Сталинге тағзым ету - Тәуелсіздікті мойындамаудың демонстративті формасы!
БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің,
Орал қаласының әкімі
Абат Шыныбеков назарына!
Дүния халқы диктатор деп таныған, Совет одағының билеушісі болған, одақтас ұлттарға геноцидтік саясат жүргізген, сойы гүржі Иосиф Сталинге Оралдағы одағай ойлы бір топ жұрт тәу етіп, тағзым жасамақ көрінеді.
Сталинге сыйыну, сый-құрмет көрсету рәсімі ертең Оралдағы «Жеңіс» алаңында өтеді деп жоспарланыпты. Әлеуметтік желіде Оксана Терновская дейтін әйел солай деп жазып, Батыс Қазақстан облысы мен Орал қаласының тұрғындарын аталмыш шараға шақырған.
«Бүкіл дүниежүзінде аталып өтілетін, совет халқы фашистік Германияны жеңген ҰОС-ның, Жеңістің 75 жылдығын лайықты деңгейде қарсы алу, оған дайындық жүргізу және өткізу мақсатында, «Поколение» ҚБ мен ниеттес (неравнодушные) азаматтар Орал қаласы мен облыс тұрғындарына сол соғыстың жеңімпаздарының немере-шөберелерінің атынан КСРО ҚК Жоғарғы Басқолбасшысы Иосиф Сталиннің 140 жылдығының құрметіне 21 желтоқсан күні сағат 11:00-де «Жеңіс» алаңындағы мәңгілік алауға гүл қоюды ұсынады.
Біз өмірімізбен қарыз болғандарды еске алуға келетін азаматтарға алдын ала ризашылығымызды білдіреміз», деп жазған.
Бөтен тілдегі бейсауат (үтір-нүктесіз) бұл жазбаның авторы Оксана Терновская. Әлеуметтік желіні желдей кезіп жүрген бұл үндеуді жаңағы Терновскаяның «Facebook» желісіндегі жеке парақшасынан таппадық. Сөйтсек, үндеместің үнхаты «Мой любимый Уральск!» дейтін топта жарияланған екен.
Ал «Жас Алаш» гәзеті шараны ұйымдастырып жатқан «Поколение» қоғамдық бірлестігіне хабарласып, ақпараттың анық-қанығын сұрапты.
Светлана Бойкова дейтін ұйым жетекшісі 21-күні Сталиннің 140 жылдығына орай мәңгілік алауға барып гүл қоюды жоспарлағандарын және оны өткізетіндіктерін айтыпты.
«Сенбі күні Сталиннің туғанына 140 жыл болады. Осыған байланысты «Поколение» мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюға барады», - дейді әлгі Бойкова.
Гәзеттің жазуынша, ұйымдастырушылар жергілікті әкімдіктен рұқсат сұрамапты. Себебі, бұл митинг емес, жай ғана гүл шоқтарын қою рәсімі-мыс.
Тақырыпты таратып жазып көрейікші. Қазақстан үшін сол сұсты гүржі Иосиф Сталин кім? «ХХ ғасырдың ұлы саяси қайраткері» ме, әлде өзі маңайына жинаған аз ғана «элиталық» топтың сатқындығынан өз нәжісіне шыланып өлген қандықол қасапшы, қатынқұмар диктатор ма?
Сталиннің реформалары (жаппай қуғын-сүргін, халықтарды мәжбүрлі қоныс аударту т.б.) кесірінен миллиондағын халық қырылды. Сталин қазақ интеллигенциясын қуғын-сүргінге ұшыратты. Ол билік еткен кезең - ең жантүршігерлік кезең болды. Күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру 1932-33 жылдардағы қасіретті «Ұлы жұтқа» алып келді. 1937-1938 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін мен саяси қудалау - ұлтқа жасаған қастандық деп бағаланды. Кейбір деректерде, 1937-1938 жылдары (бір жылдың ішінде) 25 мың қазақ зиялысы репрессия құрбаны болған деп көрсетіледі. Ал совет билігі қолдан ұйымдастырған ашаршылықтан 3 миллиондай (кей деректерде 4 миллион деп көрсетіледі) қазақ қырылып қалғаны тағы бір тарихи факт.
Ендеше жаңағы Терновскаялар өмірлік қарыздар боп жүрген Иосиф Сталин біз үшін кім болуы керек? Қазаққа қарсы геноцид жасаған Сталин қазақ үшін кім болуы керек?
Терновскаялар секілді тетір ойлы титтей топ Сталинді Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісі үшін ақтап, ақ тер, көк тер болады. Ал сол соғысты кім бастады? 1939 жылы Гитлермен бігіріп, Еуропаны бөліп алмаққа келіскен Сталин екенін бізді қойып, Ресей тарихшылары айтып жүр, қазір. Ендеше Терновскаялардікі не тыраштану?
«Рухани жаңғыру» дейтін мемлекеттік бағдарлама бар. Ол бойынша ел аумағында біраз шаруаның атқарылғанын ақпарат құралдары күн-түні айтып жатыр. Рас, сол шаралардың ішінде керектісі де, керексізі де жетерлік. Айтса да, барлығы сол азаматтарды «рухани жаңғырту», олардың тарихи «санасын жаңғырту» үшін жасалып жатыр деп сипатталады. Бізше болса, сол «рухани жаңғыру» әуелі де-сталинизация, де-коммунизациядан басталуы керек еді!
Ал бізде ше? Бізде қазір «Кеңестік билік тұсы өміріміздегі ең керемет кезең еді» деп еңірегенде етегі жасқа толып, «Тәуелсіз Қазақстанның адамдары Ленинді құрметтемейтін болды» деп зар жылаған коммунисттер еліміздің ең негізші Заң шығарушы органында, Мәжілісте депутат!
Естеріңізде ме, 2018 жыл. Британия мен Франция бірлесіп түсірген «Сталиннің өлімі» атты көркем фильмді Қазақстанда көрсеткен жоқ. Совет лидерінің саяси карикатурасы деп әлем мойындаған туындыны бізде көрсетпеуіне «сұраныс жоқ» деген жалаң сылтау айтылғанымен, ол Ресей ықпалымен болғанын жұрт сол кезде-ақ айтты.
Күні кеше ғана, 16 желтоқсан Қазақстан халқы Тәуелсіздік күнін атап өтті. 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік алсақ, 1986 жылғы 16 желтоқсанда қазаққа қазақтан басшы талап еткен қазақ жастарын Совет билігі асқан қатыгездікпен өлтірді, тірілерін оқудан шығарып, қудалауға түсірді.
Сол қасиетті датадан апта өтпей жатып-ақ, әне, Терновскаялар совет диктаторына тәу ету үшін жұртты шақырып шықты. Бұл - Тәуелсіздікті мойындамаудың демонстративті формасы ма? 9 мамырда десе, тағы айтар ек: «жылдағысы ғой» деп... Әлде Тәуелсіздік күнінен тұп-тура 5 күн өтті дегенде Иосиф Сталинге тәу ету шарасын өткізу әдейі ұйымдастырылған провокациялық әрекет пе?
Аталмыш шара Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алу шарасы бола және бір сәрі. Ал Иосиф Сталинді ерекшелеп құрметтейтіндей - ол Қазақстанның тумасы емес. Ол қазақтың мемлекет қайраткері де емес! Қазақстанға, қазаққа үш қайнаса сопрасы қосылмайтын адам.
Сондықтан, Ғали Есқалиев мырза басшылық ететін Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, Абат Шыныбеков басшылық жасайтын Орал қаласы әкімдігі мұндай провокациялық әрекеттердің алдын алуы керек!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz