Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5392 0 пікір 31 Тамыз, 2011 сағат 05:58

Ноябрь Кенжеғараев. Абай өлеңдеріндегі ролдік кейіпкерлер сипаты

 

 

Ролдік кейіпкер, ролдік персонаж, ролдік ойындар - поэтикалық нарратологияның шеңберінде қарастырылатын көркемдік тәсілдер. Сөз өнері тектерінде ең субъективті деп саналатын лирика жанрындағы шығарманың баяндалу түрі, автор бейнесінің көрінісі, лирикалық қаһарманның баяндау реті автордың шығармашылық шеберлігіндегі көркемдік тәсілдердің байлығына байланысты дараланып жатады.

Реалистік әдебиет туып, дамып, қалыптаса бастағаннан, орыс әдебиетінде Н.В.Гоголь қалыптастырған «натуралды мектеп» кейін келе сыншыл реализмге ұласып, прозадағы сыншыл реализм қалыптары поэзияға, оның ішінде лирика жанрына да әсер етіп, ене бастады. Әдебиетте осындай текаралық, жанраралық байланыстар, ықпал-әсерлер болатыны заңдылық.

 

 

Ролдік кейіпкер, ролдік персонаж, ролдік ойындар - поэтикалық нарратологияның шеңберінде қарастырылатын көркемдік тәсілдер. Сөз өнері тектерінде ең субъективті деп саналатын лирика жанрындағы шығарманың баяндалу түрі, автор бейнесінің көрінісі, лирикалық қаһарманның баяндау реті автордың шығармашылық шеберлігіндегі көркемдік тәсілдердің байлығына байланысты дараланып жатады.

Реалистік әдебиет туып, дамып, қалыптаса бастағаннан, орыс әдебиетінде Н.В.Гоголь қалыптастырған «натуралды мектеп» кейін келе сыншыл реализмге ұласып, прозадағы сыншыл реализм қалыптары поэзияға, оның ішінде лирика жанрына да әсер етіп, ене бастады. Әдебиетте осындай текаралық, жанраралық байланыстар, ықпал-әсерлер болатыны заңдылық.

Абайдың 1880 жылдардың ортасынан бастап жаза бастаған өлеңдері, уақыт озған сайын идеялық, мазмұндық, пішіндік тұрғыдан да салмағы ауырлап, көтерер жүгі мен айтар ойы тереңдей түскені белгілі. Ақын реалистік әдебиет бағытымен қоғам дертін, әлеуметтік мәселелерді өткір айтуды қолға ала бастады.  «Абай - қоғамшыл ақын. Әрбір қоғамшыл ақын - ең алдымен - үгітші. Өзі сенген идеяны шығармасы арқылы үгіттемейтін қоғамшыл ақын болмайды»[1, 152],- деп академик С.Мұқанов баға бергендей, қазақ қоғамының бүтін болмысын, тіршілік-тынысын санасынан қалт жібермеген ақын өз өлеңдері арқылы қоғамдағы орын алып отырған келеңсіздіктермен бітіспес күрес жүргізеді. Абай елдегі надандықпен қолына қару алып күреспесе де, одан мыңдаған есе тиімді деп таныған қалам арқылы күреске шығады. Сол «қалам күресте» ақын түрлі амал-тәсілдерді қолданады. Ғалым А.Нұрқатов атап өткендей осы күресте: «Абай ғибратшы боп та, үкімші боп та, ең жақын сырласың мен қимас досың боп та, зұлмат атаулыны, кесапат атаулыны айыптап, заман мен қоғамды, адамды айықтырушы, сауықтырушы боп та сөйлейді» [2, 309]. Өз өлеңдерінде ойын жеткізудің түрлі амалдарын пайдаланған ақын, көп жағдайда орын алатын «үгітші», «үкімші» «ақылман», «айыртырушы», «сауықтырушы» бейнесінен аластап, автор маскасы, ролдік кейіпкерлерді ойнату көркемдік тәсілін қолданатын тұстары да кездеседі.

Ақынның өз өлеңдерінде ролдік кейіпкер ойының пайдалануы орыстың сыншыл әдебиетінен, сыншыл реализмінен алған әсерінен, оның ішінде Гоголь мектебінің шәкірті Салтыков-Щедрин, Некрасов поэзиясынан туындаған деген пікірді қазақ әдебиеттану ғылымының корифейлері М.Әуезов [3], С.Мұқанов [1], М.С.Сильченко [4],  А.Нұрқатов [2], З.Ахметов [5], Ә.Дербісалин [6], Т.Нұртазин [7] сынды ғалымдар айтып өткен болатын.

Ғалым Б.О.Корман поэтикалық нарратологияда қолданылатын мынадай негізгі лирикалық тәсілдерді айтып өтеді: «Многоэлементная лирическая система, в которой авторское сознание выражается через выбор, сочетание и соотнесенность нескольких лирических форм.

Элементами лирики Некрасова являются:

1)    стихотворения, объединяемые образом  повествователя;

2)     стихотворения, объединяемые образом  лирического героя;

3)    стихотворения, объединяемые образами героев ролевой лирики (герой ролевой лирики близок к рассказчику в таких эпических произведениях, где рассказчик является одновременно героем)» [8, 78 ].

Ролдік кейіпкер тәсілі көп жағдайда сыншыл реализмде, қоғамның қат-қабат, қалтарысты, күрделі мәселелерін ашып айту үшін қолданылады. Өлеңін тікелей «мен» арқылы, не лирикалық қаһарман бейнесі арқылы жеткізіп отырған автор ролдік ойында басқа кейіпкерді ортаға шығарып, оны өз атынан сөйлету арқылы жаңа көркемдік сатыға жетуге талаптанады. Бұл тұрғыда академик З.Ахметовтің ойлары мәселенің төркінін ашып беретіндей: «Ақын өзінің ой-сезімін барлық өлеңде біркелкі өз атынан тура айтпай, кейде кейіпкердің, яғни, өзі сипаттап отырған басқа біреудің сөйлеуі - монологы арқылы, немесе, біреуді мінездеу арқылы жеткізуі де кездесіп отырады. Ақын, автор ойын өз атынан айтқанның өзінде де, әр түрлі баяндау, суреттеу тәсілдерін қолдана алады. Ақын бейнесі әр өлеңде әр қырынан, әр түрлі көркемдік тәсілдер арқылы көрініс табады»  [5, 34].

Ролдік кейіпкер пайдаланылған кезде, лирикалық қаһарман орны жасырынып тұрады. Авторлық дискурстың авторлық сана, авторлық концепция сынды компоненттері жүзеге асады. Ролдік кейіпкерді пайдалану арқылы автор өзінің негізгі айтқысы келген ойын жеткізіп, шығарманың өн-бойы арқылы автордың мақсаты түсінікті болып тұрады. Жағымсыз кейіпкерді, бейнені, не тұтас алғандағы әлеумет дертін жағымды лирикалық қаһарманның, не тікелей автордың өзінің аузымен суреттегеннен, сол жағымсыздың өзін сөйлету әдісі нанымды, ұтымды, әсерлі шығады және оқырманға, қабылдаушыға катарсистік, автотерапевтік толғаныс тарту етеді.

«Сущность ролевой лирики заключается в том, что автор в ней выступает не от своего лица, а от лица разных героев. Здесь используется лирический способ овладения эпическим материалом; автор дает слово героям, явно отличным от него. Он присутствует в стихотворениях, но скрыто, как бы растворившись в своих героях, слившись с ними» [8, 80],- деп ғалым Б.О.Корман авторлық дискурстың терең қырларын ашып көрсетеді. Демек, белгілі бір өлеңді жазу үшін автор өте көп дайындалады, алдын-ала стратегия құрады, структурасын жасайды. Өлеңді қандай пішінде жеткізуді де ойластырады. Ролдік кейіпкер тәсілін пайдалану үшін автор режиссер сынды сомдайтын кейіпкерінің бүтін болмыс табиғатын жетік меңгеруі, білуі қажет. Ол автордан психолог болуды да талап етеді. Ролдік кейіпкерлерді ойнатуға кез келген ақынның шабыты пен қарымы, шеберлігі, дарыны жете бермейтіні анық. Бұл тәсіл - ұлы ақындардың қолынан ғана келетін  тәсіл.

Абайдың 1888 жылы жазылған делінетін «Болыс болдым, мінеки» өлеңі ролдік кейіпкер тәсілі пайдаланылған бірегей шығарма. Ақынның осы тақырыпта ролдік кейіпкерді сөйлетуінде де ерекше мән бар. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамы үшін де ең өзекті тақырып - болыстық тақырыбы болғандығы анық. Абай үшін де болыстық, болыс тақырыбы бөтен тақырып емес еді. 3 кезең болыстық қызмет атқарды делінетін Абайдың болыстық сайлау жүйесі мен болыстық қызмет қалтарыстарын жақыннан білгендігі жұмбақ емес [9]. Өзі де ел ішіндегі болыстықтың әуре-сарсаңынан талай шаршағаны бар. Кейінгі уақыттарда жазған қара сөздерінде де болыстық, болыстық сайлау тақырыбы жөніндегі өз пікірлері мен ұсыныстарын, өзі сараптап шығарған болыстық сайлау жөніндегі жобасында да ортаға салатын тұстары бар. Болыс бейнесін сомдау барысында автор неге жағымды, ел қамын ойлаған болыстың бейнесін сомдауды ойламады деген сұрақ туындайды. Қоғамшыл ақын ел ішін, биліктің жай-күйін жақсы білді. Оған әкесі Құнанбайдың қалауымен ел мәселелеріне ерте араласуының да септігі тиген болар. Абайдың өмір сүрген кеңістігінде өз білім-парасатымен, іскерлігімен болыстыққа сайланып, қызмет бабында адал жолдан тайқымай елге қызмет етуді ойлайтын жан сирек болатын. Отаршылдардың әккі саясатынан туындаған бөлектеп билеудің құралына айналған қазақ елі, қазақ атқамінерлері психологиясы этнодеформацияға ұшырап жатқан кезең болатын. Ақын бұл жағымсыз тенденцияны көре білді, елдің есті азаматтарын бұл үрдістен тоқтату үшін оған қарсы күрестің жаңа формасын, ел бүтіндігі мен өркениеті алдында еш қауқары жоқ - болыс бейнесін сомдауды және оны өзін сөйлете отырып сипаттауды қолға алады.

Болыс болдым, мінеки,

Бар малымды шығындап.

Түйеде қом, атта май,

Қалмады елге тығындап.

Сүйтсе дағы елімді

Ұстай алмадым мығымдап [10, 102].

Ақын сомдаған болыс бейнесінен, автор аузына сөз салып берген ролдік кейіпкердің айтқан әрбір тармағынан үлкен мән көруге болады. Әрбір айтылған сөздің астарында мағына, «подтекст» жатыр. Ақын поэтикалық санамен аз сөзбен көп мағына береді, шұбартып түсіндіріп жатпайды. Мысқыл мен сатира серік ете отырып, реалды өмірдегі орын алған жәйттарды қаз-қалпында өлеңге түсіре салғандай әсер қалдырады. Әйтпесе, «бар малымды шығындап» деген сөйлем ұтымды қолданылмағанда, қазақ қоғамындағы болыс сайлаудың жай-күйі, орын алған парақорлық, алдау-арбау, екіжүзділік деген ұнамсыз сапалар жете түсінікті болмас еді.

Әрі қарай кейіпкерімізді сөйлете түсіп, ел билеу, ел билігіне ие болу жолдарын, айлаларын тізбектетіп, адам жанының білгірі ретінде түрлі бет-перделерді шебер қолданатын, әккі, жымысқы, жүз құбылтқыш мінез-құлықтарын суреттеп береді:

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап.

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырыңдап.

Сыяз бар десе, жүрегім

Орнықпайды суылдап.

Сыртқыларға сыр бермей,

Құр күлемін жымыңдап.

Абайдың бұл өлеңі мазмұны жағынан - әлеуметтік лирикаға жатады делік. Алайда ақын әлеуметтік лирикасын тек қоғам мәселелерін айтумен ғана ерекшеленіп тұрған жоқ. Бұл өлең сыншыл реализмімен, өткір сатирасымен, зілді ирониясымен, еріксіз езу тартқызатын юморымен ерекшеленеді. Сыншыл реализм жанры лирикалық шығармаларда орын алғанда ақын сатира, ирония, юмор тәсілдерін қолдану арқылы поэтикалық ойлауға публицистикалық қатпар көмкереді. Ролдік кейіпкер сынды прозалық методпен поэзиялық шығармаға, лирикаға, эпостық сипат береді, сондықтан да қазіргі таңда лирикалық шығармаларға - «микророман» деген атауларды қолдану мәселелері де ойландырады. Абай «Болыс болдым, мінеки» өлеңі арқылы қазақ қоғамындағы ең кеселді, елін ішін алатайдай бүлдіріп отырған, отаршылдықтың зұлым саясатынан туындаған, турасын айтқанда, қолдан жасалынған - болыстық сайлау жүйесі туралы өлеңмен баяндалған, мазмұны терең, астарға бай, мағынаға бай, подтексті мол, алайда поэтикалық сананың қалыбымен жеткізілген әлеуметтік микророманы деп айтуымызға толық негіз бар. «Болыс болдым, мінеки» өлеңінде автор баяндаудың екі түрін пайдаланған. Өлең мәтінінде автордың сөзі баяндаушы тарапынан комментарий ретінде берілетін тұсы да кездеседі. Ал көп жағдайда ролдік кейіпкер - болыс тарапынан баяндалады. Абайдың кейіпкердің ішкі психологиялық иірімдерін терең меңгергендігін және оның әркеттерін теңеулермен емес, етістіктен жасалған эпитеттер арқылы бергендігін ақынның анық шеберлігі деп бағалаған академик З.Ахметов мына пікірлері өте құнды: «Кейіпкердің қимыл-әрекетін дәл сипаттап, көзге айқын елестететін, көңілге берік ұялататын бейнелілік қуаты күшті, ойнақы сөздерді ақынның мол қолданатыны айрықша назар аударады. Шыбындап тұрған малдай өзінің зорға бас шұлғуы, немесе елемеген адамның ескермейтін,құлаққа ілгісі келмейтін сөзін қырыңдап тұрып тыңдағаны сияқты, күпілдеп сөз сөйлейтіні, далпылдап шауып жүретіні, тарпылдап жүріп, табанынан тозатыны, ашу шақырып, сестенгенде барқылдап ұрысқан болатыны, кейбіреуге ұрған таяғы бартылдап тиіп жататыны, - бұлар болыстың әр түрлі жағдайдағы қалпын, әрекетін дөп басып бедерлеп, бейнелеп көрсетеді. Мұндай сипаттауларға тән мысқыл бадырайтып сырттан берілген бағадай айтылмай, кейіпкердің өзіне айтқызу арқылы бүркемеленіп тұрғаны тегін емес» [5, 68]. Сондай-ақ ақынның осы өлеңінде ролдік кейіпкер санатына көтеріліп сомдалынбағанымен, эпизодта көрінетін ролдік кейіпкер бар. Ақын олардың аузына бірлі-екілі репликалар, кейіпкер сөзін салу арқылы ғана-ақ олардың мінезін сомдап берген. Олар: ояз, атшабар, старшын, би, болыс бейнелері. Ақын осы өлеңінде қазақ қоғамындағы болыстың типтік бейнесін сомдаған.

Абайдың ролдік кейіпкерлерді сөйлеткен өлеңдері бір ғана «Болыс болдым, мінекимен» шектелмейді. Ақынның махаббат лирикасындағы «Қор болды жаным», «Сен мені нетесің?», «Жігіт сөзі», «Қыз сөзі» өлеңдері, әрине, лирикалық қаһарман тұлғасы атынан баяндалып отырған өлеңдер деп есептелгенімен, автор тарапынан ролдік кейіпкерлер тәсілі қолданылғаны жасырын емес. Махаббат лирикасында автор өзге өлеңдеріндегі баяндау тәсілінен ауытқитыны көрініп тұр. Көп жағдайда объективті өмірдің әлеуметтік мәселелерін айтатын қоғамшыл ақынның «үкімшіл» бейнесі бұл өлеңдерде көрінбейді. Ақын лирика жанрының шеңберінде авторлық дискурс аясын кеңітіп, ролдік кейіпкерлерді сөйлетуді қолға алады. Махаббат тақырыбына ақыл тоқтатқан, бірнеше әйелі, көптеген бала-шағасы бар егде тартқан азаматтың есті сөзінен гөрі, сезім отымен алаулаған жастардардың сезім селі, ғашықтық сөзі, сүйген жүректің дүрсілі арқылы беру әлде қайда тиімді. Махаббат лирикасында автор да, лирикалық қаһарманда кейін шегініп, не пішін мен мазмұн ауыстырып, ортаға ролдік кейіпкерлер шығады.

Абай махаббат лирикасында да ұлы сезімнің ғажап әлемін терең меңгергендігін көрсетеді. Махаббатқа толы адам жанының, риясыз сүйе білген адамның - жан тазалығымен, жан құмарлығымен мазмұндалатынын баяндайды. Абайдың ғашықтық отына жанған бір кейіпкері:

Қор болды жаным,

Сенсізде менің күнім,

Бек бітті халім,

Тағдырдан келген зұлым

Тағдыр етсе алла,

Не көрмейді пәндә?,-

деп жырласа, сүйгені үшін күресуге бел байлаған тағы бір ғашық жүрек кейіпкері:

Сен мені нетесің?

Мені тастап,

Өнер бастап

Жайыңа

Және алдап,

Арбап,

Өз бетіңмен сен кетесің,-

деп сүйген жүрек дертінің емін іздейді. Абай қазақ қоғамында гендерлік теңдікті алғаш жырлаған ақындардың бірі. Махаббат тақырыбы да - гендерлік тақырыптың бір көрінісі. Ақын ғашықтықтың бір ғана жақты болмайтынын жақсы біледі, махаббат болу үшін қос жүрек, қос сезім ләзім. Ақынның махаббат лирикасындағы кейіпкерлер тек ер жігіттер ғана емес, қыздар тарапынан да сүйіспеншілік сезімдері беріледі. Абай қазақ поэзиясында тұңғыш рет әйел адамның бейнесінен сөз айтқан, түпсіз терең әйел психологиясын терең меңгерген ақын болып табылады:

Ақылыңа сөзің сай,

Сіз - жалын шоқ, біз - бір май.

Ыстық сөзің кірді ішке,

Май тұра ма шыжымай.

Қазақ лирикасын кемелділік деңгейіне көтерген дана Абайдың өлеңді баяндау түріне келгенде бай тәсілдерді пайдаланғаны белгілі болды. Ролдік кейіпкерлер ойыны ақын лирикасын мазмұн және пішін тұрғысынан жаңа сапаға көтерді. Рецептивтік тұрғыдан әрбір оқырманға этикалық, моралдық, әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, аутопсихотерапиялық, эстетикалық тарапынан әсер ететіндігі анық. Ақын лирикасында ролдік кейіпкерлер ойынының пайдаланылу, қолданылу функциясы да осы мақсаттардан туындаса керек.

 

Әдебиеттер

 

1.     Мұқанов С. Жарық жұлдыз. -Алматы: Санат, 1995.

2.     Нұрқатов А. Абайдың ақындық дәстүрі. -Алматы: Жазушы, 1966.

3.     Әуезов М. Абай Құнанбаев.  -Алматы: Санат, 1995.

4.     Сильченко М.С. Творческая биография Абая. -Алма-Ата: издательство Академии наук Казахской ССР, 1957.

5.     Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. - Алматы: Ана тілі, 1995.

6.     Дербісәлин Ә. Байтақ пен бәйтерек. -Алматы: Арда, 2009.

7.     Нұртазин Т. Абай және орыстың классикалық әдебиеті. -Кітапта: Абай тағылымы. -Алматы: Жазушы, 1986.

8.     Корман Б.О. Изучение текста художественного произведения. Москва: Просвещение, 1972.

9.     Байғалиев Б. Абай өмірбаяны архив деректерінде. -Алматы: Арыс, 2001.

10.            Құнанбайұлы А. Шығармаларының екі томдық жинағы. Т.1. -Алматы: Жазушы, 1995.

 

Резюме

 

В данной статье исследуется роль и значения ролевых героев в поэтической нарратологии на материале лирики великого казахского поэта А.Кунанбаева.

 

This article explores the role and value of role-playing characters in a poetic Narratology on the material of the lyrics of the great Kazakh poet A.Kunanbaev.

Ноябрь Кенжеғараев

 

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің

«Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының

аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.

 

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322