Құдай жасады және біз бұл үшін оған тек ризашылық білдіре аламыз. Дәлірек айтқанда, міндеттіміз. Біз ата-анамызды жақсы көреміз, олар қандай болсын, ешкімге алмастырмаймыз, өйткені олар біздің ата-анамыз. Ұлт та дәл солай.

Бірақ, мутанттар сол үшін де мутанттар, олар үшін қасиетті ештеңе жоқ. Тіпті жануарлар мұндай қадамға бармайды - айғыр ешқашан өз анасына шаппайды, ал, мутанттар ... Олар үшін ана тілі деген сөз - бос сөз.

Мутанттар қайдан пайда болады? Қайдан екені белгілі - біздің өткен шағымыздан.

Кеңес өкіметі кезіндегі саналы, жүйелі түрде, табандылықпен және ерекше екіжүзділікпен жүргізілген орыстандыру жылдарында халқымыздың ең жақсы бөлігі жойылды. Қазақ тіліндегі «ген» сөзінің көптеген қазақ сөзі сияқты бірнеше, бұл жерде екі мағынасы бар. Біріншісі жай тек, екіншісі - асыл тек. Міне, осы асыл тұқымды адамдар түгелдей дерлік жойылды. Ал бойында асыл тек бардың бүгінге аман жеткендері өз үйіріне қайтып оралуда. Рас, олардың кейбіреуі қазақ тілін білмеуі мүмкін, олар сонда да шынайы қазақ позициясы тұрғысынан сөйлейді. Бабалардың асыл тегі өз міндетін атқарып жатыр...

Мутанттар да өз міндетін орындап жатыр, бірақ, ниеттері қара болғандықтан, «қайтсек Қазақстан қайтадан және тезірек орыс тілді бола бастайды» деген мақсатқа жұмыс істейді. Сол үшін де 28 жылдан бері олар балаларын, немерелерін орыс мектептеріне беріп келеді. Оларға балаларын қазақ мектептеріне беруге кім кедергі? Бәрі өздерінің қолында емес пе?! Қазақ мектептерінің білім сапасын әлемдік деңгейге көтерсе, кім оларға қой деп жатыр? Жоқ, ыңғайлы, жайлы, ең бастысы үйреншікті орыс тілінде өмір сүрулері үшін ғана олар барлығын, тіпті, тұтас ұлтты,  даңқты ұлтты, ежелгі ұлтты құрбандыққа шалып жатыр...

Осы сапта олармен «иық тіресе» «Время» апталығы келе жатыр. Ол сіз бен біздің Отанымызды «жеңіл жүрісті ел» деп атайды және онысын тапқырлықтың шыңы деп біледі. Ұзақ жылдар бойы халықты қазақ ұлтшылдығымен қорқытудан шаршамайтын «Central Asia Monitor» деген апталық бар. Онда қазақ тілінің жай-күйі туралы көп жазатын, бірақ ешқашан ең бастыны – қазақ тілін қайтсек кеңес кезіндегі орыс тілі сияқты ауадай қажеттілікке жеткізу жайлы ешқашан жазбайтын Женис Байхожа деген журналист бар. Білмегендіктен емес, өте жақсы білгендіктен жазбайтын. Мен ол қазақ тілінің адымын аштырмай отырғандар орыстар емес, орыс тілді қазақтар екенін тамаша түсінеді деп ойлаймын. Бірақ: «Геноцид болған ба өзі?» деп жазатын (жақында «геноцид тақырыбына неге тым көп бара береміз» деген)  адам жайлы не айтуға болады? Бүкіл халықтың ең қасиетті ұғымын қорлау емес пе бұл? Біздің «Қазақ үні» газетіндегі «Женис Байхожа адам ба өзі?» деген жауап-мақаламызды ол жауапсыз қалдырды...

Бірақ, уақыт жүрісін ешкім артқа қарай бұра алмайды. Біз, Құдай қаласа, ұлттық мемлекетімізді құру үшін мүмкіннің де, мүмкін еместің де бәрін істейміз. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру - осы бағыттағы қадамдардың бірі.

Өмірзақ Ақжігіт,

Тәуелсіз журналист.

Abai.kz

47 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371