Сәрсенбі, 25 Ақпан 2026
Жаңалықтар 293 0 пікір 24 Ақпан, 2026 сағат 20:45

«Халық үні» бақылаушылар тобы референдумды бақылайды...

Сурет: Нұрболат Нышанбайдан алынды.

15 наурыз Қазақстанның саяси өміріндегі маңызды күндердің бірі. Президент пәрмен беріп, дәл сол күні елімізде Жаңа Конституция бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді.

Осы маңызды саяси процесстің қарсаңында елімізде бірнеше бақылаушылар топтары құрылып жатыр. Солардың бірі белгілі саясаттанушы Нұрболат Нышанбай бастаған «Халық үні» бақылаушылар тобы.

Саясаттанушы Нұрболат Нышанбай бүгін «Халық үні» бақылаушылар тобын құрғанын мәлімдеді. Ол еліміздің бірнеше қаласында бақылаушыларды оқытып, алдағы референдумды бақыламақ.

Нұрболат Нышанбай:

«Үлкен саяси науқан келе жатыр. Референдум. Позиция білдірер сәт. Көзқарас айқындалатын тұс. Бізде өз ұстанымымызды білдіруді жөн көрдік.  Біздің ұстаным – бақылаушы болу.

Саяси науқанда, сайлау сәттерінде түрлі заңбұзушылық болып тұрады. Оны көз көріп, құлақ естіген. Комиссия тарапынан хаттама көшірмесін бермеу, дауысты бұрмалау және басқа дегендей. Дауыс берушілер тарапынан да олқылықтар кездесіп жатады. Ал бақылаушы міндеті, сол сайлау процесінің заң талаптарына сай өтуін бақылау, заң бұзылған сәтте оны тіркеу.

Міне, осы миссияны алып жүруді жөн көрудеміз. «Халық үні» деген бақылаушылар тобын құрдық. Бақылаушыларды дайындаймыз, оқытамыз, қыр-сырына үйретеміз. Байқаушыларды кәсіби маман, белгілі саясаттанушы, Қазақстанға бақылаушылық институтты алғаш болып әкелген азаматтардың бірі Дос Көшім ағамыз оқытады. Сонымен бірге Бекнұр Қисықов ағамыз да оқыту процесіне жең түріп, кіріспек. Саяси сарапшы Нұргелді Әбдіғани, кәсіби журналист Исламбек Дастан да өз қолдауын білдірмек. Оқытуға, бақылаушыларды үйретуге қатысамыз деп отыр. Өзге де қолдайтын, ақыл-кеңесін айтатын жандар бар. Мақсат айқын, міндет анық. Өз бақылаушыларымыз отырған сайлау учаскелерінде дауыс берудің ашық, әділ өтуіне үлес қосу», - дейді.

Abai.kz

0 пікір