Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 3790 2 пікір 16 Желтоқсан, 2019 сағат 11:48

«Бүкіл еліміз үшін мұнан асқан айтулы күн, маңызды мереке жоқ»

1991 жылдың 1 желтоқсан күні Қазақстанда бүкілхалықтық Президент сайлауы өтті. Халық тұңғыш рет демократиялық жолмен өз еркін білдіруі арқасында Н.Ә.Назарбаев Президент болып сайланды.

Осыдан кейін Республикада көптеген өзгерістер болды. Ең әуелі Қазақ КСР-ы атауы Қазақстан Республи­касы болып өзгертілді. 1991 ж. 16 желтоқсанда Қазақстан Республи­касы Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында парламент депутатта­ры "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Заң қабылдады. Заңның бірінші бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет деп жарияланды. Ол өзінің жеріне, ұлттық табысына жоғары иелік ету құқы бар, тәуелсіз сыртқы және ішкі саяса­тын жүргізеді, басқа шет мемлекеттермен халықаралық қүқықтық принциптері негізінде өзара байланыс жасайды деп көрсетілді. Республиканың барлық ұлттарының азаматтары Қазақстанның біртұтас халқын қүрайды, олар республикадағы егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылады. Республика азаматтары өздерінің ұлтына, ұстайтын дініне, қандай қоғамдық бірлестікке жататынына, тегіне, элеуметтік және мүліктік жағдайына, шұғылданатын қызметіне, тұрғылықты орны­на қарамастан бірдей құқықтар иеленіп, бірдей міндеткерлікте бо­лады делінген. Заңда Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау мақсатында өзінің Қарулы Күштерін құруға хақылы екендігі, республика азаматтарының әскери міндетін өтеу, оның тәртіптері мен талаптары жөнінде айтылған. Сөйтіп, 1991 жылғы 16 желтоқсан республиканың тәуелсіз күні ретінде бүкіл әлемге танылды.

Осыдан кейін Қазақстан тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде дами бастады.Қазақстандық қоғамның әлеуметтік-мәдени өмірінде тарихи сананы жаңғыртып қалыптастыру тәрізді маңызды міндетті іске асыруда біздің мемлекетіміз бірқатар маңызды іс-шараларды атқарды. Қызыл қырғын мен жаппай қуғын-сүргіннің алпыс жылдығына орайластыра отырып, 1997 жылдың «Қоғамдық келісім және саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып жариялануы, келесі 1998 жылдың «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп аталуы, ғасырлар тоғысындағы 2000 жылдың «Мәдениетті қолдау жылы» деп жариялануы, 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы нәтижесінде тарихи әділет үстемдік алып, зерде жаңарып, сана сауыққандай болды. Төл тарихымызды, елдік дәстүр, халықтық тағдыр-талайымызды танып білуде, ескерткіш мұрағаттарымызды жинастыру мен сараптауда біраз жетістіктерге қол жетті. Жинақталған мәдени мұра мен рухани қазынаның дәнін тауып, сөлін сүзіп ұлттың кәдесіне жарату зиялы қауым мен ғылымдарға жүктелетін шаруа.

Осыдан кейін тарихи сананы жаңғырту мақсатында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарыққа шықты. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтерілді. Сонымен қатар, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде, “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақала жарияланды. Зиялы қауым өкілдерінен қолдау тауып, талқыға түскен бұл мақаланың да негізі – тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған. Ұлы даланың жеті қырының кез келгені қазақ елінің өміріндегі ерекше мұра. Атқа міну мәдениеті, ежелгі металл өндіру мен өңдеу технологиясы, өз жазуы мен мифологиясы бар озық мәдениетті Қазақ Елінің рухани байлығының айшықты белгісі саналады.

Кез келген халықтың тарихи өзіндік санасындағы қатпарлы ақиқаттарда туған жерді, ата мекенді немесе отанды жатжерліктерден қорғап, еркіндікті сақтап қалуға қатысты тарихи уақиғалар мәңгіге орын алып қалады. Тәуелсіздік түсінігі әрбір халық үшін мейлінше қастерлі ұғым болып табылады. Оның тағлымы терең астарларын тарихтың қойнауынан, ата-бабамыздың өткенінен, оның сан ғасырлық арманынан іздеген жөн. Сонау сақ заманынан немесе әлімсақтан бері ата қонысты парсылардан, түркілердің жужандардан қорғаудан, бертінде қазақ хандығының тұтастығын сақтаудан, оның ішінде жоңғарлармен, қоқандықтармен, ресейліктермен болған шайқастардан осы тәуелсіздікке деген ұмтылысты байқаймыз. Ұлт-азаттық күрес тарихынан бір Ресей отаршылдығының өзіне қарсы 300-ге жуық көтерілістер белгілі. Ақырында «ақтабан шұбырындыдан» асып түскен «қызыл қырғынды» бастан кешіп барып, ата-бабамыздың аңсаған арманы ХХ ғасырдың соңында жүзеге асты.

Тәуелсіздік - халқымыздың баға жетпес байлығы! Егемендіктің ел туын биік ұстау мақсатында көптеген шараулар атқарылуда. Биыл қыркүйек айында жарияланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында ел тұрақтылығын сақтаудың маңыздылығы айтылды. Мемлекет басшысы қоғамдық диалог мемлекет тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі екенін айтты.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында сөйлеген сөзінде:

«Бүкіл еліміз үшін мұнан асқан айтулы күн, маңызды мереке жоқ. Тәуелсіздік ұлтымыздың баға жетпес байлығы. Біздің буын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында халқымыздың асқақ арманын ақиқатқа айналдырды. Байрақты бабалармыз бізге ұлан-байтақ жерді мұра етіп қалдырды. Олардың аманатына адал болу – баршамыздың киелі парызымыз. Азаттық үшін алысып, ел үшін жан пида еткен батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды», - деді.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522